1466
Отбасы күйреуінің басты себебі – эгоцентристік көзқарас
Отбасы күйреуінің басты себебі – эгоцентристік көзқарас

Отбасы – мемлекеттің тірегі. Әр отбасында тәжірибеге енгізіліп, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін құндылықтар бар. Ол отбасы мүшелері арасындағы сыйластықты арттырып, сенімді нығайтады. Осы ретте отбасы құндылығын насихаттау туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор, этнограф Аманжол Қалышпен әңгімелескен болатынбыз.
– Сұхбатымызды ұлттық, отбасылық құндылықтарымызға қаншалықты мән беріп отырмыз деген сауалдан бастасақ.
– Біздің ұлт ретінде құндылықтарымыз жетерлік. Ұлан-байтақ жеріміз, сақтап қалған тіліміз бар. Жалпы, ұлттық, отбасылық құндылықтар жиі насихатталуы керек. Өйткені қазіргі кезең жаһандануға жұтылмау жолында ұлттың бет-бейнесін сақтап қалуға барынша күш салатын уақыт. Бүгінде жұрт газет оқымайды, теледидар қарамайды. Әлемнің жаңалығын алақандағы телефоннан біліп отырады. Сондықтан интернетті құндылықтарымызды насихаттауға пайдалануымыз керек. Америка сан түрлі ұлттардан құрала отырып, өз идеологиясын кино арқылы әлемге насихаттап отыр. Бізде де қазақты әлемге танытатын, мойындататын тарих бар. Тек соны ұтымды пайдалансақ болғаны. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін социалистік қоғамнан капиталистік қоғамға секіріп өттік. Өтпелі кезең мемлекеттік жүйеден бастап отбасы құндылықтарына дейін өзгертіп жіберді. Нарықтық қатынас бізді қаласақ та, қаламасақ та басқа адамға айналдырып жіберді. Заманмен бірге құндылықтар да өзгерді. Ақша, дүние мәселесі адамгершіліктің алдын орап кетті. Бес мың жылдық өркениет тарихы бар Қытайдың «Дәуірлер ауысқанда өмір сүр» деген ең ауыр қарғысы бар. Өтпелі кезең бәрібір өз дегенін «жасатады», өз «қалауын» орындатады екен.
Бүгін біздің басымыз «Қалай баю керек?», «Қалай көп ақша табу керек?» деген мәселемен ауырып жүр. Ұлттық, отбасылық құндылықтар екінші, үшінші орынға ысырылып қалды. Қазақ қазақ болып қалуы үшін не керек? Ең алдымен, «мен қазақпын» деген этникалық бірегейлік қажет. Екінші ана тілді білу керек. Туған тілін білмейтін қазақ көп. Бұл қауіпті жағдай. Дамыған Ұлыбритания, Америка, Германия мемлекеттеріне барыңыз, өз тілінде сөйлейді. Олар өз тілінде сөйлеуге жатсынбай, намыстанбай, оны дамыта отырып, алпауыт елге айналды. Сол елдерге тіл білмей барсаңыз, біраз қиындыққа тап боласыз. Өйткені тіл білуді қажеттілік деңгейіне дейін көтеріп тастаған. Ал біздің елде қазақ тілін білмейтін талай ұлт өмір сүріп жатыр. Қазақ тілін білу керек деп те санамайды, мұндай ой олардың санасына кіріп те шықпайды. Үшіншіден, мәдениетімізді көрсету керек. Біздің мәдениетіміздің тарихы бірнеше мыңжылдықты құрайды. Тарихқа қарасақ, сонау сақ, қаңлы, қыпшақ, түріктер құрған тайпалардан бастап біздің жерімізде 25 мемлекет құрылған екен. Біз – сол 25 мемлекеттің мұрагеріміз.
Қазақ тек аттың жалында, түйенің қомында, мал соңында жүрген жоқ. Материалдық мәдениетіміз де дамып отырды. Ұлы Жібек жолы, оның бойындағы қалалар мәдениеті, ұлттық тағамдарға дейін бүгінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Осы байлықты өз балаларымызға үйрете алсақ, ұтылмас едік. Біз құндылықты үйретуді отбасынан бастауымыз керек. Осы ретте бала тәрбиесін мектепке сеніп тапсырудың қажеті жоқ екенін баса айтқым келеді.
– Отбасы құндылығы туралы айтқанда бала тәрбиесі мәселесін айналып өте алмаймыз.
– Қазақ қоғамында әйелдің статусы бала санымен анықталған. Алтын құрсақ аналарымыз қашан да үлкен құрметке лайық болған. «Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, екі баласы бардың болар-болмас халі бар, үш баласы бардың үш рулы елде малы бар, төрт баласы бардың төрт құбыласы тең болар, бес баласы бардың ешкімге дес бермейтін жөні бар» деген Досай бидің сөзі осыдан қалған.
Ата-бабамыз бала тәрбиесіне өте үлкен мән берген. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, бауырға қамқор болуды ерте жастан баланың санасына сіңірген. Ата-ана үйдің тұңғышы шаруаға жараған кезде артынан ерген іні-қарындастарына қамқор болуды үйреткен. Мұндай отбасыларда әр баланың өзіндік орны, жауапкершілігі болған. Бала жастайынан еңбекке үйренген. Мысалы, біреуі су тасыса, екіншісі отын жарып, үшіншісі малға қарап, төртіншісі үй шаруасына көмектескен. Міне, балалар жастайына еңбек арқылы ысылып, отбасының алдындағы жауапкершілікті сезінген.
Отбасылық құндылықтарымыз әлі күнге сақталып отыр. Мәселен, бір үйдің әр баласы өз алдына шаңырақ құрып, үй болып кетсе де үйдің үлкендерінің алдын қия кеспейді. Үлкен шаруаны бастар алдында үлкендермен ақылдасып, ақ батасын алып барып іске кіріседі. Ендігі мәселе балаларымызды да осы дәстүрмен тәрбиелеу болып отыр. Қалада тұратындар ауылдан алыстамай, балаларын елге жиі апарып тұрса, одан бала жаман болмайды. Үйдің үлкендері ауылдан келген інісін сыртқа теппей, бірге тұрып, көмек қолын созып, таршылық көрсетпесе, бәрі ауызбіршілігі жарасқан тату отбасына айналар еді.
Бұрын аналарымыз әр баланың өз несібесі бар деп 9-10 баланы өмірге әкелетін. Қазір ата-аналар баланың сапасына мән бере бастады. Өйткені әр баланың біліміне, тәрбиесіне, оқуына инвестиция керек. Сондықтан қазір көп ата-ана ойланып барып қадам жасайтын болды. Негізі, өздері үлкен отбасынан шыққандар көпбалалы болғысы келеді. Себебі олар бауырдың көптігінің қандай маңызы барын жақсы түсінеді. Балаларының жалғыз өскенін, өзін ғана ойлайтын адам болғанын, тіпті есейгенде жалғыз қалғанын қаламайды.
– Нарықтық кезең ата-анамен қатар баланың да жұмыс істеуіне жол ашып, тіпті кей жағдайда мәжбүр етіп отыр. Баланы жастай ақша табуға үйрету қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?
– Біз баланы ақша табудан бұрын еңбекке, мамандықты дұрыс таңдауға үйретуіміз керек. Бұрын өзіміз мұғалім, дәрігер, инженер, құрылысшы боламын деп өзімізге нақты мақсат қоятынбыз. Қазіргі құндылық – тез баю, ақша табу. Бәрі кәсіпкер, экономист, заңгер болғысы келеді. Оқу бітіріп алып, мамандық бойынша жұмыс таппай жүреді. Тағы да дамыған елдерді мысалға алайықшы. Германияда, Жапонияда құрметке лайық мамандық иелері мұғалімдер, дәрігерлер, заңгерлер. Қазір бізде де осы мәселеге қайта көңіл бөлініп жатыр. Мұғалімдер мен дәрігерлердің әлеуметтік статусы көтеріліп, жалақылары жоғарылады. Болашақта бұл мамандықтарға деген құрмет артпаса, кемімейді деп ойлаймын.
– Отбасы дегенде, ең алдымен неке қию және ажырасу мәселесі еске түседі. Соңғы 10 жылдағы статистикаға назар аударсақ, ажырасудың белең алып тұрғанын көреміз. Өзіңіз отбасы, ажырасу тақырыптарын терең зерттеп жүрсіз. Бұл қоғамның дертінің себебі неде деп ойлайсыз?
– Ажырасудың әлемдік рейтингіне қарасақ, бұл көрсеткіш Молдова, Грузия, Литва, АҚШ, Латвия, Қазақстанда жоғары, Швеция, Финляндия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Қырғыз Республикасы, Әзербайжанда орташа деңгейде болса, Австрия, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Өзбекстан, Панама, Гватемалада төмен екен.
Қазақстанда 400 мыңнан аса жалғызбасты ана бар. Жалғызбасты әкелер саны – 60 мың. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, ажырасу көрсеткіші қала тұрғындары арасында ерекше көп – 72,2 пайыз, қалған 27,8 пайызы ауыл тұрғындарына тиесілі.
Ажырасудың артында қанша адамның тағдыры, қанша сәбидің көз жасы тұр. Ажырасу проблемасы ұлттың сапасы мен санына, қасиеті мен қабілетіне де әсер етеді. Мен ажырасуға байланысты Қазақстанда бірнеше кітап шығарғанмын. Ғылыми жобаларды да ұтып алдым. Еліміздегі ажырасудың себептерін 3 топқа бөлуге болады. Біріншісі, әлеуметтік-экономикалық, екіншісі, моральдық-психологиялық, үшінші биология, физиологиялық.
Отбасын құрушылардың басты қиындығы – ақшаның жетіспеуі. Бұған жұмыссыздықты қосыңыз. Қазір баспана мәселесі де ушығып тұр. Осы ретте мемлекетіміз жас отбасыларға беретін көмегін аямаса дейсің. Жастарға жұмыс табылса, үй мәселесін шешудің тетіктері жеңілдесе, ажырасушылар да азаяр еді. Түркістан облыстық АХАЖ бөлімінде сот архивтерін қарағанымда ажырасқандар өз себептері ретінде жұмыссыздықты атап көрсеткен. Оңтүстік өңірлерде жастар жұмыс таппаған соң амалсыз Алматы мен Астанаға аттанады.
Моральдық-психологиялық себептің өзі әртүрлі екен. Ажырасушылар 20 шақтысын атап өткен. Кең таралғаны, маскүнемдік, есірткі, құмар ойындарға тәуелділік, ерлі-зайыптылардың отбасына туысқандардың араласуы. Өзге отбасының ішкі шаруасына араласу түптің түбінде ерлі-зайыптының бір-біріне деген көңілін суытып, екі жаққа кетуіне себеп болады.
– Қазақ қоғамында бұрын неліктен ажырасу аз болған?
Бұрын жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендердің сөзін жерге тастамаған. Олардың шешіміне қарсы тұрмаған. Олар бұзығын тыйып, ақылын айтып, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, бәрін өздері реттеп отырған. Ажырасуда тек белгілі бір себептер ғана ескерілген. Әйел адам өз бетімен билерге жүгініп, ажырасамын демеген. Ал ажырасқан күннің өзінде бала әкесінде қалған. Сол себепті ажырасу өте аз болған.
Ажырасу өткен ғасырдың 40-50 жылдары кең етек жая бастады. Мысалы, 1950 жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 1980 жылдары әрбір төртінші, 1990 жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардың жолдары екі айырылатын болған. 2000-жылдары тіркелген 90 873 некенің 27 391-і бұзылған. Ал он бір жыл араға салып қарасақ, 2011 жылы үйленген 160 517 жұптың 44 928-і ажырасқан. Қазір ажырасу қалыпты жағдайға айналып отыр.
Елімізде отбасы институты әлсіреп, дәстүрлі моральдық-адамгершілік ұстанымдар деградацияға ұшырап, туысқандық байланыстар үзіліп жатқаны жасырын емес. Осылайша, өзі үшін ғана өмір сүретін эгоцентристік көзқарас қалыптасып отыр. Міне, осыдан келіп отбасы күйреуінің басты себебі ретінде ердің де, әйелдің де эгоцентристік (менмендік) көзқарастарының басымдығын атауға болады.
– Отбасын сақтап қалуда ерлі-зайыптыларға не жетіспейді?
– Отбасында әйел мен ердің өз орны бар. Олар өз міндеттерін дұрыс атқаруы керек. Тек қана менің айтқаным болсын демей, әйел күйеуін, күйеуі әйелін тыңдауы керек. Әйел отағасын сыйлап, құрмет көрсетіп, кішіпейілдік танытса, ол отбасында береке болмақ. Сәйкесінше ер адам да отбасы алдындағы материалдық, моральдық жауапкершілігін толық орындауы қажет. Әркім өз жауапкершілігін сезініп, отбасындағы міндетін орындаса, ерлі-зайыптылар үлкен сыйластыққа қол жеткізеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Арайлым БИМЕНДИЕВА