Серікболсын Жексенбай: Ауылда қиярдан 10 тонна, қызанақтан 2 тонна өнім алып отырмын

«Ауыл аманаты» жобасы — бұл біз сияқты ауыл адамдарына таптырмас мүмкіндік.

Серікболсын Жексенбай: Ауылда қиярдан 10 тонна, қызанақтан 2 тонна өнім алып отырмын
1229

Ауылда кәсіп дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, осылайша азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мем­ле­кет­тік бағдарламасына қызығушылық танытып, құжаттарын реттестіріп жүргендер жетерлік. Бұқара халықтың ауылда еңбек етіп, тұрақтауына, сондай-ақ жұмыссыздар санының азайып, тұрғындар табысының артуына зор серпін берген бұл бағдарлама өңірде ауыл шаруашылығы саласының дамуына да өз үлесін қосып келеді десек, қателеспейміз. Бұған жоба басталғалы бері табысын молайтып, өнімін арттырып алдым деп айтып жүрген ауыл кәсіпкерлерінің сөзі дәлел.

Сондай кәсіпкерлердің бірі – Ақтөбе облысы Шалқар ауданында тұратын Серікболсын Жексенбай. Жас жігіт осыдан алты жыл бұрын бау-бақша өсіруді қолға алған. Кейін ауданға қарасты Жылтыр ауылында жылыжай ашқан. Содан бері аудан халқын таза өніммен қамтып келеді. Бүгінде ол қиярдан 10 тонна, қызанақтан 2 тонна өнім алып отыр.

— Жылына екі рет — жазда және қыста өнім жинаймыз. Қазір өсірген өнімдерімді аудан орталығындағы, сондай-ақ Жылтыр ауылындағы дүкендерге қойып, сатып жатырмын. Сұраныс арта түсті. «Шалқардың қияры керек» деп басқа жақтан да келіп алатындар бар, — дейді ол.

Серікболсын жас болса да жылыжай шаруашылығын жүргізуді меңгерген. Оның айтуынша, кез келген адамда қызығушылық және ниет болса, жаңа дүниені үйренуге ешқашан кеш емес.

Кәсібін кеңейтуді мақсат еткен Серікболсын биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы көлемі 2400 шаршы метр болатын бірнеше жылыжай салуға 2,5 пайыз жеңілдікпен 18 млн теңге несие алған. Қазір Жылтырда осы жылыжайлардың құрылысы жүргізіліп жатыр.

Оның айтуынша, бұл жылыжайлар алдағы уақытта қыс-көктем, жаз ай бойы үздіксіз жұмыс істейтін болады. Соның нәтижесінде жұмысшылар саны артып, мол өнім алуға мүмкіндік туады.

— Мен сияқты жастарға ауылда жұмыс көп. Ең бастысы, бау-бақша өсіру үшін оның «ілімін» білу керек. Мен жылыжай ашпай тұрып, қияр, қызанақты өсіруде қандай басымдықтарға мән беру керектігін зерттеп, зерделедім. Белгілі мамандардан тәжірибе алдым. Сөйтіп, жылыжай ашып, кәсібімді бастадым. Жылтыр ауылы құмды аймақ болғанымен, қазір бұл жерде жақсы өнім алып отырмын. Ауыл тұрғындары елді мекеннен осындай жылыжай ашылғанына дән риза. Ендігі жерде қысы-жазы ауыл халқы қияр-қызанақсыз отырмайтын болды, — дейді кәсіпкер.

Серікболсын биыл жыл аяғына дейін құлпынай өсіру үшін бес, қияр-қызанақ егуге екі жылыжай ашуды жоспарлап отыр. Қазір ол бұл бағыттағы жұмыстарды бастап кеткен. Қазір кәсіпкер ауылда екі-үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта жаңа жылыжайлар іске қосылса, жұмысшылар саны да артады.

— Бұрын ауылдарда мұндай жылыжайлар салынған жоқ. Көп адам жеке бау-бақша өсіріп, өнімін сатып, қысқа азығын жинады. Содан болар, әсіресе, елді мекендердегі дүкендерде қияр, қызанақ сатылмайтын еді. Қазір көп жерде жылыжай ашу ісі кеңінен дамып келеді. Соның арқасында халық қысы-жазы таза өнімге қол жеткізіп отыр. Меніңше, ауылдарда құс, бау-бақша өсіру, басқа да дәстүрлі шаруашылықтарды дамытса, бұл алдымен халыққа азық болады, екінші жағынан, жаңа жұмыс орындары ашылады. Ауылда жүрген жастар жұмыспен қамтылып, жаңа дүниемен айналысуға мүмкіндік алады. Биыл облыста жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы — бұл біз сияқты ауыл адамдарына өте тиімді, таптырмас мүмкіндік. Жастар осы мүмкіндікті пайдаланып, кәсібін ашса, болашақта зор жетістіктерге жетеді. Ең бастысы, ерінбей еңбек етіп, қиындықтарға төзе білген жөн, — дейді жас кәсіпкер.   

Серіктес жаңалықтары