Балаға зорлық қылғандар өмір бойына бас бостандығынан айрылуы керек – Елнұр Бейсенбаев

Елнұр Бейсенбаев Үкімет пен әкімдік тарапынан атқарылуы керек жұмыстарды нақтылап өтті

Балаға зорлық қылғандар өмір бойына бас бостандығынан айрылуы керек – Елнұр Бейсенбаев
ашық дереккөз

Мәжілістегі «АМАNАТ» Фракциясының төрағасы Елнұр Бейсембаев Премьер-министр мен Бас прокурорға депутаттық сауал жолдап, бала құқығын қорғау мәселесін көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Президент Жолдауында бұл мәселеге қайта тоқталғаны қоғам үшін үлкен дабыл екеніне тоқталған депутат бұл мәселені соңына дейін жеткізу үшін партия бар күш-жігерін салатынын айтты.

Мемлекет басшысы халқына Жолдауында: «...кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін» – деп нақты айтты. Президенттің бұл мәселеге қайта тоқталуы, қоғам үшін үлкен дабыл, – деді ол.

Балалар көрген зәбір мен жантүршігерлік қылмыс көбейгенін айтқан ол халықтың еті мұндай қылмыстарға үйренбеуі керек екенін баса айтты.

Мәселен, Жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2000-ға жуық қылмыс жасалады екен. Яғни, күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Бұл – өте қорқынышты статистика! Сонымен қатар, жыл сайын 4 мыңнан астам бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізіледі екен. Жыл сайын 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетеді. Мәселенің Президент деңгейіне дейін көтерілуі – жағдайдың расымен де ушығып кеткенін көрсетеді.

Осы депутаттық сауалымды жазып отырған сәтте Ақмола облысындағы мектептердің бірінде 5-сынып оқушысының зорланғаны туралы жаңалықты оқып, төбемнен жай түскендей болды. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар біздің қоғамда жиілеп барады. «Бала біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі» дейміз. Бейкүнә балаға қол көтерген азаматтар, арам ойдың алдында осыны ойланса екен! – деді депутат.

Елнұр Бейсенбаев мұндай қылмыс жасағандарға «бостандығын шектеу»деген жаза қолдану тиімсіз екенін алға тартты.

Қылмыскерді бостандыққа жіберіп, оның тағы басқа қылмыс жасауына өзіміз жағдай жасап береміз. Сарыағаштың Жібек Жолы ауылындағы кішкентай Еркежанның өлімі осы сөзіме дәлел бола алады.  Сондай-ақ, ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың көбірек зәбір көретіні де белгілі. Өгей әке-шешеден зорлық-зомбылықтың жиі болуы – әлеуметтік қорғауда жүйелі жұмыстың жоқтығын көрсетеді. Яғни, учаскелік инспекторлардың, кәмелетке толмаған балалармен айналысатын мамандардың жұмысына сын көп.

Депутаттың сөзінше, бұл мәселенің бір ұшы қоғамның салғырттығына да келіп тиеді.

Қоғам да бей-жай қарамауы керек. Мәселен, Алматыда өгей анасының қолынан қайтыс болған 7 жасар Каринаның жанұшыра айқайлаған дауысын көршілері естіген, бірақ ешбірі ара түспеген!Кеше ғана Алматы қаласында 44 жасар әкесі 2 жыл бойы өз қызына көрсеткен зорлығы үшін 20 жылға сотталды. 20 жылға ғана, бұл нонсенс. Мұндай қылмыскерлер өмір бойына бас бостандығынан айрылуы керек және оларға медициналық кастрация жасалуға тиіс. Бұл – аксиома. Мектептегі буллинг пен кибербуллинг мәселесі де толастар емес. Кеше ғана Алматы облысындағы 13 жастағы жеткіншек мектептегі әлімжеттіктің себебінен өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын естідік.

Заң бар, бірақ орындалуы әлсіз екенін айтқан Елнұр Бейсенбаев Үкімет пен әкімдік тарапынан атқарылуы керек жұмыстарды да нақтылап өтті.

Қоғамдағы бұл қылмыстың бәрі бөтеннің емес, біздің балаларға қарсы жасалып жатыр. AMANAT партиясының фракциясы бұл мәселені өз назарында жіті ұстайтын болады. Осы ретте, біздің Фракция Заң жобасына қажетті өзгерістерті енгізіп, тағы да қатаңдатанын жеткіземіз. Дегенмен, Үкімет пен әкімдік тарапынан алдын-ала жасалатын жұмыстар бар. Нақты айтқанда:Балалардың терезеден құлау фактілеріне байланысты, әкімдіктер, КСК тарапынан түсіндірме жұмыстары күшейтілуі тиіс. Отбасындағы ішімдікке немесе наркотикалық тәуелділікке салынған азаматтардың барлығы қатаң бақылауға алынуы тиіс. Олармен пробациялық жұмыстарды жүйелі деңгейде өткізу маңызды. Бала қауіпсіздігін сақтауда барлық мемлекеттік органдар бірлесіп, жүйелі әрі жылдам жұмыс жасауы қажет.