51057
Спартактың қауын-қарбызы Ойылдың брендіне айналды
Спартактың қауын-қарбызы Ойылдың брендіне айналды
Ақтөбеде ауылдық жерде көпшілік шаруа қожалықтары малмен байланысты құрылатыны белгілі. Қыр қазағы егін салуға бейімсіздеу. Әрине, астық егіп, мол табыс тауып отырған аудандар бар. Малға жем-шөп ретінде де егін егеді. Бірақ бау-бақша салуға құлықсыз. Оңтүстікке қарайлап отырады. Жазда Ақтөбенің базарларын Шымкент пен Қызылорданың қауын-қарбызы «жаулап алады». Солай болуға тиіс секілді.
Бірақ соңғы жылдары осы «дәстүр» бұзыла бастады. Базарда «Ойылдың қауын-қарбызы бар ма?» деп сұрайтындар көбейді. Бірінен бірі естіп, «Әлгі Спартактың қауын-қарбызы керек» деп нақтылап сұрайтын болды. Той-томалаққа жеңсік ас ретінде көтере сатып алатындар да бар. Расында да, Спартактың қауын-қарбызының дәмі бөлек.
Ал енді Спартак кім? Оның қауын-қарбыз егуіне не себеп? Енді соған келейік. Ойыл ауданының Саралжын ауылында 2012 жылы құрылған «Спарта» шаруа қожалығының негізгі бағыты – бау-бақша. Шаруа қожалығының басшысы – Спартак Төремұратов. Мамандығы – зоотехник. Мал маманы болғасын жерде сол бағытпен кетуі керек еді ғой. Қисын бойынша солай. Көзін ашқалы көргені – мал шаруашылығы. Айналасындағы шаруашылықтардың да бәрі атакәсіппен айналысып отыр. Спартактың олардан бөлек кетуінің бір себебі бар. Қызылорда облысы Шиелі ауданының қызына үйленді. Пойызбен әрлі-берлі өткенде «Қауын-қарбыз алыңдар!» деп айқайлап тұратын мекеннің топырағын күйеу болып басты. Шиелі – қауын-қарбыздың отаны екен. Дәмі тіл үйіреді. Бір ғана қауынның неше түрі бар. Басында шатастырып жүрді. Өз ауылынан жұмыс таппаған кешегі бір қиын кездерде, сол өңірде жаз бойы жұмыс істеп, азды-көпті тиын-тебен тауып келгені де бар. Қайын атасы жер сауған кәнігі диқан екен. Бұған қауын-қарбыз өсірудің қыр-сырын әбден үйретті. Бұл да өнер екен. Үстірт қарауға болмайды. Мықты бап керек. Уақытында суарып, арам шөбін тазалап отырмасаң, мол өнімнен күдеріңді үзе бер. Бір уақыт қолыңа кетпен алып, маңдайыңның терін сүртіп отырғанның рақаты бөлек екен. Ақтөбеде пәленбай теңге тұратын қауын-қарбызыңыз мұнда «пәшти» су тегін. Бірақ жергілікті жұрт аз ақшаны да қанағат тұтады. Өте еңбекқор.
Атызда кетпен шауып жүріп басына ой келетін. Өз ауылы есіне түседі. Топырағы өте құнарлы. Іргеде Ойыл мен Қиыл өзендері мөлдіреп ағып жатыр. Демек, су жағынан мүлде қиындық болмайды. Ендеше, неге егіп көрмеске? Неге бұның ауылдастары жазда оңтүстікке қарап елеңдеп отыруға тиіс? Әрі бағасы да удай ғой, удай. Дәмін алғаны болмаса тойып жемейтіні анық. Әсіресе, балаларға обал.
Ақыры тәуекелге бел буды. Әуелі жалға жер алды. Сапалы тұқым алып септі. Алғашқы жылдары қайын атасы көмекке келді. Әлі де білмейтіні көп екен. Үйренді. Бір жіберген қателігінен келесі жолы қорытынды шығарды. Бірте-бірте кәнігі маманға айналды. Бір ғажабы, жер тың, су мол болғасын ба екен, бұның қауын-қарбызы ерекше дәмді болып шықты. Әуелі күле қараған ауылдастарының пікірі мұның өнімдерінің дәмін алған соң мүлде өзгерді. Той-томалақта өзге дәммен бірге дастарқанға қауын-қарбыз қойылатын болды. Енді өнімдерін облыс орталығындағы «Алтай» базарына шығарды. Басында «Ойылдың қауын-қарбызы» деген де сенбегендер де, миығынан күлгендер де болды. Осындайда ел арасында анекдот болып тарап кеткен бір әңгіме еске түседі. Ойылдың ақ тарының отаны екені мәлім. Әйгілі Шығанақ Берсиев еккен ақ тарының даңқы кезінде берісі Кеңес одағына, арысы әлемге тараған болатын. Талай қасқабас ғалым Берсиевті іздеп келіп, танысқан. Ол заман өтіп кетті десек те, Ойылдың тарысының бәсі әлі де түскен жоқ. Өзге өңірдің тарысынан гөрі оған сұраныс әлі де жоғары. Сондықтан да базардағылар алдындағы өнімді «Ойылдың тарысы» деп өткізіп жіберуге тырысады. Әлгі әңгіме содан шыққан. «Ойылдың тарысы ма?» деп сұраған кісіге базардағы келіншек: «Иә, аға. Жаңа ғана пойыздан түстім» деген ғой. Сірә, оңтүстіктен барған келіншек ойдағы елге пойыз бармайтынын білмесе керек. Сол айтпақшы, «Ойылдың қауын-қарбызы» дегенде, сенбей, мысқылдағандар болды. «Жаңа ғана пойыздан түстің бе?» деп сатушыны келекелегендер де кездесті. Бірақ солардың көбі кейін мұның өнімін іздеп тұратын болды. Көп ұзамай оның өнімінің даңқы жан-жаққа кетті. Көрші жатқан Атыраудың Қызылқоға, Батыс Қазақстанның Қаратөбе аудандарының тұрғындары іздеп келетін болды. Соның арқасында бірер жылда тәп-тәуір қаржы тапты. Аяғына нық тұрды. Кәсібін кеңейте түсті. Бау-бақшамен қатар, мал шаруашылығын да қолға алды. Ірі қара өсіреді. Бірақ негізгі бағыты – егіншілік. Биылғы жылы бау-бақша алқабын 20 гектарға жеткізді. Оның басым бөлігі – қарбыз.
Қарбыз демекші, өзінің «брендін» қалыптастырған Спартактың атын шығарған да осы – қарбыз. Өйткені Ойылда қауынға қарағанда қарбыз жақсы өседі. Осы жерде бір мәселе бар. Қысы «ерте жатып кеш тұратын кесір қыздан аумай қалған» (Ертай Ашықбаев – С.Қ) Ақтөбенің қауын-қарбызы піскенше, оңтүстіктің өнімі жетіп үлгереді. Нарық заңы кешіккенді кешірмейді. Сондықтан саралжындық диқан ұзақ ізденіп, қарбыз бен қауын тұқымын ерте көктемде егіп, пленка астында өсіру әдісіне көшті. Ерте өнім алудың осы әдісін меңгерген Спартак өткен жылдары өңірде қарбыз-қауын өнімін базарларға алғашқылардың қатарында шығарып жүр. Бау-бақша өсірушілер үшін қолайсыз болған жылдың биылдың өзінде көп кешіккен жоқ. Өнімі тамыз айының ортасында-ақ өз ауылы мен ауданының, көрші өңірлердің базарларын айтпағанда, Ақтөбенің сауда орындарына да жетіп үлгерді.
– Биылғы көктем, одан кейінгі күндер қауын-қарбыз егу аса қолайсыз болды. Соның салдарынан өнім кешікті. Алғашқы егілген алқаптың өнімін жинап жатырмыз. Базарларға өнімдеріміз жетті. Алайда менің атымды шығаратын қарбыз бұл емес. Аса ірі әрі дәмді, ұзақ сақталатын қарбыздың тұқымы бар. Жылда егіп жүрмін. Ол сәл кештеу піседі, – дейді Спартак Төремұратов.
Спартак өнімнің ұсақ-түйегіне дейін жинап алады. Сатуға жарамайтынын малға береді. Зоотехник ретінде малды семірту үшін оның рационына қарбыздың қабығын, асқабақ, қызылша өнімдерін қосса, пайдалы екенін «беске» біледі. Әдетте, мал өсіретін ағайын бұны ескере бермейді. Арзанға ал десең, күле қарайды. Сондықтан бұл өзі жинап, малына береді. Оның малының жұнттай болып семіретінінің бір себебі – сол.
Спартак ақ-адал еңбегінің арқасында пайда тауып қана қоймай, жұртшылыққа жұмыс беріп отыр. Маусымдық жұмыстарда 20 адам дәл осы Спартактың атызынан нәпақасын айырады. Еңбек лагерінде 16 оқушы жұмыс істейді. Арам шөбін отайды, күтіп-баптайды, суарады. Күзде жинау да – кәдімгідей жұмыс. Ақысын қолма-қол төлейді. Сондықтан да оған балалар да дән риза. Өз маңдай теріңмен тапқан ақшаның жөні бөлек қой. Әке-шешенің разылығы – бөлек әңгіме. Айтпақшы, Спартак соңғы 10 жыл бойы жазда жақсы жұмыс істеген балаларды күзгі каникул кезінде Астана, Алматы қалаларына апарып жүр. Өз қаржысына. Балаларды ынталандырудың мұндай да жолы бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында ауыл шаруашылығына мән беру керегін баса айтты. Спартактың айтуынша, ауылда жұмыс жетіп-артылады. Жер-Ана сенен барын аямайды. Тек, еңбек ет те, несібеңді теріп же. Жастар селтеңбай жүрістен арылып, жұмыс істеуі керек. Маңдайы терлеген адамның несібесі де мол болады.
Жастар демекші, Спартак ауылдан сауда орнын ашып, жастардың бастамаларын дамытуға арналған орталықтың құрылысын бастап кетті.
...Ойылдың даңқын бір кезде Шығанақ Берсиев шығарып еді. Ақ тарының атасының жолы, өкінішке қарай, үзіліп қалды. Тары егетіндер бар, бірақ Шығанақ заманындағыдай мол өнім жоқ.
Енді Спартак тыңнан түрен салып отыр. Берекесін бергей. Елге де, өзіне де.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ, Ақтөбе облысы