ЖАЗУ ҮСТЕЛІ БОС ТҰРМАУЫ ТИІС

ЖАЗУ ҮСТЕЛІ БОС ТҰРМАУЫ ТИІС

ЖАЗУ ҮСТЕЛІ БОС ТҰРМАУЫ ТИІС
ашық дереккөзі
682
Таяуда Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архивінде ұлт руханиятына еңбек сіңірген тұлға – Әшірбек Төребайұлы Сығайға арналған «Сұңқардай саңқылдаған Сығай!» атты еске алу кеші мен «Сені іздейміз біз енді мінберлерден» тақырыптық жеке қордан алынған фото және құжаттар көрмесі өтті. Зиялы қауым өкілдері, театр сыншысының көзін көріп, қоян-қолтық араласқан дос-жарандары қатысқан бұл басқосуда сағынышқа толы әңгімелер айтылды. Біз де өзімізге рухани әке тұтқан, ыстық ықыласын көрген, өзіміз қадір тұтатын сол бір мейірімді, қарапайым жанды жиі есімізге аламыз. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, жалпы қазақ руханиятына бар күш-жігерін, болмысын арнаған Әшағаңды – Әшірбек Сығайды көзі тірісінде төрімізге отырғызып, балаларымыздың қуаныш-жақсылықтарында адал ақ батасын алған, кешегі күндер бүгінде жүрек сыздатқан сағынышқа айналып бара жатыр. Сондықтан да, сол ұлы сағыныш санасын санға бөліп жүрген жары Күләш Сығаевамен сұхбаттасуды Аға алдындағы парыз-борышымыздай сезіндік.   – Күләш Дулатбекқызы, қалалық Орталық мемлекеттік архивтегі кездесуде, жазушы Дулат Исабековтің: «... менің өзімде мыңға жуық афиша бар еді, қазір соның көп болса қолымда 5-6-уы ғана бар, көбіне ұқыптылық жетіспей жатады...» дегені құлағымызда қалып қойды. Әшірбек Төребайұлы 2007 жылдың өзінде көптеген афиша, аудармалары, талай жазбаларын өз қолымен тапсырыпты. Оған не себеп болды екен? – Әшірбек өте ұқыпты, жинақылықты жаны сүйген, талғампаз жан еді. Өмірбақи жанымда жүретіндей қабылдаған қимасым жайлы өткен шақпен сөйлеу өте ауыр екенін енді-енді ғана сезініп жүрмін. Әлгі басқосуда телеарналарға бірауыз естелік сөз де айта алмадым. Жан-дүнием Әшекеңнің мәңгілікке кеткенін сезінсе де, жүрегім бой берер емес, – деп бір күрсініп алған Күләш ханым сәл үнсіздіктен кейін әңгімесін қайта жалғады. – Бойына біткен ұқыптылық болар, жазған-сызғандарына да шаң жуытпайтын-ды. Үйде жұмыс кабинетіндегі сөре-сөре кітаптарын күніне бірнеше рет сылап-сипап жүретін. Бірде қалың қағаз – құжаттардың арасында басы шарадай болып отыр екен. Не істейтінін сұрайын деп аузымды ашқанша: «Күләтай, осы дүниелердің біразын архивке өткізсем бе деп отырмын, сыймай барады. Барып көрдім, өте таза, әрі ұзақ сақтауға арналған құжаттар болғандықтан бөлмелері де соған лайықталып жасалған екен»,– деді. Әрине, «өзің білесің ғой» деп келістім. Одан кейін Райымбек, Баққожа, Асанәліні де үгіттеп жүріп, олардың да біраз құнды дүниелерін тапсыртқаны бар. Архив қызметкерлері де дән риза . Осылай үйде сақтау мүмкін болмай қалды да, ұқыптылығына көзі жеткен соң архивке өткізді біраз дүниелерін. Оның үстіне әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін ғой, бәлкім келешек ұрпаққа таза, бүтін жетсін деген де ойы болған шығар. Үйдегі температура бірқалыпты болмайды ғой, бірде жылы, бірде салқындау болуы мүмкін, арасына ауа кірмеген соң жазулар өшіп қалуы да ықтимал, ал онда бірқалыпты ұсталады екен. Кейін өзім де талай рет бірге барып жүріп көріп, қуанып қалғаным бар. Қайтыс болған күні-ақ архив қызметкерлері үйге келіп, Әшекеңнің сақтаулы құжаттарының тізімі деп таныстырып, тағы да құжаттарын тапсыруыңызға болады деп кетті. Екі жылға дейін жүрек дауаламай, жазғандарына көз тоқтата алмай жүрдім де, кейін кабинетіне кіріп, жазу үстеліндегі қағаздарын қарап, реттеп, тағы да біраз құжаттарын өткіздім. Жазылып бітпеген, орта жолдан үзілген дүниелері бірталай екен. Өткізбегенде не істеймін, оны ешкім де дәл өзіндей аяқтай алмайды, жаза алмайды. Сөренің екі қабаты толған құжаттары қаз-қалпында тұр. Көріп, ішім жылап тұрса да, архив қызметкерлеріне риза болдым. Кез келген уақытта барып көріп тұруға болады. Талай талантты жастар өсіп келе жатыр, өзінің де шәкірттері баршылық, егер Әшекеңнің шығармаларынан ғылыми атақ қорғаймыз деп жатса, біздің рұқсатымызбен ғана босатылады екен. Ал бәрін дерлік өткізіп тастауға болмайды, үйдегі жазу үстелі бос тұрмауы керек. Жұмыс кабинеті бос болмауы керек. Артында өсіп-өніп келе атқан ұрпағы – балалары мен немерелері иісін сезініп, қабылдап өсуі керек. Онсыз да қатты толқып отырған Күләш ханымның ойын сонау жастық шаққа, алғашқы кездесулерге бұрғымыз келіп, Әшірбек ағамен қалай танысқандары жайлы сұрадық. – Талдықорған облысынан Алматыға оқу іздеп келдік. Студент атандық. Еліміздің әр өңірінен келген жастардың көбі, тіпті көбі емес, барлығы дерлік өмірлік қосақтарын осы қаладан тауып жатады. Ол бұрыннан келе жатқан әдет, үрдіс тәрізді. Сол көп жастар сияқты мен де Алматы педагогика институтына келіп түстім. Жатақханаға орналастым. Бәріміз бір үйдің балаларындай болып шыға келдік. Тез тіл табысып, бауыр басып қаласың ғой. Ол кезде ру-ру, ата-ата болып емес, облыс болып, жерлестер деп іздеп, ортамыз толып жататын-ды. Қалтамыз жұқарып, азық-түлігіміз ортая бастаған кезде бөлме-бөлме болып «қарын тойдыру» шәйін ұйымдастырамыз. Курстас жігіттің бөлмесіндегі сондай шәй үстіне Әшекең бастап жерлес жігіттері кіріп келді. Кіріп келді де арқа-жарқа болып отырған бізге, әсіресе, Әшекең маған қадала қарап тұрып қалды. Кісінің бетіне, оның ішінде ер-азаматқа тіктеліп қарау қазақи тәлім-тәрбие көрген қазақ қыздары үшін ұят, әдепсіздік екенін білеміз ғой. Біраз уақыт көз алмай тұрған оның бұл қылығын студенттер де байқап қойды. Қарадай қысылып, қызарып кеткен болуым керек, қасымдағы қыздың тасасына қарай тығылып, жүзімді жасырдым. Осылай басталған таныстық сыйластыққа, достыққа, одан сүйіспеншілікке ұласты. Әкеміз ерте қайтыс болып кетті де, ағамыз екеуміз анамыздың тәрбиесінде өстік. Күн демей, түн демей жұмыс істеп, оқу оқысын, қатарынан қалмасын, жоғары білім алсын деген анамның ақ ниетін ақтауым керек деген мақсатпен өстім. Жігіт деген, жігітпен достасу, қыдыру деген басыма кіріп-шықпайды. Есіл-дертім институт бітіріп, екі-үш жыл жұмыс істеп, анама қолғабысымды тигізу. Басқа ой жоқ. Сондықтан да Әшекең қанша қиылып шақырса да, қыдыруға шықпаймын. Сабақ, тек қана сабақ! Жатақхана – кітапхана – оқу залы, осы бағытпен ғана жүремін. Сөйтіп жүргенде Әшекең оқуын бітіріп, консерваторияда қалды. Жиі келіп тұрады. Бөлмедегі қыздар да асыға күтетін. Әшекең әңгімешіл ғой, әдемі сөйлейді, орнықты сөйлейді. Сол мінезіне қызыққан бөлмелестерім: «Бұдан артық саған қандай жігіт керек»,– деп ұрысатын болды. Театрға билет алып келеді, кейде әдейі алатын болуы керек, екеуміз бөлек отырамыз да, қыздарға басқа қатардан тиіп жатады. Бір күні ауылдан жеңгем келді. Анам төре тұқымынан еді, «біреуі бар ма, болмаса немере інімнің баласы бар, сүйек жаңғыртамыз» дегенді айтып жіберіпті. Ойланып қалдым. Әшекеңді қимайтын сияқтымын, жақсы жігіт, адал азамат екенін бір кісідей біліп жүрмін. Өте мәдениетті. Тәрбиесі, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнерінен тектілігі сезіліп тұрады. Құрбыларыма да ұнайды. Жеңгеме де ұнады. Сонымен, 1970 жылы қосылдық. Той ауылда да, осында да болды. Сосын Кентаудан ата-енемді көшіріп алдық. 45 жыл бірге тұрып, әдепсіз сөйлеп, не болмаса артық-ауыс мінез көрсеткен емес. Балажан болды. Мейірімді болды. Тату-тәтті ғұмыр кештік. Жалғыз әпкесі бар, ата-анадан жалғыз екеуі ғана. Ата-енемнің аузына қарап отырған жалғыз ұлы болғандықтан, қалада тұрақты үй-жайымыз болмаса да көшіп келді. Ол кісілер де Әшекеңді қалай көрсе, мені де солай қабылдады. Көрегенді кісілер еді, жарықтықтар. Әшекең қызметте, жолсапарларға жиі шығады. «Е-е, Күләтай қасымызда ғой, бабымызды табар, жолың болсын»,– деп шығарып сап, күтіп алып отыратынбыз. Әшекең керемет еңбекқор еді. Алғашқы жылдары ол – аспирант, мен баламен үйде отырмын. Қарттарымыз бар, келімді-кетімді қонағымыз тағы бар, қаражат тапшы, қиналған кездеріміз де болды. Сонда еңбекқорлығы сонша, түнімен аудармамен айналысады. Пьесалар аударады. Бірақ ешқайда ұсынбайды. Бірде радиодан «Бұлбұлдар түнін» аударғанын естіп, Талғат Теменов іздепті. Сөйтіп, алғашқы пьесалары сахналана бастады. Өзі – аспирант, сабағы, бала-шағасы бар, сөйтіп жүріп бәріне үлгереді. Кейін ректор болды, мәдениет министрінің бірінші орынбасары болып, лауазымды қызметтерде жүрсе де қолынан қаламы түспейтін. Өте қарапайым. Елдің бәрін өзіне жақын тұтатын, алалауды білмей өтті өмірден. Үлкенге де, кішіге де сыйластығын жоғалтпады. Кішіге жақсы аға, үлкенге ізетті іні бола білді. Өмірінің соңына дейін еркелетіп өтті. Алғашқы жылдары оңтүстікке келін болу дегеннің, ата-ененің алдындағы міндетіңнің қандай екенін түсіне алмай, басқа орамал салып, сиыр сауып, сүт пісіріп, таң алакеуімнен есік алдын сыпыруың керек пе» деген үрейден елге баруға жүрексінетінмін. Ата-енеміз қолымызда болса да, ағайын-туыс, қалың елі бар ғой. Қалай болар екен деп қашқақтап, түрлі сылтау айта бастаймын. Сонда Әшекең: «Күләтай, елде сенен де басқа келіндер бар ғой, сен қонақсың, еш саспа»,– деп жылы жымиып қоюшы еді. Шынында да, жаңа түскен келін болсам да қонақ боп барып, қонақ болып қайтатынмын. Өте бақытты әйел, адал жар болдым.  width= – Мерекелерде не сыйлаушы еді? – Ол кезде қазіргідей алтын сататын дүкендер жоқ, ал алтын, тіпті тапшы, отау көтергенімізге 10 жыл толғанда  алқа сыйлады. Көздің жауын алады, жалт-жұлт етіп, жарқырап тұрады. Бертін келе, ақшасын беріп жүрді де, сосын жалақы-қаламақыларын түгел әкеліп беретін болды. Әр жалақысын алған сайын «Тартынба, ұнағаныңды алып жүр» дейтін-ді. Әдемі киініп, әдемі жүргенімді қалайтын. Өзі де талғаммен, таза, сәнді киінуді жақсы көретін. Бірақ өз бетінше ештеңе сатып алмаушы еді. Үнемі бірге барып, бірге таңдап сатып алатынбыз. Жаратылысынан ұқыпты болды. Өзіне қандай киім болса да жараса кетуші еді. – Әшірбек аға лауазымды қызметтерде жүрді, қонағыңыз аз емес, араласатын адамдары, ортасы да бар. Олардың бәрінің жайын табу оңайға түспеген шығар? – Ол кезде бүгінгідей бәрі дүкенде самсап тұрмайтын. Соның өзінде қонақтан шаңырағымыз босаған емес. Баланы да туып, күйеудің де бабын тауып, қарияларымыздың да жағдайын жасап, қонағымызды да күтіп үлгеретінбіз. Өзім жұмыстамын, республикалық мемлекеттік жабдықтау деген мекеме болды, сонда жұмыс істеймін. Қонақ келетін күні түнімен дастарқан мәзірін жасап, салаттар мен тәттілерімді пісіріп шығатынмын. Ет асып, ыстық бауырсақ пісіріп, дастарқанды жайнатып қоятынмын. Қонақ күткенде, не бала күтіміне көмекші керек-ау деген ой да жоқ. Тіпті, Әшекеңнің қызмет бабындағы көлігін де пайдалануды білмеппіз. Базарға, дүкенге де өз аяғыммен барамын. Кейін балалар өсіп, көмекші бола бастады ғой. Келімді-кетімді кісі үзілген емес. Оңтүстіктің молшылығын, кеңпейілділігін, қонақжайлылығын көрсетуге барымды саламын. Әсіресе, келген кісілерге жақсы сыйлық жасағым келіп тұратын, ал оған көбіне қаражат жағы жете бермейді. Қонақ келе жатыр дегеннен мазалайтыны осы еді. Әшекең осы қылығыма күліп, әзілдеп қояды: «Ал, енді не бересің?», – деп жарқылдай күліп, иығымнан қысып құшақтап қояды. Іле өзі: «Ештеңе бермей-ақ қой, әдемілеп асыңды, шайыңды дайында. Оларға сенің сыйлығыңнан гөрі қабағың керек»,– деп жұбатады. Сонда да әйелсің ғой, риза болып кеткенін қалап тұрамын. Қонақтан бұрын өзі де дәмді асты, әдемі қоңыр күрең шәйді жақсы көрді. Әсіресе, оңтүстіктің баласы болған соң ба, палауды ерекше жақсы көрді. Кейде «бүгінгі асқа не дайындасам екен» десем, міндетті түрде «палау» дейтін күліп. Аптасына қанша рет дайындасаң да жалықпайтын. Ал балаларға тұшпара, котлет сынды ас-су ұнайды. Ондайда тұңғышымыз Қанат қана: «Осы үйде өзіңнен басқа адам жоқ па» дейтін батылдау. Өйткені, ол – ата-әжесінің баласы да, әкесін ағасындай көретін-ді. – Әшағаң көптің ортасында, жұрттың алдында болды ғой. Талайлармен дос-жаран, сыйлас кісі. «Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған» дейтін бар. Қызғанған кездеріңіз болды ма? – Жоқ! Бір ақын: «Әй, сен театрда да, консерваторияда да өңкей сұлу, жас қыздардың ішінде жүресің», – деп әзіл-шыны аралас қалжыңдаса керек. Сонда Әшекең де салмақты қалпын сақтап: «Ой, бәлі, сол қыздарыңыз Күләнімнің тырнағына да тұрмайды»,– деп жауап беріпті. Рахила деген курстасы «бәріміздің көзімізді бақырайтып, Әшекең солай деді ғой», – деп риза болғаны бар. Сенім – отбасы татулығының берік қамалы. Сенім болған жерде адалдық, тазалық орнығады. Шаңырақ шайқалмайды. Іргесі сөгілмейді. Беки түседі. Отбасындағы бұл сенімділік мейірімділікке ұласса, ол отбасы бақыты. Бұл жағынан қарағанда, отасқан 45 жылымыз шуақты болып өтті, оған шексіз ризамын. Ал қызғаншақтық деген емі жоқ аурумен тең. Ол санаңа орнығып алса, кез келгеннен күдіктеніп, әуреге салады да, арты бітпейтін дауға айналады. Осындай жағдаймен тағдыры тәлкекке айналғандар бұрын да, қазір де айналамызда баршылық. – Әшірбек ағаның ит, құсқа әуестігі бала күннен бойына біткен қасиет десек болады. Бірақ... қалада бұл құмарлық оғаштау көрінері рас... – Үй жануарларын жанындай жақсы көрді. Бала кезінен иттер мен кептерлерге әуес болыпты. Ауылда кеңшілік, ал қалада ит, құспен айналысу, әрине, оңай тірлік емес еді. Ұлдар өсіп, ержете бастағанда әкелерінің туған ауылы, ауылдағы үйдің ит, құстары жайлы сағына айтатын әңгімелерінен кейін, әкесіне «пәтерді сатып, жер үй алайық» деген ұсыныс жасады. Сөйтіп, осы үйге көштік. Сол-ақ екен, мысықтың түр-түрін, тауық, тіпті, ешкі ұстай бастадық. Олардың әрқайсысына жылы ұя, үйшік, қора-қопсы салынды. Әрқайсысына әспеттеп ат қойды. Тауықтарға жем шашып жүріп, құрдас-замандастарының есімімен атап, солармен кәдімгідей әңгімелесіп жүреді. Баққожа, Сағат, Оралхан марқұмдарды, Нұрлан Оразалинді таңып, құстарын солардың атымен атайтын да, төбелестіріп, жемге таластырып мәз болатын. Сыртынан қарап отырып, біз әбден күлеміз. Өзі де мәз. Жазуы бар, қызметі бар, бірақ сол аралықта оларға да уақыт тауып, бабын жасауға беріле кірісетін. Олар да, әсіресе кептерлері мен құстары Әшекеңді көргенде қуанып, шықылықтап әнге басады. – Ешкіні кім сауды? – Ол өзі тез көбейетін түлік екен. Желіндері кішкентай, қолға ілінбейді. Әлгіні сауып болғанша саусақтарым қарысып қалады. Құрғырдың текесінің иісі жаман-ақ. Балалар да сабақтарын сылтау ғып қораға кіруден қашады, әкелері тіпті кірмейді. Мені кіргізеді де, өзі сыртта мәз болып қарап тұрады. Оның үстіне, босатсаң болды ауладағы жеміс ағаштарын жұлмалап тастайды. Бір күні қатты ренжідім. Содан қимаса да, әрі маған да өкпелеп базарға апарып, арзан бағаға сатып жіберді. Өңкей тұқымы бөлек, асыл тұқымды ешкілер. Ана кісілер қуанышы қойнына сыймай әрі арзандығына таңқалып, сатып алыпты. Әшекең базардан көзі жасаурап келді. Кейін Айман Мұсақожаеваның шақыруымен Астанаға ауысты. Ректор уәдесінде тұрып, пәтер берді де, балаларымен сонда тұрып жатты. Сөйтіп, ит, құстарымен қоштасуға тура келді. Араласып жүретін кісілерге таратып жіберді. Кептерлері мен тоты құстарын Ералы деген бауырына берді, өйткені оның да кептерлері бар еді. Жазсам деп жүрген дүниелері де көп болатын. Жазғанынан жазбағаны басым шығар. Астанаға қызметте жүргенде «жазуға біраз деректер сұранып-ақ тұр, жиналып қалды, қашан отырсам екен», – деп жүретін. – Әшағаңдай өнертанушы, сыншы жоқ дейді әдебиет сүйер, өнер сүйер қауым. Ал ұлдарының бойында әкесіне ұқсайтын қасиеттер бар ма? Ата жолын қуатын немерелер бар болар? – Ұлдардың болмыс-бітімі де, мінез-құлықтары да ұқсамайды. Тұңғыш немереміз қыз болды да, үш ұлдан кейін көргендіктен бе, Сұңғаттың қызы Ділдә өмірге келгендегі қуанышты сөзбен айтып жеткізуге сөз жетпес. Қуаныштан ес шықты. Өзі атадан жалғыз болғандықтан ұлдарын да, немерелерін де жанындай жақсы көрді. Еркелетіп, мәпелеп отыратын. Ерекше еркелетіп, құшақтап сүйгенін көрген Есмұқан Обаевтың таң қалғаны бар: «Бәріміз кішкентайларды жақсы көреміз, бірақ сенің еміренгенің, сүйгенің бөлекше», – деп. Қанаттың ұлы Бақтияр – бесінші сыныпта оқиды, атасына тартқан. Бет-әлпеті де, мінезі де. Аса ширақ. Қу тілді, қуақы өзі. Әзілге де жақын. – Қазақ мектебінде оқитын шығар? –  Әрине, балалардың бәрі қазақ мектебін бітірді. Немерелердің ішінде Ділдә ғана мектептің алыстығына байланысты орысша оқыды, бірақ атасы тіл маманын үйге шақырып, тәлім-тәрбие жүргізді. Биге де өзі апарып жүрді. Қазақи тәлім-тәрбиенің орны ерекше екенін, салт-дәстүрімізді айтып, үнемі әңгімеге тартып отыратын. Оның үстіне ата-әжелерінің көзін көрді, ертегісін тыңдады. Өзім де үйдемін. Алғашында, балалар мектеп жасында болған кезде, мектепте жұмыс істеуге тура келді. Бірде атам менің шешеме: «Құдағи, мына қызыңа айтсаңшы, екі баламен тоқтап қалды ғой»,– депті. Анам: «Ойбай, мына құда еркек басымен маған сөйдеді»,– деп бетін шымшиды. Сөйтіп жүргенде үшінші ұл дүниеге келді. Әрине, мен екі ұлдан кейін қыз болғанын қаладым. Бірақ атам қатты қуанды. «Саған екі дүниеде де разымын» деп батасын берді. Сөйткен Қанат пен Күләйдің үш баласы бар. Сұңғат пен Гауһардың кішкентайлары төртеу, Нұрзат пен Аяна екі қыз тәрбиелеп, өсіріп келеді. – Биыл Әшірбек Төребайұлы қаңтар айында жетпіске келер еді. Мерейтой қалай аталып өтпек? – Иә, қаңтардың 11 жұлдызында 70 жасқа толар еді. Өткенде қалалық Орталық мемлекеттік архивте еске алу кеші өтті. Бүгін Астанада, өзі қызмет атқарған Өнер университетінде де еске алу болды. Өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева жақсы істерді қолға алудан қашпайтын нағыз қазақы жан. Сол ұжымда 50 минуттық кинофильм көрсетіліп, жақсы бір кеш өтті. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы, содан кейін театр ұжымы да халықаралық деңгейде аталып өтсе деген ой-ұсыныстарын айтқан. Әзірге тірлігіме демеу, құлазыған көңілге жұбаныш – КҮНДЕЛІГІ ғана. Жанарымды жасқа малып отырып, есікке алаңдаймын. Әр сапардан келген сайын: «Үйге, Күләтайыма келдім», деген сөз тіркестері көзіме оттай басылады... Тағы да «Күләтай» деп есіктен кіріп келетіндей күй кешемін...

 Әңгімелескен

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары