Әзербайжан сапары: Қарабаққа өмір оралып жатыр

Әзербайжан сапары: Қарабаққа өмір оралып жатыр

Әзербайжан сапары: Қарабаққа өмір оралып жатыр
Лачин қаласы (фото: Ділда Уәлибек)

Қас қарайғанда Шушаға жеттік. Қарабақ тауының бөк­те­рін­де теңіз деңгейінен 1300 метр биіктікте орналасқан қа­ла­ның таза ауасы мен жайлы табиғаты бірден сезіліп тұрды. 13 сағаттық жол­дан соң тынығуға осында аялдадық.

Шежірелі Шуша

Таңға жақын жауын жауған екен. Жаңбырдың иісі жан сара­йың­ды ашады. Таза ауада таңғы ас іш­кен­нен кейін қаланы аралауға шық­тық. Шуша қаласының халық­аралық қатынастар және қоғаммен бай­ланыс бөлімін басқаратын Са­мая Мамедова бізді қаламен тан­ыс­тыру үшін жол бастады. Шуша расымен де ерекше қала екен. Жасыл желегі жайқалған ну­лы, 10-нан астам бұлағы бар сулы қа­­­ланы көгілдір мұнар басып тұ­рады. Ал ауасы дертке шипа бо­ла­тын қасиетке ие көрінеді. 

 width= Шуша қаласы (фото: Ділда Уәлибек)

– Кезінде бұл жерде төрт ши­па­жай жұмыс істеген. Өкпесі ауы­ра­тын науқастар келіп, дәрі-дәрмексіз, ауа­мен ғана емделіп қайтатын, – дей­ді Самая Мамедова.

Шуша қаласын Қарабақ хан­ды­ғы­ның негізін қалаушы Панахали хан құрған екен. 1748 және 1751 жыл­­­­дары салынған Баят пен Шах­б­ұ­лақ бекіністерінің берік емес­ті­гі­не көзі жеткен хан «биік таудағы мәң­гілік мызғымас бекініс» салуға ше­шім қабылдады. Сөйтіп жету қиын таулы үстіртте жаңа бекініс-қа­ланың құрылысы басталған. Қала бас­тапқыда Панахали ханның құр­метіне Панахабад деп аталған, ал ол қайтыс болғаннан кейін Шуша бо­лып өзгерген.

 width= Шуша қаласы халық­аралық қатынастар және қоғаммен бай­ланыс бөлімінің басшысы Са­мая Мамедова (фото: Ділда Уәлибек)
– Қаланың аты ауаның тазалығына байланысты «Шуша» аталған деген дерек бар. «Шуша» (шиша – авт.) – шыны дегенді білдіреді. Яғни, ауасы шы­ны­дай мөлдір, таза деген сөз. Одан бөлек, мынадай екін­ші бір нұсқа бар: қалада суағарлардың шебер жа­салғаны сондай – жауған жаңбыр бірден сіңіп кетіп, жердегі дымқыл тастар бұлт астынан енді ғана жарқырап шыққан күннің сәулесіне ша­ғы­лы­сып, шыныдай жалтырайды, – деп түсіндірді Самая Мамедова.

Бұл сөздің дәлелін өз көзімізбен көрдік. Қа­ла­­ның орталығына жеткенде, жаңбыр жауып кетті. Сол сәтті пайдаланып, қалалық әкім­дік­тің ғима­ра­тын аралап шықтық. Әп-сәтте үйі­ріл­ген қара бұлт қалай тез келсе, солай тез құйып өт­кен екен. Қайтадан далаға шығып, әрі қарай жо­лымызды жалғастырдық. Расымен де, жиылып қал­­ған жаңбыр суын көрмейсіз, тек дымқыл шөп пен тасты жол ғана жауып өткен жауыннан хабар береді. Ал негізі, қалада жерді жарты метр қазса, су шы­ғады екен.

 width= Шуша қаласы (фото: Ділда Уәлибек)

Табиғатынан бөлек, қала мәдени мұрасымен де ерекше. Кавказдың музыкалық орталығы бол­ған Шушаны «кішкентай Париж», «Кавказ өне­р­інің мекені», «Әзербайжан музыкасының бе­сі­гі» және «Кавказ консерваториясы» деп те атаған. Бір­қатар танымал әзербайжан зиялылары мен сурет­шілері осы қаладан шығыпты. 2020 жылғы 8 қа­ра­шада қайтарылғаннан кейін Шуша Әзербай­жанның мәдени астанасы деп жарияланған.

 width= Шуша қаласындағы көне ғимараттар (фото: Ділда Уәлибек)

Қаланы басып алғанға дейін ондаған мұра­жай­, бірнеше орта және жоғары оқу орны, мектеп пен кітапхана болған. Қаланың архитектурасы ерек­ше, тіпті, бір-біріне ұқсайтын үйлерді аз кез­дес­тіруге болады. Көне замандар мен орта ға­сыр­лардан бастап, Кеңес одағына дейінгі кезеңдердің «қол­таңбаларын» байқай аласыз.

 width=

Шуша қаласы  (фото: Ділда Уәлибек)

Тұмса таби­ғаты­мен ерекшеленетін қала, көне замандардан кө­пес­тер мен дәулетті адамдардың, зиялы қауымның ме­­­кені болған. Олар дүниенің түкпір-түкпірінен сәу­летшілерді шақыртып, ерекше үй салудан жа­рыс­қан деседі. Оккупациядан соң бірқатар мәдени ны­сан, үйлер қираған. 

 width= Шуша қаласындағы қалпына келтірілген көне мешіт (фото: Ділда Уәлибек)

Әкімдіктің алдындағы кей ес­керткіштер мен тарихи-мәдени кұндылығы жо­ғары ғимараттардың біразы бүлінгенін біз де бай­қа­дық. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жа­тыр. Жалпы оккупация кезінде 22 мыңға жуық адам үйін тастауға мәжбүр болған... 

 width= Әзербайжан ақыны Хуршидбану Натаванның бюсті. Оккупациядан соң зақымданған ескерткіш қайта қалпына келтірілген (фото: Ділда Уәлибек)

Көне тасты жолдарды бойлай жүріп, әуелде айтып өткен Панахали хан салдырған Шу­ша қаласының бекініс қақпасына жақындадық. Қа­ла үш жағынан тік жартаспен қоршалған, ал төр­тінші жағында – осы бекініс қабырғалары. 

 width= Шуша қаласындағы бекініс қабырғалары (фото: Ділда Уәлибек)

Қала сыртқы әлеммен бекіністің Ганджи, Агоглан және Ире­ван атты негізгі үш қақпасы арқылы байла­ныс­қан екен. ХІХ ғасырда қамалдың келбеті өзгертіліп, жаңа қорғаныс мұнаралары қосылыпты. 

 width= Шуша бекінісі (фото: Ділда Уәлибек)

 width= Шуша бекінісі (фото: Ділда Уәлибек)

Қақпадан өткеннен кейін ары қарай тау аң­ға­рын­да орналасқан өлкедегі жалғыз жазық жер – Жыдыр Дүзү алқабына бардық. Осы себепті ежелгі за­маннан бері мұнда ат жарысы, ойындар және бас­қа да мерекелер өткізіліп келген. 

 width= Алқап (фото: Ділда Уәлибек)

Алқапты қор­ш­аған қатпар-қатпар тауларда ағаш самсап тұр. Биік жардан төмен, қос тау өркешінің арасынан өзен ағып жатыр. Одан әрі қарай жол көрінеді.

– Бұл жол бұрын болмаған. 2020 жылы екінші Қара­бақ соғысынан кейін біздің сарбаздар жүрген, жеңіс­ке бастаған жерлерге жол салынсын деген пре­зиденттің жарлығынан кейін пайда болды, – деп түсіндірді ұйымдастырушылардың бірі.

 width= Екінші Қарабақ соғысында шешуші шайқас өткен тау аңғары (фото: Ділда Уәлибек)

Біз тұрған тау аңғарында екінші Қарабақ со­ғы­сының шешуші шайқасы өткен екен. Сол жер­де бізге түсіндіргендей, таулы тік жарды, он­да­ғы үңгірлерді стратегиялық мақсатқа шебер пай­да­ланған сарбаздар түркілердің ежелгі «құрсау» со­ғыс тактикасын қолданыпты. Жайқалған жасыл ну­ға, мамыражай маңғазданып жатқан тауға, сыл­дырап ағып жатқан өзенге, тұмса табиғатқа қарап тұ­рып бұл жерде соғыс өтті дегенге өзіңді сендіру қиын. Тек анықтап қарасаң ғана көзің шалатын атылған оқтар – сол оқиғалардың заттай дәлелі. Бір-екеуін біз де тауып алдық. Одан ары қарай қоршалған баққа кірдік. Бұл жер­де бір топ мұғалім ашық аспан астында дәріс өт­­­кізіп жатты...

Қоныс той

Шушаны артқа тастап, тағы жолға шықтық. Бағытымыз тау аңғарындағы тағы бір қала – Лачин. Тау ішімен, Әзербайжан – Армения ше­­­карасын бойлай жүріп, түс ауа қалаға жа­қын­дадық. Оккупациядан кейін толықтай елсіз қалған ме­кенге қайтадан ел қонып жатыр екен. Біз солар­дың алғашқы легінің қоныс тойына тап келіппіз. Көшіп келгендерге пәтер кілті табысталды. Тұр­ғын­дардың бірі өз қуанышын бөлісті.

– 1992 жылы бұл жерден кеткенде, ұлым 1 жас­та еді, енді міне, араға 30 жыл салып қайтып орал­дық. Жеріміз – көркем, бақтарымыз – әсем. Әр ел­­дің өзінің осындай көркем жері, әсем бақтары бар, өз жұрты, өз Отаны бар. Әркім өз елінде ты­ныш, бейбіт өмір сүрсе, бәрі жақсы болады, – дейді Бай­рам Кәрімов есімді тұрғын. Ол осы күнді асыға күт­кенін айтады.

 width= Көшіп келгендерге үй кілтін табыстау сәті (фото: Ділда Уәлибек)

Халқы көшіп, үйлері қирап, қирамағаны қа­рау­сыз қалғаннан тоз-тозы шыққан қалаға 3 жылдың іші­нде жаңа үйлер салынып, қалпына келтіріліп жа­тыр. Қаланы қалпына келтіру жұмыстарын бас­тамас бұрын ел үкіметі осы аймақтың бұрынғы тұр­ғындарына, олардың ұрпақтарына хабарласып, қа­ла қалпына келсе, қайтадан көшіп баруға ниеті бар-жоғын анықтау үшін арнайы сауалнама жүргізген екен. Халықтың 96 пайызы қайтадан ту­ған жеріне қайтуға дайын екені анықталған соң, жұ­мыс басталған, арнайы тетіктер әзірленген. Мә­селен, тұрғындарға үй толықтай тегін беріледі, 10 жыл­ға салықтан босатады. Сонымен қатар жұмыс­пен қамту жағы да жолға қойылыпты. Мектеп, ауру­хана сияқты әлеуметтік нысандар да жұмысын бастауға сақадай сай. 

 width= Лачин қаласы(фото: Ділда Уәлибек)

– Көшіп келем деушілер өте көп. Үй мәселесі ше­шілген. Жұмыспен қамту бойынша да қиындық жоқ. Не десек те, халық туған жеріне, атақонысына қай­та оралып жатқанына риза, – дейді лачиндық ар­хитектор Хикмед Мәммедов. Сонымен қатар ха­лық әбден орналасып, қалыпты өмірлерін бас­тағанша тегін тамақ беріледі екен.

 width= Лачин қаласы (фото: Ділда Уәлибек)

 width= Лачин қаласы заманауи демалыс орны (фото: Ділда Уәлибек)

Шуша секілді Лачин қаласының да таби­ға­ты, орналасқан жері керемет. Болашақта бұл да туристер ағылып келетін аймақ болады де­ген жоспар бар. Заманауи демалыс аймағын ұйым­­­дас­тыру жұмыстары басталып та кетіпті. Ағаштан са­лынған шағын үйшіктер қонақтарды қабылдауға дайын. 

 width= Лачин қаласы (фото: Ділда Уәлибек)

Мамыражай мекенге өмір оралып жатыр. Тір­ші­ліктің тамырына қайта қан жүгіргендей. Тек ан­да-санда сүттей ұйыған тыныштықты бұзып, тө­беңнен төңіректі барлаған тікұшақтар өтеді.

Шекарада

Таудың таңғы салқынымен кері қарай Бакуге бағыт алдық. Дегенмен келгендегі емес бас­қа жолмен қайтатын болдық. Жолда тоқтап, та­ны­сатын тағы біраз жерлер бар. Түске дейін солардың бәріне соғып, кешкі рейске үлгеруіміз керек. Уақыт тығыз. Алдымен, жолжазбаның бірінші бөлімінде тоқ­талып өткен, төңірегінде дау туындап отырған Әзербайжан мен Армения шекарасындағы Лачин дә­лізіне бардық. Әлемнің назарын аударып, ха­лық­аралық ұйымдарды алаңдатқан даудың қызып тұр­ған кезі. Әзербайжан әскерилері Ресей бітім­герлері бір топ бейбіт тұрғынды Армения аумағына өткізуге дайындалып жүр. Жергілікті БАҚ өкілдері де сол жерде екен. Армения тарапы гуманитарлық көмек деп ата­ған, өткізілмеді деп шағымданған жүк көліктері ше­карада тізіліп тұр. Біраз уақыттан соң бір топ ар­мян­дық шекарадан өтті. Арасында қарттар мен ба­лалар да бар. 

 width= Лачин дәлізі арқылы Армения аумағына өтіп бара жатқан бейбіт тұрғындар (фото: Ділда Уәлибек)

Осылайша, Әзербайжан тарапы бей­­біт тұрғындардың шекарадан өтуіне ешқандай ке­­дергі жоқ екеніне әлемнің көзін жеткізгісі келді. Бұған дейін Әзербайжан бұл айыптауды те­ріс­ке шығарып, Ереванды жағдайды ушық­­­тыруға тырысты деп айыптаған болатын.

– «Лачин» шекара өткізу пунктінің жұмысы, Ар­мения-Әзербайжан шекарасының аумақтық тұтастығы мен делимитациясы мәселелері бойын­ша халықаралық қауымдастықты тағы да адас­тыру­ға тырысуы армян тарапының жағдайды ушық­тыр­маққа ниетін байқатады, – деп ресми мәлімдеме де жасаған еді.

Әрі қарай жолға шықтық.

«Ақылды ауылдар»

Қазір «смарт қала» атты ұғым көпке таныс. «Ақыл­ды қалалар» деп те айтып жүрміз. Біздің елде де мұндай жобалар жүзеге асып жатыр. Әзербайжан үкі­меті де оккупацияда болған аумақтағы қалалар мен ауылдық жерлердің біразын «смарт ауыл» ре­тінде қайта қалпына келтіруді бастап кеткен екен. Осылайша, елде алғаш рет Зангилан ауданы Ағалы ауы­лы «ақылды ауыл» болып қайта бой көтеріп ке­леді. Жолда осы Ағалыға келіп тоқтадық. Жарқыра­ған ақшаңқан жаңа ғимараттар, расында әдемі екен. Сауда орталықтарын да көзіміз шалды. Субұр­қақ орталық алаңға ерекше сән беріп тұр. Сол жердің жергілікті әкімдігінде бізге қаланың бас жоспарын, 2020 жылы қаланың қандай болғанын, 3 жылдан кейін қалай өзгергенін көрсететін материалдарды таныстырды. Бұл жерде де жаңа үй­лер салынып, тұрғындар көшіп келіп жатыр екен. Аймақта күн батареяларымен және эко­логиялық жылыту жүйелерімен жабдықталған 200-ден астам жер үй салынған. 360 оқушыға ар­налған мектеп, 60 орындық балабақша, алғашқы медициналық көмек орталығы және базар алаңы сияқты инфрақұрылыммен де қамтылған. Көш басы бір жыл бұрын басталыпты, қазір мұнда 108 отбасы, 526 адам тұрып жатыр екен. Тұрғындарға оккупациядан босатылған ауылшаруашылық жер­лер бөліп берілген. Кейбір тұрғындар егіншілікпен ай­на­лысады, ал басқалары мемлекеттік мекемелер­де жұмыс істейді. 

 width= Ағалы ауылы (фото: Ділда Уәлибек)

Сонымен қатар «Бір белдеу – бір жол» жоба­сының бір тармағы осы елді мекен арқылы өтеді. Сондықтан елді мекеннің әлеуетін ел билігі жоғары бағалап отыр. 2023 жылдың соңына қарай Ағалы ауы­лының пилоттық жоба толығымен іске қосыл­ған­нан кейін тағы үш «смарт ауыл» салу жоспарда бар екен. Осылайша, елде азат етілген аудандарды қалпы­на келтіру бойынша қарқынды жұмыс атқарылып, отбасылар біртіндеп өз ауылдарына оралып жатыр. Жалпы, қайтарылған жерлерге халықты қайта қо­ныстандыру процесі былтырғы шілдеде басталған екен. Бұл көшке «Ұлы оралу» деген атау да беріліпті. Әлемнен ажырап, қаңырап, қирап қалған аймаққа ха­лықпен бірге өмір де қайта оралып жатыр.

Ағалыдан кейін ешқайда аялдамай, ақшамға таяу Бакуге де жеттік. Осылайша, төрт күнге жалғасқан Әзербайжан еліне сапарымыз аяқталды. Қонақжай, пейілі кең елдің мәдениеті, тарихынан тың дерек алып, өз көзімізбен көріп, әсерімізді осылайша түйіндеп отырмыз. «Мың рет естігенше, бір рет көр» деген сөз осындайда айтылса керек. Соғыстың жарасын жазып, сызын кетіруге барынша тырысып жатқан халық бейбіт күннің бағасы мен қадірін әлем білсе екен дейді. «Әркім өз жерінде бейбіт өмір сүрсе бәрі жақсы болады..»

 

Астана – Баку – Ағдам – Физули – Шуша – Лачин – Лачин дәлізі – Ағалы – Баку – Астана