ҰБТ-2024: келесі жылдан бастап не өзгереді?

ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады.

ҰБТ-2024: келесі жылдан бастап не өзгереді?
2760

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2024 жылғы ҰБТ форматына енгізілетін өзгерістер туралы айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

Оның айтуынша, 2024 жылғы ҰБТ-да тест сұрақтарының саны өзгереді, сондай-ақ бейіндік пәндерге жаңаша тапсырмалар қосылып, тестілеу уақыты қысқарады.

«ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады. Атап өтейін, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Бұл өзгерістер – тест тапсырмаларының сапасын арттыру мен олардың функционалдық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын бағалаудың әлемдік стандарттарына сәйкестігі бағытындағы жұмыстардың қисынды жалғасы» деп жазды Ғылым және жоғары білім министрі.

Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы сұрақ саны – 120.

«Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды», - деді министр.

Саясат Нұрбектің айтуынша, жоғарыда аталған өзгерістерге байланысты тестілеу уақыты қысқарады.

«Енді ҰБТ тапсыруға оқушыларға 3 сағат 30 минут (210 минут) бөлінеді. Бұрын 4 сағат (240 минут) берілген. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек», - деді ол.

 

Серіктес жаңалықтары