Калифорниядағы қазақ қауымдастығы және Раушан

Раушан Мұхтар 2020 жылдың күзінде California Qazaq Community қауымдастығының негізін қалаған. Аталған орталықтың сайты мен әлеуметтік желідегі парақшасына үңілсеңіз, ассамблеядан кем емес жұмыс атқарып жатқанын аңғарасың. Қазақ тілі, Қазақстан тарихы сабақтарынан бөлек, домбыра тарту, ұлттық би мен халық әндеріне баулу секілді үйірмелерге белсенді қатысып жүрген қарадомалақтардың көптігін көріп бұл орталықтың өзіндік миссиясы бар екенін түсінесің. АҚШ-тың ірі қалаларының бірі саналатын Лос-Анджелес қаласында мәдениетімізді дәріптеп жүрген Раушанға хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.

Калифорниядағы қазақ қауымдастығы және Раушан
turkystan.kz
2313

Раушан Мұхтар 2020 жылдың күзінде California Qazaq Community қауымдастығының негізін қалаған. Аталған орталықтың сайты мен әлеуметтік желідегі парақшасына үңілсеңіз, ассамблеядан кем емес жұмыс атқарып жатқанын аңғарасың. Қазақ тілі, Қазақстан тарихы сабақтарынан бөлек, домбыра тарту, ұлттық би мен халық әндеріне баулу секілді үйірмелерге белсенді қатысып жүрген қарадомалақтардың көптігін көріп бұл орталықтың өзіндік миссиясы бар екенін түсінесің. АҚШ-тың ірі қалаларының бірі саналатын Лос-Анджелес қаласында мәдениетімізді дәріптеп жүрген Раушанға хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Сұхбат уақытын келісейін деп ха­бар­ласқанымда «Мені емес, біздің ор­та­лықта тегін сабақ беріп жүрген мұ­ға­лімдердің еңбегін сөз етейік. Мен көп­ші­лік көзіне көрінгенді құп көр­меймін» де­діңіз. Дегенмен қазақ көп шо­ғыр­лан­ған Лос-Анджелес қала­сын­да қазақ қауым­дастығын ашқан сіздің бұл бас­та­маны қолға алуға не түрткі бол­ғанын сұрамай кетсек болмас.
– Мен 2011 жылы Америкаға көшіп кел­дім. Содан бері көшеде қазақтарды көре қал­­­сам, үйіме шақырып, қонақ қыламын. Әң­­­­гіме-дүкен құрып, бір марқайып қа­ла­мын. Тіпті, кейде мексикалықтарды қа­зақ­тар­ға ұқсатып, бас қосқан кездерім болды. Өзім орыс мектебінде оқысам да, үйде ба­ла­ла­рым­мен тек қазақша сөйлесемін. Үйде ешкім ағыл­шынша немесе орысша сөй­лес­пей­ді. Ме­нің балаларым, тіпті орысша дұ­рыс сөй­лей алмайды. Балаларымның қа­зақ­­­тілді ор­­­­тада өсіп-өнуі мен үшін маңыз­ды. Олар ана тілін, дәстүрін, мәдениетін ұмы­тып қал­ма­сын деп осында тұратын қа­зақтармен ете­не араласып, жиі бас қо­суды әдетке ай­нал­дырдым. Кейін мере­ке­лерді бірге атап өте­тін болдық. Табиғат ая­сына жиі шығамыз. Қа­ла берді, еш себеп бол­маса да, бір үйге жи­налатын едік. Кейін үйге сыймай кеттік. Сол кезде Фатима деген отандасымыз қазақ ті­лін үйрететін үйірме ашу туралы идеяны ор­таға салды. Шыны ке­рек, ол кезде мен он­дай бастаманы қолға алу­ға дайын бол­ма­дым. Біріншіден, оны өт­­кізетін орын жоқ бол­ды. Сосын қым-қуыт тірлікпен қолым ти­мей кетті. Деген­мен 5-6 жылдай сол әлгі идея­ны пісіріп жүр­ген едім. Кейін басқа қауым­дастықтар ұйым­дастырған іс-шара­ларға барып, әр­кім өз мәдениетін шама-шарқы келгенше на­сихаттап жүргенін көр­ген кезде «Бізге де неге мұндай қауым­дас­тық ашпасқа?» деп қы­зығып кеттім. Сөйтіп жүр­­генде пандемия бас­талды. Дегенмен қайт­сек те ашуымыз қа­жет деп, 2020 жыл­дың күзінде California Qazaq Community де­ген атпен қауымдас­тық­тың негізін қаладық. Басында гаражды кең­се қылып жабдықтау туралы ойлаған­мын. Американың гараждары Қазақстан­да­ғыдай емес, басқаша ғой. Іші кең әрі жы­лы. Кәдімгі бөлме секілді. Сонда қабыр­ға­ларға сурет іліп, еденге кілем төсеп, үйір­мені тездетіп бастап кетейік деп шештік. Гараж ішін реттестіріп, дайындалып жүр­генде бір танысым бір кеңсені бірге жал­дайық деп ұсыныс айтты. Сөйтіп, сол ғи­мараттан қауымдастық кеңсесін ашып, жұ­мысты бастап кеттік. 
– Ол кезде араларыңызда қазақ ті­лін үйрететін маман бар ма еді?
– Жоқ. Сонда да мұғалім іздестіріп, ақ­пан айында нақты бастаймыз деп жоспар құр­дық. Сол кезде Абзал есімді жігіт қауым­дас­­тықтың сайтын жетілдіріп, маркетинг жа­­ғынан көмектескен еді. Өзі қазақ-түрік ли­цейін­де оқыған. Мамандығы – матема­тик. Мұ­ғалім керек екенін білген ол «Ба­ла­лар­ға қа­зақ тілін мен үйрете берейін» деп ұсы­­ныс ай­тып, сабақты бастап кетті. Үйір­ме ашылған кез­де қырыққа жуық бала тір­келді. Белгілі боксшы Мадияр Әшкеев те қа­тарымызға қо­сылып, балаларды спортқа бау­лып, бок­стасуды үйретті. Оның келін­ше­гі Қарлы­ғаш­тың мамандығы лингвист бол­ғандықтан, ол да бір жағымызға шы­ғы­сып, көмектескісі келетінін айтты. Қазір Ма­дияр жұмыс ба­бы­мен үлгере алмай жүр­гендіктен, бокс үйір­ме­сі тоқтап тұр. Де­ген­мен Қарлығаш екеуі екі жылдан бері біз­ден көмегін аяған емес. Қар­лығаш қа­зірге дейін қазақ тілінен сабақ бе­реді. Абзал оқуына байланысты үйірмені жалғастыра алмады. Есесіне, Қарлығаштың қатарына Гүл­нара есімді мықты маман қо­сылды. Гүл­нара – қазақ тілін зерттеп жүр­ген док­торант. Біздегі екі мұғалімнің екеуі де тіл ма­маны болғаны қуантады. Сабақтар әр сен­бі сайын таңертең сағат он бірден түскі үш­­ке дейін өтеді. Екеуі балаларды тіл дең­гейі­­не байланысты, екі-үш топқа бөліп оқы­­та­ды. Осы ретте оларға шексіз алғы­сым­­ды айт­қым келеді. Өйткені олар әу бас­тан тегін са­бақ береді. Дегенмен «Отан­дас­тар» қоры мұ­ғалімдерге қысқа мерзімге жа­лақы төлеп тұ­рады. Одан бөлек, бізге же­ке кәсіпкерлер де көмектеседі. Алайда ол қаражат жетпейді. Ба­сында кеңсе тауар­ларына қаражат керек бол­ғандықтан, бір отбасыға жылына үш жүз доллар көлемінде жарна төлеу туралы ұсы­ныс айтқан едік. Бір­ақ бір отбасыдан үш-төрт бала қаты­са­тын­дықтан, шығын көп бо­­­лып тұр. Бұған қа­рамастан, бізде са­­бақ бере­тіндер оқу, бала-шағасынан бөлек, біз­дің ор­та­лық­қа да қарайласуды бірінші орын­ға қоя­ды. Тұратын жерлерінен орта­лық­та ор­на­лас­қан кеңсеге де жету оңай емес. Кемі бір-екі са­ғат жүріп келеді. Сосын кешке қа­рай тағы екі сағат жүріп, үйлеріне қай­та­ды. Де­ген­мен олар қазақ тілін, қазақ мә­де­ниетін на­сихаттау десе барлық жұмысын тастап, кө­мектесуге дайын тұрады.
– Қазақстан тарихынан да сабақтар жүр­гізіледі екен. 
– Иә, жүргізілген. Осында «Болашақ» бағ­дарламасымен оқуға келген Әсел есімді ма­ман Қазақстан тарихы пәнін енгізген бо­латын. Әсел бір жылдан астам уақыт осы са­­бақты жүргізді. Кейін оқуы бітіп, елге қайт­қан соң, тоқтап қалды. Дегенмен Қар­лы­­ғаш пен Гүлнара сол сабақты қайтсек те, оқу жоспарына енгізейік деп ұсыныс айт­ты. Қа­зір бізге бұл пәнді жүргізетін ерік­ті­лер ке­рек. Дейтұрғанмен, олар қазақ тілі са­ба­ғын­да ара-тұра Қазақстанның тарихы тура­лы мәліметтер беріп, түрлі деректі ба­ла­лар­мен бірге талқыға салады. Қазақстанға бар­ған сайын кітаптар алып келеді. Ата-ана­лар да оқулықтар әкеліп береді. Осын­да­ғы Қа­зақ­стан Консулдығы да өз кітап­ха­на­­сында бар кітаптарды бізге әкеліп берді.
– Әлеуметтік желіге таралған ви­део­лар­дан байқағанымыздай, орта­лық­та дом­быра үйірмесі де бар екен. Көп­шілік дом­быра үйренемін деуші­лер­дің қатары көп екенін байқап, жы­лы лебіздерін біл­діріп жатты.
– Басында Саят есімді кәсіби музыкант осын­­да оқуға келген бойда «Мен домбыра үйір­­месін жүргізейін. Арнайы уақыт бөле­мін» деп бастама көтерген еді. Осылайша, ол екі жылға жуық балаларға домбыра тар­ту­дың қыр-сырын үйретті. Бертін келе оқуы­на бо­ла қолы тимей кеткен соң, бұл игі істі Әй­герім есімді отандасымыз жалғас­ты­рып әкет­ті. Әйгерімнің күйеуі осында «Бо­лашақ» бағ­дарламасымен білімін же­тіл­діріп жүр. Ал өзі бізге көмектеседі. Өзі му­зы­калық мек­теп­ті бітірген. Балаларға бар біл­генін үйретіп, кон­церттерге қатыстырып жүр. Дегенмен оған оңайға түспейді. Өйт­кені бізге домбыра ас­пабы жетіспейді. Қазір ол он беске жуық ба­л­аны үш топқа бөліп оқы­тады. Балалар дом­быраны өз үйлерінен алып келеді. Ал ол үйір­меге қатысқысы ке­летіндердің қарасы көп. Бірақ біздің ор­та­лықта домбыра жоқ. «Отандастар» қо­ры­нан домбыра сұраған едік. Қор өкілдері кө­мектесетінін айтты. Ал­дыңғы жылы олар ішін­де шапан, Қа­зақ­станның туы бар қор­жын жіберген еді. Енді домбырамен қам­та­ма­с­ыз етеміз деп отыр. Елде жүргенде бай­қамаймыз, ал бірақ сыртқа шыққанда бәрінің қадірін түсінеді екенсің. Қазір Қа­зақ­станда біз онша мән бермейтін көр­пе­шелер біз үшін Америкада алтынмен пара-пар. Ою-өрнегі бар әрбір зат көзімізге оттай ба­­сы­лады.
– Сайттарыңызда өнер сыныбы да бар екені туралы жазылған. Ұлттық би са­­бақтары да жүргізіле ме?
– Иә. «Ұлттық би» сабағын Жанерке есім­ді маман жүргізеді. Өзі «Болашақ» бойын­ша Нью-Йорк кино академиясында бі­лім алады. Кәсіби бишіден кем емес, мың бұ­ралып би­лейді. Концерттерде өнер көр­се­теді. Одан бө­лек, бізде «Қазақ әні» сабағы өт­кізіледі. Ол са­бақты да «Болашақпен» оқи­тын Мөлдір есім­ді маман жүргізеді. Ор­талықтағы мұға­лімдер бала халық ән­дерін, даланың үнін естіп өссе, қазақшаны тез үйренеді дегенді алға тартады. Сон­дық­тан тек қазақ әнде­рін үйрету туралы ше­шім­ге келдік. Мөлдір кәсіби әнші емес, де­ген­мен құйқылжы­тып ән салғанда таң-та­маша боласың. Әрі ол домбырада шебер ой­найды. 
– Балалар әр сенбі сайын Қа­зақ­стан­ға саяхаттап қай­тады екен ғой?
– Иә (күліп). Ата-ана­лар балалар сенбі күні «Қазақ мектебіне кет­тік» дегеннің ор­ны­на, «Қазақстанға кеттік» деп айтады екен (кү­ліп). Шы­ны­мен балалар бұл орталыққа ке­­луге асығады. Сабақтан қолы бо­с­а­ғанда ойнап, улап-шулап жүреді. Орталықта өте­тін түрлі іс-шараға қа­ты­сады. Бірге сурет са­лады. Одан қалды, мұғалімдермен бірге та­ғам әзірлейді. 
– Қазақстан мектептеріндегідей ор­­талықта ашық сабақ форматын да ен­­гізіпсіздер.
– Иә, Аналар, Республика күндерін, со­дан соң Жеңіс күнін орталықта ашық сабақ күйін­­де өткіземіз. Тәуелсіздік күнін кең ау­қымда тойлап, концерт ұйымдастырамыз. Одан бөлек, Наурыз мерекесі мен Абай кү­нін де дүркіретіп атап өтеміз. Балалар кү­нін саябақта тойлатамыз. Осында енді кел­гендері бар, Қазақстанға қайтатындары бар, бар­лық бала елі, жері, тілі мен дінін ұмыт­па­сын деген мақсатты бәрінен биік қойып, қо­лымыздан келгеннің бәрін жа­сай­мыз. Сырт­та жүрсек те, ұлттық бірегей­лігі­мізді сақ­тап, арадағы рухани байла­ныс­ты нықтай түсу үшін орталықта тегін жұмыс істейтін ерік­тінің әрбірі көмегін аянып қалмайды. «Жұ­мыла көтерген жүк жеңіл» деп қазақ бе­керге айтпаған ғой. Шынымен сұхбат ба­сында мені емес, өз тірлігін ысырып қойып, өзге мәде­ниетке жалтақтатпау үшін ал­тын­дай уақытын қиып жүрген мұғалімдерді ал­дымен ескерейік дегенім де сондықтан. Олар болмаса, орта­лықтың жұмысы қайдан жүрсін?! 
 

Ка­лифорния штатының сенаторы Энтони Портантиномен бірге

– Біз сұхбаттасқан бірнеше аме­ри­ка­лық Қа­­­зақстанды бұрын Димаш және Головкин­мен байланыстыратынын айт­қан еді. Алай­да сіздің әңгімеңізді ба­ғамдап, Калифорния жұртшылығы Қа­зақстанды сіз басқаратын орталық ар­қылы танып-біліп жатыр десем, қа­телеспейтін шығармын?
– Солай десе де болады. Бұрынғыдай емес, қазір көбі Қазақстан туралы біледі. Биыл Наурыз мерекесін бірге тойлауға жер­гілікті билік органдарын шақырған едік. Ка­лифорния штатының сенаторы Энтони Портантино арнайы келіп, бізге грамота ұсы­нып, құттықтап кетті. Ол өз сөзінде қа­зақтармен бірінші рет мерекені бірге атап өт­кенін айтып, ризашылығын білдірді. Сон­дай-ақ оған Наурыз көженің дәмі ерек­ше ұна­са керек. Одан бөлек, Лос-Анджелес окру­гі атқарушы билігінің өкілдерін де ша­қырған едік. Олар мерекеге келе алмай­ты­нын айтып, кешірім сұрап, арнайы құт­тық­тау хатын жіберді. Тағы бір айта кетер­лігі, Аме­рикада өз тілдерін сақтай алмай қал­ған ха­лық жетерлік. Мұнда тұратын­дар­дың көбі – Еуропадан келген иммиг­рант­тар. Олар осын­да көшіп келген соң, күй­бең тірлік қа­мымен жүгіріп жүріп, өз мә­дениеті мен тілін жетілдіруге мұршасы бол­май қалады. Сөйтіп, бірте-бірте ағыл­шын тілін кеңінен қол­данады. Дастархан ба­сын­да да сол тілде сөй­лейді. Өз тілі ұмыт қа­­лады. Балаларға жас кезінде ана ті­ліне де­ген сүйіспеншілікті дарытпасаң, кейін бә­рі кеш болады. Себебі ағылшынтілді ор­тада өз тіліңді ұмыту өте оңай. Сондықтан олар өз тілін, мәдениетін сақтап, тарихын беске білетін халықты қатты сыйлайды. Олар өз құндылықтарын сақтай алмаған­дықтан, өзгелерді өз мәдениетін, өз орта­сын көзінің қарашығындай қорғап қал­ға­ны үшін айрық­ша құрметтейді. Сондықтан олар бізге қы­зыға қарайды деп айтсам, артық айтпай­мын. Негізгі, басымдықты ба­лаларға беріп жат­қанымыз да сондықтан. Се­бебі бала біз көр­сеткен жолмен, біз сіл­те­ген бағытпен жүрсе, қазақ тілін, салт-дәс­түрін әсте ұмытпайды. Үнемі бірге жүрсін, бірге өссін, қазақ екенін ұмытпасын дейміз. Орталықты өз үйіндей көріп, мәдениетінен ажы­рап қалмасын дейміз. Осындай орта­лық­тар болмаса жастар бір-бірімен қалай та­нысады? Қазақ мәде­ниеті туралы басқа қай жерден біледі? Қазақ тілін басқа қай жер­ге барып үйренеді? Сон­дық­тан сыртта жү­рген бауырлас­тары­мыз­дың ұлттық бол­мысын сақтап қалуда мұн­дай орта­лықтар үлкен рөл ат­қарады. Тіпті, орталық ар­қылы танысып, көңіл жарас­тырып жатқан қа­зақтар да бар. 
– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт! 

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары