Kaspi bank қызметкерлерінің кепілдікке алынуы: оқиғаның хронологиясы

Kaspi bank қызметкерлерінің кепілдікке алынуы: оқиғаның хронологиясы

Kaspi bank қызметкерлерінің кепілдікке алынуы: оқиғаның хронологиясы
ашық дереккөзі
50383
18 маусым күні Астана қаласындағы Kaspi bank ғимаратына кірген белгісіз тұлға банк қызметкерлерін тапаншамен қорқытып, оларды кепілге алған болатын. Басқыншы 3 сағаттың ішінде талаптары орындалмаса, адамдарды «өлтіремін» деп айтқан.

Сағат 13:51-де басталған

Оқиға орнынан түсірілген ең бірінші фото, видео әлеуметтік желіде тарады. Күдікті Достық көшесінің бойындағы Kaspi bank филиалалына сағат 13:51-де басып кірген. Астана қалалық Полиция департаменті алғашқы мәліметті 15:01-де берді.
«Достық көшесіндегі Каспий банкінің ғимаратында ер адам есікті ішінен құлыптап алғаны туралы хабарлама келіп түсті. Алдын ала мәліметке сай, ер адам қарулы. Оның оқ өтпейтін жилет кигені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері ер адаммен келіссөз жүргізіп жатыр. Құқық қорғау қызметкерлері елорда тұрғындарынан сабыр сақтап, құзырлы органдардың қызметіне кедергі келтірмеуді сұрайды», - делінді полиция хабарламасында.
Кейін Ішкі істер министрлігі өкілдері Kaspi Bank-те 7 адам кепілде отырғанын жеткізді.

Банк мәлімдемесі

Аталмыш жағдайға қатысты Kaspi Bank өкілдері пікір білдірді. Олар кепілге алынғандар арасында келушілер болмағанын мәлімдеді. «Полиция мен банктің барлық күші ешкімнің зардап шекпеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Кез келген ақпаратты таратуға жауапкершілікпен қарауға және құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтірмеуді сұраймыз. Кез келген қате ақпарат жағдайдың шиеленісуіне әкелуі мүмкін», – делінген хабарламада.

Арнайы жасақ жұмылдырылды

Астана қаласы ПД екінші ресми ақпаратты сағат 16:17-де берді.
«Оқиға орнында «Арлан» арнайы жасағының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Әскери қызметшілер арнайы операцияға тартылған жоқ. Азаматтарды ресми көздерден алынған ақпаратқа сүйенуге, БАҚ өкілдерін тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз. Тәртіп сақшылары елорда тұрғындарынан сабыр сақтауды және құзыретті органдарға өз жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беруді сұрайды», - делінген хабарламасында.
Кейін кепілге алынғандардың сыртқа шығарылғаны, оқиға орнына қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Бас прокурордың бірінші орынбасары келгені хабарланды. Желіде басқыншының бейнебақылау камерасына түсіп тұрған видеосы тарап кетті. Онда банк қызметкеріне қару кезеген сәті түсірілген.

«Кепілдегілер босатылды!»

Сағат 16:40-та полиция банк бөлімшесіне басып кіріп, қылмыскердің назарын аудару үшін шу гранатасы қолданылғаны белгілі болды. Бұдан кейін желідегі видеоларда кепілдегілердің біртіндеп шығарылып жатқаны көрінді. Алғашында 4 адам босатылды деді. Артынша Ішкі істер министрі құтқару операциясы сәтті аяқталғанын және басқыншының ұсталғанын мәлім етті.
«Кепілге алынғандардың барлығы босатылды. Оларға ем шара көрсету үшін ауруханаға алып кетті. Барлығын дәрігерлер тексереді. Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Басқыншымен келіссөзді министр М.Ахметжанов жүргізді. Ол, сондай-ақ, күштік операцияны басқарды», - делінген полиция хабарламасында.

Министрдің жауабы, басқыншының талабы

Министр Марат Ахметжанов күштік операция аяқталғаннан кейін журналистерге сұхбат берді.
«Қылмыскер қазір қамауда. Әртүрлі талаптар болды. Қойып отырған талаптары заңсыз. Ақша талап етті, туысқандарына жәрдем көрсетуді талап етті. Сондықтан осындай күш қолдануды жөн көрдік. Мен өзім сөйлестім. Ұлтының кім екенін айтамыз. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз көзден жас ағызатын газ қолдандық. Оларды дәрігерлер қарап жатыр. Ешкім жараланған жоқ», - деп түсінік берді.
Кейбір БАҚ мәліметтерінше,  күдікті банктің барлық активтерін мүгедек балалар, кедейлер мен мұқтаждарға арналған қорларға аударуды талап еткен. Белгісіз ер адамның жеке басы туралы алғашқы ақпарат Kozachkov телеграм каналында жарияланды. Күдікті 1993 жылы туған Мурадов Әлихан. 2013 жылдан бері наркологиялық диспансерде есепте тұр. Қылмыстық істер бойынша екі рет сотталған. Бұл ақпаратты Бас прокуратура растады.
«Бүгін сағат 14:00 шамасында бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапқа тартылған Жамбыл облысының тумасы Ә. Мурадов (1993 жылы туған) Достық көшесінде орналасқан Kaspi bank бөлімшесін басып алған. Ол 2013 жылдан бері есірткіге тәуелді адамдар есебінде тұр. Кепілге алынған адамдарды құтқару операциясы кезінде жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланды.  Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады Бас прокуратура.

Құқық бұзушыға берілетін жаза

Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне ҚР ҚК 261-бабы 2-бөлігі «Адамды кепілге алу» бойынша тіркелді. Бұл бапта мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілмейді. Айта кетейік, 261-бап бойынша 7 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.  width=

Серіктес жаңалықтары