4719
«Алтын сырға» сөзін дұрыс қолданып жүрміз бе?
Қазақтың қасиетті тілінде киелі сөздердің төркіні, мән-мазмұны бар. Олар бір ғана мағынаға ие болып қана қоймай, сан алуан сұраққа жауап беруге де қабілетті. Солардың ішінде күнделікті өмірде, баспасөзде, әдеби еңбектерде жиі қолданатын сөз бар.
Ол – «алтын сырға» сөзі. Осы сөздің мәнін Шүкірұлы Сабыржан өзінің «Таныс сөздің бейтаныс сырлары» деп аталатын еңбегінде былай деп сипаттаған:
Әңгіме үстінде біреудің жақын-жуығына байланысты ұнамсыз жайды, не сол ортадағы жасы кіші адамдарға, әсіресе қыз-келіншектерге ерсілеу сөзді айтуға мәжбүр болған жағдайда, кешірім сұрау есепті айтылатын осы сөзді кейбір басылымдар (газетті сынау үшін емес, сөз төркінінің дұрыс түсіндірілуі мақсатында болғандықтан, басылым атын атамай-ақ қояйын) жағымды хабарды жеткізу мағынасында қолданып жүргені байқалады. «Құлағына алтын сырға» (келіннің құлағына алтын сырға, қыздардың құлағына алтын сырға, әйелдердің құлағына алтын сырға, т.б. жеке адамдардың да атын атап осылай дейді) деген тұрақты тіркес әңгіме арасындағы ағымсыз сөзді бейтарап адамға, яғни оны тыңдауға жасы, жолы, жынысы, тағы басқа да рәуәйттары келмейтіндерге «сен естімеген бола сал» мағынасында айтылатын тілек есепті.