Шымкентте қаңғыбас иттер 40-тан аса қабірді қазып тастаған

Тіпті аш иттер көшедегі адамдарға да шабуылдай бастапты.

Шымкентте қаңғыбас иттер 40-тан аса қабірді қазып тастаған
kt.kz
1389

Шымкентте қаңғыбас иттер қабірлерді қаза бастаған. Шырақшылар жаңа жерленген мүрделерді ит жеп кетпеу үшін күні-түні күзетте тұруға мәжбүр, деп хабарлады turkystan.kz.

Тіпті аш иттер көшедегі адамдарға да шабуылдай бастапты.

«КТК» арнасының мәліметінше, жыл басынан бері ит қауып ауруханаға түскендер саны мың жарым адамнан асып кеткен. Әсіресе таңғы және кешкі мезгілде көбейетін бұралқылар мектеп оқушыларына азу көрсетеді екен. 

Шымкентте қаңғыбас иттердің қаптағаны соншалық, мазараттарды жайлап, қорымдарды қор қылуда. Шеттен сүйек-саяқтарын сүйреп әкелгені былай тұрсын, бейіттерді қазып, көр ішіне күшіктеуге дейін жетуде. Бейіттердің маңында шашылған сүйектердің малдікі, не адамдікі екенін айту қиын. Мазарлардың іші ит-құстың саңғытына толып, көп қабірдің беті бүлініп жатыр. Қорымды күндіз-түні қаңғыған иттен қорып жүрген шырақшы Шухрат Исраилов биылдың өзіне ит қазып тастаған қырық шақты бейітті қайта көміп шықтым дейді. 

«Ит ататындарға арыз бердік. Келеді, ата алмайды. Үш-төрт метрге жетеді оғы. Қазып, мәйітті сыртқа шығарып жейді ме, білмейміз, не істейтінін. Осында үнемі артынан көміп жүрміз. Күнде осы жердеміз», - деді шырақшы Шухратбек Исраилов.

Қаңғыған иттерден өлілер ғана емес, тірілер де зәрезап болуда. Әсіресе мектеп оқушыларына шабуылдаған жәйт көп. Мысалы, жыл басынан бері Шымкентте ит қапқан адам саны 1700-ден асып кеткен. Оның көпшілігі кәмелетке толмағандар. Ал тұрғындар төбеттің көшеде күрт көбейгенін айтады. 

«Оқушыларды қауып жатыр. Жақында Құртаев көшесінде бір баланы ит талап тастапты. Кешке таман, азанда, кешке балаларға қиындау болып жатыр», - деді Рысбай Асанұлы.

Бір иттің өзі 6,7,8-ге дейін, әр үш айда күшіктейді. Ал есептеп көріңіздер, жылына бұлар қанша күшіктейді. Бір жылда төрт мәрте болғанда, 32-ге дейін апарады екен. Шымкентте ит аулаумен айналысатын алты бригада бар екен. Олар былтыр 40 мың қаңғыбас ит-мысық ауласа, биыл бар болғаны 16 мың 800 бұралқыны ұстапты. Жабайы жануарларды аулап, кастрация жасап әрі жоюға 264 миллион теңге бөлінген. Жауапты басшылар ит-мысықты жаппай жоюға заң мүмкіндік бермейді деп отыр. 

Серіктес жаңалықтары