Жастарға жаңа мүмкіндік

Жастарға жаңа мүмкіндік

Жастарға жаңа мүмкіндік
ашық дереккөзі

Жастар – қоғам дамуының қоз­ғау­шы күші. «Сен жастарыңды көр­сет, мен болашағыңды айтайын» деген әл-Фарабидан жеткен тәмсіл ғасырлар бойы өз маңызын жоғалтпады. Бүгінгі жас­тың білімі, сенімі, көзқарасы, бағыты қа­ндай болса, мемлекеттің болашағы сондай болмақ. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағалы бергі жылдарда «Жастар саясаты» туралы заң бірнеше рет қабылданған. Алғаш 1991 жылғы 28 маусымда «Қазақ КСР-дегі мемлекеттік жастар саясаты тура­лы» заңы бекітілген. Бұл экономиканың бір түрі­нен екінші түріне көшуді көрсететін нормативтік құқық­тық акт болды. 1999 жылғы 28 тамызда Қа­зақ­стан Республикасының Жас­тар саясатының тұжырымдамасы бе­кітілді. Аталған құжатта жас­тар­дың адамгершілік-рухани дам­уы, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін жүзеге асыру, зият­керлік және физикалық да­муына жағдай жасау, еңбек, білім және денсаулық сақтау сала­сын­дағы құқықтарды қамтамасыз ету, халықаралық мәдени, эко­но­микалық, ғылыми және білім бе­ру процестеріне қатысу мәселе­лері­не басымдық берілген. Жастар саясатын дамы­туға тың серпін берген 2004 жылғы 7 шілдеде қабыл­дан­ған «Қазақстан Республика­сын­дағы мемлекеттік жастар сая­с­аты туралы» заңы болды. Осы құжат бойынша алғаш рет жастардың жас шегі 14 пен 29 жас аралығы деп белгіленді. Жаңа заң жастар­дың өсуіне оң ықпал етті. Атап айт­сақ, жастарды жеке әлеумет­тік-демографиялық топқа бөлуге, оларға белгілі бір әлеуметтік құ­қық­тар мен мемлекеттік кепіл­діктер беруге мүмкіндік берді. 2015 жылы аталған заңға өз­ге­рістер мен толықтырулар ен­гі­зіліп, аймақтардағы жастар ре­сурс­тық орталықтарының қызме­тін, республикалық және облыс­тық жастар форумдарын өткізуді реттейтін бірқатар нормативтік құ­қықтық құжаттар бекітілді. Ал биыл қабылданған «Мем­ле­кеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң бойынша жастар ұғымы 35 жасқа дейін ұлғайып, енді ха­лықтың үштен бір бөлігі жас­тар са­натына жататын болды. Осы­лай­ша, елімізде бұл санатқа кіре­тін азаматтардың саны бірден 6 миллионға дейін жетті. Жастар жа­сы ұлғайғандықтан, тағы 2 миллионнан астам азамат жеңіл­дігі бар мемлекеттік бағдарла­ма­лар­дың игілігін көре алады. Мы­салы, жұмыспен қамтуға байла­ныс­ты «Жастар практикасы», «Дип­ломмен – ауылға», «Серпін», «Жастар – ел тірегі», «Жасыл ел» мем­лекеттік бағдарламалары енді 35 жасқа дейінгі азаматтар үшін де қолжетімді. Жаңа заң аясында 3,3 мил­­­­лионнан астам адам­ды, оның ішінде 2,3 млн жас­ты жұ­мыс­қа орналастыру жос­пар­ланып отыр. Мемлекеттік жастар сая­сатын жетілдіруге ба­ғыт­талған заң жобасына жас­тар­дың даму индексі және уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET са­наты) ұғымы енгізіліп отыр. Былтыр наурыз айынан бас­тап білім беру ұйымдарының тү­лектері үшін «Жастар прак­ти­касы» (6 айдан 12 айға дейін, 25-тен 30 АЕК-ке дейін) және «Ал­ғаш­қы жұмыс орны» (12-ден 18 ай­ға дейін, 20-дан 30 АЕК-ке дейін) ұйымдастырылып, аталған жобалардың ұзақтығы мен жа­лақысы ұлғайтылды. Мәселен, бұрынғы немесе жаңа мамандық бойынша тәжірибе болмаса да 35 жасқа дейінгілер «Жастар практи­касына» қатыса алады. Яғни, NEET санатындағы жастардың мем­лекеттік қолдау алуына мүм­кіндік жасалды. Аталған іс-ша­ралар 177 мыңнан астам жасты жұ­мыс­қа (оның ішінде 107 мың­нан астамы тұрақты жұмыс орын­­­­дарына) орналастыруға мүмкін­дік берді. Мәселен, «Бастау бизнес» жо­басы аясында 70 мыңға жуық жас онлайн-оқытудан өтсе, «Жасыл ел» жобасы бойынша 2025 жылға дейін жыл сайын ақылы маусым­дық жұмысқа 30 мың жас жұмыл­дырылатын болды. Осылайша, жас кәсіпкерлердің үлесін 20 пайыз­ға дейін арттыру көзделіп отыр. Биыл 1 қаңтардан бастап Мем­­­­лекет басшысының тапсыр­масы бойынша 2021-2025 жыл­дарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жастарға жеңілдікпен шағын несие берудің жаңа тетігі ен­гізілді. 21 жастан 35 жасқа дейін­гі жастар үшін жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен 5 млн теңгеге дейін несие ала алады. Осы бас­та­маны іске асыруға бюджеттен 28 миллиард теңге қарастырылған және 2023 жылы 6 мыңға жуық шағын несие беру жоспарланып отыр. Мұндай несие өз ісін бас­тағысы келетін не кәсіпкерлікпен, оның ішінде тауарлар өндірумен немесе сатумен, жұмыстарды орын­даумен және қызметтер көр­сетумен, жеке қосалқы шаруашы­лық­та өнім өндірумен айналыс­қы­сы келетіндерге тамаша мүм­кіндік. – Жастар – мемлекеттік құ­ры­лымдағы ең үлкен әлеуметтік топ. Басқаша айтқанда, болашақ демографиялық дивиденд. Бүгінгі жастардың басым бөлігі – Тәуел­сіз Қазақстанда дүниеге келген­дер. Әдетте, әлеуметтанушылар оларды Y, Z ұрпағы деп те қарас­тыра­ды. Соңғы Z ұрпақ (1996-2012 ж.) саяси және экономика­лық тұрақтылық жылдарында дүниеге келгендіктен қоғамдық, саяси, әлеуметтік, медиалық және ақпараттық шынайылыққа әлеу­меттенген. Сәйкесінше, бұл олар­дың құндылықтарына да әсер етеді. Жалпы, жастар мәселе­сінің бүгінгі таңдағы өзектілігі – осы бағыттағы мемлекет саясаты­ның маңыздылығын, бағдарын ай­қын­дап отыр. Менің бақы­лауым­­­ша, бүгінгі жастар қоғам­да­ғы саяси процестерге белсене ара­­ласа бастады. Көріп отырға­ны­мыздай, Қазақстанда жастар­дың мүмкіндіктері мол. Ол білім алу бағдарламалары болсын, кә­сіби әлеуетін қолдауға бағыт­тал­ған бағдарламалар болсын, кәсіп­кер­лік қабілеті мен мүм­кіндігін шың­дауға бағыт­тал­ған бағдар­ла­малар болсын, жас­тар­ға жол ашық. Дегенмен біз жас­тардың мем­лекеттік жастар сая­сатына көңілі толмай жататын тұстары­на да куәміз. Ол – жұмыс­сыздық, баспана, кедей­шілік, білім алу­дағы теңсіздік, жатақ­хана және әр­түрлі девиантты мінез-құлық­тардың орын алуы. Мұндай мәсе­лелердің бар екенін білгенімізбен, шешудің жолын созыңқырап алатынымыз бар, – дейді әлеумет­тану­шы Алмагүл Мусина. Сарапшы мамандар жүргіз­ген сауалнама бойынша мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда бірінші кезекте жұмыс­пен қамтуға (респонденттердің 31,1 пайызы), жас отбасыларды тұр­ғын үймен қамтамасыз етуге (29,7 пайызы), сондай-ақ жастар­дың мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың қолжетімділігі мен білім беру сапасын арттыру (15,6 пайыз) мәселелеріне назар аудару қажет. – Қазақ жастары өзінің құ­қық­­тық және қаржылық сауатын күшейтуі керек. Екеуі бір-бірімен өзектес, сабақтас мәселелер. Өз құ­қығын білген адам талап ете ала­ды. Жастар тұрғын үйге қа­тыс­ты мемлекеттік бағдарлама­лар туралы көбірек білсе, қол жет­­кізу мүмкіндігі де артады. Ал қар­жылық сауатты болса, төлем қабі­летін негіздей алады. Алайда Қазақстан жастарының айлығы 100-150 мың теңге көлемінде бол­ғандықтан, жастар мемлекет­тік бағдарламаларға қатысуға кел­­генде ойланып қалады. Өйт­кені айлығы жетпейді, – деген бо­­ла­тын сенатор Нұртөре Жүсіп отан­дық телеарналардың бірінде сөй­леген сөзінде. Жастардың басты уайымы – баспана. Қазақ жаста­ры­­ның 18 пайызында ғана же­ке­меншік үйі бар екен. Әрбір төр­тін­ші жас жалдамалы пәтерде, ал 52 пайызы ата-анасымен бірге тұрады. Баспана мәселесін шешу мақ­сатында жастарға арналған «Елор­да жастары» мен «Алматы жас­тары» бағдарламалары жалға­сын табатын болды. Бұл ипотека­лық бағдарламалар 2025 жылға дейін барлық облыста іске қосы­ла­ды. Жеңілдетілген несие бойын­­ша үйді 25 жылға дейін алу­ға болады. Сондай-ақ 5 пайыз­дық ипотека алатын мамандық­тар да бекітілді. Олар: денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, әлеу­меттік сала, журналистер, по­лицейлер, құтқарушылар, ком­му­налдық қызметтер. Бұдан бөлек, Отбасы банкінде «Жас отбасы» ипотекалық бағдарлама­сы да қарастырылған. Жастарға жағдай жасаған дұ­­рыс. Бірақ қоғамда шамадан тыс мәпелеп, қорғаштау арқылы жас­тардың әлеуметтік жауап­кер­ші­лігін төмендетіп алмаймыз ба де­ген де пікір бар. – Мемлекеттің жастар саяса­тын­­да айтылған мәселелерді біл­­меу, ол туралы ақпараттың бол­мауы көп жастың қолын бай­лайды. Осыдан келіп мен саясатқа риза емеспін, қолдамаймын деген көңіл күй пайда болады. Ми­нистр­лік жастардың мемлекет­тік қолдау шаралары туралы хабар­дар болу деңгейін арттыру 90 пайызға жетеді. Жалпы, жастарды қолдағанымыз жақсы, дегенмен мен үйрену, баулу дұрысырақ дер едім. Өйткені қолдау инфан­ти­лизм­­нің, масылдықтың пайда болуы­на түрткі болуы мүмкін. Ал жастарға белгілі бір дағдыларды беру, еңбекке баулу олардың аза­мат­тық белсенділігін, жауап­кер­ші­лігін оятады. Ал мемлекет сая­саты туралы ақпаратты дұрыс тарату жергілікті жастар ұйым­дары, билік органдарының құ­зы­ретінде. Яғни, аймақтық деңгейде мемлекеттік жастар саясаты ая­сын­да жүзеге асатын жобалар мен бағдарламалар туралы белсенді жұмыстар атқарылуы керек. Егер жергілікті жерлерде, аймақтарда мұндай жұмыс жүргізілмесе, жас­тардың нақты қажетіліктері мен сауалдары жауапсыз қала береді. Бұл тұйық шеңбер іспеттес, нара­зылық пен қанағатсыздықты өршіте береді, – деді әлеумет­тану­шы Алмагүл Мусина. Сарапшының айтуынша, бі­лім алудағы теңсіздікті жою, азайту, қадағалау мен реттеу де маңызды. Білім алудағы мұн­дай шектеулер кейінгі жас буын­ның әлеуетіне, әлеумет­тенуіне, еңбек нарығындағы жылдам­дығы­на, өмірлік мүмкіндіктеріне ті­ке­лей әсер етеді. Өйткені кез кел­ген мемлекеттің болашағы сол ел жастарының біліміне, ең­бек­қорлығына, арман-мұратына бай­ланысты.