Бүгін, 7 сәуірде Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық күні атап өтіледі. Бұл күн ерте жастан салауатты әдеттерді қалыптастырудың, аурулар профилактикасының және белсенді өмір салтының маңыздылығына арналған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, денсаулық мәдениеті дәл бала кезден қалыптасады — бұл біздің стратегиялық басымдығымыз. Сонымен қатар бүгін алғаш рет мыңдаған оқушыны қамтитын «Мен таңдаған жол» атты жалпы республикалық ашық сабақ өткізілмек.
«Денсаулық тек медициналық ұйымдарда ғана емес, ең алдымен әр адамның күнделікті әдеттерінде қалыптасатынын ескертеді.
Бүгін алғаш рет еліміз бойынша Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп , мыңдаған оқушыны қамтитын «Мен таңдаған жол» атты жалпы республикалық ашық сабақты өткіземіз.
Балалармен қарапайым, бірақ өте маңызды тақырыптарда әңгімелесеміз: дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, толыққанды ұйқы, гаджеттерді шектеу, энергетикалық сусындардың зияны.
Денсаулық мәдениеті дәл бала кезден қалыптасады — бұл біздің стратегиялық басымдығымыз.
Бүгінде мемлекет денсаулықты сақтау үшін кешенді шараларды іске асыруда:
— мектептегі тамақтанудың жаңа стандарттары енгізілді (қант 3,6 есе, тұз 5 есе азайтылды, трансмайлар шектелді)
— жыл сайын шамамен 3 млн адамды қамтитын ұлттық скрининг бағдарламасы жүзеге асырылуда
— онкологиялық аурулардың шамамен 80%-ы ерте кезеңде анықталуда
— кардиологиялық және онкологиялық көмек дамып, заманауи емдеу технологиялары енгізілуде.
Бұл жұмыстардың нәтижесі де айқын:
— күтілетін өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары деңгейге — 75,97 жасқа жетті,
— ана мен нәресте өлімі төмендеді», — деді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы Қазақстан өңірде күтілетін өмір сүру ұзақтығы бойынша бірінші орынға шыққаннын мәлім етті.
«Қазақстан денсаулық көрсеткіштері бойынша өңір көшбасшыларының бірі ретінде танылды.
Біз профилактикалық бағытты да күшейтіп келеміз:
— 21 жасқа дейінгі тұлғаларға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынды;
— тұтынуды азайту үшін акциздік саясат енгізілуде;
— Қазақстан ДДҰ-ның семіздікпен күрес жөніндегі жаһандық жоспарына қосылды.
Алайда ең маңыздысы — әр адамның жеке таңдауы.
Денсаулық — бұл күн сайын жасалатын таңдау.
Қозғалысты, дұрыс тамақтануды, демалысты және өзіңізге қамқор болуды таңдаңыз.
Еліміздің салауатты болашағын қалыптастыруға үлес қосып жүрген медицина қызметкерлеріне, педагогтарға, ата-аналарға және барша азаматтарға алғыс білдіремін», - деді А. Әлназарова.