Аутистер саны қанша?
Әлем бойынша аутизмге ұшыраған балалар саны күн санап көбейіп барады. АҚШ-тағы Орегон мемлекеттік университеті жүргізген зерттеу нәтижесі де осыны көрсетіп отыр. Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметі бойынша, 2000 жылы аутизм диагнозы 150 баланың біреуінде кездессе, қазір 44 баланың бірі аутизм спектрінің бұзылуына ұшыраған. Қазір әлемде 69 миллион адам аутизм дертіне шалдыққан деген дерек бар. Бір қызығы, бұл диагноз қыздарға қарағанда ұлдарда 6 есе жиі кездеседі екен. Қазақстанда соңғы бес жылда аутист балалардың саны екі есеге артқан. Олардың нақты саны туралы жақында Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Оңалту және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты педагог-психолог Зәуре Жангелдинова мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, елімізде ерте жастағы аутизммен – 1 052, мектеп жасына дейінгі (3 жастан 5 жасқа дейін) – 4 331 бала, 6 жастан 18 жасқа дейінгі 6 704 бала ауырады. Сонда, Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалар саны 12 мыңнан асады екен. Алайда олардың нақты саны бұдан бірнеше есе көп деген дерек те кездеседі. Сондықтан кей мамандар аутизммен ауыратын балалар туралы ресми мәліметке күмәнмен қарайды. Өйткені елімізде аутизмге шалдыққан балаларды анықтаудың ұйымдасқан жүйесі қалыптаспаған. Бұл сөзімізге жоғарыда атап өткен АҚШ-тағы Орегон мемлекеттік университеті Аутизм институтының ғалымы Эрик Фон Бонның Қазақстанда 59 мың бала аутизмге шалдыққан деген мәлімдемесі тұздық бола түседі. Мамандар елімізде аутизммен ауыратын балалардың көбеюіне ата-аналардың баланың дамуына ерте араласпауы және оларға психологиялық-педагогикалық көмектің жеткіліксіз болуы себеп болып отыр дейді. Ғалымдар аутизмге ми дамуының бұзылуынан туындайтын және әлеуметтік өзара әрекеттесу мен қарым-қатынастың айқын және жан-жақты жетіспеушілігімен, сондай-ақ шектеулі мүдделермен және қайталанатын әрекеттермен сипатталатын ауытқу деп сипаттама береді. Аутист балаларды өзін-өзі ұстауы мен мінез-құлқына қарап аңғаруға болады. Олар көзге тіке қарамайды, «көтер» деп қолға сұранбайды, қарны ашса да тамақ сұрамайды, бір жері ауырса оны сезбейді. Аутист баланың назарын бір жерге аудару өте қиын. Олар айтқан сөзге мән бермейді, сұраққа жауап бермейді, есімін атап шақырсаң қарамайды. Мұндай жағдайда ата-аналар баласын керең деп ойлайды.Ауру қайдан пайда болады?
Алғаш аутизм терминін ғылымға 1912 жылы швейцар психиатры Э.Блейлер енгізген. Ол адамның сыртқы дүниеден оқшауланып, өзімен-өзі болып, іштей сары уайымға салынған кездегі көңіл күйін аутизм деп атаған. Ал бірінші ашып зерттеген америкалық психиатр – Лео Каннер. Ми қызметінің бұзылуы салдарынан әлеуметтік қарым-қатынасқа түсе алмайтын мұндай балаларға арнайы көмек көрсету жүйесі алғаш рет АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде 1960 жылдары басталған. Аутист балаларға арналған Еуропадағы ең алғашқы мектеп 1920 жылы Данияда ашылған. Кейін жекеменшік мекемелерде аутист балаларға көмек көрсете бастаған, алайда ол кезде нақты оқыту мен түзетудің әдіснамалық, ғылыми негіздемесі болмаған. Ресей ғалымдары уақытында көрсетілген арнайы көмектің арқасында аутист балалардың 60 пайызы жалпы білім беру бағдарламалары бойынша, 30 пайызы арнайы білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабілетті, ал 10 пайызының отбасында бейімделуге мүмкіндіктері бар деп тұжырым жасайды. Тиісінше, түзету жұмыстары жасалмаса, балалардың 75 пайызы әлеуметтік ортаға бейімделе алмайды, 22-23 пайызы аздап бейімделеді, тек 2-3 пайызы ғана қоғамға бейімделеді екен. Аутизм белгісі бар адамдар саны 1980 жылдардан бастап күрт өскен. Зерттеушілер аутизмнің пайда болуына нақты қандай фактор әсер ететінін дөп басып айта алмайды. Ғалымдардың бір тобы аутизмнің себептері мидағы синаптикалық байланыстардың жетілуіне әсер ететін гендермен тығыз байланысты дейді. Сондықтан генетикалық факторлардың маңызы зор. Биолог ғалымдар аутизмнің тұқым қуалау арқылы тарайтынын алға тартады. Алайда тұқым қуалау арқылы тарау механизмі толық белгісіз, өйткені аутизм белгілерінің дамуы гендік топқа байланысты. Әйел жүкті кезде күйзеліске жиі ұшыраса, аутист бала өмірге келуі мүмкін екенін дәрігерлер де жоққа шығармайды. Ал психоаналитиктер баланың алғашқы даму кезеңіндегі ата-ананың эмоциялық салқындығы баланың аутизмге ұшырауына себеп болады дейді. Соңғы жылдардағы зерттеу нәтижелері аутизмге ұшыраған балалардың тумысынан миының дамуында кінәрат (мидың бір бөлігі өте жақсы, екінші бөлігі нашар дамиды) бар екенін көрсетіп отыр. Мамандар аутизмге шалдыққан балаларды екі категорияға бөледі. Біріншісі, ақыл-есінің дамуы қалыпты, бірақ адамдармен қарым-қатынасқа түсе алмайды. Ал екіншісі – ақыл-есінің дамуы артта қалған балалар. Елімізде, өкінішке қарай, осы категорияға жататындар саны басымырақ.Емдеудің жолы қайсы?
Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Оңалту және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің педагог-психологы Әсел Бақтығалидың айтуынша, аутизммен ауыратын балалардың 90 пайызында сенсорлық интеграциясы бұзылған. Баланың миы келіп түскен ақпараттарды қабылдамайды, себебі, миының сенсорлы жүйелері дұрыс істемейді. Көбінесе мұндай балалардың миы қауіпті сезбейді және бала одан тәжірибе алмайды. Бала сырттан келген ақпараттардан қорғана бастайды. Мәселен, дені сау бала дамуға жұмсайтын күшті аутист қорғануға жұмсайды. Сондықтан олар өзімен-өзі отырғанды жақсы көреді, ешкіммен қарым-қатынас құра алмайды. Әлемде аутист балаларға арнайы кешенді көмек көрсету жүйесі қалыптаспаған. Аутизмді әр ел өзінше емдейді, соған қарай әдістемелік негіздері де әртүрлі. Жиі кездесетіні – мінез-құлықтық емдеу. Бұл әдіс АҚШ-та кең таралған. Оның негізінде қажетті қылықты, әрекетті қалыптастыру үшін сыртқы жағдайларды арнайы қамтамасыз ету, әлеуметтік-тұрмыстық бейімделу, сөйлеу тілін дамыту, оқу немесе еңбек ету дағдыларына үйретуге болады. Аталған әдіс бойынша оқытылған балалардың 50-60 пайызы жалпы мектеп бағдарламасын меңгеріп, кейін орта, жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырады.
Аутизм емделеді
Аутизмнің жоғары деңгейіне шалдыққан балалардың есте сақтау қабілеті мықты болады. Бұл өте сирек кездеседі. Тарихта аты қалған Леонарда до Винчи, Исаак Ньютон, Альберт Эйнштейн секілді таланттар – аутизмнің осы жоғары деңгейіне шалдыққандар. Жалпы, аутизм ешқайда жоғалып кетпейді, оны ешқандай дәрі емдей алмайды. Оның бір ғана жолы бар. Ол – тұрақты ем алу. Сондай-ақ қоғам тарапынан жылы көзқарас пен түсінушілік болса, олардың ата-аналарына да жеңіл болмақ. Өйткені психологтар депрессиядағы ата-ананың өзіне психологиялық көмек керек екенін айтады. Ерекше баланың ата-анасы болу да оңай емес.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ