425
Ұлттық қордан балаларға қаражат бөлінеді
Ұлттық қордан балаларға қаражат бөлінеді
14 маусымда Мәжіліс депутаттары Ұлттық қордан балаларға қаражат бөлу мәселелері қарастырылған заң жобасына енгізілген түзетулерді бірінші оқылымда қарап, мақұлдады. Жоба Президенттің тапсырмасы аясында әзірленген.
Нақтырақ айтқанда, 18 жасқа толған балаларға Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінен ақшалай жинақ түрінде мемлекеттен алғашқы көмек берілмек. Дегенмен қаражатты тек кәмелеттік жасқа толғанда балаларға тұрғын үй жағдайын жақсарту, яғни баспана алуға немесе білім алу үшін қолдануға мүмкіндік бар. Төленетін ақшаға салық салынбайды.
Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылып отыр.
Жобаға қатысу үшін қандай да бір мемлекеттік органға жүгінудің қажеті жоқ, есептеулер автоматты түрде жүзеге асырылады, есепке алуды БЖЗҚ жүргізеді.
Заң жобасы және оның орындалу механизмінің кейбір мәселелерін депутат Үнзила Шапақ мәлімдеді.
Үнзила Шапақ,
Мәжіліс депутаты:
Жастардың бастапқы капиталын қалыптастыруына мүмкіндік береді
– Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өтпелі кезеңде тап болған экономикалық қиындықтарды еңсерген тұста, 2000 жылы тамыз айында болашақ ұрпақ игілігіне арналған Ұлттық қор құрылғанын білесіздер. Ұлттық қордың мақсаты – еліміздің табиғи байлығы – минералды ресурстар есебінен болашақ ұрпақ игілігіне арналған қаражатты жинақтау. Қазір Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан қоғамын баршамыз бірге құрған кезеңде ең негізгі келелі мәселелердің бірі – ұлттық байлықтың теңдей бөлінуі. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тетіктері әзірленді. Әзірленген жобаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылып отыр. Бірінші – тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу. Бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Екінші – білім алу. Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет деп пайымдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл кәмелетке жаңа толған қазақстандықтардың ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді. Бұл жас ұрпақтың дүние дидарын кеңінен тануына жол ашады. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған, жоғалтқан не ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жойылады. Ұсынылған жобаның негізгі ерекшеліктеріне тоқталып өтейін. Әуелде айтып өткендей, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейін барлық жастағы балалар арасында теңдей бөлінеді. Инвестициялық табыстың теріс мәндерін болдырмау мақсатында оның 18 жылдағы орташа жылдық мәнін алу (2,6 пайыз мөлшерінде) жоспарланып отыр. Осы заң жобасы шеңберінде Мәжіліс депутаттарының бастамашыл тобы мемлекеттік органдармен бірлесіп, 6 кодекс пен 10 заңға толықтырулар мен өзгертулер әзірледі. 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылып отыр. Жобаның негізгі тәсілдері «Балалардың құқықтары туралы» заңда және Бюджет кодексінде айқындалған. Жобаны іске асыру тетіктеріне қысқаша тоқталып өтсем, Ұлттық қор қызметінің есепті жылдағы нәтижелері туралы жылдық есеп әзірленеді және Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітіледі. Ұлттық банк орташа инвестициялық табысты есептейді және оны БЖЗҚ-ға жеткізеді. БЖЗҚ қатысушылардың саны мен тізімін жасау үшін жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасынан балалар бойынша қажетті ақпаратты алады. Қатысушылардың тізімін алып, Ұлттық банктен ұсынған ақпарат негізінде есеп жүргізеді. Жобаға қатысу үшін қандай да бір мемлекеттік органға жүгінудің қажеті жоқ, есептеулер автоматты түрде жүзеге асырылады, есепке алуды БЖЗҚ жүргізеді. Салық салынатын базадан төлемдерді алып тастау бойынша қажетті нормаларды Салық кодексінде жеке көздеу жоспарланған. Әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша көпжылдық тәжірибені және мемлекеттік дерекқорлармен жедел ықпалдасу мүмкіндігін ескере отырып, жоба операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ белгілеу жоспарланып отыр.Депутаттар заң жобасына қатысты өз ұсыныстарын айтып, сауалдарын қойды. Қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің ресми өкілдері де сұрақтарға жауап берді. Ұсыныстар мен кей мәселелер қаралып, талқыланатыны айтылды.