Бибігүл Жексенбай дәрігерлердің түйткілді мәселелерін жеткізді

Медицина қызметкерлеріне арналған жеңілдетілген несиемен үй алуға мүмкіндік беретін бірде-бір қолжетімді бағдарлама жоқ.

Бибігүл Жексенбай дәрігерлердің түйткілді мәселелерін жеткізді
535

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай дәрігерлерді алаңдатқан бірқатар мәселені ортаға салды.

«Бүгінгі таңда Астана – әлемдегі ең жас әрі ең қарқынды дамып келе жатқан бас қалалардың бірі. 2023 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша, халық саны 1 376 528 адамды құрайды, қаңтар-мамыр айларында халықтың табиғи өсімі 12 272 адамды құрады. Болжам бойынша, 2030 жылы қала халқының саны 2,5 млн. адамға жетуі мүмкін. Осы себептен бас қаланың жаңа инфрақұрылымы құрылысының жоспары жасалды, соның ішінде жаңа медициналық нысандарды салу да бар. Астана халқы санының тез өсуі елордаға медициналық кадрлардың ағылуына жол ашады. Қазір астананың денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік мекемелерде 14 518 медицина қызметкері жұмыс істейді, соның ішінде 3414-і – дәрігерлер, 6364-і – орта медицина қызметкерлері, ал мемлекеттік тапсырысты орындайтын жекеменшік ұйымдарда 1 878 медицина қызметкері еңбек етеді. Осы қызметкерлердің іс жүзінде 40 пайызының басында өз баспанасы жоқ, сол себептен көпшілігі жалға алған пәтерлерде тұрады.

Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бойынша әскери қызметшілер және басқа әлеуметтік жағынан әлсіз топтар өкілдері баспана ала алады. Бірақ медицина қызметкерлеріне арналған жеңілдетілген несиемен үй алуға мүмкіндік беретін бірде-бір қолжетімді бағдарлама жоқ. Көптеген медициналық кәсіпорындар «мемлекеттік мекеме» санатына жатады, осы себептен медицина қызметкерлері қолжетімді бағдарлама бойынша үй алатындар тізіміне кірмейді. Сондықтан жұмыскердің жасына және ол еңбек ететін кәсіпорынның меншік формасына қарамастан медицина қызметкерлері деген санатқа кіретіндерге бөлек тұрғын үй бағдарламасын немесе жеңілдетілген несие беру туралы бағдарлама қабылдау мәселесін қарастыруыңызды сұраймын.

Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің демалыс күндерінің санын көбейтуге Сіздің назарыңызды аударғым келеді. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, негізгі ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысының ұзақтығы – 24 күнтізбелік күнді құрайды, Еңбек кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде бұдан ұзақ мерзімге демалыс беру туралы айтылмаған.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1053 бұйрығымен бекітілген өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізіміне сәйкес, емхананың ұжымдық шартында медицина қызметкері үшін күнтізбелік 12-ден 18-ге дейінгі жыл сайынғы қосымша ақы төленетін демалыс күндері белгіленген. Емхананың медицина қызметкерлерінің жыл сайынғы еңбек демалысы күндерінің жалпы саны еңбек жағдайларына байланысты күнтізбелік 36-дан 42-ға дейінгі күнді құрайды. «Педагогтың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, педагогтарға жыл сайын ұзақтығы 56 күнтізбелік күнге ақылы еңбек демалысына кепілдік беріледі. Осының негізінде емхана ұжымы Сізден медицина қызметкерлері үшін еңбек жағдайларына байланысты кемінде күнтізбелік 40 күн және одан да көп күндерді құрайтын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы күндерінің санын көбейту мәселесін қарауды сұрайды.

Келесі мәселе – экологиялық апат аймақтарында тұратын медицина қызметкерлеріне берілетін әлеуметтік кепілдіктер. «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес, ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендерге мыналар жатады:

- әуе және жерүсті ядролық жарылыстарын өткізу кезеңінде радиоактивті заттармен ластанған аумақтарда (1949-1965 ж. ж.) тұрып жатқан, жұмыс істеген немесе қызмет атқарған (шұғыл қызмет істеген) азаматтар;

- 1966 жылдан 1990 жылға дейін жерасты ядролық жарылыстарын өткізу кезеңінде осы аумақтарда тұрған, жұмыс істеген немесе қызмет атқарған (шұғыл қызмет еткендер) азаматтар;

- 1949 жылдан 1990 жылға дейін жеңілдікті әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бар аумақта тұрған, жұмыс істеген немесе қызмет атқарған (шұғыл қызмет істеген) азаматтар;

- Заңның осы бабының екінші және үшінші тармақтарында көрсетілген, мүгедектігі немесе аурулары бар, иондаушы сәулеленудің әсеріне байланысты аурулардың тізбесімен бекітілген, олардың денсаулық жағдайы мен ата-аналарының біреуінің заңда көрсетілген аймақтарда болу фактісі арасында себепті байланыс орнатқан адамдардың балалары.

Сонымен қатар, қосымша еңбекақы және жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс түріндегі әлеуметтік кепілдіктер жоғарыда аталған аймақтардан көшіп кеткендерге, сондай-ақ басқа өңірлерде орналасқан ұйымдарда жұмыс істейтіндерге қолданылмайды, дегенмен олар ядролық жарылыстар болған өңірлерде тұрса да, тиісінше бұл әрекеттер тұрғындардың денсаулығына әсер етуі мүмкін және көбірек назар аударуды қажет етуі керек.

Осыған байланысты ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендер мәртебесі бар емхананың медицина қызметкерлері ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендер мәртебесі бар барлық медицина қызметкерлерін жоғарыда көрсетілген әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету мәселесін қарауыңызды сұрайды», – деді Б.Жексенбайқызы.

Серіктес жаңалықтары