Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң

Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң

Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң
ашық дереккөзі

Конституция – мемлекетіміздің ең жоғары күшке ие заңдар жинағы. Ата Заң мем­ле­кеттік те­тік, қоғамдық, саяси институт ретінде адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін бел­гіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Мемлекеттік құрылыстың құ­қықтық негізін қалыптастыратын тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Ал қолданыстағы Ата Заң 1995 жылы 30 тамыз күні жал­пыхалықтық референдум негізінде қабылданды. Сол кезде референдумға «Жобасы 1995 жылдың бірін­ші тамызында баспасөзде жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қа­былдайсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Жаңа Конституцияны сайлаушылардың 90 пайызы қол­дады. Содан бері 30 тамызда Қазақстанда мемлекеттік мереке – Конституция күні мерекеленеді. Содан бері Ата Заңымыз төрт рет өзгерсе де (1998, 2007, 2011, 2017 жылдары) консти­ту­ция­­лық түзетулерге қатысты жалпыұлттық ре­фе­рендум болған жоқ. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшін­ші референдум 2022 жылдың 5 маусымында өтті. Былтырғы референдум нәтижесінде Конс­ти­ту­циядағы 33 бапқа 56 түзету мен толықтыру ен­гі­зіл­ді. Ата Заңның үштен бір бөлігі өзгеріп, елдегі ең басты құжат жаңа сипатқа көшті. Осылайша, билік инс­титуттарының тепе-теңдігін күшейтуге арнал­ған Конституция саяси жүйені жаңғыртты. Еліміздің болашағын айқындауға бағытталған реформаның мақ­саты – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мем­лекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Ел болашағын айқындайтын, демократиялық қо­ғам­ның, кез келген құқықтық мемлекеттің ең маңыз­ды құралы саналатын Конституциямыз тура­лы сарапшылардың пікірін тыңдаған едік.  width=Үнзила ШАПАҚ, Мәжіліс депутаты:

Конституциялық реформа мемлекеттік жүйені жаңартты

– Қазақстан Республикасының 2022 жылғы конституциялық ре­фор­масы жаңа Қазақстанның, яғни қо­ғам мен мемлекетті одан ары жаң­ғыр­тудың құқықтық негіздерін қа­лып­­тастырып берді. Кез келген реформа қоғамның әлеу­меттік, экономикалық өміріне мәнді өзге­ріс­терді алып келеді. Ал конституциялық реформа ар­­­қ­ылы қоғам мен мемлекеттің барлық жүйесі жаңартылады және жаңғыртылады. Өйткені мем­лекет Конституцияда көзделген мақсат, мұраттарға толық­қанды қол жеткізбегенін мойындаған тұста осындай реформаларға барады. 2022 жылғы реформаның басты мақсаттарының бірі – еліміздің сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау про­цесін жаңғырту, партия жүйесін дамыту бола­тын. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Пре­зи­дент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және Мәслихат сай­лауы өтті. Қазір Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетек­ші­лік етпейді. Бұған Парламент Мәжілісінің VIII ша­қырылымы нақты мысалы бола алады. Қазір Пар­ламент Мәжілісінің құрамында 6 партия өкілі, 29 бірмандатты депутаттар отыр. Сондай-ақ әйелдер және ерекше қажеттілігі бар жандар жалпы депу­тат­тар санының 30 пайызын құрайды. Мұның нә­ти­жесінде сайлаушылармен, халықпен кері бай­ла­ныс едәуір күшейді. Президенттің алдымызға қойған міндет­тері­нің бірі – халық үніне құлақ асатын мемле­кет тұжырымдамасын іске асыру. Әр сәрсенбі сайын Мә­жілістің жалпы отырысында 25-тен астам де­пу­тат­тық сауал жолданады. Оның барлығы халықтың үні. Жалпы алғанда 3 айдың ішінде Үкіметке мем­лекеттік лауазымды тұлғалардың атына 355 де­пу­тат­тық сауал қойылды. Бұрынғыдай емес, жергілікті жер­ден сенім мандатымен келген депутаттар об­лы­сының деңгейінде мемлекетке жетпей жатқан мә­се­лені осы институт арқылы көтеріп отыр. Мәжілістің VIII шақырылымы конституциялық ре­форманың жүзеге асырудың бел ортасында. Де­путаттар қоғамның барлық жүйесінде болып жат­қан өзгерістерді заң арқылы бекітіп және сауалдар ар­қылы салалық проблемаларды Үкіметке жеткізіп отыр. Мемлекет басшысы VIII шақырылымның бірін­ші жалпы отырысында «AMANAT» партиясына үл­кен міндет жүктеді. Сондықтан конституциялық ре­форманың жүзеге асырылуының басы-қасында, бел ортасында «AMANAT» партиясы үлкен рөл ат­қа­рып отыр. Конституциялық өзгеріске сәйкес өт­кен сессия барысында алғаш рет жылумен қамта­ма­­­сыз ету саласындағы басқаруға қатысты жоғары ау­диторлық палатаның есебі тыңдалды және атал­ған салада кешенді проблемалардың бар екені анық­­­талды. Қазір осы бағытта Үкіметтің, басқа да мем­ле­кеттік басқару органдарының тарапынан жұ­мыс­тар жасалуда. Тек осы 3 айдың ішінде 82 заң жобасы қа­ралды. Соның 20-сы депутаттардың бастама­шы­лы­ғымен әзірленді. Өзім 3 айдың ішінде 1 заң жо­ба­сына бастамашылық еттім, 2 жеке депутаттық сауал жолдап, 18 депутаттық сауалды бірлесіп жа­сап­пын. Бұл жұмыстардың барлығы конституциялық ре­форманың нәтижесін көрсетеді. Конституцияның 6-бабына «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануар­лар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар халыққа тие­сілі» деген өзгеріс ензілген болатын. Соның бір нә­­­тижесі – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бас­та­ма­шылығымен табиғи ресурстардан түсіп жатқан пай­­даны жинақтап отырған Ұлттық қордың ин­вес­тициялық кірісінің 50 пайызын 2024 жылдан бастап балаларға төлеу шешімі. Бұл бала 18 жасқа толғанша жү­зеге асырылып отырады. Қазір елімізде кәме­лет­тік жасқа толмаған 6,5 млн бала бар. Жыл сайын ба­ла саны да артатыны анық. Сонымен бірге Үкімет жұ­мысын атқару барысында Ұлттық қордың да ин­вестициялық табысын ұлғайтады деп көздеп отыр­мыз. Табиғи ресурстардың халыққа тиесілігінің бір дәлелі осы болды. Осы мақсатты іске асыру үшін 5 депутат Қазақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне Ұлттық қордан балаларға тө­лемдер мәселесі бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы заң жобасын әзірледік. Бірінші оқылымнан өтіп, шілде айында президент ин­вестициялық кірістің 50 пайызын балалардың қо­рына аудару туралы Жарлыққа қол қойды. Табиғи ресурстардың халыққа тиесілі болуы мемлекеттен. Ең алдымен халықтың, қоғам­ның және болашақ ұрпақтың мүдделерін ескере отырып, олардың меншік құқығын жүзеге асыруды та­лап еттік. Меншік құқығын қорғау және заңсыз алын­ған табиғи ресурстар мен оларға байланысты ак­тив­терді тікелей халықтың мүддесіне пайдалану үшін оларды заңды иесіне қайтару жөнінде барлық қа­жетті шараларды қолдану керек. Осының бір нә­ти­­жесі – заңсыз иемденілген активтерді мем­ле­кет­ке қайтару туралы заңның осы VIII шақырылымда тал­қыланып, қабылданғаны болды. Конституциялық сот заңның Конституцияға сәйкестігін қарады, содан кейін президент қол қойып, заң іске асырыла бастады. Бұл заң ұрлыққа қатысы бар сыбайлас жемқорлар мен олигархтарға қарсы жасалған. Заң арқылы мемлекет елдің тұрақты экономикалық жә­не әлеуметтік дамуы үшін Қазақстан халқының бұзыл­ған құқықтарын қалпына келтіру жүйесін ай­қындап беріп отыр. Бұл да конституцияға енгі­зілген өзгерістің нәтижесі.
 width=Ерлан САИРОВ, Мәжіліс депутаты:

Жаңа Консти­туция – әділетті жүйенің іргетасы

– Конституцияға жасаған өзгерістер – елімізді демократияландырудың ең басты аспектісі. Атал­мыш өзгерістер мен толықтырулар еліміздің Конс­ти­туциясын халықаралық стандарттарға сәйкес жа­сап берді. Өйткені бізден басқа бірде-бір мем­ле­кеттің Конституциясында бір адамның жеке ба­сы­на табынушылық фактілері кездеспейді. Ал бізде 30 жыл­дың ішінде бір адамның, топтың мемлекеттің би­лігін жекешелендіріп алу фактісі болды. Осы фак­тілер Қазақстанның жаңа Конституциясынан алы­нып тасталды. Жаңа Конституция мәтінінде пре­зидент тек қана бір мерзімге, 7 жылға сайланады. Бұл билікке саяси монополия жасаудың алғы­шарт­тарын алып тастайды. Сонымен бірге Конституцияда Пар­ламентті, аймақтардағы мәслихаттарды сай­лау­да үлкен либерализация жасалды. Яғни, партиялық тізім­мен бірге халықтың өзі тікелей сайлайтын де­пу­таттар Мәжілісте де, мәслихаттарда да болады. Мұ­ның барлығы еліміздегі демократияның жүзеге асуы­ның нақты көріністері. Сонымен қатар Конс­ти­туциялық сот институты пайда болады. Бүгінде сот­тардың ісіне бірде-бір институт, мемлекеттік ор­ган араласуына құқы жоқ. Конституцияның 6-бабына «Жер және жер қойнауы, табиғат ресурстары халық меншігі» ұғы­мы енгізілді. Конституцияның жаңа постулаты жер ас­ты ресурстарынан халықтың пайда табуына, әлеу­меттік-тұрмыстық мәселесін шешуіне, жер қой­науы байлығын пайдалануда әлеуметтік әділет прин­ципінің жүзеге асуына кепілдік береді. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толық­тырулар «Жаңа Қазақстанды» құрудың нағыз кө­рі­нісі. Оған мысал ретінде ауыл әкімдерін сайлау, кей мә­селе бойынша Парламент Мәжілісінің құзыретін күшейту туралы өзгерістерді айтуға болады. Пре­зи­денттің құзыреті азайып, Парламент, оның ішінде, Мәжілістің құзыры артты. Конституция халық пен биліктің арасындағы бұрынғы ара қашықтықты жақындатып, би­лікке, Парламентке, мәслихаттарға халықтың нақ­ты өкілдерінің келуіне, сонымен бірге еліміздегі сая­си жүйенің әділетті экономикалық моделін жа­сауға алып келді деп айтуға барлық негіз бар. Конс­титу­ция­ға енгізілген өзгерістер халқымызға «өз би­лігін қай­тарды». Болашақта жаңа тұрпаттағы сая­си мәде­ниетті қалыптастыру, әрбір шешімнің ха­лықпен ақыл­даса отырып, азаматтардың мұң-мүд­десі тұр­ғысынан қабылдайтын жүйеге келеріміз анық. Жаңа Конституция – болашақтың, жаңа әділетті, саяси плюрализмге бағытталған жүйе­нің іргетасы. Толықтырылған Конституция саяси реформалардың эволюциялық нақты қадамы деуге толық негіз бар.

 width=Әкім ЫСҚАҚ,

бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері:

Конституция – мемлекеттің темірқазығы

– Ата Заңымыз – қазақ елі азаматтарының құ­қығын қорғауға толық мүмкіндік беретін басты құ­жат. Конституцияның әрбір адамның өмірінде алар орны ерекше. Менің өмірімде де ерекше. Мен де­путат болған тұста өзімнің конституциялық құ­қығымды пайдаланып, қазақ парламентаризмі тари­хында тұңғыш рет қазақша құжат дайындауға бас­тамашы болған адаммын. Бұл – 1997 жылғы 13 жел­тоқсанда қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы. 1997 жылы 23 қаңтарда Үкімет дайындаған «Кө­ші-қон туралы» заңның жобасы Парламентке ке­ліп түсті. Мен Мәжіліс депутаты ретінде заң жоба­сына жетекші болып тағайындалдым. Жобамен же­те танысқан соң көптеген кемшілік пен шикілік бай­қадым. Заң бойынша Үкімет әзірлеген заң жо­басының бір-екі бабын өзгертуге болады, бірақ тұ­тас­тай ауыстыру мүмкін емес. Мен ойлана келе жұ­­­мысшы тобының жетекшілігінен бас тартып, конс­титуция бойынша депутаттық өкілеттілігімді пай­даланып, қазақ тілінде балама заң жобасын ұсын­дым. Қазақ тіліндегі тұңғыш заң жобасында көші-қон мә­селесін құқықтық реттейтін, оның кері ықпалын шек­тейтін, адам құқығының жалпыға ортақ мүд­де­леріне кепілдік жасайтын баптар қарастырдық. Де­генмен бізге кедергі жасаушылар аз болмады. «Заң­ның орыс тіліндегі баламасы болмаса түсініксіз, қазақ тіліндегі жобаны талқылау мүмкін емес» деген пі­кірлер айтылды. Ол кезде қазақ тілінен орыс ті­ліне аударатын сапалы аудармашы табу май ішінен қыл іздегенмен тең болатын. Біз бұл мәселені де шеш­тік. Осылайша, тұңғыш қазақ тілінде дайын­дал­ған балама заң жобасы қабылданды. Парламент қабырғасында 11 ай қаралып, 42 оты­­­­рыста қайраткерлікпен қорғалған құ­жат­қа ел астанасы Ақмолаға көшкенде қол қойыл­ды. Бұл елорда төріндегі алғашқы қол қойылған заң бо­латын. Нәтижесінде, қандастарға құқықтық мәр­тебе беріліп, олардың атамекенге оралуы үшін рес­пуб­ликалық бюджеттен қаржылай қолдау жаса­ла­тын болды. Құжат негізінде елімізде арнайы Көші-қон және демография жайлы агенттік құрылды. Сол уа­­қыттан бері алыс және жақын шетелдерден елі­міз­ге 1 миллионнан аса қандасымыз оралды. Міне, өзімнің конституциялық құқығымды пай­далану арқылы қандастарымыздың тағ­дырына оң әсер еткеніме қуанамын. 30 тамыз Конс­титуция күніне орай отандастарымызды Конс­ти­туция бойынша өз құқығын дұрыс қолдануға жә­не өзгенің құқығына қол сұқпауға шақырамын. Ата Заңымыздың айбыны асқақтап, мәртебесі арта бер­сін!
 width=Асан ИМАШЕВ, Жетісу облысы Қаратал ауданы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі:

Конституция – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі

– Тарихта кез келген елдің, тайпалық одақтың мем­лекет болып қалыптасуының бірнеше ал­ғы­шарты болған. Ол шарттарға шекарасы белгіленген жері­нің, халқының, әлеуметтік топтардың, әскердің және заңының болуы жатады. Мемлекеттің қуатты болуы сол елдің басқару жүйесі негізделген заңда­ры­на байланысты. Еліміз тәуелсіз республика болып жария­лан­ғанға дейін кең-байтақ даламызда мемле­кет­тік құрылымдар мен мемлекеттер қалыптасып, өмір сүр­ді. Сол мемлекеттердің әрқайсысының өз ке­зеңі­не негізделген, далалық әдет-ғұрыптарға үйлес­тіріл­ген заңдары болған. Мысалы, Шыңғысханның «Жа­­­сағы» (Яса), Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім хан­ның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы». Бұл заңдар да бастауы, негізі бір болғанымен мем­ле­кеттердің өмір сүру кезеңіндегі тарихи, саяси жағ­дайларға байланысты өзгерістерге ұшырап отырған. Қазіргі құрылымдағы конституцияның қайнар көзі – XVIII ғасырдағы Еуропа (Адам және азамат құ­қық­­­тарының декларациясы) мен АҚШ (АҚШ Конституциясы) заңдары. Елімізде конституциялық заң шығару өткен ғасырдың басында басталды. Алаш қайраткерлері тәуелсіздіктің бастамасы ре­тін­де Алашорда үкіметін құрар кезде Алаш пар­тия­сының бағдарламасын конституциялық міндет­те­мелер негізінде жасаған. Одан кейін РСФСР құра­мын­да болған кезде ҚазАКСР Конституциясы (заң­дық күші болмаса да), КСРО-да одақтас рес­пуб­лика болған кезде 1937 жылы, 1978 жылы Қазақ КСР Конституциялары қабылданды. КСРО ыдыра­ған­нан кейінгі Конституциялық заңдарымыз 1990 жы­лы 25 қазандағы «Қазақ ССР мемлекеттік еге­мендігі туралы декларация», 1991 жылы 16 жел­тоқ­сандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуел­сіздігі туралы конституциялық заңы», 1993 жылы 28 қаңтардағы және 1995 жылғы 30 тамыз­дағы Қазақстан Республикасының Конституция­лары. Ата Заң – мемлекеттегі барлық заңдық, норма­тив­тік құжаттардың бастауы. Конституция – мем­лекеттің тұрақты дамуының, елдегі әр азаматтың то­лық­қанды өмір сүруінің кепілі. Сондықтан да Ата Заңы­мызда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бас­тауы – халық» деп жазылған. Конституцияның І бөлі­мінің 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін де­мократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­мет­тік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қым­бат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқық­тары мен бостандықтары», – деп атап көрсетілген. Біз бәсекеге қабілетті, мықты мемлекет боламыз де­сек, құқықтық және саяси сауаттылығымызды кө­теруіміз керек. Ол үшін барлық заңды жатқа білу міндетті емес, тек Конституциялық құқық­тары­мыз бен міндеттерімізді біліп, орындап жүрсек жет­­­кілікті. Кейбір жағдайларда осыларды білме­гендіктен, мәнін жете түсінбегендіктен де қоғамда кикілжіңдер орын алып жатады. Ата Заңымыздың бірінші бабында жазылған демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік деген ұстанымдарды кей­біреулеріміз дұрыс түсінбей немесе дұрыс қол­дан­байтын кездеріміз де бар. Әлі демократияның не екенін біле бермейтіндер де бар. Оны еліміздегі саяси науқандар кезінде жиі байқаймыз. Зайырлы мемлекетпіз деп алып, кейбір діни фанаттардың мектеп формасына қатысты ережелерге қарсылық көрсетіп, өз ұстанымдарын тықпалауына жол бере­міз. Унитарлы мемлекетпіз деп алып, көпұлтты ел­міз дейміз. Көпұлтты мемлекет дегеніміз унитар­лы емес, федеративті деп аталады. Сондықтан тәуел­сіздігіміздің баянды болуы үшін көпшілігіміз, әсіре­се халыққа қызмет етуі тиіс биліктегілер Консти­туция­лық заңдарды біліп қана қоймай, құрметтеп, олар­дың орындалуына ықпал жасауымыз керек. Сонымен алда келе жатқан Ата Заңымыз – Қа­зақстан Республикасы Конституциясы күні құтты болсын! Ата Заңымыз толыққанды тәуелсіздігіміздің кепілдігі болсын.