V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: үздік мергенге пәтер беріледі
V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: үздік мергенге пәтер беріледі
Ақмола облысы Көкшетау қаласының ипподромында жамбы ату (ат үстіндегі садақ ату) мен теңге ілуден жасөспірімдер, жастар, ересектер арасындағы ел чемпионаты өтуде.
Чемпионат аясында ҚР жамбы ату федерациясы кезектен тыс конференция өткізді. Конференция барысында федерация ұжымы еліміздегі жамбы ату саласындағы мамандар мен спортшыларға 2023-2027 жылдарға арналған даму бағдарламасын таныстырды.
Жамбы ату ресми ұлттық спорт ретінде кеш дамыған спорт түрі (2014 жылы тіркелген). Сол себепті де қабылданған стратегиялық бағдарлама арқылы ат үстінде садақ ату өнерін халықаралық аренада дамытуға жол ашпақ.
Сондай-ақ конференцияда 2024 жылы өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынадайындық мәселесі пысықталды. Федерация президенті Еркебұлан Ильясов («AlageumGroup» ЖШС бас директоры) бапкерлер мен спортшыларды жігерлендіру мақсатында ДКО-да үздік өнер көрсеткен спортшыға пәтер, бапкеріне қаржылай сыйлық беретінін айтты.
Елімізде спортшыларға садақ дайындайтын арнайы өндіріс орны жоқ, осы мәселе де алдағы уақытта шешімін тауып, мергендер өз елімізде өндірілген замануи садақтармен өнер көрсететін болады.
Аталған конференцияға жамбы ату спортын дамытуға атсалысатын Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директоры Бақдәулет Сәбитов, ҚР ұлттық спорт қауымдастығының бас хатшысы Тастанбек Есентаев та қатысып, өз тараптарынан барынша қолдау көрсететінін айтты.
Аталған ел чемпионаты 23 маусымға дейін жалғасатын болады.