«Гол соққанда қуанбау керек еді»: Асхат Тағыбергеннің әйелі жанкүйерлерге үндеу жолдады

Ақтөбелік жанкүйерлер Асхат Тағыбергенге бейәдеп сөздер айтқан болатын.

«Гол соққанда қуанбау керек еді»: Асхат Тағыбергеннің әйелі жанкүйерлерге үндеу жолдады
vk.com/ordabasy_13
6967

Өткен аптада «Ақтөбе – Ордабасы» ойыны аяқталған соң, жанкүйерлер ұлттық құраманың әрі шымкенттік клубтың капитаны Асхат Тағыбергенге бейәдеп сөздер айтып, ашуына тиген еді. Көп пабликте жарияланған ол видеоға қатысты футболшының әйелі Махаббат Тағыберген пікір білдірді, деп хабарлады turkystan.kz KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Махаббат Тағыберген Instagram-дағы жеке парақшасында көпшілікке видео үндеу жолдап, болған жайтқа қатысты өз ойын айтты.

«Болып жатқан жағдайды өздеріңіз көріп те, біліп те отырсыздар. Кешеден бастап футболға, Асхатқа қатысты түрлі хабарлама келіп түсіп жатыр. Оның ішінде жақсысы да, жаманы да бар. Қолдап та жатыр, даттап та жатыр. Қазақта «Сыйлағанның құлы бол» деп айтады ғой. Сондай қазақ азаматының бірі ол  Асхат деп айта аламын. Ақтөбе қаласына Асхат екеуміз алғаш көшіп барған кезде бала едік. Жаңа отау тігіп барғанбыз. Ақтөбе қаласын да, халқын да, жанкүйерлерін де өте қатты жақсы көрдік, сыйладық. Кеше сұрап жатырсыздар ғой. «Асхат осында ойнады ғой, гол салғанда қуанбау керек еді» деп айтып жатырсыздар. Қайталап өткім келеді. Асхат – сыйлағанның құлы бола алатын азаматтардың бірі. Экранның ар жағында отырып, мен Асхаттың бұрыштамаға қанша барған сайын ауыр боғауыз сөздерді жұтып, өз жұмысын істегенін жолдасымның қас-қабағынан, көзінен көріп отырдым. Сол кезде алаңда не болғанын өздеріңіз жақсы білесіздер»,  – деді футболшының келіншегі.

Еске сала кетейік, «Ақтөбе» мен «Ордабасы» клубтарының арасындағы кездесуде ақтөбелік жанкүйерлер қарсылас команданың жартылай қорғаушысы Асхат Тағыбергенге бейәдеп сөздер айтқан. Келеңсіз жағдай видеоға түсіп, желіге тарап кетті.

Серіктес жаңалықтары