Сұлтан ЗАУРБЕК: Жылдың соңына дейін титул үшін жекпе-жек өткіземін
Сұлтан ЗАУРБЕК: Жылдың соңына дейін титул үшін жекпе-жек өткіземін

– Сұлтан, сізді Эдинбургтегі айтулы жеңісіңізбен құттықтаймыз. «Әр жекпе-жек – маңызды емтихан» деген сөзіңізді мысалға келтіре отырып, бұл емтиханды қандай бағамен аяқтағаныңызды сұрайын. Айқасыңыз көңіліңізден шықты ма?
– Рахмет. Шотландиядағы кездесуім ойдағыдай өтті. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бастысы жаттығу залында төккен тер текке кетпеді. Қарсыласымды тыңғылықты зерттедім. Алдымен командаммен Картердің мықты, осал тұстарын іздедік. Оның көп соққы жасайтын, бірінші нөмірмен жұдырықтасатын боксшы екеніне баса назар аударып, соған қарсы тактика ойластырдық. Джеб соққылармен көп жұмыс істедім. Жаттығу лагерінде үш ай бойы шыңдалдым. Нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер. Нокаутқа түсірдім.
– Жекпе-жек алдында әйгілі боксшы Тайсон Фьюри жаттығу бөлмесіне келіп, сізге сәттілік тіледі. Сол туралы әңгімелеп беріңізші. Кездесуден соң Данияр Елеусіновтен бөлек тағы қандай боксшылар құттықтады? Кубалық жаттықтырушы Хорхе Рубио мен Дэвид Колдуэллдың да ақжарма тілегін көрдік.
– Тайсон Фьюримен бұрыннан таныспын. Өте тәжірибелі боксшы. Шаршы алаңға шығар кезде қолдау көрсеткеніне ризамын. Маған «Қарсыласыңмен жұдырықтасқанда ақылмен жұмыс істе. Ашуға берілме. Салмақты, сабырлы болып, оны рингте толық бақылауға алсаң, қажет жерінде айла-тәсіліңді жүзеге асырсаң, қиындықсыз жеңіске жетесің», – деді. Оның сол сөзі мені жігерлендірді.
Құттықтап жатқандардың қарасы көп. Сәкен Бибосынов, Жаңқош Тұраров, інілерім Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырхан да жылы лебіздерін білдірді.
Кубалық Хорхе Рубиоға келер болсам, ол – менің кәсіпқой бокстағы алғашқы бапкерім. Қазір Америкада біршама боксшыны жаттықтырып жүр. Осындай тілеулес жандардың барына қуанамын. Дэвид Колдуэлл де әлеуметтік желі арқылы құттықтады. Қуанышыма ортақтасып жатқан адамдарға мың алғыс. Бұл тек менің емес, жанкүйерлерімнің де жеңісі. Олардың қолдауы маған үлкен күш береді. Сонымен қатар мені жаттықтырып, күні-түні аянбай еңбек етіп жүрген бапкерлерімнің де қосқан үлесі зор. Жанымда маған сенетін жандардың болғаны да мен үшін жетістік. Солардың арқасында арман-мақсаттарыма ақырын адымдап келемін.
– Айтпақшы, рингке көтерілер алдында керемет киім үлгісімен шыққаныңызды көрдік. Алаш қайраткері, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың суреті бейнеленген жейдемен ерекше көзге түстіңіз. Бұл сәт кейін желідегі парақшаларда жарияланып, көп талқыланды. Алдағы жекпе-жекте өзіңізді тағы қандай жейдемен көруіміз мүмкін?
– Қателеспесем, мен ол жейдені үш жекпе-жекке арнайы алып бардым. Лондондағы YorkHall аренасында бірінші рет кидім. Болтонда өткен айқаста залда отырған досымның сөмкесінде қалып кеткенін білдім. Бірақ кездесу аяқталған бойда алдырттым. Шотландиядағы бокс кешін отандық Qazsport телеарнасының тікелей эфирінен осы жейдемді көпшілік көрді деп ойлаймын. Негізі мен мұны арнайы тапсырыспен жасатқанмын. Фотосын да өзім таңдадым. Сол кезде «жейденің артына Әлихан Бөкейхановтың туған жылын жазыңыз, қайтқан жылының орнына шексіздік белгісін қойыңыз» деп айтқанмын. Алаш қайраткері халықпен бірге мәңгі жасайды дегенді сол жазу арқылы көрсеткім келген. Бірақ тапсырыс алған адам сөзімді дұрыс түсінбеді ме, жоқ есінен шығып кетті ме, қайтқан жылын жанына қоса жазыпты. Ендігі жолы рингке қандай жейдемен шығатынымды уақыты келгенде көре жатарсыздар. Бір нәрсе анық, алдағы кездесулерімде де ел үшін аянбай еңбек еткен ұлт мақтаныштарын дәріптеуді жалғастыра беремін.
– Тегіңізді журналистер әр жерде әртүрлі жазып жүр. Заурбек пе, Зәуірбек пе?
– Менің тегім – Заурбек. Кейбір қазақ порталдары Зәуірбек деп жазып жүргенін өзім де байқадым. Заурбек дегенді орысша деп түсініп, өздерінше қазақшалаған түрлері ғой.
– Сізді бокс жанкүйерлері енді-енді танып келе жатыр. Спорттық мансабыңды бокстан бастадыңыз ба? Киіну стиліңізге қарасам, муай-тай, кикбоксингпен айналысқан секілдісіз. Өзіңіз туралы айтып беріңізші.
– 10 жасымнан бастап кикбокспен айналыстым. Осы спорт түрінен спорт шебері болдым. 4 жылдай муай-тай және кикбоксингтен еңбегі сіңген жаттықтырушы Қуаныш Сұлтанғалидың қол астында жаттықтым. 3 рет Қазақстан және спартакиада чемпионы болдым. Кейін боксқа келдім. Баймахамбет Жақыпбек атты бапкердің тәлімін көрдім. Содан соң Мырзағали Айтжанов ағамыздың қарамағында шеберлігімді шыңдадым. Әуесқойда жастар арасында Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алдым. Сонымен қатар Президент кубогін иелендім. Ислам ойындарының қола жүлдесін еншіледім. Әуесқой бокста көп жүрмедім. Ұсыныс түскеннен кейін кәсіпқойға ауысып кеттім. WBC тұжырымы бойынша жастар арасында әлем чемпионы, WBO тұжырымы бойынша Еуропа чемпионымын.
– Елге ораларда Головкинмен кездескен екенсіз. GGG-мен сөйлесе алдыңыз ба?
– Геннадий Головкинмен Германияның әуежайында кездейсоқ кездесіп қалдық. Эдинбургте жұдырықтасқанымды, жеңіске жеткенімді білетінін айтты. Жекпе-жегімді көріпті. Он бесінші жеңісіммен құттықтады. Үздік боксшыдан мақтау естимін деп ойлаған жоқпын. Оған да алдағы айқастарында жеңіс тілеймін.
– Англияда қашаннан бері жаттығып жүрсіз? Ол жақтың Қазақстаннан артықшылығы неде? АҚШ-қа барғыңыз келе ме? Сізді жекпе-жекке дайындайтын қазіргі бапкерлік құрам мен командаңыз туралы білгіміз келеді.
— Лондонда жүргеніме 5 жылға жуықтады. Бұл елге келгенде, мен жаңа командамен, жаңа достармен таныстым. Олар маған көп көмектесті. Мені қолдап, демеу болғандары үшін алғысым шексіз. Біз тек дос қана емеспіз, үлкен отбасыға айналдық.
Англияда бокс жақсы жолға қойылған. Жаттығу әдісі де біздің елдегіден өзгеше. Спаррингке шығатын қарсылас іздеп қиналмайсың. Бір күннің өзінде 4-5 боксшымен жұдырықтасамын. Әртүрлі стильде өнер көрсететін спортшылар жеткілікті. Бапкерім әлем чемпионын шығарған тәжірибелі маман. Ауыр салмақта бағын сынап жүрген Мартин Маколе атты шәкірті бар. Келесі жылы Усик немесе Тайсон Фьюримен жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр. Жалпы, командада боксшы көп. Менің салмағымда 2-3-еуі бар.
АҚШ-қа баруды келешектің еншісіне қалдырайын. Америкалық бокстың қыр-сырын үйрену үшін сол елдегі мексикалық боксшылармен спарринг өткізетін шығармын. Уақыты келгенде көрерміз. Жаңа жоспар, жаңа дайындық жүйесі чемпиондық шыңға ұмтылыс жасаған боксшының бойына сенім мен жігер сыйлайды.
– Сізді кей жанкүйерлеріңіз Мэнни Пакьяоға ұқсатады. Өзіңіз кішкентайыңыздан Майк Тайсонға еліктеп өсіпсіз. Тағы қандай боксшылардың бокстасу стилі ұнайды?
– Пакьяоға ұқсасам жаман боксшы болмағаным ғой (күлді). Тайсонға келер болсақ, Майк – бала кезімнен теледидардан көріп өскен боксшым. Шаршы алаңға шығар сәтін асыға күтетінмін. Еліктедік, сол спортшы сияқты танымал болғым келді. Келекшекте аңыз боксшымен жолыққым келеді. Сәтін салғай дейміз. Маған тағы бір боксшының бокстасу стилі ұнайды. Ол – әйгілі Флойд Мейвезер. Жақында абсолютті чемпион болған Теренс Кроуфордтың да жанкүйерімін. Ақылды боксшылардың жұдырықтасу мәнеріне көп назар аударамын. Солардан өзіме керегін аламын.
– Boxrec.com сайтындағы көрсеткіш бойынша Қазақстанның үздік 10 боксшысының тізіміне ендіңіз. Евгений Павлов пен Батыр Жүкембаевты артқа тастап, тоғызыншы орынға көтеріліпсіз. Ендігі мақсат қандай?
– Boxrec.com сайтынан әлі өзімді іздеп көрген жоқпын. Қазақстандағы он үздік боксшыға кірсем бұл да еңбектің өтелгені шығар. Негізі мен отандастарымызбен жарысқан емеспін. Басты мақсат – өз дивизионымда әлем чемпионы болу. Қазір мен WBI рейтингі бойынша ТОР-7-де тұрмын. Әрі қарай өз дивизионымдағы мықтылардың ізіне түсемін. Осы салмақтың чемпионымен шығуға бар күшімді саламын.
– Кәсіпқой боксқа ауысқаныңызға 5 жылға жуықтапты. Әр кездесуіңізді әр елде өткізіп жүрсіз. Біреуі Англияның Болтон қаласында болды. Жуырдағысы Шотландияның Эдинбургінде өтті. Айқасыңызды Қазақстанда ұйымдастыру ойда бар ма? Жылдың соңына дейін Заурбекті шаршы алаңнан көре аламыз ба?
– Алға жүруден тоқтаған емеспін. Мақсатыма жету үшін аянбай тер төгуім керек. Промоутерім Англияда болғаннан кейін үнемі сол жақта жүремін. Осы елде танымал болуды көздеп отырмын. Қазір бұл мемлекетте де бокстың беделі жоғары. Джошуа, Фьюри секілді мықты боксшылар көп. Қазақстанда жекпе-жек өткізу әзірге жоспарда жоқ. Бұған дейін кезінде елімізде кездесу ұйымдастырдық. Әлем чемпионы болсам, мүмкін, Шымкент қаласында айқас өткізермін. Промоутерлерімнің «өзіңнің қалаңда бір кездесу өткізейік» деген ұсынысын да естіп жүрмін. Бірақ ол әзірге жақын уақытта емес.
Жылдың соңына дейін екі айқасқа шығуым керек. Қазан айының басында, желтоқсан айының аяғына таман деп топшылап отырмыз. Жақында командаммен сөйлестім. Мен дайын екенімді айттым. Екі кездесудің бірі титул үшін болады.
Маған «Қазақтың Сұлтаны» деп айдар таққан жанкүйерімнің ықыласына шексіз разымын. Менің жетістігім – елімнің абыройы. Баршаңызға мың алғыс. Жеңісті күндеріміз көп болсын!
– Әңгімеңізге рахмет. Кәсіпқой бокста мерейіңіз асқақтай берсін!
Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ