Қоғамдағы аурулардың 60 пайызының негізгі себебі – дұрыс тамақтанбау – ғалым

Қоғамдағы аурулардың 60 пайызының негізгі себебі – дұрыс тамақтанбау – ғалым

Қоғамдағы аурулардың 60 пайызының негізгі себебі – дұрыс тамақтанбау – ғалым
ашық дереккөзі

Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мем­лекеттік сыйлықтың иегері Төрегелді Шар­манов әлеуметтік желідегі парақшасында халықтың денсаулығының төмендеуіне қатысты жазба жариялады. Онда ғалым бұрын қазақтардың денсаулығының неліктен мықты болғанына тоқталды. 
Ертеде қазақтардың өмір сүру ортасы, мәдениеті мүлде бөлек болатын. Қазіргідей, шаң мен газ басқан қалада тұрған жоқ, даланы, табиғат аясын мекен етті. Олар суыққа да, ыстыққа да шыдамды болады. Ол үшін, әрине, энергия қажет. Сол энергияның негізін олар етті, майлы тамақтан алып отырды. Бірақ үнемі қозғалыста жүретін олардың ағзасында бұл ауыр тамақтар тез қорытылып кететін.
Қазіргі жағдай мүлде бөлек. Басқаша айтқанда, жаңа өмірге бейімделіп жатырмыз. Яғни өмір сүру ортамыз энергияны аз жұмсауға негізделген. Қимыл-қозғалысымыз азайды, артық энергияны қажет етпейтін болдық. Бала күнімізде әжелеріміз «аталарың бір қойдың етін жалғыз өзі жейтін» деп ұрсатын. Соның сыры, міне, осында. Қаншалықты энергияны көп жұмсасаң, тәбетің соншалықты ашылады.
Сонымен, отырықшылыққа көшумен қазақ халқының тұрмыс-салты өзгерді. Қимыл-қозғалыстың азаюынан семіздік дерті белең алды. Оның тигізетін зардабы өте көп. Қан тамырлар бітеліп, қан қысымы жоғарылайды. Қатерлі ісік, жүрек-қантамыр аурулары, қан диабеті көбейіп жатыр. Семіздікпен бірге инфекциялы аурулар созылмалы сырқаттар да келді.
Ата-бабамыз етті көп жеген, деп, етті артығымен жеу, дәрумендердің жетіспеушілігіне әкеледі. Ол өз кезегінде ағзаның қорғаныс қабілетін әлсіретеді. Жалпы қоғамдағы аурулардың 60 пайызының негізгі себебі – дұрыс тамақтанбау.
Халықтың денсаулығының төмендеуі ұлттық сана мен дәстүрдің бұзылуына тікелей байланысты. Бұл ғылым мойындаған тұжырымдар. Осының салдарынан – қазақы кеңдік, ауқымды ойлау, кеңпейілділік жоғалады. Екіншіден, қанмен бірге қалыптасқан имандылық бұзылады. Ұлтымыз тазалыққа, денсаулыққа, бауырмалдылыққа, туыстық қарым-қатынасқа, меймандостыққа, адамгершілікке өте қатты мән берген.