Алып ер Шижы тағдырының сабағы

Алып ер Шижы тағдырының сабағы

Алып ер Шижы тағдырының сабағы
ашық дереккөзі
1002
Екі мың жылдан артық тарихы бар Тараз қаласына қатысты жайлар да қазақтың өткенінен хабар беретін өзгеше бір әң­гіме. Тараз қаласын құрған және сол жерде өз құр­ған мем­лекетті қорғауда жанқиярлық үлгі­сін көр­сеткен ғұндардың жұ­бан тайпасынан шық­қан Алып Шижы (Шөже Тәңірқұты) тура­лы бе­лгілі ғалымдар Ә.Марғұлан, Т.Жұрт­бай, Ж.Дә­дебаев, Д.Қыдырәлі, М.Кәтім­хан, Н.Би­чу­рин, Қытай тарихшысы Сыма Цянь т.б. ғы­­лыми еңбектер жазып, маңызды мәлі­мет­тер­мен таныстырады. Шөже қағанның ғұн ұлысын өзге мем­ле­кет­тердің тере­зе­­­сімен тең қылуды армандаған жос­­пары түбегейлі іске аспаса да, Қы­­тайдың жер қайыс­қан қалың қо­лымен Тараз қаласын жан­та­ласа қор­ғағаны тарихта жазылып қалды. Та­рихта «Талас шайқасы» деген ат­пен белгілі бұл кезең қа­зақ хал­қы­ның арғы ата-бабалары болған ғұн­дар­дың шетел басқыншыларына қар­сы қалай кү­рес­кені жас қазақ түр­кілеріне үлгі болғаны да рас. Олай дейтініміз Шөже қаған Тараз­ды тастап қашып кетпеді, Тараз қа­ла­­сын қорғауға келген Рим легио­нер­лері­мен иық тіресе тұрып шай­қас­ты. Бұл шайқастың тарихтағы ерек­ше орыны – ғұндар өзге мем­ле­кет­тер­мен дипломатиялық қарым-қа­тынас жа­сай отырып, өз мем­ле­ке­тін сақтап қалу жолында ерлік көр­­сетті. Н.Бичурин Алып Қоян мен Алып Шижы туралы былай деп жаз­ған: «Шижы өлген соң Орта Азия ғұн­­­дарының Алып Ері Қоян барлық тай­паларды бұрынғыша біріктіріп, Қы­тайға аяусыз қарсы тұрды. Ши­жы­ның ұрпақтарына ұлы көмек көр­­­сеткен қаңлылар. Олар күн­ба­тыс­тағы ғұндардың мықты одағы еді. Кезінде Шижыны елімен, әске­рі­мен өз жеріне шақырып, Талас өл­кесін оларға береді. Алтайдан Ши­жы Талас бойына келерде, олар­дың алдынан мыңдаған түйе, сәй­гү­лік ат жіберіп көшіріп алады...» (Н.Я. Бичурин, Т.ІІ. С.218. ; Т.І. С.93.). Ғұн тайпаларының арасында бір-бірімен қақтығыс болып тұр­­ғаны тарихи шындық. Бірақ та­рих­тың кейбір кезеңдерінде ғұн тай­паларының басын қосып, олар­дың бір-бірімен туысқандық қарым-қа­тынасын орнатқан тарихи тұл­ға­лар болды. Олар ұлан-ғайыр жерді ме­кендеген ғұндардың қас жауы қы­­тайлардың әлсін-әлсін шабуыл­да­рына тойтарыс беріп отырды. Осын­дай қытайлардың алапат ша­буыл­дарына қарсы иық тірестіре кү­рес жүргізген тайпалар үйсіндер мен қаңлылар еді. Қытайдағы қазақ ға­лым­дары­ның бірі Имаммәди Мәлғаж­дар­ұлы: «Сақ пен үйсін-қазақ халқының ең ар­ғы ата-тегі» деп жазса, Қытайдағы қа­зақ ғалымы Қаһарман: «Үйсін­дер­дің ата-бабасы эрадан бұрынғы VІІІ-VІ ғасырларда Орта Азияда жа­­саған сақтар» деп жазды. Ал про­фес­сор Ж.Дәдебаев Алып Шижы (Шө­же Тәңіріқұты) туралы: «Қытай­ға бас игісі де келмеген Шижы батыр Талас бойында едәуір уақыт дәурен сүрді» деп баға береді. Ер Шижы туралы академик Ә.Мар­ғұлан, Ж.Дәдебаев т.б. қазақ­тың көрнекті ғалымдары ғылыми еңбектерін арнап жазды. Сондай-ақ Үрімші қаласынан 1998-жылы жа­рық көрген «Жүңгу тарихнама­ла­рын­­дағы қазаққа қатысты деректер», Мәскеу қаласынан 1973-жылы жа­рық көрген «Материалы по истории сюнну (по китайским источникам)» атты ғылыми еңбектерде (екінші шы­ғарылым) мол мәліметтер беріл­ген. Шөже Тәңіріқұты өзге елдермен дип­ломатиялық қатынас орнатуға мүдделі болды. Мұның төркіні мы­нада – ғұн халқы ірілі-ұсақты тай­па­­ларға бөлініп өмір сүрді. Сол тай­­­­­­­паларды біріктіру, сыртқы жау­ларға қарсы күрес жүргізу, тайпалар арасындағы әртүрлі әлеуметтік қарсылықтарды шешіп, түбі қарулы қақтығысқа алып баратын дау-дамайларды бейбіт жолмен шешу оңай емес-ті. Шөже Тәңіріқұты тай­палар арасындағы қарсылықтарды жойып, мемлекеттік идеология қа­лып­тастыруға бел буды. Оның елді бірік­тіру жолындағы күресіне Қы­тай тарапынан басталған жойқын со­ғыс кедергі болды. Бірақ «Тараз шай­қасы» ғұн халқының қағандары мен әскербасыларына тереңдей ой түсіріп, ғұндар біріксе ғана сыртқы жау­ларға қарсы тұра алатынын тү­сінді. Шөже қағаннан кейін осындай ел­ді біріктіру ісіне Алып Қоян бел­се­не кірісті. Көне дәуірлердің құпия тамыр­ларын қазбаласақ, біздің арғы ата-ба­баларымыздан шыққан ел қор­ға­ған алыптар болғанына көзіміз же­теді. Олар: сақтардан Алып Тарғы­тай, Тұмар патшайым, Зарина пат­шайым, ғұн ұрпақтары Елбасы Шу, Бөрте Шене, Алып Түмен, Алып Мө­де (Алып Түменнің баласы), Алып Қыран, Алып Қоян, Алып Күн­ше, Еділ патша (Аттила) т.б. Одан бері Бұмын қаған, Ыстымы (Істемі) қа­ған, Күлтегін, Тоныкөк т.б. тұл­ғалар. Академик Ә.Марғұлан жұбан тай­пасынан шыққан Алып Шижы (Шөже Тәңіріқұты) туралы: «Жұбан­дар­дың ортасынан шыққан Алып басшысының бірі – Шижы Құтықты. Ол барлық күнбатыс, теріскей тай­па­­ларды мықты біріктіріп, Қытай­дың озбырлығына қарсы тұрды. Біз­дің заманнан 59 жыл бұрын Талас қа­ласын өзіне астана етіп, үкіметін күшейте түседі. Оның күш алған ел­дері жұбандар, қаңлылар, үй­сін­дер» (Ә.Марғұлан шығармалары, бі­рін­ші том, Алматы, «Алатау» бас­па­сы, 2007) деп жазуы оның Ұлы да­­­лада мемлекет құрған арғы түр­кі­лер­дің еңбегіне берілген лайықты ба­ға деп білеміз. Профессор Ж.Дәдебаев «Тараз өлкесі» атты кітабында Ер Ши­­жы жайында «Ғұн ханзадасы Та­­лас бойындағы қалаларды қа­мал­ға айналдырып, бекініс салып, ор­ны­ғып алған соң, жергілікті ел­ба­сы­лар­мен есептесуді қояды, елдің сал­тын, дәстүрін, әдет-ғұрпын тәрк ете­ді. Осыдан келіп Шижы ханзада мен қаңлы, үйсін елбасылары ар­а­сын­да үлкен қайшылық туады. Ши­жы Таластың орта ағысындағы ор­да­сынан қуылады. Ол Таластың жоғары ағысына ығысып келіп, сол жер­дегі бір қаланы алып, бекініс-қа­мал тұрғызады. Қаңлы елбасысының қы­зын, оның қасындағы белгілі кеңес­­ші кісілерді, олармен бірге жүз­деген күтуші қызметкерлерді ті­рідей Талас өзеніне лақтырып өл­тір­теді. Ғұн бекзадасының бас­қыншы­лық сипат алған әскери әре­кет­­тері, ел ішіндегі жүгенсіздігі қаң­лы мен үйсін елбасыларының оған қарсы бірлесіп күреске шығ­уы­на алып келген еді. Мұның өзі Ши­жы­ның әскери қуатының әлсіреуіне әке­ліп соққан Талас өңіріндегі ірі саяси шешім болды...» деп жазуына қара­ғанда Шөже Тәңіріқұтының да шектен тыс қаталдығының өзіне жау шақырғанын көрсетсе керек. Қытай тарапынан болған әр­түр­лі айла-амалдар, тайпалар ар­асын­дағы ауызбіршіліктің босаң­суы­на әсер етті. Бір-бірімен қырқысып, бі­рі­не-бірі жаулық жасаған ірі екі тай­па – үйсіндер мен қаңлылардың ара­сындағы қақтығыс осының дә­ле­лі еді. Ал қаңлылардың Шөже қа­ған­ға қарсы шығып, оның кейбір өрес­кел істерін ауыздықтауы Шөже қа­ған­ның қалың әскерлерінің ара­сын­да рухани құлдыраушылық туғызды. Ж.Дәдебаев Сыма Цяньның, Қаш­қарлық Махмұттың, В.Рад­лов­тың ғылыми еңбектеріне сілтеме бе­ре отырып, былай деп жазған: «Сы­ма Цяньның баяндауынша, күн­ба­тыста Шу – мемлекеттік астанасы Қытайдан көп алыс жерде тұрады. Өз­дерінің әлеуметтік салты жүн елі­нің заңымен жүргізіледі. «Жүн» қы­тайлардың ескі заманнан айтып ке­ле жатқан ғұн елінің халық аты. Шу атақты мемлекеттің астана қа­ласы екенін Махмұт Қашғари да ай­тады. «Искендер Зұлқарнайын заманынан бұрын Жетісуда бір үл­кен қала болған, оны Шу деп атаған. Оны салдырған сол жердің ел бас­қарушысы Шу деген кісі. Бұл екі «Шудың» біріншісі – Шу өзе­нінің аты, екіншісі – қа­ла­ның аты. Махмұт Қашғари мен Сы­ма Цяньның айтып отырғаны сол қа­ла туралы. Сыма Цяньның айтуынша, бұл қа­лаларды Жетісуда Талас өзені бойы­нда келістіре салған ғұн, үйсін, қаң­лылар. Шу, Талас өзені бойын­да­ғы көп қаланы тұрғызған б.з. бір ға­сыр бұрын жасаған ғұндардың алып ерінің бірі – Шижы. Ол Же­тісу­да үлкен ұлыс, үкімет жасап, Талас қаласын көркейтіп, оны өзінің ұлы ас­та­насы етеді. Ол қала Алатаудың те­ріскей бетінде, Талас өзенінің бойын­да құрылған. Шөже қағанның Шу мен Талас өзе­ндерінің бойынан қала-қамалдар салуы тайпаларға бөлініп өмір сүріп жат­қан ғұндардың сыртқы жау­лар­ға тойтарыс беруін күшейткенмен, өзара келіспеушіліктері сыртқы жау­лардың ғұн ұлыстарына әлсін-әл­сін шабуыл жасап тұруына мүм­кін­дік берді. Осындай қақты­ғыс­тар­дың салдарынан ғұндардың ішкі сая­си жағдайлары нашарлай бас­тады. Ұлыстарды біріктіретін идео­ло­гиялық бірігу жұтаңдық көрсетті. Т.Жұртбайдың ғұн мемлекетінің ас­­танасы болған Тараз (Таразы) ша­һа­ры туралы «Талас өзенінің жо­­ғар­ғы ағысынан қорған салуға қолайлы жер­ді таңдап алды да, қаңлы мен фер­ғаналықтарға, бактриялықтарға сауын айтты. Қыш күйдіретін ше­бер­лерді, бекініс пен хан сарайын өре­тін сәулетшілерді, ағаш мо­жан­дарын, жер қазатын кетпеншілерді ша­қырды. Олардың қажып, азып-тозбасы үшін күн сайын ауыстырып отыр­ды. Бір күнде 1 500 адам жұ­мысқа шықса, қалғандары тыныға­тын болды. Болашақ хұн астанасы­ның орны қазіргі Таразы қаласы еді. Де­мек, бұл шаһардың іргесін қаз­ды­рып, қабырғасын қалаған адам хұн Тәңіріқұты Шөже екен. Тарихшылар мен қала қазбасын зерттейтін ға­лым­дардың назарына ілінсе, құба-құп»... деп жазуына қарағанда Шөже Тәңіріқұты Таразды сол замандағы өркениетті кентке айналдыру үшін әбден ойланып жұмыс істеген. Де­ген­мен Ұлы далада пайда болған Та­раз қаласына сұқтанған сырт көз­дер оны құртып, далалықтардың мемлекетін құлатуға бел байлаған. Ал ол мақсатына дұшпандар қалай жет­ті? Бұл жайдың тарихын толық көр­сету үшін бірнеше ғалымның ең­бегіне сүйенуге тура келеді. Ж.Дә­­дебаев «Тараз өлкесі» деп ата­латын кітабында: «Қытай сая­сат­керлерінің ық­палы нәти­жесінде екіге бөлініп кет­кен елінің басын біріктіре ал­маған, Қытайға бас игісі де кел­меген Шижы батыр Талас бойында едәуір уа­қыт дәурен сүрді. Қытай билеу­ші­лері Шижының түбіне жеткісі келіп құлшынғанмен, алыс аймаққа әскер жіберуге батпады. Шижының тағдыр-талайы ке­неттен шешілді. Қытай­дың Чэнь-Тан деген әлдебір қыз­мет­кері жазықты болып, түрмеде жата­ды да, өкіметтен түрме қамауын ше­­­­карадағы әскери жұмысқа ауыс­тыруды сұрайды. Өкімет оны шекара әскерінің құрамына кіші аламанбасы етіп жібереді. Ол орнықты, ұзаққа көз жібергіш, айласы мол, ерлік көр­сетуге құмар жан еді. Осы Чэнь-Тан Ши­жы туралы естиді. Енді ол өз айы­бын қайткенде де Шижының ба­сымен өтеуге бел буады...» деп қы­тай тарабының жоспары қалай бас­талғанын баяндай келе, одан әрі Үрім­ші қаласынан 1998 жылы жа­рық көрген «Жүңгу тарих­на­ма­ла­рын­дағы қазаққа қатысты деректер» деп аталатын еңбекке сілтеме бере отырып былай деп жазады: «Жо­рық­қа шығар алдында Чэнь-Тан қа­лып­тас­қан жағдайды былай си­пат­тай­ды: «Бұратана халықтар аталы нә­сіл­дерден жасқанғыш келеді. Бұл – олар­дың сүйегіне біткен қасиеті. Батыс өңір тегінде ғұндардікі еді, қазір Тәңірқұттың айбыны асып, үй­сінге, дахуанға шабуыл жасап, қаңлыны торуылдап, оны уысына ал­ғысы келіп отыр. Егер осы екі елді қо­лына түсіріп алса, терістікте Ілеге шабуыл жасаса, батыста Парфияны ба­сып алса, түстікте Нетшені, Алек­санд­рияны жойса, бірнеше жылдың ішінде қала-кентті елдердің бәрі де қа­терге ұшырайды. Оның үстіне Тәңір­құт – әпербақан, соғысқұмар, талай рет жеңістік алған адам. Оны осы бойынша есірте берсек, түбінде ба­тыс өңірге пәле болып жабысары хақ. Тәңірқұт аса шалғайда жат­қан­мен, айналып келгенде берік қала-қор­ғаны, пәрменді қару-жарағы жоқ, жабайы қауым ғана. Егер тұр­ғылықты егіншілікпен шұғылданып жатқан қосындарды жұмылдырып, үйсін қолының ілесе жорыққа шы­ғуы туралы әмір беріп, оның қа­ма­лы­ның түбіне жетіп барсақ, ол жа­­нын қоярға жер таба алмай қалар еді. Қорғанған күнде де, бәрібір, өз ба­сын аман сақтай алмайды. Мың жыл­да да сәтіне келмейтін жұмыс бір-ақ күнде орындалғалы тұр»... Ішкі алауыздықты жеңе алмай жүр­­генде сыртқы жаудың шаб­уы­лы­на ұшыраған Алып Шижының (Шө­же Тәңіріқұты) Талас қаласын қытай бас­қыншыларынан қалай қорғағаны жайында академик Ә.Марғұланның жазбалары маңызды мәлімет береді: «Шижы–Қытайдың ұлы жауы. Ол өзі­не келген Қытай елшілерінің сон­дай зұлымдығын білген соң, оларды елі­не жібермей, тура жойып оты­ра­ды. Қытай патшасы оған тісін қай­рап, тез жоқ қылудың соңына түседі. Біздің заманымыздан 36 жыл бұрын Қытай үкіметі Жетісуға жойқын әс­кер шығарып, Шижыны құрт­пақ­шы болады. Әскерді бастаушы Чэнь Тан көп қолмен Шэньсиден шығып, мыңдаған шақырым тұрған Талас (Тараз. – М.Ә.) қаласына жетеді. Ол жер­де бірнеше күн жойқын соғыс бо­лады. Ол Тасақыр, Қызылқайнар қа­малының түбінен басталады. Қы­тай әскері ғұндарды қырық ша­қы­рым Талас қаласына серпілтеді. Ғұн­­­­­дардың бұл соғыстағы ұлы күші қаң­лылар, чубандар, жалдамалы Рим әскері болды. Алғашқыда Қытай әскеріне бірталай соққы берсе де, жау­дың топталған қаруын жеңу оңай болмайды. Жаудың әскері Та­лас қаласының қамалына кіріп со­ғысады. Шижы оларды мұнараның ба­сына шығып атады. Жау әскері са­райына өрт жіберіп, оның ағаш ба­ғаналары тегіс жанып жатады. Шижы барлық үмітінен айырылып, қолға түседі. Қытай әскері оның ба­сын кесіп алып,Талас қаласын тегіс то­нап, қымбат дүниелерін, алтын-күмістерін алып, тезінен еліне ке­теді». Сөйтіп, бір кезде Алып Ер Ши­­жы құрған Тараз қаласы күн­шы­ғыс­тан келген басқыншылардың шабуы­лына ұшыраған. Ұлы даланың бірнеше тай­па­лары­ның басын қосып қала са­лып, мемлекет құрған тарихи тұл­ғаның қателігі неде? Бұл жайын­да ғалымдар Д.Қыдырәлі мен М.Кә­тім­­хан «Тараз қаласы» атты кіта­бын­да айтылады. Ғалымдардың айтуын­ша, «Тараз қаласы әуел баста тәуел­сіз­дік үшін күрескен хұн мемлеке­ті­нің астанасы болды. Бұл кезеңде Қы­тай басқыншылығына қарсы Та­лас өзенінің аңғарына қорған сал­дырып, осында қоныс тепкен хұн Тәңіріқұты Чжи-Чжи (Шөже қаған) Рим империясымен достық қатынас орнатқан еді. Дерек көздеріне сүйен­сек, 500 жұмысшы екі жыл бойы тұрғызған бекініс-қорғаны мықты Тараз қаласында Римдік легиондар тұрған. Дегенмен хұндарды толық ба­ғындырып, стратегиялық шаһар­ды алуды көздеген Қытайдың ар­найы жасақталған қалың қолы б.з.б. 36 жылы қалаға лап қойды. Бұл кез­де қаңлы елімен қырғи қабақ жағ­дайда болып, күш-қуаты кеміген хұн­дар жанқиярлық ерлік көрсетіп, жауға қарсы тұрғанымен, өз қала­ла­рын қорғап қала алмады. Осылайша, жаудың қалың қолына төтеп бере ал­маған Тараз қаласы тарихында ал­ғаш рет қирады...». Қай мемлекеттің де мықты болуы үшін ең алдымен ішкі тұтас­тық керек. Тарихта сондай алауыз­дық­тың кесірінен талай ел тоз-тоз болған. Соның бір мысалы, түркілер та­рихында орны бар Алып Шижы – Шөже Тәңіріқұтының тағдыры. Де­мек, болашағын ойлаған әрбір ел өт­кен тарихынан сабақ алуға тиіс.

Мендібай ӘБІЛҰЛЫ, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.

 

Серіктес жаңалықтары