Педофилдер неге көбейіп барады?

Педофилдер неге көбейіп барады?

Педофилдер неге көбейіп барады?
ашық дереккөзі

Педофилия тақырыбы елімізде қызу талқыға түсіп жатыр. Қоғамның пікірі де әр алуан. Бірі «оларды өлім жазасына кесу керек» десе, екіншісі «жазаны қатайтып, ешқандай жеңілдік қарастырылмасын» дейді. Ал үшінші топ «кастрация жасалып, өмір бойы бақылауда жүрсін» дейді.

Зорлық көрген балалар азаймай тұр

Өткен аптада Түркістан облысында орын алған 5 жасар қыздың өлімі қоғамды тағы да дүр сілкіндірді. Сәбиді айуандықпен өлтірген қаскөй алдымен оны зорлаған. Кісі өлтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігімен (Кәмелетке толмаған адамды өлтіру) сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл қайғылы оқиға Мемлекет бас­шы­сын да бейжай қалдырмады. Прези­дент Бас прокуратура мен Ішкі істер ми­нистрлігіне істі мұқият тексеруді тап­сыр­ды. Жалпы, Мемлекет басшысы ба­ла­лар­ға қарсы жасалған қылмыстар үшін жа­заны қатаңдату туралы бұрын да айт­қан болатын. «Балалар қауіпсіздігі мен құ­қығын қорғау мәселесіне ерекше назар ау­дару керек. Біз кәмелетке толмағандарға қа­тысты жыныстық сипаттағы әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікті кү­шейттік, бірақ бұл мәселе өзекті болып қа­лып отыр. Ондай қылмыскерлер барын­ша қатаң жазаға лайық, оларға рақым­шы­лық болмауы керек, сонымен қатар мер­зі­мі­нен бұрын да босатылу құқығы беріл­меу­ге тиіс. Олар барынша қауіпсіздігі жо­­ғары абақтыларда отыруы керек. Осын­­дай әр іс прокуратура органының ерек­ше бақы­лауын­да болуға тиіс», – деген болатын. Алайда қаскөйлерге қарсы жазаны қа­таңдату туралы Президент тапсырма бер­­­генімен, зорлық көрген балалар саны азай­май тұр. Оған әсер ететін көптеген се­беп бар. «Не молчи.KZ» қорының жетек­ші­сі Дина Таңсәрі осы аптада nege.kz сай­ты­на берген сұхбатында Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасын ІІМ-нің орын­да­май­тынын айтқан. «Президент пен ІІМ екі бө­лек бізде. Себебі Мемлекет басшысының тап­сырмасын министрлік орындамайды. Не­ге десеңіз, Президент «тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қатысты заңды қа­таң­дату керек» деп бір емес, сегіз рет айтты. Бір­ақ ІІМ-не бәрібір. Заңды қатаңдатқан бо­­­лады, оның еш нәтижесі жоқ», – дейді Ди­на Таңсәрі. Қоғам белсендісінің ай­туын­ша, ІІМ қабылдаған заң нормалары адам­ның құқығын қорғамайды, керісінше тап­тайды. Мәселен, Ішкі істер министр­лі­гі­не шілде айына дейін 636 қоңырау түс­кен, оның 200-і расталмаған деп есеп бер­ген. «Сонда 200 адам ерігіп, жалған қоңы­рау шалып отыр ма? Меніңше, тағы да өзара ымыраға келуге шақырған. «Ал қал­ған адам жауапкершілікке тартылды» дей­ді. Қалай және қайда?» дейді қор жетек­шісі. Бейресми дереккөздері таратқан мә­ліметтерге сенсек, елімізде кү­ніне 3 бала зорлық-зомбылық құрбанына ай­налады екен. Ұлттық статистика бю­ро­сының есебі бойынша, биыл қаңтар айын­да елімізде кәмелетке толмағандарға қа­тыс­ты 227 қылмыстық құқық бұзушылық тір­келген. Бұл өткен жылдың қаңтар айы­мен салыстырғанда 32 пайызға көп. 2022 жылдың осы кезеңінде саладағы құ­қық бұзушылықтар саны жылына 32,8 пайыз­ға аз, 172 болған. Мұндай қыл­мыс­тардың басым бөлігі Алматы облысында жа­салған. Өңірде бір жыл бұрын 18 іс тір­келсе, биыл 25. Сондай-ақ Түркістан, Аты­рау, Жамбыл облыстарында да бала­лар­ға қатысты құқықбұзушылық көрсет­кіші жоғары.

Педофилдің жазасы неге жеңілдетіледі?

Қылмыстық кодекстің 124-бабы, яғни жас балаларды азғындық жолға түсіру қыл­мысынан зардап шеккен балалардың 75 пайызы – он бір жасқа толмағандар. Ал он алты жасқа толмаған адаммен жы­ныс­тық қатынас және жыныстық сипаттағы бас­қа да әрекеттер (ҚК-нің 122-бабы) қыл­­­мысынан зардап шеккен балалардың ор­таша жасы – 14-15 жас. Заңгерлердің айтуынша, осы уақытқа дейін қылмыс­кер­лердің жартысынан көбінің жазасы жеңіл­детіліп келген, олардың тек бас бос­тан­ды­ғы шектелген. Елімізде педофилдерге берілетін ең ауыр жаза – 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Дегенмен бұл жаза озбырларға тосқауыл болмай отыр. Қыл­мыс­керді мемлекет жылдар бойы асырай­ды, қаскөй тегін тамақ ішіп, түрмеде өмір сүреді. Соңында мерзімі бітіп немесе әл­де­­қандай жеңілдіктерге ілігіп қайта бос­тан­дыққа шығады. Өйткені Қылмыстық ко­дек­стің 72-бабына сәйкес педофилдер жа­за­ны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу құқығына ие. «Педофилия бойынша айыпталған қыл­мыскерлердің істері сот барысында жеңілірек баптарға ауыстырылып, жазасы да жиі жеңілдетіледі. Барлық сотталған қыл­мыскердің тек біреуіне ғана ең ауыр жаза тағайындалып, жиырма жылға бас бос­тандығынан айырылған», – дейді заң­гер Қарлығаш Қожағалиева. Оның ай­туын­ша, заң бойынша педофилдерді химиялық каст­­рациялау қарастырылғанымен, бұл жаза іс жүзінде сот практикасында қолда­ныл­майды. «Бұған бірнеше себеп болуы мүмкін. Мы­салы, жазалау шарасын тағайындайтын сот-психиатриялық сараптамасының өкіл­дері әдетте ер адамдар болғандықтан, олар қылмыскерлерге аяушылық таны­та­ды», – дейді ол. Дегенмен Шымкент қаласы қыл­мыстық істер жөніндегі маман­дан­ды­рылған ауданаралық сотының хабар­лауын­ша, 2022 жылы Шымкент қаласында төрт педофил қылмыскерге бас бос­тан­ды­ғынан айырумен қатар химиялық кастра­циялау жазасы қолданылған. Елімізде 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап педофилдерге химиялық кастрация жазасы енгізілді. Қазақстанда алғаш рет 2019 жылы 4 педофилге хи­миялық кастрация жасалды. Қылмыстық ко­декске сәйкес, химиялық кастрация «кә­мелетке толмағандарды зорлады» деген айып тағылып, қылмысы дәлелденген 18 жас­тан асқан адамдарға қолданылады. Пре­парат педофилиямен ауыратын нау­қас­тың тестостерон деңгейін нөлге дейін төмендетіп, құмарлығын азайтады. Алайда химиялық кастрация дәрі немесе екпе түрін­де қолданылатын, әсер ету мерзімі шектеулі нәрсе, яғни уақытша. Проце­дура­ны әр 2-3 ай сайын қайталау керек. Қазақстанда химиялық кастрацияға ципротерон препараты қолданылады. Алай­да дәрігерлер ципротеронның күшін ом­надрен, небидо дәрілері жоятынын ай­тып дабыл қаққан болатын. Дәріханаларда хи­миялық кастрацияның күшін жоятын дәрі­лер еркін сатылады деседі. Сондықтан бо­лар, балаларға қарсы жыныстық зор­лық-зомбылық жасап сотталғандардың 90 пайызы қайта зорлық жасайды деген мәлімет бар. Бұрнағы жылдары Құқықтық статис­тика және арнайы есеп жөніндегі комитет Қа­зақстанда педофилдер туралы мағлұмат беретін электронды база жасаған болатын. Әр адам infopublic.pravstat.kz сілтемесін басып, қылмыскер туралы барлық мәлі­мет­ті қарай алатын. Бұл бастаманы қыл­мыскерлермен күресте толыққанды шара дей алмаймыз. Алайда бұл карта шынайы қылмыскерлерді тануға біршама көмек­те­сетін. Осы мақаланы жазып отырып элек­трон­ды картаны тексеріп көргенімізде ба­за­ның жұмыс істемейтінін көрдік. Сайт­тың қанша уақыттан бері істемей тұр­ғаны және қашан іске қайта қосы­латыны да жазылмапты. Жалпы, Қазақстанда педофилия бойын­ша зерттеу аз жүргізіледі екен. Педофилдер санының көбеюіне заң­ның солқылдақтығы, химиялық каст­ра­ция­ның нәтижесіздігі, ата-ананың балаға сал­ғырт қарауы, азғындықты насихат­тай­тын интернеттегі ашықтықты «кінәлап», бұл тізімді шексіз жалғастыра беруге бола­тын шығар. Педофилиямен күрес кешенді жүргізілмей, нәтиже болмайтыны анық.

Қауіп кімнен?

Қылмыстың аты қылмыс және ол заң ая­сында жазалануы керек. Бірақ жаза ғана мәселені шешуге көмектеспейтінін уа­қыттың өзі дәлелдеп отыр. Өйткені пе­до­филия – психикалық ауытқу, ересек адам­ның жас балалардың тәніне қызығуы. Егер ойын жүзеге асырса, жыныстық зор­лыққа жатады дейді мамандар. «Қандай адам педофил болуы мүмкін?» деген сауа­лы­мызға Орталық Азия психоанализ инс­­титутының директоры, психоана­ли­тик Анна Құдиярова: – Педофилия бұл – дерт. Ол өзінің ба­лаға құмарлығы бар екенін біліп, пси­хологқа келсе, жыныстық қылмыстың ал­дын алуға мүмкіндігі бар. Бірақ көп жағ­дайда педофил психологқа келмейді. Кө­біне қазіргі зорлықшы – бұрынғы құр­бан. Қарапайым мысал келтіріп көрейік. Есіңіз­ге түсіріңізші, ата-анаңыз сізге қалай ұрсатын еді? Оңбаған, нақұрыс дегенде сіз­дің бала жаныңыз ауыратын. Қазір ба­лаңызды не кіші іні-сіңліңізді тап солай ұрса­сыз. Яғни, сол сөз жаныңызға батқа­нын біле тұра, өзіңізден кіші, әлсіздің жа­­н­ын тап солай ауыртып жатырсыз. Ұлғайтып айтсақ, өздері педофил құрбаны болған адамдарда тап осындай про­цесс жүреді. Сондықтан педофилияға ұшы­раған адам өз жаным ауырып жатыр деп қана емес, болашақта педофил болу қау­пінен де сақтанып психолог алдына келуі керек. Біреу айтуға ұялады, біреу өзін ба­қылай аламын деп ойлайды. Психика кейде логикаға бағынбайды. Сондықтан ма­манға жүгіну қажет, – деп жауап берді. Яғни, бүгінгі құрбан – ертеңгі зор­лықшы. Қисынға салсақ, кішкен­тай кезінде жыныстық зорлық-зомбылық көрген адам есейгенде балаларға соны жа­сау ықтималдығы жоғары. Бұл жерде біз жәбірленуші туралы айтып отырмыз. Сон­дықтан да қазір зорлыққа ұшыраған ба­лалармен кешенді жұмыс жүргізіп, жан жа­­расын жазу болашақ қоғам үшін қауіп­сіз өмірдің алғышарты десек те бола­ды. Осы саланы зерттеп жүрген шетелдік ма­­мандар да «Педофилия қайдан шыға­ды?» деген сұрақтың нақты жауабын із­деу­мен келеді. Алайда кейбір зерттеушілер ба­лаларға қарсы қылмыс жасайтын адам­дар­дың бәрі бірдей балалық шағында зор­лық көрген деген ойды жоққа шы­ғарады.

«Ауруын жасырған өледі»

Шынын айту керек, бала құқығын қорғауға міндеттелген мемле­кет­тік органдарда, сот органдарында және жал­пы қоғамда балаға жасалатын жы­ныс­тық зорлық-зомбылықтарға әлі де бейжай қа­райды. Мәселен, зорлыққа ұшыраған ба­ла ата-анасына қорқып айтпайды. Кей жағ­дайда отбасы мүшелері біле тұра құ­қық қорғау органдарына жүгінбей, «жа­булы қазан» күйінде қалдырады. Мұндай қыл­­мыстың болғанына біле тұра жасыр­ғандарға қылмыстық жаза қарастырылған, соған қарамастан бізде көп жағдайда жа­сырады. Өйт­кені тәжірибе көрсет­кенін­дей, «жау алыс­тан келмейді». Әлем бойын­ша жы­ныс­тық зорлық-зомбылыққа ұшы­раған бала­лар­дың 30 пайызы өзі тұратын отбасы мү­шесінен зорлық көрсе, 60 пайы­зы отба­сы мүшесі емес, бірақ өздері күн­делікті көріп-біліп жүрген ересек адам тарапынан (көршісі, туысы, ата-анасының досы) зор­лық көреді. Жыныстық зорлық-зом­бы­лық­қа ұшыраған балалардың тек 10 пайы­зы ғана бейтаныс адамнан зардап ше­геді екен. Қазақстанда балаларды зорлаған пе­до­филдердің дені жәбірленушілердің жа­қын туысы болып шығатыны туралы жа­қында депутат Нартай Сәрсенғалиев та айт­ты. Депутат келтірген статистикаға сүйен­сек, 2019 жылы Қазақстандағы құ­қық қорғау органдарының есебінде адам зорлаған 2 800 қылмыскер, бала зорлаған 1 350 педофил тұрған. 2021 жылы к­о­л­о­нияларда 1 861 педофил жазасын өтесе, 50-і сол жылы бостандыққа шыққан. «Осы орайда балаларды зорлаған кім де­ген сұрақ туады. Балаларды зорла­ған­дардың 77 пайызы өз әкесі, өгей әкесі, көр­шісі немесе сол үйдің туысы деген ақ­парат алдық. Бұл енді сұмдық жағдай», – деді мәжілісмен. Тақырыпты зерттеу барысында елі­мізде зорлыққа ұшыраған бала­лармен жұмыс істейтін білікті психологтар мен тергеушілер жетіспейтінін байқадық. Баланың тілін тауып, жанын жараламай сұхбат құратын, сабырмен сөйлесетін ма­ман­дар тапшы. Мәселен, бізде жәбір­лену­шіні көпшіліктің ортасында тергей береді. Қойылған сұрақтан бала тұйықталып, аб­ды­рап қалады екен. Сонымен қатар қо­ғамның назары қаскөйге ауатындықтан, жә­бірленуші бала көпшілік көзінен та­саланып, ішкі жан дүниесін ешкімге аш­пай, «тығылып» қалады. Зорлық-зомбылықтан ешкім сақтан­дырылмаған. Алайда қазақ «сақтанғанды Құдай сақтайды» дейді. Осы ретте Орта­лық Азия психоанализ институтының ди­рек­­торы, психоаналитик Анна Құдия­ро­вадан «Қай­ғылы жағдай болғанда не іс­теу ке­рек?» деп сұраған едік. – Педофил құрбаны болудың салдары әр­түрлі: бала жаны жаралы адам болып өсе­ді немесе суицид жасауы мүмкін, тіпті өзіндік болмысын жоғалтып, өзінің не ер­кек, не әйел екенін түсінбей өтуі мүмкін. Балаңыздың қорлық көргенін аң­ғар­ған кезде ашуға бой алдырмай сөйлесу ке­рек. Оның өзін кінәлі сезінуіне жол бер­меңіз. Көп сұрақтың астына алмаңыз. Қа­шан, кіммен болғанын сұраңыз. Бірақ не үшін олай болғаны туралы сұрамаған дұрыс. Жағдайды естіген кезде көз жасыңызға ерік бермеңіз. Сіздің жүрегіңіз ауырып тұр­ғанын көрген балаңыз өзін кінәлі сезі­ніп, ары қарай ештеңе айтпауды жөн са­найды. Жылап тұрған балаңызды тыныш­тан­дыру мақсатында оған көмектесу үшін қол­дан келгеннің бәрін жасайтыныңызды айтыңыз. Жақында менің «Үнсіз педофилия» деген кітабым шықты. Электронды нұсқа­сын тегін таратып жатырмыз. Басылым педо­филия мәселесін терең түсінгісі ке­летін және оның алдын алуды көздейтін із­денушілерге, ата-аналарға, ұстаздарға, мектеп психологтарына, практик пси­хо­логтарға және барша оқырманға арналған. Бұл кітапты әр ата-ана оқуы керек, – деді Анна Мергенбайқызы.

40 пайызға жуығы қайта қылмыс жасайды...

Психоаналитиктің бұл сөзін сек­солог Әйгерім Камалова да қолда­ды. Оның айтуынша, зорлыққа ұшыраған қыз өмір бойы қорқынышпен өмір сүреді. – Қазір ажырасушылардың көпшілігі – бала кезінде зорлық-зомбылық көрген ке­лін­шектер. Алдыма келген қыздардың 80 пайызы өз әкесі, ағасы, ағасының дос­тары, әкесінің інілері тарапынан зорлыққа ұшыраған. Осыны айтсаң, көп адам сенгісі кел­мейді. Туыстық қарым-қатынасты үзгі­сі келмегендіктен көп аналар қызының зор­ланғанын жасырып қалған. Алайда қы­зы өсіп, тұрмысқа шыққаннан кейін от­басылық өмірде бақытты бола алмайды. Оған күйеуімен қарым-қатынас құру оңай бол­майды, баланы да өмірге қиындықпен алып келеді. Әйелде балалары үшін қор­қы­ныш, алаңдаушылық пайда болады. Әйел өзінің жан дүниесін, эмоциясын шы­ғара алмайды. Күйеуін, ата-анасын, ту­ған-туысын жек көре бастайды. Өйткені миын­да «анам мені қор­ғамады» деген сиг­нал тұрады. Менің алдыма күйеуі туған қызын зор­ламақ болған келіншек келді. Әйел жүк­ті болған, күйеуі екеуі үлкен қыздарын ор­таға алып жатқан. Түнде күйеуі өз қы­зына жыныстық сипаттағы әрекет жа­саған. Ертесіне қыз бол­ған жайтты 9 жас­тағы ағасына айтады. Солай анасы да ести­ді. Күйеуі менің есімде ештеңе жоқ деп ақ­талған. Менің алдыма келген әйел не іс­тейін, ажырасуым керек па деп сұрады. Біз мұндай жағдайда таңдауды адамның өзі­не қалдырамыз. Аталған жағдайға ер­кекті де, әйелді де кінәлауға болады. Қазақ бала­ны бесікке бөлеп, түнде бетін жауып ұйықтатқан. Баланы 2 жастан бастап бө­лек жатқызу керек деп бекер айтылмаған. Ба­ланы бөлек жатқызуға үйретпеген әйел кінәлі. Ал ер адамда мұндай ой сол түні пай­да болды деу қиын. Оның қызына де­ген сексуалдық қарым-қатынастағы ойы бұрын да болғаны анық. Әйтпесе, өз қы­зына мұндай әрекет жасамаушы еді, – дей­ді сексолог. Маманның айтуынша, түрмеде педо­филдермен кешенді жұмыс жүргізілуі ке­рек. Сотталғандар түрмеден шығып қыл­мы­сын қайта жалғастырып, қоғамға қауіп тудырмаудың алдын алу шараларын қолға алатын кез келді. «Әдетте, педофил­дердің көбісі – анасының өзге ер адаммен көңіл қосқанын көргендер. Әйелдердің барлығы көзге шөп салады деген түсінікпен қыз ба­ласын жек көріп өседі. Іштей әйелдерге ашулы, кек алғысы келеді. Қызды қинап өлтіре салу оларға түкке тұрмайды. Пе­до­фи­лия ауру болғандықтан оны емдеу ке­рек. Қылмыскер 10 жылға сотталады, шық­қан соң қайтадан қылмыс жасайды. Ал зардап шеккен қыздардың арасында өзі­не қол жұмсаушылар жиі кездеседі. Жә­бірленуші қыздар үшін екінші жол – же­зөкшелік. 14-15 жастағы қыздардың сау­нада жұмыс істейтінін көріп, естіп жүр­міз. Үшінші жағдайда қыздар лесбиге ай­налады. Ал зорлық көрген ер балалар гей болып шығады» – деді сексолог. Халықаралық статистикаға сүйенсек, педофилдің қылмысты қайта жасау көр­сет­кіші әр жерде әртүрлі. Алайда басы ашық бір шындық бар. Бала зорлау­шы­лардың бұл қылмысты қайталауы са­лыс­тырмалы түрде жиірек болады. Бос­тан­дыққа шыққан педофилдердің 40 пайызға жуығы бостандыққа шыққаннан кейін бірінші жылы жаңа жыныстық қылмыспен ұсталған, ал олардың құрбандарының көбі 13 және одан кіші жастағы балалар болған. Сондай-ақ күн сайын 500 мыңға жуық пе­до­фил интернет желісінде отырады екен. Зерттеулерге сәйкес 12 мен 15 жас ара­л­ығындағы балалар – желідегі педо­фил­дердің негізгі нысанына айнал­ған.  width=Гүлзат ҚАНАТ, психоанализ бағытындағы практик-психолог:

Олардың ортақ сипаты жоқ

Педофил – ішкі дүниесі өспей қалған, көп жағдайда бала кезде өзі де педофилдің құрбаны болған адам. Оның биологиялық жасы кәмелеттік жастан асып кетсе де, психологиялық жасы кішкентай, сол себепті ересек адамдармен жыныстық қатынаста болуы қиын. Ол өзін жыныстық қанағаттандыру мақсатында балаларды пайдаланады. Педофилдің қалыптасуына көптеген фактор әсер етеді: әлеуметтік жағдай, отбасындағы моральдық көзқарас, жан жарасы және т.б. Бірақ педофилді анықтау үшін осы факторларды жеке-жеке қарастыруға болмайды, әдетте оның бала кездегі жан жарасы мен басқа да факторларды тұтастай алып қарау керек. Педофилдің жалпыға ортақ физикалық сипаты, сыртқы келбеті, мамандығы немесе тұлға типі жоқ. Балаларды зорлаушылар кез келген жыныстың немесе нәсілдің өкілі болуы мүмкін, сонымен қатар олардың діни көзқарасы, кәсібі мен хоббиі де әртүрлі. Бала зорлаушының сыртқы келбеті әуелі құрметке лайық, үлгілі, сүйкімді, мейірімді және жақсы мінезді болып көрінуі мүмкін. Себебі олар зорлық әрекетке бағытталған қауіпті ойларын жасырып қалуға дағдыланған. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, педофилдердің 50 пайызға жуығы социопаттық белгілері бар адам болып шыққан. Ондай адамдар қоғамда қалыптасқан ережелер мен үрдістерге бағынбайды және бұл үшін алаңдау, ұялу, өзін кінәлау немесе өкініш сезімі болмайды. Педофилияның ең айқын белгілерінің бірі – ересек адамның балалар әрекетіне ерекше қызығушылық танытуы. Көптеген педофил ересектерге тән іс-әрекеттерге көңіл бөлгеннен гөрі, уақытты бала сияқты немесе балалардың жанында өткізгенді қалайды. Олардың хоббиі де балаларға тән хоббилерге ұқсас болады. Педофилдер балалармен сөйлескенде ересек адаммен қатынас құрғандай күйде болатыны байқалады. Балаларды зорлаушылар көбіне барлық баланы жақсы көретінін немесе өзін әлі бала сияқты сезінетінін айтады. Педофилдер әлсіз, дәрменсіз, ерекше қолдауды қажет ететін, бірақ отбасынан ондай қамқорлық көрмейтін, ұялшақ немесе тұйық балалармен қарым-қатынас орнатуды жөн көреді. Олар құрбандарына қамқорлық көрсетіп, ақшамен қамтамасыз етіп, ақыр соңында олардың досына немесе тәлімгеріне айналады. Содан кейін педофил баланы порнографиялық фильмдерге немесе сондай мазмұндағы басқа да контентке қызықтырып, өзіне икемдеп, баули бастайды. «Сенімге кіру» термині – педофилдің баланың сеніміне, кейде ата-анасының сеніміне кіру үшін әрекет ету процесін білдіреді. Арам ойын жасыра жүріп, айлар, тіпті жылдар ішінде педофил отбасының сенімді досына айналады. Ол бала күтуді, баланы дүкенге немесе саяхатқа апаруды немесе басқа да жолдарды тауып, оны сылтау қылып, баламен жалғыз уақыт өткізу үшін түрлі амал жасауға тырысады. Көптеген педофил баланың сеніміне ие болғанға дейін балаға қиянат жасамайды. Кейбіреулер балалардың көңілін табу үшін, өзінің сенімді адам екенін дәлелдеу үшін айналасындағы адамдардың пікірін пайдаланады. Порнографияны көруге көп уақыт жұмсайтын, әсіресе балалар порнографиясын қызықтайтын кез келген адам педофилияға бір қадам жақын екенін ескеру керек. Балалар порнографиясын көру – қызығушылық немесе құмарлық қана емес, балаға қарсы жыныстық зорлық көрсетуді қолдау, балаға қатысты қылмысқа қатысу болып саналады.