Әлем бірліктің арқасында елеулі жетістіктерге жетеді
Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапарымен барды.
Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйледі, сондай-ақ «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты. БҰҰ-ның «Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында төрағалық етті.
Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібі бүгінгі өскелең ұрпақтың жарқын болашақ құруына берілген бір ғана мүмкіндік екенін атап өтті.
– Геосаяси қақтығыстарға байланысты шиеленісе түскен қазіргі жаһандық сын-қатерлер біздің ұжымдық күш-жігерімізге нұқсан келтіріп отыр. Бұл кедергілерді еңсеруге жекелеген мемлекеттің шамасы жетпейді. Әлемдік қоғамдастықтың бірлігінің арқасында ғана елеулі жетістіктерге қол жеткізе аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан үшін орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – ұлттық басымдық.
– Орнықты даму қағидаттары біздің негізгі ұлттық стратегияларымыз бен бағдарламаларымыздың өзегіне айналды. Бүгінде орнықты болашаққа белсенді түрде инвестиция құйып отырмыз. Мемлекет бюджетінің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сай келеді. Біз тегін білім алудың және денсаулық сақтаудың баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз. Жаңа Әлеуметтік кодексте халықтың осал топтарын қорғау шаралары күшейтілді, – деді Мемлекет басшысы.
Сессия кезінде Мажарстан Президенті Каталин Новак, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, ОАР Президенті Сирил Рамафоса, Аустрия Президенті Александр Ван дер Беллен, Перу Президенті Дина Болуарте, Гайана Президенті Ирфан Али, Микронезия Президенті Уэсли Симина, Солтүстік Македония Президенті Стево Пендаровски, Финляндия Президенті Саули Ниинистё және басқалар сөз сөйледі.
Одан соң Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті. Тараптар Қазақстанның БҰҰ-мен жан-жақты ынтымақтастығының басым бағыттарын, сондай-ақ қазіргі заманның өзекті сын-қатерлерін талқылады. БҰҰ Бас хатшысы Қазақстан Президентіне ілтипат білдіре отырып, екіжақты серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Қазақстан мен БҰҰ бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және адам құқығының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты жалғастыра береді. Қазақстан – біз үшін мультилатерализмнің тірегі, жаһандық деңгейдегі бейбітшілік қорғаны ретінде басымдыққа ие серіктес ел, – деді Антониу Гутерриш.
Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерриштің БҰҰ Бас хатшысы ретіндегі қызметіне жоғары баға беріп, оның бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекеттерін одан әрі қолдауға дайын екенін растады.
Қазақстан Президенті қазіргі заманның ең өзекті проблемаларын шешуде БҰҰ айрықша рөл атқаратынын және оның ешқандай баламасы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке Ұйым қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі ой-пікірін жеткізді.
Жиынның маңызды жаңалығы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия – АҚШ» мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысуы болды. Жиында С5+1 серіктестігі арқылы экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның егемендігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды.
Саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джозеф Байденнен кейін сөйледі. Сонымен қатар шараға бірқатар елдің басшылары қатысты.
Кездесу барысында стратегиялық серіктестікті, саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Саммитте экономикалық ынтымақтастық мәселесіне, сондай-ақ америкалық компаниялардың маңызды қазба байлықтарды игеру, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне баса мән берілді.
Сонымен қатар пікірталас барысында қауіпсіздік проблемаларын, соның ішінде киберқауіпсіздік, терроризм, экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы секілді қауіп-қатерлерді шешу үшін ынтымақтастықты нығайту перспективалары қарастырылды.
Бұдан бөлек, Президент бірқатар мемлекеттің басшыларымен, халықаралық ұйымдардың және трансұлттық компаниялардың жетекшілерімен кездесу өткізіп, бірқатар келісімге қол қойылды.
Арман Тоқтышақов,
саясаттанушы,
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Мәселені диалог арқылы шешу – сыртқы саясатымыздың негізгі қағидасы болып қала бермек
– Бүгінде Президент сыртқы саясаттағы бағытымызды іске асыруға бағытталған процесті жалғастырып жатқанын көріп отырмыз.
АҚШ-қа сапары аясында Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында сөз сөйледі, дәлірек айтсақ, бірқатар өзекті жаһандық және өңірлік жобаның дамуына байланысты мәселені көтерді. Негізінде, мұнда сөз болған мәселелер Президент бұрыннан айтып жүрген месседждердің негізгі тезистері деп айтуға болады. Бір-бірімен үндесіп, бірін-бірі толықтырады. Естеріңізде болса, жақында өткен Астана халықаралық форумында Президент сөз сөйлеген еді, сол жерде көтерілген бастаманың көбі мұнда да айтылды. Мәселен, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалау мәселесі. Бұл жолы да осы маңызды құрылымды реформалау керек екені туралы тағы бір рет нақты айтты. Соның ішінде, мұнда орта державалардың үні көбірек естілуі керек екеніне тоқталды. Бұл – жалпы жаһандық даму жағынан көтерілген негізгі бастаманың бірі болды.
Ал егер аймақтық тұрғыдан алатын болсақ, экологиялық күн тәртібіне үлкен мән берілді. Атап айтқанда, су ресурстарын дамытуға байланысты барлық мәселе қамтылды. Арал, Каспий теңізінің проблемалары өте өзекті екені белгілі. Бұл мәселелерді Орталық Азиядағы барлық ел осы бағытта белсенді өзара іс-қимыл арқылы өңірлік деңгейде шешуі қажет.
Сонымен қатар Президент Қазақстан БҰҰ Жарғысын және қабылданған барлық халықаралық құқық нормасын ұстанатынын айтты. Қазіргі ахуалды, қалыптасып отырған жағдайды ескере отырып, келіспеушіліктерді, әртүрлі мәселелерді күшпен емес, саяси-дипломатиялық жолмен шешу керек екеніне тоқталды. Яғни, біздің ел мәселені дипломатия арқылы, диалог арқылы шешуді әрқашан қолдайтынын жеткізді. Міне, осы ұстаным біздің сыртқы саясатымыздың негізгі қағидасы болып қала бермек.
Келесі, Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері басшыларының саммиті, С5+1 серіктестігіне тоқталар болсам, мұндағы маңызды нәрсе – саммиттің өзін тарихи деп есептеуге болады. Себебі бұрын ол тек сыртқы саяси ведомстволар басшыларының деңгейінде ғана өтетін, яғни тек сыртқы істер министрлері қатысатын. Ал бұл жолы бірінші рет президенттік деңгейде ұйымдастырылып отыр. Орталық Азияның 5 елінің президенттері, сонымен қатар АҚШ Президенті кездесіп, өзекті өңірлік мәселелерді талқылады. Бұл жиынның біз үшін маңызы қандай дейтін болсақ, Қазақстан осы алаң арқылы энергетикалық, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру тұрғысынан белгілі бір келісімдерге қол жеткізуі мүмкін. Биылғы Жолдауда негізгі төрт бағыттың бірі өңдеу өнеркәсібі екені айтылды. Мүмкін, кейбір америкалық инвестициялар экономиканың осы маңызды секторына тартылатын шығар.
Жаһандық тұрғыдан алғанда, бұл саммит тағы бір маңызды халықаралық саммитке айналды деп айтуға болады. Себебі Орталық Азия жеке субъект ретінде маңызға ие болып келеді. Өйткені бұған дейін 2022 жылы Орталық Азия – Қытай, Орталық Азия – Ресей, Орталық Азия – Еуропа елдерінің саммиттері өткізілген болатын. Ал енді Америка Құрама Штаттарымен өтіп отыр.
Сонымен қатар Иран, Финляндия, Венгрия, Португалия, Оңтүстік Корея, Кения президенттерімен, яғни жалпы бірқатар елдің басшыларымен екіжақты кездесулер өтті, онда екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Бұл да – осы сапардың басты бағытының бірі. Себебі мұндай кездесулер кезінде ынтымақтастық нығайып, ұзақмерзімді келісімдер жасалуы, болашақта соның негізінде бірқатар бастама жүзеге асуы мүмкін.
Елдер ғана емес, сонымен қатар ірі халықаралық корпорациялар қорларымен өткен кездесулердің де маңызы зор. Көбінесе экономика, логистика, қаржы, цифрландыру салалары бойынша жүздесулер өтті. Бұл да экономикамызды дамыту тұрғысынан аса маңызды. Дәл қазір осы салалар біздің экономикамыздың өсуінің жаңа нүктелері болуы керек.
Атап айтқан негізгі жаһандық, аймақтық мәселелерден бөлек, Президент Ауғанстандағы ахуалға тоқталды, су мәселесі, климат мәселесі, конфессияаралық диалог проблемалары көтерілді. Қорытындылай келе, сапар өте жемісті әрі мазмұнды болды деп тұжырымдауға болады.