«Жастар Рухы»: ШЫҰ жастар лагерінің жұмысы жалғасып жатыр
ШЫҰ-ға мүше елдердің 300-ден астам делегаты «Жастар Рухы» жастар лагеріне жиналды
Бүгін «Bir Tolqynda» пікірталас алаңында «Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім» жастар саяси лагерінің делегаттары жастар қозғалыстарының ынтымақтастығы мен халықаралық диалогын дамыту перспективаларын талқылады. Лагерь Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының қолдауы аясында өтіп жатыр.
Лагерь жұмысына Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Қытай, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Үндістан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген 300-ден астам делегат қатысуда. Ұйымдастырушы – «Жастар Рухы» жастар қанаты.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды қолдауға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы өзінің қыркүйек айындағы Жолдауында Қазақстан әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі екенін атап өткен болатын. Қазір азаматтарымыздың орташа жасы небәрі 32-де. Жастар қашан да бірегей бастамалар мен жаңа жаңалықтардың жаршысы болып келеді. «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде жастар үшін әділ әлеуметтік лифт жасау міндетін өз мойнына алып отыр. Қазақстан – тәуелсіз мемлекетте дүниеге келген және еркін ойлайтын жастар елі. Ал, Партиямыз жастармен бір толқында. Бүгінде қоғамның әр саласында жетістікке жеткен дарынды өркендеріміз көп. Олар егемен елдің жаңа тарихын жасап, қарқынды дамуына өз күш-жігерін салуға дайын екеніне сенімдіміз», - деді ол.
Атқарушы хатшының айтуынша, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін 1,5 млн-нан астам жас қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз ету, жұмыс істейтін жастарға жалдамалы тұрғын үй беру, ауылдағы жас дәрігерлерге көтерме жәрдемақыны 10 миллион теңгеге дейін арттыру, жас ғалымдарға ғылым гранттар бөлу, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арналған шәкіртақы мөлшерін арттыру және т.б. жоспарланып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, лагерьдің негізгі аспектілерінің бірі – жастарды өз елінің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуға ынталандыру. Жас көшбасшылар мен қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, азаматтық қоғамды нығайтуға және демократиялық институттарды дамытуға ықпал ететін бірлескен шешімдерді іздейді.
«ШЫҰ аясында өтіп жатқан жастар саяси лагері қатысушы елдерді біріктіретін ортақ құндылықтарға баса назар аударады. Бұл түрлі мәдениетті құрметтеуді, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауды, сондай-ақ әділдік пен экономикалық дамуға ұмтылуды қамтиды», - деді «Жастар Рухы» төрағасының орынбасары Ақерке Искандерова.
Осы күні белгілі саясаттанушы Серік Қалқаманов мемлекеттік саясат бойынша оқыту семинарын өткізсе, ал коуч Шыңғыс Зипатолла «Tazalike» қозғалысы аясында Орталық Азияның өзекті экологиялық проблемаларына тоқталды.