50354
Қаңтар оқиғасына қатысты деген азамат ақталып, мемлекеттен 6 млн өндіріп алды
Қаңтар оқиғасына қатысты деген азамат ақталып, мемлекеттен 6 млн өндіріп алды
Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айыппен тергеу изоляторында 1 жылдан астам уақыт отырған ақтөбелік азаматтарды сот ақтап шығарды, деп хабарлады turkystan.kz.
2022 жылдың қаңтарында Ақтөбеде болған тәртіпсіздікке қатысты 18 адам сотталған болатын. 1 ақпанда мамандандырылған сотта атышулы іс бойынша үкім шықты. «Диапазон» басылымының жазуынша, ең ұзақ мерзімге, яғни 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы Нұрсұлтан Исаевқа облыс әкімшілігі алдындағы алаңда көлікте екі адамды қағып кеткені үшін берілген.
Сегіз адам шартты түрде сотталды, тағы бірнеше айыпталушы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бірақ олардың үкім шыққанға дейін ұзақ уақыт қамауда болғанын ескере отырып, сот жазаны толық өтеген деп санады.
Қылмыстық іс бойынша екі айыпталушы Ернұр Әжниязов пен Асланбек Омаровты сот толық ақтады. Бір қызығы, Әжниязовқа алғашында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айып тағылып, сот барысында айып тағы тәртіпсіздікке қатысты деп өзгертілген.
Ақтау үкімінен кейін Ернұр Әжниязов мемлекетке қарсы шағым түсіріп, заңсыз қылмыстық қудалаудан алған моральдық шығын үшін 30 миллион теңге өндіруді талап етті. Іс Ақтөбе қалалық сотында қаралды. Судья талап қоюшы қамауға алынғанға дейін жоғары білімі бар, көлік жөндеумен айналысқан, төрт бала тәрбиелеп өсірген адам ретінде беделге ие болған деп қорытындылады. Ал қамауға алынғаннан кейін оның қарт ата-анасы отбасын зейнетақымен асырауға мәжбүр болған. Сонымен қатар тергеу изоляторында Әжниязовтың денсаулығы нашарлаған. Сот Әжниязовтың 1 жыл 24 тәулікке заңсыз қамауға алынғанын есептеді.
Нәтижесінде судья оның талаптарын ішінара қанағаттандырды. Ол Қаржы министрлігіне Ернұр Әжниязовқа мемлекеттік бюджеттен 5 миллион теңге моральдық шығын мен тағы бір миллион теңгені өтеп беруге міндеттеді.
Бұл алты миллион салық төлеушілердің ақшасынан төленеді.