50505
Ерлан Қошанов: «AMANAT» зор абырой мен орасан жауапкершілік дегенді білдіреді
Ерлан Қошанов: «AMANAT» зор абырой мен орасан жауапкершілік дегенді білдіреді
Кеше «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының алғашқы республикалық форумы болып өтті.
Форум жұмысына еліміздің барлық өңірінен келген 2 500-ден астам барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен қатар, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, сарапшылық қоғамдастық өкілдері қатысты.
Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын жүзеге асыру аясында өңірлерді дамыту, сондай-ақ мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту мәселелері талқыланды.
Жиын басында сөз алған Парламент Мәжілісінің Төрағасы, партия Төрағасы Ерлан Қошанов аталған форумның басты мақсаты халықты толғандырып жүрген өзекті мәселелерді ашық талқылау екенін баса айтты.
«Елімізде үш жарым мыңға жуық мәслихат депутаты болса, соның екі жарым мыңы, яғни 75 пайызы бүгін осы залда отыр. Сондықтан мұндай басқосулар билік тармақтарының өзара байланысын нығайтып, ортақ конструктивті шешімдер қабылдауға жол ашады деп сенемін. Бүгінгі Форумның басты мақсаты – мемлекет пен қоғам алдында тұрған, халықты толғандырып отырған өзекті де өткір мәселелерді бірлесіп, ашық талқылау, олардың шешу жолдарын іздеу. Бұл – уақыт талабы», – деді ол өз сөзінде.
Ерлан Жақанұлы «AMANAT» дегенде алдымен ойға не оралатынын, партия атауының астарында не жатқанына ерекше тоқталып өтті.
«AMANAT» – бұл еліміздегі ең ірі, ықпалды саяси күш. «AMANAT» дегеніміз – 800 мың партиялас. «AMANAT» дегеніміз – 2,5 мың мәслихат депутаттары. Бүгінгі таңда әр облыста, әр қала мен ауданда партия бөлімшелеріміз бар. Әр елді мекенде бастауыш ұйым жұмыс істейді. Біз әрдайым елмен біргеміз. Елдің қалың ортасында жүрміз. Халықтың сенімі бізге күш береді. Сол сенімнің арқасында, өткен сайлауда Мәжілісте де, мәслихаттарда да басым дауысқа ие болдық. Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсындық. Министрлерді тағайындадық. Мәслихаттағы фракцияларымыз облыстар мен мегаполистердің әкімдерін тағайындады. Бір сөзбен айтқанда, «AMANAT» зор абырой мен орасан жауапкершілік дегенді білдіреді», – деп атап өтті.
Сондай-ақ ол алдағы уақытта Мәжіліс пен мәслихаттардың пәрменді жұмыс істеуіне септігін тигізетін үш қағидатты айрықша атап өтті.
«Біріншіден, Мәжіліс фракциясындағы заң жобалары міндетті түрде өңірлік фракцияларда талқылануы қажет.
Екіншіден, өңірдегі депутаттар өзекті мәселелерді жиі көтереді.
Сондықтан, біз мәслихат депутаттарын Мәжілістегі жұмыс топтарына, партиялық алаңдар мен жобаларға белсенді түрде тартып жатырмыз.
Бұл тәжірибе жалғасады.
Үшіншіден, форумға дайындық кезінде арнайы сауалнамалар жүргіздік. Онда Мәжілістің, қоғамдық кеңестер мен фракциялардың қатысуымен Орталық аппаратта тағылымдамалар ұйымдастыру мәселесі жиі көтерілді. Жақсы үрдіс, бұны мен қолдаймын. Партиялық менеджмент академиясына осы жұмысты жедел қолға алуды тапсырамын», – деді Е.Қошанов.
Партия Төрағасы аманаттықтардың қойылған талап, жүктелген міндет биігінен көрінуі маңызды екенін еске салды.
«Баршамызды бір миссия – мемлекет пен халыққа адал, риясыз қызмет ету миссиясы біріктіреді. Бүгінгі жиынның символы ретінде Қазақстанның туы бейнеленген депутаттық төсбелгіні бекерге алып отырған жоқпыз. Мұның мағынасы кең. Өткен жылы партияның съезінде Мемлекет басшысы: «Мәслихат депутатының төсбелгісі оны халық сайлағанын білдіреді және депутат тек халықтың мүддесі үшін қызмет етуі керек» деген еді. Сондықтан бізге қойылатын талап та аса жоғары болатынын естен шығармайық. Сайлаушылар басқаларға кешіргенді бізге кешірмейді», – деді Е.Қошанов.
Сөз соңында партия Төрағасы фракцияның ішінде біртұтас ұстаным қалыптастыру маңызды екенін баса айтып, кез келген шешім нұсқау арқылы емес, ортақ келісіммен қабылдануы шарт екенін жеткізді.
«Тағы да қайталап айтайын:
Біз – бір командамыз!
Партиялық тізіммен және бір мандатты округтен сайланған депутаттардың құзыреті де, жауапкершілігі де бірдей. Бір мандатты депутаттар халықтың сенімімен, партияның қолдауымен сайланған. Сондықтан, партия сіздерді жалғыз қалдырмайды. Бұған дейін де қолдап келгенбіз және қолдай береміз. Өйткені әр депутаттың уәдесі – партияның да уәдесі. «AMANAT» жауапкершілікті әр депутатпен бірге бөліседі», – деді партия Төрағасы.
Келесі сөз кезегін алған Премьер-Министр Әлихан Смайылов ел экономикасының сыртқы келеңсіздіктерге бейімделіп, тұрақты даму жолына түскенін атап өтті. Үкімет басшысының мәлімдеуінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы 3,3 пайызға өскен. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 27 пайызға көбейген. Ал осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны 18 пайызға өскен. Ал экономикадағы ШОБ үлесі 33 пайыздан 36,5 пайызға дейін ұлғайды. Сондай-ақ, Премьер-Министр нақты өсім құрылыс саласында 12 пайыз, сауда-саттықта 10 пайыз, байланыс саласында 9 пайыз, көлік саласы бойынша 7 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде 3,3 пайызды құрайтынын айтып жеткізді.
«Биыл мамыр айында инфляция 21 пайыздан 15,9 пайызға дейін баяулады. Алдымызда жыл соңына дейін инфляцияны екі есеге дейін төмендету мақсаты тұр. Өткен жылы 44 салада бизнес үшін 10 мыңнан астам негізсіз талап анықталды. Оның 9 мыңнан астамы жойылды. Қалған 1 мыңға жуық талап заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін жойылады», – деді Ә.Смайылов сөз соңында.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістандағы Ұлттық құрылтайда көтерген бастамаларына айрықша мән берді.
«Президент ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім, мәдениет, ғылым салаларын дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл біздің қоғамның дамуындағы негізгі үш деңгейі болуға тиіс. Мемлекет басшысының Түркістандағы сөйлеген сөзінің басты ерекшелігі де осында. Әдетте, біз мәдениет, ғылым-білім жайында екінші немесе үшінші кезекте ғана айтамыз. Президент керісінше бұл салаларға ерекше басымдық беріп отыр. Ол аймақтардағы мәдениет ошақтарын, ауыл мектептерін, балалар кітапханаларын, кітап шығару ісін, театр мен киноны, мұражай жұмысын дамытуға баса назар аударды. Адал азаматтарды қалыптастыру жанашырлық, мейірім, тілектестік сияқты құндылықтарды санаға сіңіруден басталады», – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші «AMANAT» партиясы өзінің мол тәжіриесі мен саяси жауапкершілігінің арқасында халықты толғандырған мәселелерді шешуге әрқашан атсалысуға дайын екенін атап өтті.
«Ол партиялық ұстанымға айналды. Туындаған қиындықты өзінікі немесе өзгенікі деп бөлмеу – бұл жауапты саяси мәдениеттің көрінісі», – деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші.
Одан кейін бірнеше өңірден келген Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция мүшелері өз ойларын ортаға салды.
Шағангүл Жанаева,
Абай облысы мәслихатының депутаты:
Ауылға жас мамандарды тартуды шұғыл жолға қоюды ұсынамын
– Жасыратыны жоқ, қазір ауылда мамандар жетіспейді. Өзім колледжде студент жастармен жұмыс жасайтындықтан, жастардың жағдайын жақсы білемін. Оқу бітірген соң ауылға барайын десе не жұмысы, не үйі, не күйі жоқ. Сондықтан жастар ауылдан қашады. Ауылға жас мамандарды тартуды шұғыл жолға қоюды ұсынамын. Қазірдің өзінде Абай облысы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2 мыңнан астам ауыл жастарына өз ісін бастау үшін шағын несие беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде жас мамандарға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 600 адамға несие беру жоспарда бар. Осы мәселелерді жастарға айтқанда, олардың көзінен үлкен қызығушылық пен зор үміт барын байқадым. Жастарға арналған бағдарламаларды жан-жақты түсіндіріп, оларды кәсіпке ынталандыру – біздің ортақ міндетіміз. Асқар Ноғаев, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты:Біз де халықтың бел ортасынан шыққанбыз
– Бізге мұнай-газ кешені саласының жұмысшылары мен кәсіподақ ұйымдары да жиі өтініш-ұсыныстарымен шығады. Әсіресе, еңбек даулары жиі өтеді. Міне, осындай даулардың бел ортасында «AMANAT» партиясының депутаты ретінде халықпен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, билікке ұсыныстармен бірге жеткізіп, өз деңгейімізде шешуге үлес қосып келеміз. Біз де халықтың бел ортасынан шыққанбыз. Жерлестеріміздің көзіне тік қарай аламыз. Ар-ожданымыз таза. Ал халыққа адал қызмет ету, олардың мұң-мұқтажын заң аясында қарап, шешу, сенімін ақтау – осында отырған баршамыздың міндетіміз. Сондықтан әрқайсымыз ел мүддесі үшін, кемелді келешек үшін жұдырықтай жұмылып, жұмыс жасауымыз керек. Ерлан Саиров, Мәжіліс депутаты:Протекционизм бүгінгі күрделі заманда азаматтардың мемлекетке деген сенімін коррозияға ұшырататын ең басты залал!
– Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда ұлт болып сақталып, халық болып қарыштаудың бір-ақ жолы бар. Ол ұлттық бірлік, мемлекеттік ынтымақ, өзара ықпалдастық. Қазақ «Не ексең, соны орасың» дейді. Біз саяси аренада протекционизмге, өзіңнің жақын-жақпайыңды, ауылдасыңды, руласыңды лауазымға тықпалауға жол бермеуіміз керек! Протекционизм бүгінгі күрделі заманда азаматтардың мемлекетке деген сенімін коррозияға ұшырататын ең басты залал! Сондықтан «AMANAT» партиясының депутаттары өздерінің игі істерімен, ұлағатты ойларымен, нақты қадамдарымен халыққа үлгі болып, жаңа тұрпаттағы саяси мәдениетті қалыптастырудың эталонына айналуы керек. Барлығымыз мемлекетшіл, әділетшіл болсақ, ұлтымыздың рухани әлемі де арайланып, халқымыздың мерейі үстем болары анық! Евгений Буслаев, Қарағанды облысы мәслихатының депутаты: Еңбек адамы – мемлекет пен экономиканың тірегі – Менің еңбек жолым кәсіподақ және партиядағы қызметім тау-кен саласымен байланысты. Мен – кеншімін. Кеншілер отбасында тәрбиеленіп-өстім. Күн сайын өмірін қауіпке тігіп, денсаулығына зияны тисе де, шахтаға түсетін адамдарды мақтан тұтамын. Еңбек адамы – мемлекет пен экономиканың тірегі. Сондықтан еңбек адамының мүддесін қорғау – біздің партияның бағдарламасының негізі. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезінде еңбек адамы зейнетке ауру-сырқауы көп, зейнетақысы төмен деңгейде шықпауға тиіс екенін талай рет айттық. Сондықтан партия өз бағдарламасында зиян тигізуі мүмкін және қауіпті өндіріс орындарының қызметкерлерін уақытынан бұрын зейнетке шығару мәселесін шешуді қолға алды. Бұл залда отырған менің жерлестерім қарағандылықтар Қарағанды облысы әркез еліміздің индустриалды жүрегі екенін растайды. Сол себептен партия бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Кеншілерді толғандыратын басты мәселе – жеңілдігі бар зейнетақы. Бүгінгі форумға Үкімет басшысы қатысып отырғанын ескеріп, бұл мәселеге баса назар аударылу керек екенін айтып өткім келеді. Кеншілер кәсіподағының төрағасы ретінде кеншілермен көп кездесемін. Әр кездесу сайын олар бір ғана сұрақ қояды – зейнетке шығу жасын қашан төмендетеді? Ойлап қараңыздаршы, дәрігерлердің айтуынша, шахтада 25-30 жыл жұмыс істеген адамның денсаулығы 60 пайызға нашарлайды. Әлемдік стандартқа сәйкес, ондай өндіріс орындарында адамдар кемі 13 жыл ғана жұмыс істеуге тиіс. Қайталап айтамын, 13 жыл! Алайда біздің кеншілер ауыр жұмыстан қашпайды, зейнет жасына дейін жұмыс істеуге бар күш-жігерін салып жүр. Өйткені нәпақа тауып, отбасын асырау керек. Ұл-қыздарын аяғынан тік тұрғызуы керек. Сосын зейнетке шыққанда дұрыстап та тыныға алмайды. Өйткені зейнетақысының көп бөлігін ем-дом мен дәрі-дәрмекке жұмсайды. Бұл жағдайды түбегейлі өзгерту керек.Баянды САХАРИЯҰЛЫ, Қосшы қалалық мәслихатының депутаты:
Бұл форум дер кезінде жасалған іс-шара болды
– Кеше бірінші рет ұйымдастырылған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының алғашқы республикалық форумынан ерекше әсер алдым. Бұл жиынға Үкімет басшысының қатысуы партияның қоғамдағы беделі жоғары, ықпалы зор екенін аңғартады. Одан бөлек, форум барысында мәслихат депутаттарының жұмысын жүйелендіруге бағытталған көптеген ұсыныс пен нұсқаулықтар айтылды. Арнайы біз, депутаттар үшін әзірленген нұсқаулық кітапшасы таратылды. Сонымен қатар, депутаттарды алаңдатқан түрлі сауалдарға Министрлік өкілдері мен құзырлы органдар, жалпы айтқанда әр саланың мен деген мықтылары жауап берді. Керемет пікір алмасу болды. Бұл саяси іс-шара жаңадан төсбелгі таққан депутаттарға халық алдында жауапкершілігі мол екенін сезіндірді, оларға тың серпіліс берді десем артық айтпаймын. Мәслихат депутаттарының басы бірінші рет қосылып отырғандықтан, форумның берері мол екені анық. Мұндай игі іс-шара ары қарай да жалғасын тапса екен деген ниетімізді білдірдік. Себебі партия Төрағасы Ерлан Қошанов біліктілікті арттыру, білімін жетілдіруге бағытталған тренингтерді жедел түрде қолға алатынын тілге тиек етті. Сондықтан бұл форум дер кезінде жасалған іс-шара болды. Форум болардың алдында өзімізді толғандырған сауалдарды онлайн түрде жолдаған болатынбыз. Ұйымдастырушылар сол сауалдарымызға байланысты бізді түрлі панельдік сессияға бөлді. Мен ғылым және білім, оқу-ағарту мәселелері талқыланған панельдік сессияға қатыстым. Сессияға қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қойылған барлық сұраққа егжей-тегжейлі жауап берді. Министрдің бұл форумға тыңғылықты дайындалып келгені көрініп тұр. Өзі басқарып отырған салада болып жатқан көптеген өзгеріс, жаңашылдық, ашылатын жаңа оқу орындар, жаңа мамандар, сондай-ақ ауылды жерлердегі мамандарды жұмылдыру секілді мәселелерді тарқатып айтқан кезде министрліктің өте белсенді әрі тиімді жұмыс жасап жатқанына көзіміз жетті. Партияластарымыз көкейінде жүрген өз сауалдарын қойғысы келіп, Министрді соңғы минутқа дейін жібергісі келмеді. Сондықтан мұндай форумдар жалғасын тапса екен деген тілегіміз бар.