Былтыр балаларға қатысты 2 005 қылмыс жасалған

Былтыр балаларға қатысты 2 005 қылмыс жасалған

Былтыр балаларға қатысты 2 005 қылмыс жасалған
ашық дереккөзі
50322

«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің отырысы өтті. Жиында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі «Бала қорғау» кешенді жоспары талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиілеп кеткенін және бала тәрбиесіне қоғам болып мән беру қажет екенін айтқан еді.

Бұл ретте, Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, құзырлы органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бас қосқан жиында аталған мәселеге баса мән беріліп, ондай оқиғалардың алдын алу жолдарын қарастырды.

 width=

«Елімізде балалар мен жасөспірімдерге қатысты жасалатын қылмыс саны артып барады. Бас прокуратураның дерегіне сәйкес, былтыр балаларға қатысты 2 005 қылмыс жасалды. Оның ішінде, жыныстық қолсұғушылыққа қатысты – 719, балалар арасындағы суицид бойынша 155 оқиға тіркелді. Бұл жайт бүкіл қоғамды алаңдатады. Бүгінгі балақай – ертеңгі ел тірегі. Оның болашағына бей-жай қарауға болмайды», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы.

Өз кезегінде, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан 2023-2025 жылдарға арналған «Бала қорғау» кешенді жоспарымен таныстырып, оның басым бағыттарын атады.

«Бұл құжат әр балаға қауіпсіз орта құруды, ведомствоаралық қызметті үйлестіруді көздейді. Онда жеті негізгі көрсеткіш қамтылды. Соған сәйкес, жоспардың жүзеге асырылу барысына баға беріп отырамыз. «Бала қорғау» – 15 орталық және 20 жергілікті атқарушы органның бірлескен жауапкершілігін айқындайды. Бүгінде жобаның алғашқы нұсқасы ашық талқылауға шығарылды. Нәтижесінде, қоғамдық пікірді ескере отырып, бірқатар өзгеріс енгізіп үлгердік», – деді вице-министр.

Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Кеңес мүшесі Ринат Зайытов балаларға қатысты бастама қоғамға ортақ мәселе екенін және оған аса жауапкершілікпен қараукеректігін алға тартты.

 width=

«Жобаны жүзеге асыру кезінде шетелдік бастамаларды үлгі ете бермей, өзіміздің отандық тәжірибеге сүйенуіміз керек. Балаларды оңалту орталықтарының ғылыми, спорттық бағыттағы жоспарларын жеке-жеке саралаған жөн. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде төл тарихымыз бен әдебиетімізді ұмыт қалдыруға болмайды», деді халық қалаулысы.

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев бала психологиясы мен дамуына кері әсер тигізетін контенттер интернет кеңістігінде және әлеуметтік желілерде белең алып бара жатқанын айтты.

 width=

«Өкінішке қарай, мемлекеттік немесе басқа да жауапты органдар тарапынан интернет кеңістігінде тарап жатқан қысқаметражды бейнежазбаларға, сериалдармен өзге де өнімдерге тиісті бақылау жүргізілмейді. Бақылау болмаған соң жасөспірімдер мен балалардың миын улайтын жат дүниелер көбейіп кетті. Миллиондаған қаралым жинаған мұндай өнімдердің пайдасынан гөрі зияны көп екенін мойындауымыз керек. Нашақорлыққа, өз-өзіне қол жұмсауға, ойынқұмарлыққа итермелейтін бейнежазбаларға шектеу қою қажет», деді «Жастар Рухының» төрағасы.

Жиын соңында Кеңес төрағасы аталған жоспар Ашық нормативтік-құқықтық актілердің интернет-порталына жүктеліп, құжат 5620 рет қаралғанын және жобаны қолдағандар саны небары 2 дауыс болса, қарсылық білдіргендер саны 157-ге жеткенін атап өтті.

«Құжаттың мәні мен мақсатын жан-жақты талқыладық деп ойлаймын. Алайда, біз мұнымен шектелмейміз. Бұл тақырып алдағы уақыттарда да қозғалады. Бала қауіпсіздігі – мемлекеттің басты мәселесі. Әр ата-ана баласының қауіпсіз ортада өмір сүріп, дені сау, білім-білігі мол, саналы ұрпақ болғанын қалайды. «Бала қорғау» кешенді жоспарын кем-кетіксіз, олқылықсыз қабылдау – бәріміздің ортақ парызымыз», деп түйіндеді Нартай Аралбайұлы.

Айта кетейік, кешенді жоспар «Балалардың зорлық-зомбылықтан және қатыгездіктен қорғау құқығын жүзеге асыру», «Білім алушылардың педагогикалық қолдау құқығын іске асыру, балалардың суицидтік және аутоагрессивті мінез-құлқының алдын алу және түзету», «Қазақстандық балалардың әл-ауқатының деңгейін арттыру, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылы» және «Ақпараттық сүйемелдеу» сынды бас-аяғы төрт бөлімнен тұрады.

Құжат биыл қыркүйекте қабылданады деп күтілуде.

Серіктес жаңалықтары