«Елорданың діни нысандары» таныстырылды

«Елорданың діни нысандары» таныстырылды

«Елорданың діни нысандары» таныстырылды
ашық дереккөзі

Жақында Астанада ресми қызмет ететін діни бірлестіктердің шығу тарихы, қызметі мен діни ғибадат ғимараттары жайында жа­зыл­ған «Елорданың діни нысандары» атты энцик­ло­педиясы таныстырылды. Іс-шараның мақсаты – қо­ғамда дәстүрлі рухани-адамгершілік құн­ды­лықтарды қалыптастыру. Таныстырылымға елордалық діни бірлестіктердің басшылары, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық өкілдері мен мемлекеттік органдардың қызметшілері қатысты. Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Кана­лимов энциклопедияның таптырмас нұсқаулық екенін атап өтті.

– Дін – халқымыздың ұстыны. Қазақ салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дінмен ұштастырған. Салиқалы өмір сүру, ұрпақ тәрбиелеу, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету қа­сиеттерін қалыптастыру дін мен дәстүріміздің ерек­шелігі. Бұл еңбек қалың оқырманға және дін саласының зерттеушілеріне нұсқаулық болады деп ойлаймын, – деді мәслихат төрағасы.
Энциклопедия шығару ісіне басшылық еткен қала әкімінің орынбасары Есет Байкен Астана қаласындағы діни бірлестіктердің тарихы мен культтік тәжірибесі тура­лы баяндалған ең алғашқы бірегей еңбектің елордамыздың ширек ғасырлық мерейтойына ерекше тарту екенін атап өтті.
– Бүгінгі жиын Астананың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Дін істері басқармасымен ақылдаса келе, саладағы жетістіктерді көрсету мақсатымен энциклопедия шығаруды ұйғардық. Ширек ғасырда елордада атқарылған шаралар біз үшін үлкен жетістік деп білемін. Елімізде үш жылда бір өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі елордамызды әлемдік және рухани диалог орталығына айналдырды. Елордадағы 14 діни конфессия мен 57 діни бірлестіктің еңбегінің арқасында 25 жылда елордадағы дін саласы өзіндік дара жолын қалыптастырды. Аталмыш басылым осы жетістіктер жайында сыр шертеді, – деді қала әкімінің орынбасары.
Жаңа жинақ 16 тарауға бөлінген. Әр бөлімінде елор­дамыздағы конфессиялар туралы жан-жақты ақпарат берілген. Сондай-ақ діни бірлестіктердің шығу тарихы мен бүгінгі атқарып жатқан жұмысы туралы жазылған. Соны­мен қатар түрлі діни орындардың сәулетті ғимараттарының фотолары енген.