Медицина ұйымдарының кредиторлық берешегі 81 млрд теңгеден асады – «AMANAT»
Медицина ұйымдарының кредиторлық берешегі 81 млрд теңгеден асады – «AMANAT»
«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру және денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселелері талқыланды.
Сөз басында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 16 іс-шара орындалғанын атап өтті. Бүгінде 4 іс-шара жүзеге асырылып, тағы 12 іс-шара орындалып жатыр. Жалпы, бағдарламаны орындау көрсеткіші – 25%.
«Биыл министрлік 13 іс-шараны орындауда. Тіпті, оның үшеуі орындалып та қойды. Тағы 10 іс-шара әлі де орындалып жатыр. Жалпы жағдай бойынша, орындалу көрсеткіші 23%-ды құрайды. Жол картасының 6-тармағы ойдағыдай орындалып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында, 2020-2023 жылдар аралығында медицина қызметкерлерінің жалақысы жоғарылады. Яғни, дәрігерлердің айлығы – 30%-ға, мейірбикелердің еңбекақысы – 20%-ға артты. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, қосымша төлемдер мен үстемақыларды, ақылы қызметтерді ынталандыру компоненті бойынша төлемдерді есепке ала отырып, орташа жалақы жоғарылатылды. Бұл ретте, еңбекақыны өсіруге 2023 жылы тегін медициналық кепілдендірілген көмек қаражаты есебінен мемлекеттік бюджеттен 383 млрд теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен 225 млрд теңге бөлінді», – деді бірінші вице-министр.
Сондай-ақ, ол Жол картасының 8-тармағына тоқталып, фармацевтика саласына мемлекеттік қолдау көрсетудің жүйелі шараларын жүзеге асыру және нарықтағы отандық өндірушілердің үлесін ұлғайту шеңберінде ведомствоға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен медицина, фармацевтика өнеркәсібі саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру функциясы берілгенін айтты. Отандық өндірістің үлесін фармацевтика нарығында 50%-ға жеткізу мақсатында Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Келер жылы фармацевтика өнеркәсібін дамыту бойынша алдағы бес жылға арналған жаңа бағдарлама бекіту жоспарлануда.
Өз кезегінде, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының депутаты, Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен баяндамадағы оң өзгерістер өмір шындығымен сәйкеспейтінін алға тартты.
«Мұндай есепті күнде естіп жүрміз. Алайда өңір тұрғындарымен жүздескен кезде қарапайым азаматтардың, дәрігерлер қауымының тарапынан көп сын-пікір, талап-тілек айтылады. Яғни, баянды бастамаларды, мемлекеттік қолдауларды ақ халатты жандар анық сезініп жатыр деп айта алмаймыз. Мәселен, медицина қызметкерлерінің айлығы артқанымен, дәрігерлер қауымы оны тиісінше сезініп, әл-ауқаты жақсарып жатқан жоқ. Медициналық құрал-жабдықтарды тіркеу жұмысы да баяу жүріп жатыр. Сонымен қатар, инвесторлардың мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеуіне бөгет болатын бюрократиялық кедергілер де аз емес. Бұған қоса, жоғары оқу орындардың базасында клиникалар құру, перинаталдық орталықтар ашу, онкологиялық қызметті жетілдіру және медициналық мекемелердің берешегі мәселесін шешу жұмысын да назардан тыс қалдыруға болмайды», – деді Кеңес төрағасы.
Осы орайда, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚеАҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдар Нұралиев медицина ұйымдарының кредиторлық берешегіне және оны азайту бойынша нендей жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды.
«Өте өзекті мәселенің бірі – медицина ұйымдарының кредиторлық берешегін өтеу немесе азайту. Бүгінде мұндай қарыз көлемі 81 млрд теңдеген асып түседі. Бұл қарыздың 70,9 млрд теңгесі – мемлекеттік, 10,1 млрд теңгесі – жекеменшік ұйымдарға тиесілі. Оның ішінде, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша – 40 млрд 204 млн 943 теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша – 37 млрд 696 млн 810 теңге берешек бар. Сондай-ақ, мерзімі өткен берешек көлемі бүгінде 19 млрд 100 млн 309 теңгені құрап отыр. Оның 17,4 млрд теңгесі – мемлекеттік, 1,7 млрд теңгесі – жекеменшік ұйымдардың мойнындағы қарыз. Кредиторлық берешектің құрылымына келсек, қарыздың көп мөлшері дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға қатысты болып отыр», – деді Айдар Нұралиев.
Оның айтуынша, кредиторлық берешектің пайда болуына және артуына әсер ететін бірнеше себеп бар. Оның алғашқысы – еңбекақы төлеу қоры. Медицина қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20-30%-ға артып келеді. Оның өзі ұйымның қаржылық жағдайына әсер етеді.
«Екінші себеп – тарифтің төмендігі. Мәселен, жедел жәрдем, стационарлық көмек, инфекциялық аурулар шығыны бар. Сондай-ақ, аудандық ауруханалардағы және стационарлық қабылдау бөлімдеріндегі тариф те өте төмен. Үшіншісі – тұрғындар санының аздығы. Мәселен, солтүстік өңірлерде тұрғындар саны аз аудандар бар. Яғни, медицина ұйымында қаражат болғанымен, емделушілер аз болғандықтан оны игере алмайды. Төртіншісі – үлкен көлемдегі негізсіз шығындар. Осының бәрі, түптеп келгенде, кредиторлық берешектің пайда болуына әсер етеді», – деді Айдар Нұралиев.
Денсаулық сақтау министрлігінің Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Фархад Бекбулатов денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмысына тоқталды.
«Цифрлық трансформация және «Е-Денсаулық» жобасын жүзеге асыру шеңберінде екі кезеңде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Оның алғашқы кезеңін жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ол «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын» цифрландыруға қатысты болмақ. Қараша айының соңына дейін барлық интеграция жұмысын тәмамдап, қор қаражаты қозғалысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін жүйені трансформациялауды қолға аламыз. Бұл жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Әр қадамымыз Үкіметтің жіті бақылауында. Яғни, орындалған жұмыс бойынша апта сайын Премьер-министрдің орынбасарына есеп береміз. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» қажет модуль жазылуда. 2024 жылдың 1 қаңтарында жаңа модульдерді іске қосуды көздеп отырмыз», – деді департамент директоры.
Сондай-ақ, жиын барысында Кеңес жұмысына қатысушылар тарапынан жаңа медициналық нысандардың құрылысына, медицина қызметкерлерін лайықты жалақымен, баспанамен қамтамасыз етуге, қағазбастылықтан арылуға қатысты бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Әсіресе, партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған бастамаларды жүйелі жүзеге асыруға айрықша назар аударылды. Отырыс барысында қозғалған өзге де мәселелер алдағы уақытта да партия назарында болады.