50601
1 шілдеден бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесінде шектеулер енгізіледі
1 шілдеден бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесінде шектеулер енгізіледі
Елімізде он күннен соң ел тарихында алғаш рет қабылданған Әлеуметтік кодекс күшіне енеді. Бұл құжат сарапшылар мен бизнесмендер тарапынан қызу пікірталас пен өткір сын тудырды деп хабарлады turkystan.kz Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Құжат зейнетақы жүйесіне де елеулі жаңалықтар әкелмек. Мысалы, бұрын халыққа беріліп келген бірқатар жеңілдіктерді билік алып тастап отыр.
«БЖЗҚ» АҚ-ның Заң департаментінің директоры Назым Бақтыбаевтың айтуынша, Әлеуметтік кодекстің енгізілуіне байланысты зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістер, біріншіден, салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Екіншіден, жерлеуге төленетін төлем ұлғаяды. Үшіншіден, жұмыс берушілер өз жұмыскерлері үшін міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын аударып, қосымша қолдайды. Төртіншіден, БЖЗҚ алатын комиссиялық сыйақысының көлемі төмендейді.
Бірақ енді біраз шектеу енгізіледі.
«Қазақстанда басы артық зейнетақы жинақтарын азаматтарға өзінің, жұбайының немесе жақын туыстарының пайдасына емделуге ақы төлеу үшін және тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында пайдалануға рұқсат етілгені мәлім. Оны біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) атайды. 2023 жылғы 1 шілдеге дейін күшінде болатын қолданыстағы ереже бойынша жұмыс берушілер өз есебінен жұмыскері үшін төлейтін міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) да баспана алуға немесе емделуге жұмсауға болатын. Ал 2023 жылғы 1 шілдеден бастап, біржолғы зейнетақы төлемдері МКЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан жүзеге асырылмайтын болады. Азаматтар бұдан ары БЗТ ретінде тек өзінің міндетті зейнетақы жинақтарын ғана пайдалана алады", – деді Назым Абдухалимұлы.Яғни, бұл тұрғыда қазақстандықтардың онсыз да жеткіліктілік шегінің екі есе көтерілуі салдарынан күрт азайған мүмкіндіктері алда тағы шектеледі. Әрине, қазіргі кезде міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын жұмыс берушілер Еңбек министрлігі бекіткен тізбедегі зиянды, ауыр жұмыстарда, өндірістерде істейтін жұмысшыларға ғана төлейді. Бірақ алдағы жылы МКЗЖ-ны барлық жұмыс берушілер барлық жұмыскерлері үшін төлей бастайтын болады. Бірақ одан еңбеккерлерге зейнетке шыққанша қайыр болмайын деп тұр. Тағы бір шектеу: қолданыстағы заңнама бойынша БЖЗҚ-дан зейнетақылық аударым алушы адам, сондай-ақ зейнетақы жинақтары бар және зейнеткерлік жасқа толмаған адам қайтыс болса, онда оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға 52,4 АЕК (2023 жылы 180 780 теңге) көлемінде жерлеуге біржолғы төлем төленеді. Қазақстанда жұбайы дүние салған, балалары шетелге кетіп, ат құйрығын үзіскен тастанды қариялар жетерлік. Олардың бәріне бірдей қарттар үйінен орын табыла бермейді. Бұған қоса, отбасы жоқ, жалғызбасты адамдар да көп. Сондықтан олар жан тапсырғанда, жақын араласатын жолдасы не көршісі БЖЗҚ беретін жерлеуге арналған біржолғы төлем есебінен жерлеуді ұйымдастыратын. Бірақ, неге екені белгісіз, жаңа сайланған Парламент Әлеуметтік кодексті қабылдағанда оларды төлемнен қағу керек деп шешім қабылдапты.
«БЖЗҚ» Заң департаментінің директоры Н.Бақтыбаевтың дерегінше, жерлеу төлемінің сомасы биылғы 1 шілдеден бастап 94 айлық есептік көрсеткішке немесе 2023 жылы 324 300 теңге дейін өседі. Бірақ жаңа кодекске сәйкес, БЖЗҚ-да немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында (ЕЖЗҚ) зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болса, онда жерлеуге арналған төлем оның тек отбасы мүшелеріне аударылады. Оның үстіне төлем көлемі 94 АЕК-тен әлдеқайда аз болуы мүмкін: төлем сомасы қайтыс не қаза болған адамның жеке зейнетақы шотында бар қаражаттан артық бола алмайды: егер жинағы 324 мың теңгеден аз болса, төлем де аз болады. «2023 жылғы шілдеден бастап қайтыс болған адамның отбасы мүшесі болып табылмайтын, бірақ бәрібір жерлеуді жүзеге асырған адам жерлеуге арналған біржолғы төлем алуға құқылы адамдар қатарынан шығарылып тасталады», – деп түсіндірді БЖЗҚ мамандары.Келесі шектеу ерікті зейнетақы жинақтары (ЕЗЖ) есебінен төленетін төлемге қатысты.
«2023 жылғы 1 шілдеден бастап, ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдеріне құқығы бар тұлғалар тізбесі өзгереді. Ол тізімнен БЖЗҚ-да немесе ЕЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жинақтарының сомасы және оларға есептелген инвестициялық кіріс шегінде зейнетақы жинақтары кемінде 5 жыл болған адамдар алынып тасталады. Сонымен қатар Қазақстаннан тыс жерлерге «тұрақты тұруға кететін» мәртебесіне ие шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да бұл тізімнен шығарылады», – деп хабарлады қор. Мұның қандай зардаптар мен жанжалдарға соқтыратыны шілдеден кейін белгілі болып қалар. Шектеулер ерте зейнетке шығу үшін зейнетақылық аннуитет бекітетіндерге де соққы бермек. «Биылғы шілдеден кейін сақтандыру ұйымымен арада Сақтандыру төлемдерін өмір бойы жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға құқылы адамдар санатынан БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтағы мүгедектік берілген адамдар шығарылып тасталады», – деп жазылған қор хабарламасында.Азаматтардың тағы бір санаты жеңілдіктен қағылады. 2023 жылдың шілдесінен бастап:
- агент болып табылмайтын жеке тұлғалармен арада азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (АҚС шарттарын) бекітіп, табыс табатын жеке тұлғалар;
- Қазақстан аумағында тұрақты тұратын, Қазақстандағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде қызмет атқаратын;