51344
«Қаңырық» сөзінің мағынасы қандай? – Тіл маманы жауап берді
«Қаңырық» сөзінің мағынасы қандай? – Тіл маманы жауап берді
Біз естімеген қазақтың көне сөздері өте көп. Соның бірі – қызу пікірталас тудырған «қаңырық» сөзі. Оны бірі мүлдем жоққа шығарса, бірі диалект деп санайды. Аталмыш сөздің этималогиясын, мағынасы жайлы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты лексикология бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к Айгүл Әмірбековадан сұрап білдік.
«Қазақ тілінде «қаңырық» сөзі – «қаңырық сүйек», «қаңырығы түтеу», «қаңырығы қаңсу» сияқты тұрақты тіркестердің құрамдас бөлігі», - дейді ол.Тіл маманы осы фразеологизмдердің мағынасын түсіндіріп, жіктеп берді. Қаңырық сүйек – бассүйектің бет бөлімі құрамына кіретін жалпақ сүйек. Қаңырығы түтеу 1 – аңқасы кебу, шөлдеу. Қаңырығы түтеу 2 – қатты шаршау. Қаңырығы түтеп – тұрасы таусылған шерменде шал жапан түзде шөліркеп, мұрнынан аққан маңқасын сорып, сусындайды («Қаз. ертегі.»). Машина кездессе жақсы, ал кездеспесе қайтесің? Бір жерде қаңырығың түтеп, арам өлесің ғой (Б.Соқпақбаев). Тірлік құрсын түтеген қаңырығы, Шырға тартып аштырмай қарымымды. Көздің жасын шыра етіп шүпілдетем, Сағыныштан баса алмай сарығымды. (Әділбек Ыбырайымұлы) Қаңырығы қаңсу - шөлдеу, аңқасы құрғау. Тіпті үрген иттің де даусы естілмейді. Қаңырығы қаңсап, шөлден қаталаған Әсет кеберсіген ерінін тілінің ұшымен жалады (Құрманбай Толыбаев «Әсет».)
«Біздің түсінігімізше, қаңырық – ауыз қуысындағы таңдай мен аңқа, кеңсірік маңындағы шеміршек сүйектің атауы, қазақ дәстүрінде осы анатомиялық бөлік қаңырық деп аталса керек», - дейді Айгүл Әмірбекова.