50374
36 млн желге ұшты: Атырауда кәріз үстіне спорт алаңы салынған
36 млн желге ұшты: Атырауда кәріз үстіне спорт алаңы салынған
Индер ауданы Индербор кентіндегі Тайсойған және Д.Қонаев көшелері қиылысындағы спорт және балалар ойын алаңшасының астындағы кәріз құбырында апат болып, ол маңның астаң-кестеңі шығып жатыр, деп хабарлады turkystan.kz AtyrauPress-ке сілтеме жасап.
2020 жылы құрылысы басталған ойын алаңшасы екі жыл бұрын күзде пайдалануға берілген. Оны салуға 36 млн теңге жұмсалыпты. Аумағы 1600 шаршы метрден асады. Ойын алаңшасы пайдалануға берілген кезде «балалардың асыр салып ойнайтын орны пайда болды» деп, аудан халқының қуанышы қойнына сыймаған еді. Алайда жуырда олардың бұл көңілі су сепкендей басылды. Өйткені ойын және спорт алаңшалары кәріз құбырлары өтетін аумаққа салыныпты. Неге екені белгісіз, әу баста ойын және спорт алаңын жоспарлаған кезде ол тұстан кәріз құбырларының өтетінін әкімдіктегілер білмей қалды ма екен?
Аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінен осы жайлы сұраған сауалымыз жауапсыз қалды. Жергілікті халық «бюджеттің қыруар ақшасын желге ұшырды» деп ашынып отыр. Қазір онда ойдым-ойдым шұңқырлар пайда болған. Апат болған соң ақауды түзеу үшін осылай қазып тастаған. Индер ауданы әкімдігінің берген ақпараты бойынша, спорт алаңының астымен 7 метр тереңдікте Индербор кентінің орталық көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлерден ағып келетін орталық кәріз желісі өтуде.
«Кәріз желісінің наурыз айында жүрмей тұрғаны анықталды және футбол алаңының ортасы түсіп, балалардың қауіпсіздігіне қатер туғызды. «ИндерСу» мекемесінің мамандары арнайы кәріз желісін тексеруге арналған диагностикалық бейнебақылау құрылғысымен тексергенде алаңның астындағы диаметрі 200 мм полиэтилен құбыр бір-бірінен ажырап кеткені анықталды. Апатты қалыпқа келтіру тек жер қазу жұмыстары арқылы жүзеге асатыны жөнінде шешім қабылданып, жер қазу жұмыстары 30 маусым күні басталды. Қазір ақау қалпына келтірілді. Қазылған орынның жанындағы балалар ойын алаңы пайдалануда қалады. Ал спорт алаңын қайта қалпына келтірудің мүмкіндігі жоқ», - деп жауап берді аудандық әкімдіктегілер.Енді ойын алаңшасы жөнделгенімен, спорт алаңы қайта қалпына келтірілмейді. Бұл нысанды салуға кім және қалай рұқсат берді және оған кімдер жауапты? Әзірге бәрі белгісіз.