950
Әсем ҚАЙДАРОВА: Бақытты отбасы экономикаға оң әсер етеді
Әсем ҚАЙДАРОВА: Бақытты отбасы экономикаға оң әсер етеді

Отбасы – шағын мемлекет. Оның іргесінің берік қалануы, шаңырағының биік, керегесінің кең, уықтарының нық болуы тәрбиеге тікелей байланысты. Ұлттың ұлт болып ұйысуы, қоғамның алға қарай дамуы, мемлекеттің өркендеуіне де отбасылық құндылықтың тигізер әсері мол. Нарықтық экономика қыспаққа алып тұрған кезеңде отбасын қалай сақтау керек, ата-ана мен бала арасындағы байланыс қай деңгейде деген өзекті сауалдарға жауап іздеген едік.
– Алғашқы сұрағымызды отбасы дегеніміз не және оның қандай қызметтері бар деген сауалдан бастасақ.
– Отбасы дегеніміз – туысқан адамдардың тобы. Қазіргі халықаралық терминдерде отбасының түрлері көп. Бізде қарапайым отбасы кең таралған. Мұндай отбасы әке-шеше мен баладан тұрады. Егер ата-әжесімен тұрса, ол кеңейтілген отбасы болады. Адамзат пайда болып, өркениет дамыған сайын отбасының түрлері де дамып отырды. Отбасының ең басты қызметі – ұрпақ жалғастыру. Ары қарай материалдық, тұрмыстық мәселелер, тәрбиелеушілік, дамытушылық қызметтер жалғаса береді.
Статистикалық мәліметтер Қазақстанда соңғы 5 жылда неке санының азайып келе жатқанын көрсетіп отыр. Некеге тұрушылардың ең үлкен көрсеткіші 2017 жылы болған. Ал 2022 жылы көрсеткіш біршама түскен. Оған себеп отбасы адаммен, өркениеттің дамуымен бірге өзгерістерді де бастан кешіп жатыр. Қазақ жастары негізінен алғанда отбасын құрып, көпбалалы болғысы келеді. Бірақ заман өзгеріп жатыр. Оқу, кәсіп меңгеру, қызмет істеу, адам ретінде жетістікке жету деген сияқты мақсаттарды бірінші орынға қойып жатырмыз. Некеге тұрушылар санының азаюы да осыдан.
Екіншіден, азаматтық неке көбейді. Бұрын жастар ресми, дәстүрлі некеге тұрғысы келсе, қазір азаматтық некеге тұру ұят емес деп саналады. Осы жағынан да құндылықтар өзгеріп, некенің басқа түрлері пайда бола бастады.
– Заманға қарай отбасы құндылығы өзгеріп келе жатыр. Осы орайда каписталистік қоғам әйел мен ердің, ата-ана мен баланың арасындағы байланысты қаншалықты алыстатып отыр?
– Некеде әр адамның өзінің қызметі, әкенің және ананың моделі бар. Қалыптасқан дәстүр бойынша әкенің міндеті – отбасын материалдық жағынан қамтамасыз ету болса, ананың міндеті – бала тәрбиесі болатын. Қазір бұл үлгі өзгеріске ұшырады. Әйел адам отбасы, бала тәрбиесімен қатар отбасын материалдық жағынан қамтамасыз ету мәселесімен қоса айналысып жатыр. Сондықтан да бала тәрбиесі, баламен бірге уақыт өткізу мәселесі кейінге қалып жатыр.
Ата-ананың балаға аз көңіл бөлетінін әлеуметтік зерттеулер де анықтады. Сауалнамаға қатысқандардың тек 10 пайызы ғана әр демалыс сайын бірге уақыт өткіземіз деп жауап берді. Ата-ана «Немен айналыстың?», «Мектепте қандай пәнді оқыдың?», «Сабағың қалай?» деп қана сұрайды. Ал демалысты бірге өткізу, спортпен айналысу, мәдени орындарға бару, кітап оқу деген сияқты уақытты сапалы өткізу мәселесі ақсап тұр. Оның бірнеше себебі бар. Біріншісі – әке-шешесі жұмыс істегендіктен бала тәрбиесіне уақыты жоқ, екіншісі – қаржы-экономикалық мәселе. Демалысты баламен бірге өткізу үшін, қыдыру үшін қаражат керек. Ата-анаға таңдау жасау керек болып тұрады. Не жұмыс істеп отбасының қажеттілігін өтеу керек, не үйде отырып бала тәрбиесімен айналысу керек деген сынды. Жұмысбасты болсаңыз, бала тәрбиесі ақсайды, үйде отырсаңыз баланың қажеттіліктеріне қаржы керек. Алайда алтын ортаны ұстап, жұмыс істеп те, баласына көңіл бөліп те үлгеріп жатқан ата-аналар бар.
– Ата-ананың балаға дұрыс көңіл бөлмеуінің салдары қандай болмақ?
– Ата-ананың бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмеуі баланың құндылықтарының өзгеруіне алып келеді. Балаңызды қандай құндылықтарға тәрбиелейсіз, сондай тұлға болып қалыптасады. Бүгінде заман ағымына байланысты бала мен ата-ананың қарым-қатынасы достық деңгейде. Бұрынғы балалар әке-шешесіне өз ойын ашық айта алмайтын. Қазіргі балалар ойын бүкпесіз айтып, тіпті талап ете алады. Яғни, ата-ана мен баланың қарым-қатынасының да моделі өзгерді.
Екінші жағынан қазіргі жастар үшін отбасы басты құндылық болып табылғанымен, олардың жұмыс істегісі келеді, тез байығысы келеді. Басқа да материалдық мәселелерді алға қояды. Бұған әлеуметтік желі, қоғам да әсер етіп отыр. Баланың құндылығы 11 жастан бастап өзгере бастайды. Өйткені бала психологиясында 11 жаста әке-шешеден бөліну процесі басталады. Осы жастан бастап оған ата-анасының ықпалынан гөрі ортасы, қоғам әсер етеді. Жанындағы достары беделді болады. Осы кезеңде балаға көбірек назар аударып, сырласып, сөйлескен абзал. Өйткені бала әке-шешесінен тәрбие алмаса, құндылықтарды бойына сіңірмесе, қоғамдағы теріс қылықтарды өзіне қабылдап алуы әбден мүмкін. Әке-шешесі баламен бірге кітап оқыса, музыка тыңдаса, ойын ойнаса, спортпен айналысса, баланың жаман әдеттерге бой алдыруға уақыты да болмайды. Бізде кей ата-ана баламен бір жерде телефон шұқылап отыруды бірге уақыт өткізу деп түсінеді. Бірақ бұл бір кеңістікте әркімнің өз ойымен отыруы.
– Отбасылық құндылық туралы білімнің болмауы ерлі-зайыптылардың ажырасуына қаншалықты әсер етеді?
– Әйел мен ердің ажырасуына отбасылық өмірге дайын болмауы әсер етеді. Сонымен қатар отбасылық өмірдің дағдарысы болады. Үйленген алғашқы жылдары, бала өмірге келгеннен кейін, 3 жылдан кейін, 5 жылдан кейін дағдарыстар бола береді. Тіпті, 30 жылдан кейін де әр отбасының өз дағдарысы болады. Бұрын неге ажырасу аз болған? Өйткені ерлі-зайыптылар отбасылық дағдарыстан жылдар бойы шығатын, ал қазіргі жастар көбінде дағдарысты бастан кешіріп жүргісі келмейді, ажырасуды оңай жол деп ойлайды. Сондықтан ажырасу көбейіп кетті. Жастардың отбасылық өмірге дайындықсыз баруы, бірін-бірі түсінбеуі, тіл табыса алмауы – ажырасудың алғашқы себептері. Бізде көбіне ажырасуға материалдық жағдай, ақша жоқтық себеп деп жатады. Бірақ бұл ажырасудың үшінші, төртінші себебі.
Содан кейін жалғызбасты ата-аналардың көбеюі кең етек алды. Қазір елімізде 500 мыңға жуық ата-ана баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. Жалғызбасты отбасында тәрбиеленген балалар кейін ажырасуға бейім болуы мүмкін. Бала отбасында не әкенің, не шешенің моделін көрмегендіктен, кейін өзі отбасын құрғанда қиындықтықтарға төтеп бере алмайды. Ұл бала отбасында әкенің қандай болғанын көріп өссе, кейін отбасын құрғанда сол модельді ұстануға тырысады.
Қазір ажырасушылар неге көп дегенге тағы бір мысал айтайын. Бұрын ата-ана мен баланың арасындағы достық қарым-қатынас болмайтын, ал қазіргі балалар әке-шешесімен тең құрдастай сырласады, сөйлесе алады. Ата-ана психологиясында «балам менің жалғызым», «балам мен үшін басты құндылық» қағидасы орнап жатыр. Сондықтан ата-ана қолдауына сүйенген жастар ажырасуды ұят санамайды.
– Ата-бабамыз ту еткен құндылықтардың қазіргі жастарға өтімсіз болуының себебі неде?
– Қазақ дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар дейді. Еліміздің оңтүстік, батыс өңірінде әке-шешесімен, ата-әжесімен бірге тұрады. Солтүстік, шығыс Қазақстанда көп жағдайда балалар ата-әжесімен араласпайды. Бұрын бізде ата-әже институты болды. Баланың тәрбиесіне ата-әжесі де атсалысатын. Ал қазіргі қоғамда балаға тәрбие берушілер көп. Олар – әлеуметтік желілер, достары, ортасы. Жастарға сыртқы факторлардың әсері көп болғандықтан олар қалыптасқан дәстүрлі құндылықтарды қабылдай қоймайды.
Жастар бәсекеге қабілетті, білімді болып, өзін дамытқысы келеді, кәсіби маман болуды қалайды. Бұл, әрине, жақсы. Алайда мәселенің екінші жағы бар, мұндай жастар отбасын құруға асықпайды.
– Нарық заманында балалар да ата-анамен бірдей құқықта жұмыс істеуге құқығы бар. Осы ретте баланың еңбекке ерте араласауының жағымды және жағымсыз тұстарын жіктеп айтып берсеңіз.
– Баланың еңбекке ерте араласуы оның адам ретінде қалыптасуына, кәсіби жетілуіне ықпал етеді. Әке-шешесіне қаржылай көмектеседі, бала қатарластарына қарағанда ерте жетіледі, тез дамиды. Алайда бала білім алу, өзіне ұнайтын іспен айналысудан кеш қалады. Еліміздегі білім сапасының төмендігін, баланың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған үйірмелер мен секциялардың қолжетімсіздігін ескерсек, баланың жұмыс істеуі пайдасынан зияны көп мәселе деуге болады. Ерте еңбектенген бала тұлға, маман ретінде мықты болып қалыптасуы мүмкін. Алайда баланың балалық шағы болуы керек. Бала өз жасына сай ойнауы, білім алуы, дамуы, жетілуі керек.
Бұрын студенттік кезде үйленетіндер саны көп болатын. Қазір ерте некелердің саны өте аз. Некеге тұрушылар жасы ұлғайып келеді. Өйткені жастардың да көзқарасы, талабы да өзгерді.
Қазір бізде отбасын құру жасы ер-азаматтар үшін – 28 жас, қыздар үшін – 25-26 жас. Бұрын бала туудың ерте жасы 25 болса, қазір 35 жас кеш ана болу жасы. Яғни, некеге тұрудың да, бала туудың да жасы ұлғайып келе жатыр.
– Өзіміздегі отбасылық құндылықтар мен қасиеттерді жастардың бойына қалай оңай сіңіре аламыз?
– Мен мектепте отбасы құндылықтары, тәрбиеге қатысты пән енгізілгенін қолдаймын. Біз жастар отбасылық өмірге дайын болмағандықтан ажырасады деп дабыл қағамыз, бірақ оның алғышарттарын жасамаймыз. Бала отбасы құндылықтарын кішкентай кезден бойына сіңіріп, құлағына құйып өссе, ажырасу азайып, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың да жолы кесілер еді.
Бізде отбасындағы ажырасу мәселесіне келгенде жастар өз бетімен шешім қабылдайды. Негізінде олар психологпен жұмыс істесе, әлдеқайда жақсы нәтижеге қол жеткізуге болар еді. Дамыған елдерде отбасында дағдарыс болса, оны шешудің бірнеше жолын қарастырады. Біздің елімізде әйелдердің құқығы дұрыс қорғалмайды. Ащы шындық осы. Осындай мәселелерді кезең-кезеңмен шешсек, көп ұзамай өзінің нәтижесін береді. Өйткені бұл бір күндік жұмыс емес, кешенді мәселе. Отбасының бақытты болуы экономикаға да әсер етеді. Мысалы, АҚШ кезінде экономикалық дағдарыстан шығу үшін отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартатын мемлекеттік бағдарламалар қабылдады. Өйткені олар толыққанды отбасында туған ер-азаматтар ғана экономиканы алға жылжытатынын түсінді. Сондықтан отбасы мәселесіне қоғам болып назар аудару керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ