«Көкке мойын бұрғызған», «торттан қала тұрғызған» талапты жастар

«Көкке мойын бұрғызған», «торттан қала тұрғызған» талапты жастар

«Көкке мойын бұрғызған», «торттан қала тұрғызған» талапты жастар
ашық дереккөзі

Статистикалық зерттеулер бойынша, әлемде 40 мыңнан аса мамандық бар. Әрқайсысы өзінше бір әлем. Біз бүгін көпшілік қыр-сырын жете біле бермейтін, таңдаулы төрт жұмыс түрін ұсындық. Бір айта кетерлігі, аталған кәсіп арқылы нәпақасын тауып жүргендердің бәрі де – жастар.  Алғашқы кейіпкеріміздің қолынан шыққан бұйымдарына бүгінде көпшілік қызығушылықпен қарайды. Зергелік қабілет әркімге қона бермейтін көркем өнердің бірі десек, бұл жолда тек талантын еңбекпен ұштастыра білгендер ғана қалатыны сөзсіз. Ал біз сөз еткелі отырған Абзал Молдабек – зергерліктің қыр-сырын меңгерген тамаша қолөнер шебері. – Зергер болу үшін ең бірінші қабілет, екінші  қаржы керек. Өйткені өзін-өзі ақтауы қиын сала. Мен жұмысыма ақша салып келе жатқаныма 5-6 жыл болды, әлі де көп қаржыны қажет етеді. Қазір зергерлердің екі түрі бар: бірі бұл кәсіппен тек ақша үшін, ал екіншілері шығармашылық үшін айналысады. Мұндай жұмыс түрімен айналысу үшін шыдамды болған жөн. Біраз еңбектенгеннен соң ғана нәтижеге қол жеткізесің. Зергерлік өнерді 10 адам оқып шықса, соның тек 2-еуі ғана осы өнер жолын таңдауы мүмкін. Көпшілігі жұмыс барысындағы қиындықтарға шыдамай, басқа кәсіппен шұғылданып кетеді. Тапсырыс әлеуметтік желі, тұрақты клиенттер арқылы келіп тұрады. Материалды банктен аламыз немесе клиенттер өз материалдарынан жасатады. Құны жасалатын уақытына, шығынына, тастарының бағасына байланысты белгіленеді, – дейді Абзал Молдабек. Тұрмыстық альпинистердің жұмысы оңай емес. Айлық табысың үшін басыңды қатерге тігесің. Әрі 30-40 киллограмға дейін жүкті арқалап, арқанда ілініп тұрып жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Дегенмен «табысын әуеден іздегендер көп» дейді біздің келесі кейіпкер. Жүректі жігіт Төлеби Өрісбаевтан өндірістік альпинизмнің жай-жапсарын сұрадық. – Адамның ынтасы болса, биіктіктен қорықпаса, бұл жұмысқа тез үйреніп кетеді. Ал биіктен қорқатын адамдардың төбеге шыққан кезде аяқ-қолы жұмыс істемей тырысып қалады. Маған жерде жұмыс істегеннен гөрі осы жұмыс оңай. Жоғарыға өрмелеп шығуға үйреніп қалғанмын. Бір ғимаратты жуып шығуға шамамен 10-15 күндей уақыт кетеді. Ғимараттың үлкендігіне байланысты адам саны да көбейеді. Негізінен бір ғимаратқа 4-5 адам жеткілікті. Жұмыстың қиындығымен қатар қызықты тұстары да көп. Алғаш осы жұмысқа қабылданғанымда шашым ұзын болатын. Бір күні ғимаратты жуып жүргенде шашым тордың (решотка) арасына қысылып қалды. Сөйтіп жарты шашымнан айрылғаным бар. Тағы бір қызық оқиғамды айтып берейін. Біздер ертемен жұмысымызға кірісеміз. Яғни зәулім ғимараттарды жуып жатқан кезде жұрт ұйқысынан енді оянып жатады. Бастапқыда жартылай жалаңаш жатқан адамдарды көріп шошитынмын. Терезесіне жақындағанда «жібіңді үземін» деп әзілдейтіндері де болды. Жұмысқа тапсырыспен шығамыз. Жылына 2 рет жуғызатын үлкен ғимараттар бар. Тапсырыстың бәрі келісімшарт бойынша жүзеге асады. Нақты айлық жоқ. Әр заказдың ақшасы қиындығына байланысты әрқилы. Жұмыс жыл мезгілдеріне тәуелді. Ауа-райы қолайсыз болған кезде біздер де уақытша демалысқа шығамыз. Негізгі жұмыстың қызатын шағы – көктем мезгілі. Ал қыста тапсырыс азаяды. Сондай кездерде көбінесе шатырлардың қарын күрейміз. Оқыс оқиғалар да жылына жоқ дегенде 2-3 рет тіркеледі. Мен де бір кездері 4-этаждан құлағанмын. Қолым мен жамбасым сынып, бір ай емханада жатқаным бар. Айына маусым басталғанда 500-600 мыңнан жоғары ақша табуға болады. Жұмысқа 18 жастан бастап қабылдайды. 56-57-ге келген адамдар да әлі күнге дейін төбеге өрмелеп жүр. Бұл жұмысты қыздар да істейді. Бірақ олар аз, – дейді өндірістік альпинист. Кәсіби мүсінші әрі кондитер Марат Көшекбаевтың туындыларын әлеуметтік желіден көзіміз шалды. Телефон арқылы хабарласып, аз-кем әңгімеге тарттық. – Кішкентайымнан мүсін жасауға қатты қызықтым. Кейін сол мамандық бойынша оқуға түстім. Қазіргі уақытта бизнеспен айналысып, жеке кәсібімді ашуға әрекет етудемін. Тапсырыс күнде түсе бермейді. Барлық өнімдерді мастикадан жасаймын. Бұл торттың бетін әрлейтін қосынды. Тапсырысты туындының қиындығына байланысты әртүрлі уақытта бітіремін. Кейбір тапсырыстарды 1 күнде аяқтаймын. Қиындарын 2-3 күннің ішінде жасап шығуға болады. Күнделікті жұмыс, уақытым жоқ. Жеке кәсібім болғаннан кейін қалаған уақытта тапсырыс түскен кезден бастап істеймін. Келешекте шәкірт тәрбиелеуді де ойлап жүрмін. Шетелде бұл кәсіп түрі өте жақсы дамыған. Қазақстанда да орташа деңгейде танымалдылыққа ие. Өзім Ринат Ағзамов деген кондитердің жұмысын жоғары бағалаймын. Сол кісінің туындыларын қызығып тамашалаймын. Көбінесе мұндай торттарды той-томалақтарға, туған күндерге арнайы тапсырыспен дайындаймын. Тапсырыс қабылдауды 2 жыл бұрын бастадым. Бастапқыда кішкентай фигуркаларды жасадым. Кейін инстаграмға салып, туындыларымды жариялап отырдым. Соның арқасында мені Сарыарқа сауда орталығындағы кондитерлік орталыққа жұмысқа шақырды. Сол жерде 1,5 жылдай еңбек еттім. Күрделі тапсырыстарды да қабылдадым. Бір мастикадан жасалған мүсінді (фигурка) күніне 8 мың теңгеге істеймін. Ал күрделі туындылардың бағасы жұмысына қарай жоғарылай береді. Қазақстанның дайын ас жеткізу нарығын алдағы уақытта үлкен өзгеріс күтіп тұр. Өйткені отандық нарыққа Яндекс.Еда, Glovo, Wolt сынды компаниялар келді. Елорда көшесінен кезіктірген Glovo компаниясының қызметкері, курьер Ғалымжан Әділмен сұхбаттастық. – Астана, Алматы және Шымкент қалаларында Glovo компаниясының филиалдары бар. Бас кеңсеміз –  Испанияда. Алматыда бұл жұмыс түрі жақсы дамыған. Қалған екі қалада сәл кешірек ашылды. Қызметімнің жақсы жағы бір жерде отырмайсың. Шаруаң шығып қалса, еркін жүре бересің. Кез келген жерде отырып тапсырыс қабылдай аласың. Жұмыс режимін өзің белгілейсің. Максималды – 10, ал минималды – 1 сағат жұмыс істейміз. Бұрын сағатына 800 теңгеден төленетін. Жақында ғана 600 теңге қылды. Алматы қаласында да сағатына 600 теңге төленеді. Бағдарламаны ашсақ жұмыс істейміз. Ал бағдарлама жабық кезде демаламыз. Екі апта сайын отчет жабылады. Бірақ бізге ақшаны күнделікті беріп отырады. Күніне 10 сағат жүрсең, аз дегенде 6 мың теңге аласың. Мен бірақ күніне 10 мың теңгедей ақша табамын. Бізде нақты басшы жоқ. Ауа-райы қолайсыз уақытта жаяу жүргіншілер үшін ыңғайсыздық туындайды. Ал көлікпен жүретіндерге кедергі жоқ.  Негізінен, тамақ пен дәрі-дәрмек тасимыз. Жалпы кез келген нәрсені тасуға болады. Бастысы, 9 килограмнан аспауы керек. Кей жағдайларда тапсырыс беруші ақшасын бірден төлеп қояды, болмаса бізге арнайы төлем карточкалары беріледі. Сонымен сатып аламыз да, барған соң тапсырыс берушіден ақшасын аламыз, – дейді Ғалымжан Ержанұлы. Біз жоғарыда атап өткен төрт кейіпкер де өз ісіне тиянақты қарайтын еңбекқор жандар. Күн демей, түн демей адамдарға қызмет көрсетіп, көптің алғысына бөленіп жүр. Содан да болар, табыстары еселеп артқан. Мақаламыздың соңын Жүсіпбек Аймауытовтың мына бір тамаша сөзімен аяқтауды жөн көріп отырмыз. «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ, мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе».

Абылайхан ЖҰМАШ