Интернет: сапа нашар, баға қымбат
Елімізде тамыз айынан бастап ұялы байланыс пен мобильді интернет қымбаттайды. Тарифтер 30 пайызға дейін көтерілуі мүмкін екенін операторлар бір мезетте ресми түрде мәлімдеді. Байланыс операторлары мұның себебін инфрақұрылым шығындарының артуы, инфляция және ғаламдық логистикалық тізбектің бұзылуымен байланыстырып отыр.
Жақында елорданы дамытуға арналған кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы интернет пен ұялы байланыстың сапасы нашар екенін айтқан болатын. Президент қазіргі өркениет пен білім экономикасы жағдайында қала тұрғындарының басты қажеттілігі интернеттің қолжетімді болуы керектігін баса айтты.
«Біз Астананы барлық жерде «ақылды қала» және аймақтық IT хаб деп жариялап жүрміз, бұл автоматты түрде негізгі цифрлық инфрақұрылымның сапасы жоғары болуы керек екенін білдіреді. Алайда елордадағы интернет пен ұялы байланыстың сапасы сын көтермейді. Ол тұрғындарға ғана жайсыздық әкеліп қоймай, сонымен қатар қала экономикасына елеулі зиян келтіреді, елорда қонақтарына өте жағымсыз әсер қалдырады», – деген болатын.
Еліміздегі интернеттің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты біршама мәселе бар. Биылғы жылдың басынан бері Үкіметке байланыс және ақпараттандыру мәселелері бойынша азаматтардан 5 мыңға жуық өтініш пен шағым келіп түскен. Сонымен қатар елді мекендерде, тіпті ірі қалалардың өзінде мобильді интернет жоқ немесе сапасы нашар. Әсіресе, Алматы, Астана секілді ірі қала тұрғындары интернет сапасы мен жылдамдығына қатысты жиі шағымданады.
«Бұл проблемаларды шешу керек. Қазір адамдар бірінші кезекте интернеттің сапасына қарайды. Жай ғана желі тартып беретін кезеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс пен жылдам интернет қажет. Олар тарифтердің ақысын толығымен төлеп отыр. Сондықтан сапалы қызметті талап етуі орынды», – деген болатын Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.
Алайда министр Бағдат Мусиннің пікірінше, тариф арзан болғандықтан, интернет жылдамдығы да баяу.
– Әлеуметтік желілердің дамуына байланысты, елде трафикті тұтыну бірнеше есе өсті. Бұл операторлар желісіндегі жүктеме де артты деген сөз. Бірақ шығындар тұтынылатын трафиктің көлеміне сәйкес тепе-тең түрде өскен жоқ. Қазақстан – мобильді трафикті тұтыну бойынша жетекші елдердің бірі және мобильді желіні қолдану жағынан да алдыңғы қатарда, – деген болатын министр.
Оның айтуынша, Қазақстан интернет бағасы бойынша соңғы орындарда тұр. «Сапасы бойынша да ең үздігі емеспіз, орташамыз деп айтуға болады. Жеке өзіме елдегі интернет ұнайды, өйткені көптеген елге сапарлап барғанда ондағы байланыстың жай-күйін көріп жүрмін. Менің пікірімше, Қазақстанда қолайлы бағаға қолайлы интернет бар», – деген болатын. Алайда іле-шала ұялы байланыс операторлары тариф бағасын өсіріп үлгерді.
Ұялы байланыс пен мобильді интернет операторларына тарифтерді өзгер-
ту – қалыпты құбылыс. Өйткені елімізде бұған заңмен рұқсат етілген. Тек операторлар мұндай өзгерістерді тұтынушыларға 30 күн бұрын хабарласа болғаны. Мәселен, Beeline компаниясы тарифтердің бірнеше себеппен өзгергенін айтады. Олардың айтуынша, байланыс сапасын ұстап отыру және жақсарту желіні дамытуға үлкен инвестиция салуды қажет етеді. Компания осы мақсатта 2020-2022 жылдар аралығында 100 миллиард теңгеден аса қаржы жұмсаған.
– Оның үстіне, бүкіл ел сияқты, бізге де инфляцияның, девальвацияның, электр қуаты бағасының қымбаттауы және басқа да бірқатар фактордың ықпалы тиеді және біздің кейбір тарифтеріміз бен қызметтеріміздің бағасы нарықтағы бағадан төмен. Сондықтан кейбір тарифтеріміздің бағасын көтеруге мәжбүрміз. Бірақ біз әрдайым тұтынушыларымыздың қалауын ескеруге тырысамыз. Абоненттеріміз жинағы көп тарифті жиі таңдайды. Сондықтан тарифтерде гигабайт мөлшерін көбейтіп немесе кейбiр қызметтердің қолдану мерзімін ұзартып жатамыз», – дейді компанияның баспасөз қызметі.
Айта кетерлігі, компаниялар ұялы байланыс мұнараларын жаңғыртуға арналған құрал-жабдықтарды шетелден сатып алады, тиісінше, доллар бағамының өсуі саладағы күрделі шығындарға айтарлықтай әсер етіп отыр. Ұялы және байланыс операторлары қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және одан да озық технологиялар мен қызметтерді ұсыну үшін тарифтеріміздің бағаларын қайта қарадық деп уәж айтады. Алайда олар қала және ауыл тұрғындарының интернет сапасына жиі шағымданатынын ескермейтін секілді. Қызмет көрсету сапасы бағаға сай болмағандықтан наразы болған жұрттың сапасы төмен интернетке тағы да артық ақша төлегісі келмейтіні түсінікті.
Бағдат Мусин интернет сапасының нашарлауына радиофобия да себеп болып отыр деген. Министр осы орайда Астанада интернет нашар тартатын тұрғын үй кешендерінің анықталғанын мәлімдеді. Қазір әкімдік ұсынған жер телімдеріне антеналар орналастырылып жатыр. Елордада осындай 67 орын нақтыланған. Алайда жыл сайын интернет сапасы жақсарады деп уәдені үйіп-төгетін министр Қазақстандағы интернет сапасына көңілі толатынын жеткізген еді. Министрдің сапаға көңілі толса, неліктен жыл сайын интернет жақсарады деп мәлімдейтіні түсініксіз.
Былтырдан бері ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарларға байланысты шағымы 50 пайызға дейін өскен. 2021-2022 жылдар кезеңінде тарифтердің өсуі орта есеппен 37 пайыз болған. Аталған мәселе бойынша Бәсекені дамыту және қорғау агенттігі Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне ұсыныс жолдаған болатын. Онда байланыс саласындағы қызмет көрсету ережесін өзгерту туралы айтылған. Байланыс операторлары абоненттерге қажеті жоқ болмашы өзгеріс енгізіп, бағаны көтеруге тыйым салуды ұсынған.
«Бәсекеге қатысты кей заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» құжатта мобильді байланыс саласын қоғамдық маңызы бар нарыққа жатқызып, тарифтер бағасын мемлекет тарапынан реттеу туралы жазылған. Алайда байланыс операторлары тарифтер бағасын мемлекеттің реттеуіне қарсы. Олар бағаларды мемлекеттік реттеу саладағы нарықтық механизмдерді бұзып, инвестицияны азайтады, осыдан қызмет көрсету сапасы нашарлайды дейді.
Заң бойынша елімізде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің квазимемлекеттік секторға жататын ұялы байланыс операторларының қызметтеріне баға белгілеу құқығы жоқ. Ведомство таратқан дерекке сенсек, байланыс тарифтерінің күрт қымбаттауын болдырмау және оның алдын алуға осы шектеу кедергі. Сондықтан ұялы байланыс операторларының қызметіне мемлекет тарапынан баға белгілеу ұсынылды.
– Соңғы үш жылда байланыс операторлары бұл салаға тартылған инвестицияны 60 пайызға дейін төмендетіп жіберді. Операторларға, қымбат инфрақұрылымдарға қаражат бөлгеннен гөрі анықталған заңбұзушылықтар үшін айыппұл төлей салу тиімді болып отыр. Мұндай жағдайды түбегейлі өзгерту керек, – деген болатын Үкімет басшысы.
Миллиардтық айыппұлдар байланыс сапасына тікелей әсер етпесе де, жанама әсері бар. Алайда байланыс компаниялары үшін миллиардтаған айыппұл төлеп құтылу оңай әрі арзанға түсетін секілді.
Былтыр өзінің міндеттемесіне сай сапалы қызмет көрсетпеген ұялы байланыс операторларына 3,4 млрд теңге айыппұл салынған болатын. «Бағаның өсуіне, тұтынушыларға талап етілмеген қызметтерді жүктеуге, сондай-ақ байланыс және интернет қызметтерінің сапасына шағымдар көбейді. Мысалы, 2022 жылы және ағымдағы жылдың өткен кезеңінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұялы байланыс операторларына қатысты байланыс қызметтерінің сапасы бойынша 1 492 тексеру жүргізілді және оларға 3 млрд 44 млн теңге сомасына айыппұл салды», – делінген Ашық НҚА порталында жарияланған құжатта.
Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов Қазақстанда ұялы байланыс тарифтері өсуіне байланысты агенттік құзыреті шеңберінде тиісті жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді. «Тұтынушылардың шағымы негізінде сұраныстар жіберілді, бағаларға мониторинг жүргізіле бастады. Бұл ретте агенттік монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері болған кезде бағаны көтерудің негізділігін тексеру барысында ғана белгілей алады», – деді төраға орынбасары.
Тарифтерді негізсіз көтерген байланыс операторлары заң бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл төлегеннен кейін байланыс саласының сапасы жақсарып, баға тұрақты болса қанекей. Өкінішке орай, біз әлі жағдайдың себебімен емес, салдарымен күресіп келеміз. Егер ұялы байланыс пен мобильді интернет бағасын бақылауды мемлекет өз қолына алса, баға мен сапа бір-біріне сай келетін күн де алыс бола қоймас...
Нұрбол ЕРБОЛСЫН,
IT оқу-әдістемелік орталығының директоры:
Тарифтерді қымбаттату интернет сапасын жақсартпайды
– Ұялы байланыс операторлары арасында бәсеке жоқ екені анық. Бәсекелестік орта құруға ешқандай мүмкіндік жоқ. Тұтынушыларда таңдау еркі аз. Үлкен бір компания өз жұмысын бірнеше шағын компанияларға бөледі. Мұны шешудің қазір қандай да бір жолы бар деп ойламаймын. Илон Масктің «Старлинк» жүйесін бізде сатып алатын мүмкіндік болса немесе әрбір бизнес орталық өзі сатып алса жақсы болар еді. Басқалай шешу жолын көріп тұрған жоқпын.
Тарифтерді қымбаттату арқылы интернет сапасы жақсарады дегенге сену қиын. Өйткені компаниялар сапасын жақсартамыз деп алдымен тұтынушылардан ақша алып қалталарын қампайтып алады. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ, баяғы жартас – сол жартас. Бір анығы, еліміздегі интернеттің нашарлауына технологиялық құралдардың жаңартылмауы себеп. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жағдайды бақылауына алса бір нәтиже шығып қалар. Бізде тарифті негізсіз қымбаттатқандарға айыппұл салынады. Үлкен компаниялар айыппұлды төлеп ары қарай жұмысын жалғастырып отыра береді. Бірақ бұл жағдайды шешудің оң жолы емес.