Әлем мойындаған Мансұров

Әлем жұрт­шы­лығы әйгілі ғылым Зұл­хаир Аймұхаметұлының нано­ғы­лым, нанотехнология, көмір­су­тектердің жану теориясы мен күйе түзілуіндегі іргелі зерт­теу­ле­рін мойындады.

Әлем мойындаған Мансұров
turkystan.kz
2006

Биыл АҚШ-та жарық көрген «Road to Scientific Success» («Ғылыми жетістікке жету жолы») кітабының бір та­рауы жерлесіміз, белгілі ғалым, профессор Зұлхаир Ман­сұровқа арналған. Кітаптың бас редакторы – материалтану са­ла­сындағы танымал ғалым, Буффалодағы Нью-Йорк уни­верситетінің профессоры Дебора Чунг. Бұл – осы сериямен шық­қан үшінші кітап.

Осылайша, әлем жұрт­шы­лығы әйгілі ғылым Зұл­хаир Аймұхаметұлының нано­ғы­лым, нанотехнология, көмір­су­тектердің жану теориясы мен күйе түзілуіндегі іргелі зерт­теу­ле­рін мойындады. Сонымен қ­а­тар 2018 жылы ол жаһандық кли­маттың жылыну тенден­ция­ларының өсуі, сондай-ақ на­но­ғылым мен нанотехнологияның дамуы жағдайында әлемдік эко­логияға үлкен маңызы бар зерт­теулері үшін ЮНЕСКО медалімен м­арапатталған. Профессор З.Ман­сұров іргелі ұйымның жо­ға­ры бағасына ие болған отаны­мыз­дың жалғыз өкілі екенін атап өткен жөн.
«Road to Scientific Success» кі­табы ғылыми жетістіктері ар­қы­лы әлемге танылған, ғылым­ның дамуына елеулі үлес қосқан ға­лымдар туралы мақалалар жа­­­­риялайды. Көрнекті зерттеу­ші­лердің өмір тарихын оқыр­ман­ға ұсынады. Кітапта беделді ға­лымдардың табысқа қалай қол жеткізгені, зерттеулерін қалай жүр­гізгені, қандай мақсат қой­ға­нын және қандай қиындықтарға тап болғаны туралы өмірлік тә­жі­рибелері қамтылған. Бұл ең­бек­ті ғылым жолын таңдаған жас ғалымдарға пайдалы нұсқау­лық ретінде де ұсынуға болады. Сондай-ақ туынды ғылым жолы­на түскен жастарды шабыт­тан­дырып, ынталанадырады. 
Кітапқа Нобель сый­лы­ғы­ның лауреаттары Дуглас Дин Ошерофф пен Герберт Аа­рон Гауптман, АҚШ-тың Ұлттық ғы­лым медалінің иегерлері Пол Чинг-Ву Чу мен Эли Ракенштейн және басқа да тұлғалар туралы ма­қалалар топтастырылған. Мұн­дай алыптармен қатар Зұл­хаир Аймұхаметұлы туралы да ма­қала жарияланып отыр. Бұл ғылыми қауымдастықтың жер­гілікті ғалымды ғана емес, жалпы Қа­зақстанды да мойындауы деп тү­сінген абзал. Мақалада про­фес­сор З. Мансұровтың өскен ор­тасы, отбасы, ұстаздары мен ғы­лыми жетекшілері туралы та­нымдық ақпарат егжей-тегжейлі баян­далған. Оның азамат және ғалым ретінде қалыптасу кезең­дері қамтылған.

З.Мансұров реформалар мен өз­герістер кезеңінде тәуелсіз Қа­зақстанның аяқтан тұруына ат­салысты. Ол 1981 жылы Ұлыб­ри­таниядағы Лондон университе­тін­де ғылыми жұмыс тәжірибе­сін жүргізіп, әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры қызметін атқара отырып, өзінің білімі мен ұйымдастырушылық талантын әлем­дік стандарттарға сәйкес келетін жаңа форматтағы білім мен ғылым жүйесін қалыптас­ты­руға әрі реформалауға жұм­сады. Тәуел­сіздік таңында Зұлхаир Ай­мұхаметұлы елімізде ғана емес, шетелде де халықаралық ау­­­­қымдағы ғалым ретінде та­ныл­ған-ды. Ол халықаралық ғы­лыми конференцияларда, сим­позиумдарда және семи­нар­ларда баяндамалар жасады. Ре­сей, Қытай, Польша, Венгрия, Оң­түстік Корея, Германия, Бра­зилия, АҚШ, Үндістан, Англия, Мексика, Бельгия, Тайвань, Фран­­­­ция секілді елдерде дәріс­тер оқыды. Ол әрқашан ғылым­ның ең озық бағыттарының трен­­дінде, әлем ғалымдарымен бір­­лесе отырып, шәкірттерін ең озық зерттеу орталықтарына ба­­­­­ғыттайды. 
Еуразиялық химия-техно­ло­гиялық журнал ағыл­шын тілінде 1999 жылдан бері про­фессор З.Мансұровтың реда­к­циялығымен шығып келеді. 
Бұл – көптеген жыл бойы Scopus жә­не Web of Science дерекқор­ла­рын­да индекстелген еліміздегі ғы­лыми журнал. 
1992 жылы З.Мансұров Мем­ле­кеттік сыйлыққа ие болды. 2002 жылы шәкірттерімен және ғы­лыми қызметкерлерімен бірге тө­мен температуралы суық жа­­лын­ды күйе түзілу құбылысын аш­қаны үшін Ресейдің жара­ты­лыс­тану ғылымдары академия­сы­ның дипломын алды. Ол жану үде­рістері мен нанотехно­ло­гия­лар­дың химиялық физикасы са­ласында ғылыми мектеп құр­ды. Оның жетекшілігімен 65-тен астам ғылым докторлары мен кан­дидаттары, РhD докторлары дис­сертацияларын сәтті қор­ға­ды. Ғалымның түлектері бүгінде бү­кіл әлемдегі университеттер мен ғылыми зертханалардың жетекші қызметтерін атқарып жүр. Оның ісін іргелі және қол­дан­балы зерттеулер саласында өзі тәрбиелеген оқушылары жал­ғастырып келеді. 
Зұлхаир Аймұхаметұлы ғы­лыми жетістіктерге тек табандылығы мен талантының ар­қасында ғана жеткен жоқ. Оның ғалым ретінде қалып­тасуы­на ұстаздары да зор ықпал ет­ті. Атап айтқанда, профессор Г.Ксан­допуло, үш мәрте Социа­лис­тік Еңбек ері, академик Я.Зе­ль­дович, Геттинген университетінің фи­зи­ка-химия институтының ди­ректоры, профессор Х.Вагнер, Ре­сейдегі құрылымдық мак­ро­ки­нетика және материалтану инс­титутының директоры, ака­де­мик А.Мержанов сынды ұстаз­дары­ның тәлім-тәрбиесін бойға сіңірді. 
Ғалымның өміріндегі ең бір маңызды кезең – 2008 жылы Ва­­­­шингтондағы «Ақ үйде» ұйым­дас­тырылған жаһандық білім бе­ру желісін құру жөніндегі кеңес­ке қатысуы. Бұл кездесуде Зұл­хаир Аймұхаметұлы АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Кон­до­лиза Райспен ғылымды да­мы­тудың өзекті мәселелерін тал­қы­лады. 
«Ғылымда немесе кез келген са­лада жетістікке жету үшін өмір­де мақсат болу керек». Бұл – Зұл­хаир Мансұровтың ұстанымы. Бұл сөз жастарға ұран болары дау­сыз. Зұлхаир Аймұхаметұлы – зама­нымыздың заңғар тұлғасы. Біз оны мақтамаймыз, онымен мақ­та­намыз.

Ерлан ДОСЖАНОВ, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық 
университетінің қауымдастырылған профессоры,
Айтуған СӘБИТОВ, 
Жану проблемалары институтының жетекші ғылыми қызметкері,
АЛМАТЫ

 

 

Серіктес жаңалықтары