1325
Отбасын сақтау – ерлікпен тең
Отбасын сақтау – ерлікпен тең
Отбасы – шағын мемлекет. Бірақ сол шағын мемлекеттің ішінде мәміле болмаса, оның кесірі ортақ Отанымызға тиеді. Статистика бойынша елімізде әрбір үшінші жұп ажырасады. Ал әрбір екінші жұп ажырасу туралы ойлайды екен. Ажырасу тек Қазақстан қоғамына тән дерт пе? Бұған қалыпты құбылыс деп қарау керек пе? Алдын алуға бола ма?
Статистика көңіл көншітпейді
Соңғы 20 жылда елімізде некеге тұрушылар саны азайып, керісінше ажырасу саны өскен. Қазақстандағы БҰҰ Тұрғын халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) мәліметтері бойынша 2013 жылдан бастап 2018 жылға дейін жалпы ел бойынша неке саны 18 пайызға қысқарған. 2000-2018 жылдары ажырасу саны орта есеппен екі есе өскен. Елімізде ажыра¬судың жалпы коэффициенті 2019 жылдың соңында 3,23-ті құрады. Ал былтыр 17,7 мың отбасы бұзылған. Статистикаға сәйкес 2020 жылы ұзақ уақыт ішінде алғаш рет Қазақстанда ажырасу саны күрт қысқарды. Олардың саны 48 002-ге төмендеп, 1 000 адамға шаққанда 2,54-ті құрады. Алайда ажырасу санының, жалпы коэффициентінің төмендеуіне қарамастан, Қазақстан ажырасу бойынша ең жоғары деңгейлі елдердің ондығында қалып отыр. Ажырасу тек ерлі-зайыптылардың жеке мәселесі емес. Оның әсері ортақ балалардың, қала берді қоғамның мәселесі. Ажырасудың салдары елімізде демографиялық жағдайдың нашарлауы, толық емес отбасылардың пайда болуы, жалғызбасты адамдар санының көбеюіне алып келеді. Ерлі-зайыптылардың екі жаққа кетуі балаларға моральдық тұрғыдан ауыр екені анық. Ал ажырасқандардың қайта қалыпты өмір салтына оралуына, апатия, депрессиядан шығуына, қаржылық жағдайының бір қалыпқа келуіне біраз уақыт кетеді. Сарапшылардың пікірінше, ажырасу – ауырлығы бойынша, жақын адам қайтыс болған секілді эмоциялық күйзеліске алып келеді. Біз ажырасудың ең негізгі 3 салдарын сараптадық, енді себебіне үңілсек. Өмір болған соң түрлі жағдайлар болады. Некеден кейін жұптардың сөзі, мінезі, әрекеті, тағдыры өзгеріп жатады. «Сүйдім-күйдім» деп қосылған жұптардың арада аз уақыт өтпей бірін-бірі көргісі келмей, ит пен мысықтай жауласуына қандай факторлар әсер ететінін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты зерттеген екен. Зерттеу мен сауалнама нәтижесінде ажырасудың кең тараған себептері анықталған. Респонденттер ажырасуға зиянды әдеттерді (маскүнемдік, нашақорлық, ойынқұмарлық), махаббат сезімінің жоғалуын, қызғаныш, отбасылық міндеттерге жауапсыздықты, қаржының жетіспеушілігін, жұмыссыздықты, ерлі-зайыптылардың опасыздығын, тұрмыстық зорлық-зомбылықты, мінез-құлықтың сәйкес келмеуін, өмірге деген әртүрлі көзқарастарды, ата-ананың және басқа туыстардың араласуын, балалардың болмауын, сезімдердің салқындауын атап өткен. Сауалнамаға қатысушылар ең көп таралған себеп ретінде ерлі-зайыптылардың опасыздық жасауын немесе басқа отбасының пайда болуын, екінші себеп ретінде туыстарының отбасылық өмірлеріне араласуын атап өткен.Әйелдердің қаржылай тәуелсіз болуы қауіпті ме?
Сауалнама нәтижесімен қаржылық коуч, бизнес-тренер, кәсіпкер және кәсіби ментор Роза Әшірбаева да келіседі. Спикердің Instagram әлеуметтік желідегі парақшасына күніне жасы, араласатын ортасы, жағдайы, білімі, сырт келбеті мен айтатын уәжі әртүрлі 200-ге жуық қыз-келіншек хат жазады. Елімізде тұрмыстағы келіншектерді күйеуімен, енесімен қарым-қатынас және қаржы мәселесі толғандыратын көрінеді. – Қазақстанда маскүнемдік, есірткіге тәуелділік, ойынқұмарлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ерлі-зайыптылардың бір-біріне опасыздығы және сексуалды ориентациясының сәйкес келмеуі – жұптардың ажырасуының жиі себебі. Жеке өзімнің ойым бойынша, ажырасуға бейресми себеп – қазіргі кезде әйелдердің эмансипациясы деп ойлаймын. Қазір әйелдер қаржылай тәуелсіздікке ұмтылуда. Үйде баламен отырса да, онлайн алаңдарда кәсіп жасап, табысын көбейтуде. Ер-азаматтардан әлдеқайда көп табатын қыз-келіншектер жетерлік. Ресми деректерде көрсетілген ажырасудың себептеріне әйелдер бұрын көнсе, қазір көнгісі келмейді. Одан бөлек, «Отбасындағы әйел адамның құқығы қандай?», «Мен отанасы, ана деген рөлмен ғана шектелуім керек пе?» деген сұрақтармен қыздар тұрмысқа шыққан соң ғана бас қатыра бастайды. Қыздар тұрмысқа шықпай тұрып сүйіктіммен бірге тату-тәтті өмір сүремін, отбасымызды, тұрмыс-тіршілігіміздегі мәселелерді ол екеуміз бірлесіп шешеміз деп ойлайды. Ал шындығына келгенде, екі жастың ортасына жігіттің бүкіл әулеті кіріседі, сонымен жаңа отбасы құрылмай жатып ажырасып кетеді, – дейді сарапшы. Ата-анасынан «кіндігі ажырамаған» ер де, әйел де отбасы болуға қанша күш салғанымен, түбі ажырасуға әкеледі дейді мамандар. Адамның өз жеке басына қатысты шешім қабылдай алмауы, үнемі үлкендердің кеңесіне мұқтаж болуы өз өміріне жауапкершілік алғысы келмегендіктен болады екен. Аналар көп жағдайда баласына жар емес, өзіне келін таңдап жатады. Өзіне жауапкершілік алмаған ер адам жар таңдауды үлкендердің еншісіне қалдырады немесе ата-анасына ұнайтын жар іздейді. Отбасын құрудағы негізгі қателіктердің бірі – осы. Бұрын қызды ата-анасы таңдаса да тату өмір сүрген деп дау айтуға болар. Иә, өткен ғасырларда бесік құда, бел құда болу қалыпты болатын, өйткені отбасы құндылығы жоғары бағаланатын. Бұрын жастар ақсақалдар мен үлкендердің сөзін екі етпейтін. Олардың кесіп айтқан шешімді талқыламайтын. Ауыл ақсақалдары тентегін түзеп, бұзығын тыйып, ұрыс-керісті ақылмен шешіп, реттеп отыратын. Сондықтан да ажырасу өте сирек болатын. Алайда қазір адамдардың отбасына, өмірге деген көзқарастары өзгерді, құндылықтар алмасты. Содан болар, отбасын сақтау мәселесіне келгенде жастар шыдамсыздық, эгоистік танытады.Отбасы құндылық болудан қалды
Елімізде «Отбасылық-демографиялық саясат» тақырыбында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша респонденттердің 45,1 пайызы ажырасуды құптамайтынын, бірақ ажырасу тұрақты жанжалдан гөрі жақсы екенін жеткізген. Қазақстандықтардың 43,2 пайыз ажырасуға үзілді-кесілді қарсы болса, құптайтындардың үлесі 8 пайыз екен. Бұл топтағылар ажырасқан дұрыс, ол жаңа отбасын құруға мүмкіндік береді деп санайды. Отбасын құрар алдында некенің қадір-қасиеті түсіндіріліп, ерлі-зайыптылардың міндеттері анықталып, екі жас бірауыздан келісіп, үлкен өмірге қадам басқанымен уақыт өте келе бұл ұмытылып кететін сияқты. Ұрыс-керіс кезінде олар отбасы алдындағы борышын, міндетін емес, құқығын пайдаланады. Екі жақ та жауапкершілікті сезінбегеннен кейін мәмілеге келе алмайды. Елімізде отбасының іргесі сетіней бастаған тұста маман кеңесіне жүгінетіндер өте аз. Психолог кеңесіне жүгініп, ашық сөйлесудің орнына бір-бірін жерден алып жерге салып қаралайтындар көп. Оған себеп – біздегі қалыптасқан таптаурын көзқарас болса керек. Әдетте, отбасылық кеңеске әйелдердің жиі жүгінетінін байқаймыз. Ерлер тарапы мұндай шешімге түбегейлі қарсы болып жататыны жасырын емес. Мүмкін эгоцентристік көзқарастан арылып, бір уақыт психолог көмегіне жүгінген де дұрыс болар. Өйткені ашық сөйлесе алмаған жұптар сырттан тон пішіп, бір-бірін менсінбей, жауласып өмір сүреді. Алайда шыдам шегіне жеткенде, екі жұп бірін-бірі тыңдаудан, естуден қалады да ажырасып кетеді. «Адам баласы фәни дүниеге жалғыз келіп, жалғыз кетсе де өмірін жұп құрып, бала тәрбиелеуге арнайды, сондықтан отбасы мәселесіне күйеу де, әйел де теңдей жауапты» дейді Қазақ-Орыс Халықаралық университеті «Құқық» кафедрасының меңгерушісі, PhD Венера Балмағамбетова. – Ажырасудың басты себебі – жұптардың өз міндетін дұрыс атқармауы, жауапкершіліктің болмауы. Одан кейінгі себеп – жұптардың бірінің ішімдікке, есірткіге, ойынға тәуелділігі. Жұбайының бір нәрсеге тәуелділігі толық отбасылық өмірге мүмкіндік бермейді. Тәуелді адамның отбасылық мәселелерді шешуге құлқы болмайды, бала тәрбиесіне атсалыспайды және отбасылық бюджетті өз қажетіне жұмсайды. Осыдан келіп ажырасудың тағы бір себебі, қаржылық қиындық пайда болады. Қаржылық қиындықты еңсере алмай екіге кеткен жұптарды жиі кездестіреміз. Қуанышта да, қайғыда да біргеміз деп ант-су ішіп, адалдыққа серттескендер өмірдің уақытша қиындығына келгенде күресе алмай, бірін-бірі қолдаудың орнына кінәлайтыны өкінішті-ақ, – дейді сарапшы. Заңгердің айтуынша, құндылықтар ауысқан қазіргі заманда отбасын сақтап қалу ерлікпен тең. Қарапайым сөзбен айтсақ, шаңырақты шайқалтпау жыртық шалбарды тігу секілді. Шалбардың жыртығын білдірмей тігіп, ары қарай кие беруге болады. Алайда жұптар шалбарды тіккеннен гөрі жаңасын сатып алғанды жөн көреді. Отбасын сақтау үшін еңбектеніп, ізденгісі келмейді. Олар уақытын жеке тұлғалық дамуына, көбірек ақша табуға жұмсағысы келеді.Келісіп ажырасушылар азая ма?
Ажырасуға әсер етіп отырған тағы бір елеулі фактор бар. Ол – мемлекеттен тегін баспана, әлеуметтік көмек алу мақсатында ерлі-зайыптылардың өтірік ажырасуы. Статистиканың қанша пайызын осындай өтірік ажырасушылар құрайтынын ешбір орган нақты есептеп айта алмайды. Баспана үшін келісіп ажырасқандардың қанша пайызы кейін қайта заңды түрде қосылатыны да белгісіз. Жылдар бойы баспана тауқыметін тартқан отбасылардың мұндай қадамға баруын шарасыздық деп ақтап алуға да болатын шығар. Алайда тұрмысы жақсы отбасыларды, тіпті шенеуніктердің баспаналы болу үшін осындай қадамға баратынын естігенде таңғалғанымыз рас. Бұл тағдырдың жазуымен ерінен айырылған немесе ажырасқан аналардың мемлекеттен алатын жәрдеміне ортақтасу емей, немене?! Әлеуметтік қажеттіліктен туындаған өтірік ажырасушылар елімізде 2019 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы қосылғаннан кейін күрт өскен. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мәліметінше, бағдарлама іске қосылған сәттен бастап әкімдіктерде толық емес отбасы санаты бойынша кезекте тұрғандар саны 72 пайызға артқан. Бұл басқа кезекте тұрған санаттардан әлдеқайда көп. Мәселен, өтініштердің 50 пайыздан астамы аталған санат бойынша келіп түскен. Сондай-ақ статистика бойынша 2019 жылы ажырасулардың ең көп саны тіркелген. Сол жылы 59 796 жұп ажырасқан. Былтыр «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарттары өзгерді. Оған себеп – кейінгі төрт жылда «Толық емес отбасы» санатының аса жоғары қарқынмен өсуі. Бағдарламаға бұған дейін көпбалалы, мүгедек баласы бар және толық емес отбасылар қатысып, төмен пайызбен баспана алатын. Ажырасу көбейгендіктен, Үкімет бұл тізімнен толық емес отбасы санатын алып тастады. Дегенмен олар басқа бағдарламаларға қатыса алады. Яғни, әлеуметтік қажеттілік себебінен келісіп ажырасатындар саны азаймайды деген сөз. Өйткені жас отбасылардың баспаналы болуына арналған мемлекеттік бағдарламалар аз, ондағы орын саны да шектеулі. Түймедей нәрсені түйедей мәселе қылатын, ажырасуға асығатын ерлі-зайыптылар қатары көп екенін статистика көрсетті. Ажырасамын деген адамға сылтау да, себеп те жетерлік. Екінің бірі ажырасуды ойлаған қоғамда өмір сүрудің өзі қорқынышты. Ал отбасын сақтап қалуға тұтас отбасы және медиация институты керек. Мамандар ажырасудың алдын алуға тәжірибелі психологтар көмектесе алады дейді. Қалай десек те, отбасы мәселесін оны құрған ер мен әйел шешуі тиіс. Өйткені ашық әңгімеге келген жұптардың ажырасуы сирек.