Қолы шипа, сөзі дәру еді

Қолы шипа, сөзі дәру еді

Қолы шипа, сөзі дәру еді
ашық дереккөзі
437
Жан алқымға келгенде Жаратқанға жалбарынамыз. Алладан кейін қу жанымызды ақ халатты абзал жандарға аманаттаймыз. Адам тағдыры қолдарына табысталғанын асқан төзімділікпен қабылдап, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын дәрігерлер қашан да елдің құрметіне бөленеді. Бірақ жауапкершілікпен қоса алдына келген дерттіге асқан жанашырлықпен қарайтын ақ халаттылар көп дей алмаймыз. Санаулы-ақ. Солардың бірі де, бірегейі – отандық нейрохирургияның дамуына қалтқысыз қызмет еткен білікті хирург Бауыржан Орынбасарұлы еді. Ажал адамды таңдаған ба? Өлім мен өмір арасында күресте көрер жарығы бар жандарға көмегін аямаған дәрігердің өзі дүниеден ерте кетеді деп кім ойлаған?! Науқастарды ажалдан арашалауға асығатын ақ жүректі адам жайлы әңгімені өткен шақта айтуға мәжбүрміз.  Өзімен жақын таныс болмаса да, көпшілік Бауыржан Орынбасарұлының атына қанық. Мыңдаған науқасты аяғынан тік тұрғызып, дертінен құлан-таза сауықтырған дәрігерге ота жасатқысы келетін сырқаттардың қарасы қалың болатын. Өйткені аса күрделі операциялардың өзін мүлтіксіз жасайтын маманның біліктілігіне ел сенетін, қолының жеңілдігіне күмән келтірмейтін. Сондықтан да Бауыржан Бейсеновтей білікті дәрігердің қазасы оны қадірлейтін қалың жұртшылықтың қабырғасын қайыстырып кетті. Адам өміріне арашашы болуды басты міндетім деп біліп, сол кәсіби һәм адами ұстанымынан айнымаған күйі фәниден өткен азаматтың өмір жолы тағылымға толы болды. Бауыржан Орынбасарұлы Оңтүстік Қазақ­­­стан облысы, Алғабас ауданы, бұрынғы Красная Нива ауылында дүниеге келген. Ауылдағы Қ.Сыпатаев мектебін тәмамдағаннан кейін, 1981-1987 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетінде оқып, дәрігер-педиатр мамандығын алып шығады. 1988-1991 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Алғабас ауданындағы орталық ауруханада дәрігер анестезиолог-реанимотолог және осы бөлімнің меңгерушісі әрі бас дәрігердің ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары, сонымен бірге аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бас педиатры қызметін қоса атқарды. 1991-1993 жылдары Алматы қаласындағы №12 орталық клиникалық ауруханада дәрігер анестезиолог-реаниматолог болып еңбек етті. 1993 жылы Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында нейрохирургия мамандығы бойынша даярлықтан өтіп, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына дәрігер-нейрохирург болып жұмысқа орналасты. Өмірінің соңына дейін сол ұжымда абыроймен қызмет атқарды. Білімін жетілдіріп, үнемі ізденісте жүретін жан нейрохирургия саласы бойынша біліктілігін арттыру мақсатында елімізде және Ресейде бірнеше рет арнайы курстардан өткен. Дана халқымыз «Жігіттің төсін айтпа, ісін айт» дейді. Бауыржан Орынбасарұлы медицина ғылымындағы қазіргі инновациялық технологиялардың тиімді тұстарын тәжірибеге енгізуді батыл қолға алып, заман талабына сай еңбектенуді талмай насихаттаған білімді маман еді. Мұны әріптестері де, емделушілері де ерекше ықыласпен айтады. Жанына дауа, деніне шипа іздеп келген науқас жандарды шынайы ықылас-пейілімен, жылы шырайымен, жақсы сөзімен қарсы алып, оларға жандарына батқан дерттен бір мысқал болса да айығып кететіндей жағдай жасайтын. Бар қажыр-қайратын, білімін, адал еңбегін, ақ пейілін ауыр дертті адамдардың айығуына арнаған абзал азаматтың еңбегі атаусыз қалмады. Медицина саласында еңбек еткен ұзақ уақытының нәтижесі дәрігердің төсіндегі орден, медальдардан көрінетін. Емхана әкімшілігінің қолдауымен Бауыржан Бейсенов Ресей Федерациясының дәрігерлерді марапаттау комитетінің «Гиппократ» және «Н.И. Пирагов» атындағы ордендерімен, сондай-ақ, ұлттық Медициналық қауымдастық тағайындаған Қазақстан Республикасы халқының өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбегі үшін берілетін «Алтын дәрігер» орденімен және «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Өз ортасына сыйлы, достыққа адал болған азаматқа әріптестері мен үзеңгілес жолдастарының көңілі ерек еді. Солардың бірі – белгілі дәрігер-имплантолог Жаңабай Жұмабекұлы бауырындай болып кеткен досы жайлы ағынан жарылды. Бауыржан екеуміз сонау 1992 жылдан бері араласып, жақын дос болып кеттік. Алматы облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасында бірге қызмет еткенбіз. Ол аға ретінде маған көп қолдау көрсетті, тәжірибесін үйретті. Өз ісінің шебері, білікті хирург еді. Шын мәнінде, Бауыржан Орынбасарұлын медицина үшін, хирургия үшін туған жан деп білемін. Мінезі қандай жұмсақ болса, қолы да сондай жайлы, жеңіл болатын. Ота үстінде көп хирургтарға жетіспей жататын қасиет – жедел шешім қабылдау. Бұл қасиет Бауыржанда болды. Клиникалық ойлау қабілетінің жоғарылығына әріптестерінің бәрі қайран қалатын. Тағы бір ерекше қасиеті – ізденімпаздығы. Ертеректе ғылымға ден қойса, отандық ғылымның дамуына үлкен үлес қосатын нағыз ғалым болар еді деп ойлаймын, – дейді ол. Жаңабай Жұмабекұлының айтуынша, білімін үнемі жетілдіріп отыруды құп көрген Бауыржан дәрігерге жердің шалғайлығы, елдің алыстығы кедергі болмаған. «Ресейдің Новокузнецк, Мәскеу қалаларында біліктілігін арттырды. Кореяның, Жапония медицинасының озық үлгілерін үйреніп келді. Жақында ғана Қытайға барып, білімін жетілдірді. Жат жұрттан үйреніп келгенін тезірек отандық тәжірибеге енгізуге асығып тұратын. Тағы бір арманы Ұлыбританияға бару еді. Өкінішке қарай, бұл арманына жете алмады. Өз ісіне шын берілген, медицина саласына қалтқысыз қызмет еткен азаматтан ойда жоқта айрылып қалғанымыз жанымызға батты. Әрине, адамның өмірінің ұзақ-қысқалығы Алладан өлшеп берілген ғой. Алайда ол өзінің біліктілігі арқасында көптеген адамды сырқатынан айықтырып, өмірінің ұзақ болуына сеп болған жан. Сондай азаматтың өзі сырқатқа шалдыққанда әріптестері оның өміріне араша түсе алмағаны өкінішті», – дейді марқұмның досы. Нейрохирургия – медицинаның шеткі және орталық жүйке жүйесі ауруларының себептерін анықтап, оларды хирургиялық жолмен емдейтін саласы. Бұл саланың мамандары краниальдық, яғни миға ота жасайтын және спинальдық, жұлынға ота жасайтын нейрохирургтер болып екі топқа бөлінеді. Көп жағдайда миға операция жасайтын дәрігерлер жұлынға жолай бермейді. Ал Бауыржан Орынбасарұлы нейрохирургияның екі саласында да өнімді жұмыс істеді. Соңғы кездері органикалық және бейорганикалық дүниенің симбиозы – имплантология саласы қарқынды дами бастағаны белгілі. Бауыржан Бейсенов заман сұранысына сай бұл салаға да тереңірек ден қойып, омыртқаның имплантологиясы, зақымданған туберкулездық немесе жарақаттан кейінгі деформацияға ұшыраған омыртқаларды протездеумен де сәтті айналысты. Қазақ­станның түкпір-түкпірінен келген науқастардың денсаулығын қалпына келтіруге көп еңбек сіңірді. Соңғы жылдары нейрохирург мидағы қатерлі, қатерсіз ісіктерді алу оталарын да жасап жүрген. Бауыржан Орынбасарұлының шипалы қолының арқасында талай жан дертінен айықты. Сондықтан әріптестері мен пациенттері оны Қазақстандағы санаулы нейрохирургтың бірі емес, бірегейі деп құрметтеді. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу үшін оның қолынан шипа тауып, кейіннен дос болып араласып кеткен емделушілері еліміздің әр өңірінен келіпті. Жаңабай Жұмабекұлының аузынан естіген мына бір жайт бейжай қалдырмады: «Қайтыс боларынан бір ай бұрын Бауыржан Қапшағайдан келген науқастарының бірін қабылдап, ота жасайтын күнді белгілеген. Бассүйегінде ақау бар жігіт сол күні клиникаға барып, Бауыржанды сарыла күткен. Келмеген соң сондағы дәрігерлерден сұрастырған. Олар Бауыржанның қайтыс болғанын жеткізеді. Қаралы хабарды естіген науқас жігіт дәрігерінің үйіне жылап келді. Егіліп тұрып: «Егер менің жаным оның жанын сақтап қала алса, ол үшін өмірімді берер едім», – деген сөзі сай-сүйегімізді сырқыратты. Осы сөзден-ақ Бауыржан Орынбасарұлының қандай маман, қандай адам болғанын ұғуға болатындай», – дейді дәрігер. «Кешегі 90-жылдардағы қиын-қыстау күндері медицинаның әр саласында жүрген әріптестеріміз, жолдастарымыздың көпшілігі күнкөріс қамымен саудаға кетті. Ал Бауыржан қанша қиналса да, ақ халатын тастауды ойға алған емес. Нейрохирургияның дамуына қалтқысыз қызмет етіп, сол еңбегінің арқасында марапатқа да, елдің ықыласына да ие болды», – деп Жаңабай Жұмабекұлы марқұм досы жайлы тебіреніспен әңгімеледі. Соңғы уақытта денсаулығы сыр беріп, жүрегіне ота жасатып келгеннен кейін Бауыржан Орынбасарұлы қатты өзгеріпті. Санаулы күні қалғанын сезді ме екен, отбасына көбірек көңіл бөлген. Жұмыстан қалт етсе, үйіне, немересінің жанына жетуге асыққан. Отбасы мүшелерімен көбірек дидарласқанды қалапты. Баласы мен келініне ақыл-кеңесін айтып, шаруаларына бағыт-бағдар беруге айрықша ден қойған. Алайда оның бұлай бәйек болуынан жары Мәриям да, ұлы Бақытжан да еш сезіктенбеген. Білікті дәрігер ғана емес, үлгілі отағасы, қамқор әке бола білген азаматтың қазасы оның отбасы үшін ауыр соққы болды. Жарының жақсы аты өшпегенін қалайтын Мәриям Құрманғалиқызының ендігі үміті – ұлы Бақытжан. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің интернатурасында білім алып жүрген талапты жас әке жолын жалғап, білікті дәрігер болсам дейді. Көзі тірісінде Бақытжанды өзі жасаған операцияларға кіргізіп, жылдар бойы жинаған тәжірибесін барынша үйретуге тырысқан Бауыржан Орынбасарұлының өнегесі ұлына азық болары анық.  

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары