Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ
Әбдуәли Баешов: Ток алудың ең арзан көзін таптым

Әбдуәли Баешов: Ток алудың ең арзан көзін таптым
Ол – жаңашыл, әрдайым ізденісте жүретін ғалым. Ғылымға деген махаббаты бала кезден басталған. Бүгінде ол мыңнан аса ғылыми еңбектің, 40-тан астам кітаптың авторы, 250-ден астам патент иесі. Саналы ғұмырында 50-ге жуық кандидат пен ғылым докторын тәрбиелеген. Отандық химия ғылымы саласында елеулі жаңалықтар ашқан профессормен жаңа жобасы және бүгінгі ғылымның жай күйі туралы әңгімелескен болатынбыз.
– Сіз еліміз бойынша электрохимия саласын терең білетін санаулы маманның бірісіз. Бұл сала бойынша ашқан жаңалығыңыз туралы тарқатып айтып берсеңіз.
– Қазір кез келген мемлекеттің экономикасы сол елдің энергетикалық мүмкіндігіне байланысты. Энергияны көп алатын мемлекет – бай елдердің қатарында. Бұрын электр тогын – көмір, газ, мұнай жағып алатын. Бұл үш көзден энергия алу арзанға түспейді. Кезінде Менделеев мұнай жағып үйді жылыту, ток алу – қағаз ақшаны жағумен тең депті. Кейін баламалы энергия көздері – су, жел, электр стансалары арқылы да электр тогын ала бастады. Қазіргі болжам бойынша 200-300 жылда – көмір, ал 40-50 жылда – мұнай қоры таусылады. Бұл мәселенің бір жағы. Екінші жағынан көмірді, мұнайды, газды жаққан кезде атмосферада парникті газдардың құрамының көбеюінен жылу балансы өзгеріп, планетаның температурасы жоғарылайды. Мұны ғылымда парник эффектісі деп атайды. Бұл планетамызға үлкен қауіп. Мәселен, температура 0,5°C-қа өссе, солтүстік полюстегі мұз таулар еріп, бүкіл жерді су басады. Ал температура бұдан да жылыса, не боларын көзге елестетудің өзі қиын. Жердің температурасы 1,5-3°C-қа көбейсе, апатқа алып келеді деген жорамалдар бар.
Ал енді электр тогын алуға келсек. Электр тогынсыз өмір сүре алмаймыз, ол өндірісте, тұрмыста керек. Ендігі мәселе электр тогын қалай арзанға алуға болады. Былай қарасаңыз, желден, күннің сәулесінен, судан алынған энергия арзанға түседі. Қазір бұл бағытта токты көптеп алып, оны пайдаланып та жатыр. Бірақ енді бұл жерде мынадай мәселе бар. Табиғаттан алған токты пайдалану үшін оны аккумуляторларда жинақтау керек. Ал оны жинау өте қиын екен. Себебі қолжетімді аккумуляторлардың сыйымдылығы өте аз болғандықтан қолдану тиімсіз. Сонымен табиғаттан алынған токты литий аккумуляторына жинап, оны қайтадан айнымалы өндірістік токқа айналдырған кезде оның бағасы қымбаттап кетеді. Егер біз токты бойына жинайтын сыйымдылығы жоғары әрі арзан аккумуляторда жинай алсақ, шығарсақ, онда бұл проблема шешіледі. Нәтижесінде ток та арзандайды.
Бала күнімнен бастап электр тогын алу жолдары туралы көп ойланатынмын. Мектеп кезінде радиотехникамен, электротехникамен шұғылданғам. Менің негізгі мамандығым – электрохимик. Шымкенттегі Химия-технология институтын бітірдім. Ол кезде жыл сайын 25 электрохимик маманын дайындап шығаратын. Алған білімім аккумулятордың ішінде жүретін барлық процестерді түсінуге жақсы көмектесті. Электр тогын алу туралы бала кездегі арманым сыйымдылығы үлкен аккумулятор жасауға алып келді. Мен өзім ойлағам әуелі әлемде бірінші болып жасаған шығармын деп. Сөйтсем әлемде адамдар қарап жүрмейді ғой. Шетел ғалымдары литий аккумуляторын ойлап тауыпты. Оның сыйымдылығы қазіргіге қарағанда бірнеше есе көп көрінеді. Белгілі аккумуляторларда әдетте оның бір жағында тотықтырғыш, екінші жағында тотықсыздандырғыш орналасады. Оның көлемі, мөлшері белгілі уақыттан кейін бітеді. Ал менің жағдайымда тотықтырғыш та, тотықсыздандырғыш та сұйық зат. Олар электрод кеңістіктері арқылы жайлап ағып жатады. Осы өтіп жатқан сұйық электролиттер өзінің бойына энергия жинап, екіге бөлініп, екі жақта жинақтай бастайды. Бұл әдіс бойынша токты кез-келген ыдыста, бөшкеде жинауға болады. Яғни, мен ұсынған аккумулятордың сыйымдылығын шексіздікке жақындатуға болады. Аккумулятордағы екі электродтың арасы диафрагмамен бөлініп тұрады. Екі жағынан өтіп жатқан электролит ағып отырып энергияны бойына сіңіріп алып, жинақтала береді. Жинақталған екі бөшкедегі электролитті аккумулятор арқылы қайта өткізгенде бойындағы энергияны түгел қайтарып береді. Демек, аккумулятордың бойы арқылы өткізілген электролит екі кеңістік арқылы өтіп, заряд түрін жинақтап, оны қайта қолдануға мүмкіншілік береді.
– Жобаңызға елімізде қызығушылық танытқандар болды ма?
– Біздің елде мұндай жобалар қолдау таппайды. Оған талай рет көзіміз жеткен. Сингапурлықтар жобама қызығушылық танытып отыр. Ол жақта осыған ұқсас жобамен бірнеше лаборатория айналысып жатыр екен. Мен өзім ғана осы жұмыстарымды жетілдіріп жатырмын. Өйткені жобам еліміз үшін өте пайдалы. Жүзеге асса, электр тогын алу біршама арзанға түсер еді. Өйткені мен темірдің, титанның тұзын қолданамын. Ал Қазақстанда бұлардың қоры жеткілікті. Бұл жұмыстарымның жаңалығын екі патентпен қорғадым. Жаңалық аштым дегеніңмен, оны ғылыми тұрғыда дәлелдеп, құжаттарын реттемесең, еңбегіңнің далаға кеткені.
Өзімнің ойымша, бұл аккумуляторды көліктерге де қолдануға болады. Бензиннің орнына екі бакқа электролиттерді құйып аласыз, электр жайлап ағып отырады. Сол кезде ток арқылы беріп отырады. Ол электролит ағып болғаннан кейін белгілі бір бекетке барасыз да, электролитті оған беріп, одан жаңа электролитті аласыз да ары қарай кете бересіз.
– Жобаңызды ғылыми жобалар байқауына ұсынып көрдіңіз бе?
– Қазақстан ғылымының кейінгі 20-30 жылда тас-талқаны шықты ғой. Ғылыммен тиянақты шұғылдану өте қиын болып тұр. Менің ғылымға енгізіп жатқан жаңалықтарымның бәрі өзімнің өлермендігімнің арқасында іске асып жатыр. Неше түрлі қызық тақырыптарды магистранттарға диплом жұмысы етіп беремін. Олардың ары қарай жетілдіріп жасауға қаржысы жоқ. Институттардың лабораторияларының жартысына жуығы жабылды, сонымен Қазақстанда таза ғылыммен шұғылдану мүмкін емес болып қалды. Өйткені ғылымға қаржы бөлу жүйесі дұрыс емес.
Ғылым министрлігінде бірде-бір ғалым жұмыс істемейді. Олар ғылымды қалай басқарады? Ғылымды басқара алмайтынын саладағы түйткілді мәселелердің көбейіп, шешілмей отырғанынан-ақ көрініп тұр емес пе?
Қазір ғылыми жобаңа қаражат алу деген қиынның қиыны. Грант ұтып алу лоторея билетін ұтып алумен тең. Сенің ғылыми жобаңның тағдырын 20 шақты адам шешеді. Кеңес мүшелерін қандай талап бойынша таңдап алғаны белгісіз. Олардың сенің жобаңнан хабардар екенін сараптап жатқан ешкім жоқ. Мысалы, мен электрохимия мамандығын оқыдым. Осы салада өзіме жақын жұмыстардың ғана түбегейлі бағасын бере аламын. Электрохимиядан алыс болса, дұрыс баға бере алмаймын. Ал Ұлттық ғылыми кеңесте ешқандай хабары жоқ адамдар отырып алып бүкіл ғалымдардың итін шығарады, қазақша айтқанда. Ғалымдар дуана болуға айналды. Ұлттық ғылыми кеңестің жұмысы осылай қалады деп шешіпті. Жарайды, қалсын. Бірақ ғылыми жұмысты оны білетін адам қарауы керек. Байқауға 3-ақ жоба түссе екен, үшеудің біреуін таңдайтын. Бұл жерге мың шақты жоба түседі, соның 100-ін таңдайды. Ғылымға пайдасы жоқ жобалар қаржыландырылып жатқанын көргенде ішің ашиды.
Одан бөлек, жобаңды шетел ғалымдарының мақұлдауына жібереді. Мен сол ғалымдардың ішінен «кереметін» көрмедім. Ауылдағының аузы сасық деген осы. Бұл – бір. Екіншіден, соңғы 20 жылда Қазақстан ғалымдарының идеясының бәрі шетелге кетті. Ғылыми жұмыстың негізгі өзегі – идея. Ал сол идеялардың бәрі шетелдік ғалымдарға қолжетімді болып отыр. Ғалымдардың жұмысы жүк тасу, жер қазу сияқты қолмен жасалатын жұмыс емес. Әрбір ғалымның бойында өмір бойы 2-3 қана үлкен идея болуы мүмкін. Міне, осындай ғылыми құнды қазынамызды шетелдіктер пайдаланып кетпейтініне кім кепіл? Өйткені олардың ғылымға көзқарасы жақсы, қаржылық мүмкіндіктері де жоғары. Мүмкін идеяларымызды пайдаланып та жатқан болар. Одан ешкімнің хабары жоқ. Тіпті, жұмыс бойынша жасаған есебімізді кейде шетел ғалымдары оқиды. Меніңше бұл – мемлекеттік қылмыс.
Бұрын бір ғылыми жұмыстың құпиясын білу үшін шетел арнайы тыңшы жіберетін. Оған қаншама қаражат бөлінетін. Мен бір жылдары Балтық жағалауында конференцияда болдым. Сонда Минскіден келген бір физик ғалым КСРО атом бомбасын қалай жасағанын айтып берді. 1945 жылдары Америка атом бомбасын жарған кезде КСРО да дайындап жатады. Бірақ біресе жарылады, біресе жарылмайды екен. Бірыңғай нәтижеге қол жеткізе алмайды. КСРО өз тыңшыларын Америкаға жібереді. Сонда тыңшылар «критическая масса» деген бірауыз сөзді біліп алады. Атом бомбасы жарылуы үшін, тізбекті реакциялар екпінді жүруі үшін, үлкен энергия алу үшін уранның белгілі массасы болуы керек екен. Сол «критическая масса» деп аталады екен, ал ол массаға жетпесе тізбекті реакция жүрмейді. КСРО-ның бомбасы уранды көп салса жарылып, аз салса жарылмайтын болған ғой. Сол бірауыз сөз КСРО-ның атом бомбасын жасауға мүмкіншілік жасады. Ал біз 20 жыл бойы барлық идеяларымызды өз қолымызбен беріп, жобаны қарағаны үшін ақша төлеп отырмыз. Мемлекетке қажетті, адамдардың тұрмысын жеңілдететін қаншама идеялар өкінішке қарай шетке кетіп жатыр.
– Жобаларыңыз бойынша шетелдік журналдарда мақала жариялап жүрсіз бе?
– Менің түсінгенім, біздің елімізде сен қандай ғұлама ғалым болсаң да, мәңгілік қозғалтқыш ойлап тапсаң да, мақалаң шетелдік журналда жарияланбайынша сенің жұмысыңды бір адам ескермейді. Шетел журналдарында мақала жариялаудың көк тиынға пайдасы жоқ екенін айтып келемін. Кез келген ғылыми жұмыста ғылыми жаңалық болуы керек. Ал журналдарда ондай талап жоқ. Q1, Q2 рейтингі жоғары журналдардағы 2-3 мақаланы ағылшын тілінен аудартып оқып көрдім. Оқығандарым кеңес үкіметі кезінде зауыттан шыққан журналдар жариялайтын мақалалар. Q1, Q2 журналдарында бір мақалада 15-20 авторға дейін болады екен. Сол мақаланың 20 авторының біреуі болсаңыз, сіз кереметсіз. Фамилияңыз авторлар қатарында тұрсын десеңіз, ақша төлеуіңіз керек. Яғни, өтірік авторлар көп деген сөз. Негізі ғылыми мақала 3-4 автормен ғана орындалатын жұмыс. Алайда Q1, Q2 мақалаңыз болмаса, конкурсқа да қатыса алмайсыз. Сізді ғалым қатарына қоспайды да. Егер Менделеев пен Ломоносов тіріліп келсе де олардың құжатын конкурсқа қабылдамас еді.
Біз тіліміз салақтап ғылыми жобадан алған нәтижені бірден шетелдік журналда жариялауға тырысамыз. Онсыз жасаған жұмысыңның құны көк тиын. Ал негізінде алынған ғылыми нәтижеге бірінші патент алу керек. Ал патентке өтініш берсеңіз, оны 1 жыл қарайды. Патент болмаса сіздің идеяңызды шетелдіктер пайдалана береді. Сіздің мың мақалаңыз болсын, патенсіз ештеңе дәлелдей алмайсыз. Шетелден ашылған зауыт сіздің мақалаңыздың негізінде салынған шығар, бірақ оны дәлелдей алмайсыз. Кеңестік кезеңде ғылыми қызметкердің жазған мақаласы әуелі бөлім арқылы арнайы тексеруден өтетін. Жариялауға бола ма, болмай ма, қай жері жасырын, қай жерін ашық айтуға болады деген мәселе талқыланатын. Осыны ойлап отыратын, жүйелеп бағалайтын бізде адамдар жоқ. Әрқайсы өз басымен жүр. Ресейде қазір осы мәселе көтеріліп жатыр. Жақында ғылыми нәтижелерін айтып қойды деген айыппен 2-3 ғалымын соттады. Ғалымдар айтып жүрген мәселелерді дұрыс шешіп, Ғылым министрлігі ғалымдарға дұрыс қызмет көрсетсе, қазақ ғылымының көсегесі көгерер еді деп ойлаймын.
Президенттің шешімімен Ұлттық ғылым академиясы мемлекеттік статусқа ие болып жатыр. Осы Ғылым академиясының дұрыс құрылып, дұрыс жұмыс істеуі еліміздің ғылымының дамуына үлкен серпін береді деген арманым бар.