«Асфальт – арман»: сенатор өркениет көшінен қалған ауыл туралы айтты

«Асфальт – арман»: сенатор өркениет көшінен қалған ауыл туралы айтты

«Асфальт – арман»: сенатор өркениет көшінен қалған ауыл туралы айтты
ашық дереккөзі
50214
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп жолы жөнделмеген, әлемдік өркениет көшінен қалған ауылдардағы мәселені көтерді, деп хабарлады turkystan.kz. Оның айтуынша, Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылындағы көшеге 33 жылдан бері асфальт төселмеген. Бұдан басқа да мәселе шашетектен.
«Алматы облысы, Қарасай ауданы, Абай ауылы, Шаянбаев пен Әлия Молдағұлова көшесінің қиылысы. Бақандай 33 жыл бойы осы ауылды мекен етіппіз. Осы 33 жылда бұл көше асфальт дегенді аңсаумен жатыр. Көршілер боп жиылып тас төсетіп алғанымызға да шүкір! Бәріне шыдаймыз ғой! Көшеге асфальт төселмегеніне, сәл жел тұрса свет өшетіндігіне, судың да сарқылып қалатынына Абай ауылының тұрғындары әбден үйренген… Осы көшенің бойында 15 минуттың ішінде мына шегелерді жинап алдым. Көлігі жоқтардың ісі ме?!. Доңғалақ жамайтындардың «тапсырысы» ма?!. Интернет жағынан Жапониядан озып кеткендігіміз бір бөлек тақырып! Сондықтан ол жаққа барыспай-ақ қояйын…» деп жазды Сенат депутаты Facebook-тегі парақшасында.
Нұртөре Жүсіп Алматының іргесінде тұрған Абай ауылы әлемдік өркениет көшінен алыста қалғанын жеткізді. Қанша облыс пен аудан әкімі, ауыл әкімдері ауысып жатқанмен, жағдай сол күйі өзгермеген.
«Озған 30 елдің қатарына кірген елміз. Әділетті Қазақстан деген асыл мұрат алда тұр! 33 жылда салынбаған асфальт, Жапониядан мықты интернет, жолға шашылған шегелер мемлекеттің даму барысында әлі де көп түйткіл барын аңғартса керек!.. Ал «Агломерация туралы» Заң қағаз бетінде ғана тұрғандай!  «Шамның жарығы түбіне түспейді» дегендей, не Алматы қаласына, не Алматы облысына «қарамайтын» қаладағы іргелес ауылдар нақты өзгерістерді қай ғасырда сезінеді екен?!. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов мырзалардың назарына!» – деп сөзін түйіндеді сенатор.

Серіктес жаңалықтары