Алматыдағы Көк базарда филиппиндік блогерге қазақша сөздер үйретіп, желіде танымал болған оқушы «Қызық концертте» екі университеттің грантына ие болды, деп хабарлады turkystan.kz.
Қазақ тіліне деген жанашырлығымен көзге түскен 9-сынып оқушысы Нұржол Сатыбалды швейцариялық және Қазақ Америка университетінің 4 жылдық грантын сыйлыққа алды. Сыйлықты Қазақ Америка университетінің басқарушы серіктесі Абылай Алатаев табыстады.
«Қазақ Америка университетінің атынан 4 жылға тегін оқуға грант. Қазақ Америка университетінте тек өзіміздің диплом емес, серіктестердің де дипломын береміз. Сондай-ақ өз грантымыздан бөлек, Швейцариялық университеттің 4 жылдық грантын сыйлаймыз. Сондықтан бүгін үйге бір емес, екі 4 жылдық грантпен кетесің», – деді Абылай Алатаев.
Сертификаттарды табыстау кезінде сахнаға Нұржолдың әкесі шығып, алғысын білдірді.
«Баламның көтеріліп жатқаны қазақ халқының қолдануының арқасы. Баршаңызға Алла разы болсын, үйлеріңізде осындай қуанышты күндер көп болсын», – деді Нұржолдың әкесі.