50232
Сергей Пономарев: «Арселор Миттал Теміртау» – иісі қолқаны қабатын асыл тас
Сергей Пономарев: «Арселор Миттал Теміртау» – иісі қолқаны қабатын асыл тас
Арал теңізін құтқару, жасыл желек отырғызу, ауа сапасын жақсарту және полигондарды жою. «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің кезекті отырысында қоршаған ортаны қорғау мәселесіне қатысты сайлауалды уәделердің орындалу барысы талқыланды.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Досбол Бекмағамбетов Кеңес мүшелерін партияның экология саласындағы сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.
«Көкарал бөгеті бұзылған жағдайда Кіші Арал теңізі 27 млрд текше метр судан айырылады. Былтыр қыркүйекте ЖСҚ бойынша оң қорытынды шығарылды. Сметаның жалпы құны шамамен 4,5 млрд теңгені құрайды. Ал ауа сапасын жақсарту мәселесіне келетін болсақ, 2027 жылға дейін 89 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығарындыны бақылаудың автоматтандырылған жүйесін орнату жоспарлануда. Бүгінде оның 15-іне БАЖ орнатылып қойды», – деді ол.Сондай-ақ, вице-министр 5 жылда 2 млрд түп ағаш егу үшін биыл 400 млн түп ағаш отырғызу жоспарланғанын, оның 107 млн-ы егіліп қойғанын жеткізді. Алайда ауа сапасын жақсарту және атмосфераға тарап жатқан зиянды шығарындыны азайту жұмысы Кеңес мүшелерін ерекше алаңдатып отыр. Еліміздегі барлық шығарындының жартысы «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ға тиесілі. Соған байланысты, партиялықтар Теміртау қаласындағы экологияның жай-күйін жеке талқылады.
«Табиғатты қорғау іс-шаралары жыл сайын орындалмайды. Екі жылу-электр орталығының да жағдайы нашар. Бұған қоса, қала тұрғындары бес жыл қатарынан жылу тапшылығын сезініп отыр. Тұрғын үйлерге толыққанды жылу берілмейді. Жылыту маусымындағы апаттар мен ыстық судың жүйелі түрде берілмеуі теміртаулықтар үшін әдетті жағдайға айналды», – деді Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Бауржан Смағұлов.Осы айда Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитеті Теміртау қаласында кеңейтілген көшпелі отырыс өткізген еді. Бұл ретте, Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев «Арселор Миттал» компаниясы шығарындыны азайту жөніндегі міндеттемені орындамай отырғанын алға тартты.
«Арселор Миттал Теміртау» Қазақстанның өнеркәсіп тәжіндегі иісі қолқаны қабатын асыл тас іспетті. Цехта да, қалада да кеуде керіп тыныс алу мүмкін емес. Теміртау – тыныс алу жолдарының және онкологиялық аурулардың деңгейі бойынша ұзақ уақыттан бері көш бастап тұр. Зейнет жасы – 63 болғанымен, кеншілердің бәрі бірдей бұл жасқа жете бермейді. «Арселор Миттал Теміртау» кокс пешін ондаған жылдар бойы күрделі жөндеуден өткізбей келеді. Көмір өндірілетін шахталарды бірінен соң бірін тауысып, кейін қараусыз қалдырады. Зауыт қуаты кеміп барады. Өнім де аз шығарылады. Сапасы да төмендеп кетті. Соның салдарынан еуропалық алыптармен бәсекеге түсе алмай отыр. Айтпақшы, Экология және табиғи ресурстар министрлігі комбинатқа 5 млрд теңге айыппұл салды. Алайда бюджетке әлі қаражат түскен жоқ», – деді ол.Кеңес мүшелері айыппұл төлеуден түскен қаражат республикалық бюджетке емес, жергілікті бюджетке түсуі тиіс екеніне назар аударды. Депутаттарға Бюджет кодексіне тиісті өзгерту енгізу жөнінде ұсыныс жасалды. Өз кезегінде, Кеңес мүшесі, «KazWaste» қауымдастығының басқарма төрағасы Шынболат Байқұлов «Жасыл даму» кәдеге жарату алымының жаңа операторының ұсынысын сынға алды.
«Экологиялық кодексте қалдықтарды қайта өңдеуші кәсіпорындарды материалдық-техникалық жарақтандыру туралы норма бар. «Жасыл даму» бұл қаражатты екінші деңгейдегі банктер арқылы беруді көздеп отыр. Біз бұған түбегейлі қарсымыз. Себебі «Жасыл даму» қаражатты оларға 1% жылдық мөлшерлемемен бөлсе, банктер оған 5-6% қосады. Ақыр-соңында бұл қаражатты біз 7-8% жылдық мөлшерлемемен аламыз. Аталған сала үшін бұл өте көп пайыздық мөлшерлеме. Сонымен қатар, қоқыс шығару тарифі енді ғана жоғарылай бастады. Бизнестің тиімділігі енді-енді сезілуде. «Жасыл дамумен» делдалсыз жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұраймыз. Олар үшін штат санын ұлғайтып, лицензия алудан гөрі жауапкершілікті банктерге арта салған жеңіл болып отыр», – деді ол.Кеңес төрағасы Мәжіліс депутаттары қалдықтарды қайта өңдеушілерге банктер арқылы қаржы бөлуге қарсы екенін атап өтіп, балама қаржы операторын табуды ұсынды. Ал Кеңес мүшесі Дархан Сариев жасыл желектерді күтіп ұстау ережелеріне бірқатар түзету енгізу туралы ұсыныс жасады. Атап айтқанда, ол елді мекендерді көгалдандыру жұмысын жақсартуға және құрылымдауға мүмкіндік беретін тұжырымдамалық аппаратты тіркеуді ұсынды. Айта кетейік, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында ең ластанған елді мекенде кәсіпорынның ауаны ластау нормативтерін 40%-ға дейін төмендету көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2027 жылға қарай су балансын сақтау үшін 14 жаңа су қоймасы салынып, 16 жұмыс істеп тұрған су қоймасы қайта жаңартылады. Ал экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келетін қоқыс полигондарының үлесі үш есе ұлғайтылады.