Игерілмеген қаржы – ілгері баспаған іс

Игерілмеген қаржы – ілгері баспаған іс

Игерілмеген қаржы – ілгері баспаған іс
ашық дереккөзі
Сейсенбіде өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекет қаржысын игере алмай жүріп, бюджетке алақан жая беретін әкімдерге өз ренішін білдірді. Бұдан былай үкімет өңірлер мен министрліктерге жыл соңында миллиардтап қаржы бөлу тәжірибесінен бас тартпақшы. Себебі бүгінде облыс әкімдері «Нұрлы жол» бағдарламасының 2 млрд теңгесін игере алмай отырған көрінеді. Ал қаржыны ұқсата алмағандардың қатарында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Үкімет мүшелері бейнебайланыс көмегімен өңірлерден қосылған әкімдерді тыңдап, «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына терең үңілді. Бұл мәселе бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы әр салаға үлкен игіліктер әкеліп отырғанына тоқтала кетті. «Бүгінде «Нұрлы жол» экономикалық өсімнің негізгі локомотиві болып саналады және ол автожол, тұрғын үй құрылыстарына, сонымен қатар әлеуметтік салаға зор серпін берді. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2016 жылы 105 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Жыл қорытындысы бойынша бөлінген мақсатты трансферт қаржылардың 469,6 млрд теңгесі немесе 99 пайызы игерілді. Толық игерілмеу жайттары, негізінен, мемлекеттік сатып алуларда үнемдеулермен байланысты», – деді Тимур Сүлейменов. 2016 жылы осы мемлекеттік бағдарламаға барлығы 739 миллиард теңге арна тартқан. Оның ішінде 472,8 миллиард теңге – мақсатты трансферттер, ал тағы 266,2 миллиард теңгесі – ұлттық холдингтердің облигациялық заемдары. «Нұрлы жолдың» бір бағыты – Қазақстандағы көлік жолдарын жөндеуге және жаңаларын салуға 2016 жылы мемлекет 151,3 млрд теңге шығындаған. Нәтижесінде, 611 шақырым автожолда жол-құрылыс жұмыстары аяқталды. Бүгінде «Астана – Теміртау», «Алматы – Қапшағай», «Астана – Петропавл» бағыттары бойынша көлік қозғалысы халық игілігіне қызмет етуде. Алайда жол – экономиканың күретамыры десек, бізде әлі жөнделмеген жол көп. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермекші. Биыл Ұлттық қордан тағы 143,5 миллиард теңге осы мақсатқа бөлінеді. Сол сияқты логистикалық инфрақұрылымды дамытуға Үкімет 56,4 млрд теңге бағыттаған, оны квазимемлекеттік сектор (ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындар) толық игеріпті. «Мәселен, бөлінген қаражат Астана әуежайының жаңа терминалының құрылыс-монтаждау және әрлеу жұмыстарын, ішкі инженерлік желілерді тартуды аяқтауға, сондай-ақ, технологиялық жабдықты жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Айта кету керек, былтыр Индустрияландыру күні аясында Мемлекет басшысы «ҚТЖ» жүзеге асыратын ең ірі жобаларға рұқсат берді. Бұлар – Алматы – Шу учаскесінде екінші темір жол желісінің және Құрық портындағы паром өткелінің құрылысы Қазақстанның экспорттық-транзиттік әлеуетіне оң ықпалын тигізіп, Еуропа және Таяу Шығыс елдеріне шығуымызға жол ашады», – деді Ұлттық экономика министрі. Ал Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, 2017-2019 жылдары автожол саласына 1,7 триллион теңге қаржы құйылып, жалпы ұзындығы 4,4 мың шақырымдық жол салынады және қайта жөнделеді. Құрылысы биыл жалғасатын 7 жобада – «Астана – Қарағанды», «Орталық – Шығыс», «Бейнеу – Ақтау», «Орталық – Батыс», «Қапшағай – Талдықорған», «Астана – Петропавл» және «Орал – Каменка» бойынша жыл қорытындысында 602 шақырым жол құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бүгінде халық «Нұрлы жол» бағдарламасының шапағатын көріп үлгерді. Мәселен, 2016 жылы тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымына 400 млрд теңге бөлінсе, былтыр 478 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, 8,3 мыңнан астам отбасы баспанамен қамтылды. 2017 жылдың соңына дейін аталған қаражат есебінен қосымша 33,8 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл мәселелер одан әрі де «Нұрлы жол» аясында жүзеге асырылатыны анық. Бір айта кетерлігі, бағдарлама аясында білім беру инфрақұрылымын дамыту да қолға алынған. Сәтін салса, 2018 жылға қарай апатты және үш ауысымда оқитын мектептерді толық жою көзделген. Қазіргі кезде осы мақсатта 52 нысан пайдалануға берілді, оның ішінде 35 мектеп пен 17 балабақша бар.

Игерілмей қалған  ақшаның жай-жапсары

Бұдан соң Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов «Нұрлы жолға» 2017 жылы 387 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылғандығын және бағдарламаны жүзеге асыру барысында былтыр жергілікті атқарушы органдар 900 миллиондай теңге үнемдегенін жеткізді. Соған қарамастан, 2 миллиардтан астам теңге игерілмей қалған. «Игерілмеген 856,7 млн теңге – Ақмола облысының Бұланды ауданында индустриялық инфрақұрылым салу бойынша өтпей қалған конкурстар мен орындалмаған жұмыстарға байланысты. 354,5 млн теңгенің игерілмеуіне Қостанай қаласында индустриялық аймақ құру бойынша жоспарланған іс-шаралардың уақтылы өткізілмеуі себеп. Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі 181,1 млн теңге инженерлік желілер салу бойынша орындалмаған жұмыстар мен жұмыстардың кестеден кешігуіне байланысты екен. 170,2 млн теңгені Қарағанды облысы инженерлік коммуникациялар салу бойынша техникалық-экономикалық негіздемелерді, қаржы-экономикалық негіздемелерді, жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге, жоспарланған іс-шаралардың уақтылы өткізілмеуіне байланысты игермеді», – деді Бақыт Сұлтанов. Ол сондай-ақ негізгі мәселеге назар аударды. «Атырау және Павлодар облыстарының әкімдіктері тыйым салуға қарамастан, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға көзделген Ұлттық қор қаражаттарын инвестициялық жобаларға беріп жіберген». Қаржы министрлігі бұл облыс әкімдіктерінің әрекеттерін «бюджет заңнамасын бұзушылық» деп бағалады және бұл соманы толық көлемде республикалық бюджетке 2017 жылғы 1 наурызға дейін аударуға міндеттеді. «Алайда 2017 жылғы 14 ақпандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар бұл қаражаттарды қайтарған жоқ!», – деп мәлімдеді Қаржы министрі. Елбасы бюджеттің, соның ішінде «Нұрлы жолдың» әр тиыны көздеген жеріне жұмсалуға тиістігін тапсырған еді. Осы орайда министрлік мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы құны 221 млрд теңге тұратын 420 мемлекеттік сатып алу рәсімін камералдық бақылаумен қамтыған. «Бұл ретте 17 млрд теңге сомасындағы мемлекеттік сатып алу қорытындылары қайта қаралды, 38 млрд теңге шығындалғалы тұрған мемлекеттік сатып алу тоқтатылды», – деді Бақыт Сұлтанов. Бір айта кетерлігі, былтыр компаниялардың бюджетке төлеген салықтары өсіп, жалпы көлемі 43,5 млрд теңге аударған. Бұл 2015 жылға қарағанда 1,4 есе артық. Үкімет отырысын қорытқан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жол» жобаларын қаржыландыру жоспарларын қайта қарауды тапсырды: «Бөлінген қаражатты жоспарлау сапасы мен игеру мерзімі – үлкен мәселе. Игермеудің негізгі себебі – әкімдердің тиісті дәрежеде бақылау жасамауы деп білем. Қаржыландырудың екі жылдық жоспарында едәуір қаржы көлемін игеру екінші жылдың соңына қалдырылуда. Мұны қалай түзеуге болатынын ойласуымыз керек. Игерілмеу қаупі бар шаралар бойынша қаражатты қайта бөлу ұсыныстарын енгізулеріңіз қажет», – дей келе бірқатар тапсырма жүктеді. Министрлер өңірге жасаған сапарында міндетті түрде «Нұрлы жолдың» негізгі нысандарының құрылысы барысымен танысуын және мұны өз есептерінде баяндауды тапсырды. Егер өңірлер жыл соңында ірі көлемде қаражат сұраса, оны бөлмеуге тапсырма берді: «Тендер уақытылы өтпей, жыл аяқталғанша игерілмейтінін және тиісінше, тексеруші органдар мұны көзге шұқып көрсететін білсек, жыл соңында миллиардты бағыттаудың қажеті қанша? Жыл басталған соң алсын да, игерсін», – деді Б.Сағынтаев Қаржы министріне қарата.

Атлетикалық ауыл – баспана кезегін қысқартады

 Айтпақшы, отырыстың соңында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жақында ғана Алматы қаласында өткен 28-ші қысқы Универсиада ойындарының нәтижесімен бір серпілтіп тастады. Министр өз әріптестерін Қазақстанның тарихындағы ірі жетістікпен – Универсиадада жалпыкомандалық есепте құрамамыздың екінші тұғырға көтеріліп, медальдардың рекордтық санын олжалауымен құттықтады. «Универсиада ойындарына барлығы 57 елден 1 632 спортшы қатысты, 3 мыңнан астам ерікті үлес қосты. Универсиаданың барлық іс-шараларына қатысуға 230 мыңнан астам билет сатылды. Студенттердің жаһандық спорт сайысы көрсетілімі EUROSPORT 1 және 2, CBS (АҚШ), CCTV (Қытай), KBS (Оңтүстік Корея), Матч-ТВ (Ресей), Eurosport Asia-Pacific (Австралия және Океания) арналарынан 80 елде 1 млрд телекөрермендік аудиторияға көрсетілді», – деді ол. Ал Алматы қаласының әкімі Б.Байбек «Универсиададан кейінгі өмір» жайына, яғни, соған тартылған нысандарды кейінгі пайдалану мәселелеріне тоқталды. Әкімнің мәлімдеуінше, Атлетикалық ауылдағы 140 мыңнан астам тұрмыстық техника мен заттар, компьютерлер және басқа да офистік техникалар, арнайы құралдар Алматының 500 әлеуметтік мекемелері арасында сенбіден бері бөліске салынуда. Бұл жоба – «Универсиада мұрасы» деп аталыпты. Яғни, спортшыларға қызмет еткен «кереуеттер мен төсек жабдықтары, тоңазытқыштар, кіржуғыштар, бар жиһаз, спорт құралдары, медициналық жабдықтар (барлығы 450 аталым) қалалық ауруханаларға, мектептерге, емханаларға, балабақшаларға, колледждерге, спорт мектептеріне, жатақханаларға, балалар үйлері мен ардагерлер үйлеріне тапсырылуда». Осы «ауылдағы» пәтерлер әкімдікте үй кезегінде тұрғандарға «кейінгі сатып алу құқығымен жалға» берілуде. – Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1748 пәтерді үй кезегіндегілер арасында бөлу жұмысы басталды. Біз бұл мәселені Наурыз мейрамына дейін қысқа мерзімде аяқтауды көздеп отырмыз. Бұл Алматыдағы баспана кезегін 10 пайызға қысқартады. Бізде қазір шамамен 17 мың адам кезекте тұр, – деді Бауыржан Байбек. Универсиадашы спортшылар тұрған пәтерлер алматылық баспанасыздарға 8-ден 20 жылға дейін жалға беріледі және осы уақыт ішінде азаматтар ай сайын әр шаршы метр үшін 1 036 теңге аренда ақысын төлейді. Бұл баспаналарға үмітті 1300 адамның әзірге 430-дан астамы төлем қабілеттілігін растаған. Ал өз кезегінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Универсиаданың өткізілуі Алматы қаласын дамытуға серпін бергенін, Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында осы тәжірибені пайдалану керектігін атап өтті. «Мәдениет және спорт министрлігіне Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, жаттықтырушыларына сыйақыларын уақтылы төлеуді тапсырамын. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігі Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, спорттық ғимараттарды одан әрі пайдалану мәселесін нақты шешуге тиіс», – деді ол.