ҚФФ президенті әлем чемпионатын өткізу туралы ойымен бөлісті

ҚФФ президенті әлем чемпионатын өткізу туралы ойымен бөлісті

ҚФФ президенті әлем чемпионатын өткізу туралы ойымен бөлісті
ашық дереккөзі

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов әлем чемпионатын өткізу туралы ойымен бөлісті, деп хабарлады turkystan.kz.  Алдымен Әділет Назарбайұлы Орталық Азиядағы түркітілдес елдердің футбол қауымдастықтары басшыларының Ыстықкөлде өткен кездесуінде көтерген бастамасына тоқталды.

«Бірнеше күннен бері желіде, бұқаралық ақпарат құралдарында, біздің әлем чемпионатын өткізуге деген ықыласымыз туралы мәселе қызу талқыланып жатыр. Осыған орай, мен осы мәселені анықтап кеткім келеді. Орталық Азиядағы түркітілдес елдердің футбол қауымдастықтары басшыларының Ыстықкөлде өткен кездесуінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикасы футбол қауымдастықтарынан бірлескен жарыс өткізу мәселелерін қарастыру үшін жұмыс тобын құру туралы бастама көтердім. Олардың ішінде жасөспірімдер (U-17, U-19), жастар (U-20, U -21) халықаралық турнирлері және әлем чемпионаты бар. Жұмыс тобы — осындай жарыстарды ұйымдастыруды FIFA-ға ұсыну үшін бастаманың мақсаты мен мүддесін айқындайтын және ортақ талқылайтын құрал. Халықаралық институтқа өтініш беру үшін елдердің инфрақұрылымдық және қаржылық тұрақтылықтарын бағалайтын ауқымды жұмыс жүргізілуі керек. Мұндай сұрақтар үш елдің үкіметінің деңгейінде қарастырылатынын жақсы түсінеміз. Жарыстарды ұйымдастыруға өтініш беру туралы нақты шешімді барлық факторлар сараланғаннан кейін салалық мемлекеттік құрылымдар қабылдайды», – деді ҚФФ президенті.
Ол, сондай-ақ, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикасы халықаралық турнирлерді бірлесіп өткізуі арқылы халық арасындағы достық пен спорттық байланысты нығайтуға, әлем жұртшылығының назарын Орталық Азияның футболына аударуға тамаша мүмкіндік алатынын айтты. Сонымен қатар Қазақстанның тез арада әлемдік деңгейдегі іс-шараларды өткізетін деңгейге жететінін қалайтынын және осыған шын жүректен сенетінін жеткізді. Өз кезегінде Әділет Барменқұлов жазбасында әлем чемпионаттарының экономикалық бөлігіне қатысты ақпараттарды да мысалға келтірді.
«2014, 2018 және 2022 жылдардағы соңғы үш футболдан әлем чемпионатын өткізген елдердің шығыны $11,6 (Бразилия), $14,2 (Ресей) және $220 (Қатар) миллиард долларды құрады. Бұл ретте спорт нысандарының құрылысына жұмсалған шығындардың үлесі Бразилияда 30% (3,5), Ресейде 25% (3,5), Қатарда небәрі 4%-ды (9) құрады. Ресейдегі әлем чемпионатын ұйымдастыру комитетінің есебіне сәйкес, әлем чемпионатына дайындықтың алты жылдық кезеңінде елдің жалпы ішкі өніміне әсері 14 миллиард АҚШ долларынан асты, туристер ағыны ЖІӨ-ге 3 млрд АҚШ доллары көлеміндегі үлесті қамтамасыз етті. Бразилияда өткен әлем чемпионатын 1,35 миллион, Ресейде – 3 миллионға жуық, Қатарда 1,4 миллион шетелдік турист тамашалаған. Бейресми деректер бойынша, әлем чемпионаты аясында Бразилияда 380 мың, Ресейде 315 мың, Қатарда 1,5 миллион жұмыс орны ашылған. FIFA мәліметі бойынша, Қатардағы әлем чемпионатының аудиториясы (теледидар мен интернет) шамамен 5 миллиард адамды құрады. Барлық ақпараттық платформадағы жалпы аудиторияны қамту 262 миллиардты құрады. Бұл да чемпионаттың негізгі экономикалық бөлігі», – деді Әділет Барменқұлов.
Айта кетейік, футболдан 25-ші әлем чемпионатының финалдық кезеңі 2034 жылдың жазында FIFA-ға мүше 48 елдің ұлттық құрамаларының қатысуымен өтеді. Чемпионаттың өтетін орны 2026 немесе 2027 жылдары анықталады.