50212
Қан доноры болыңыз – «Жастар Рухының» мүшелері игі акция өткізуде
Қан доноры болыңыз – «Жастар Рухының» мүшелері игі акция өткізуде
Бүгін «Жастар Рухы» жастар қанатының және «AMANAT» партиясының 5 мыңнан астам мүшесі мен жақтасы донор болу үшін қан орталықтарына барды. Акция еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Игі іс-шара Дүниежүзілік қан доноры күніне орай және Қазақстанда донорлық қозғалыстың дамуын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек мұндай акция қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға атсалысып қана қоймай, азаматтарға салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын еске салатынын, халықтың денсаулық мәселесіне қатысты сауатын арттыратынын атап өтті.
«Бүгін ел аумағында 5 мыңнан астам адам ерікті түрде қан тапсыруды көздейтін акциямызға қосылды. Донор болу – адам өмірін құтқарып қалатын игі іс. Бұған қоса, бұл донордың денсаулығына да пайдалы. Сапалы медициналық көмек пен дәрі-дәрмекке еліміздің әрбір азаматы қол жеткізе алуы тиіс. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және партияның сайлауалды бағдарламасында жан-жақты айтылды. Біз барша қазақстандықты үнемі қан тапсырып отыруға шақырамыз», – деді ол.Ел аумағында жыл сайын 230 мыңға жуық адам қан тапсырады. Бұл донор қанына деген қажеттілікті толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді дейді «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК басқарма төрағасы Сәния Әбдірахманова.
«Қазақстандықтар жеткілікті мөлшерде қан тапсырады. Күн сайын еліміздегі қан орталықтарына 1 мыңға жуық адам келеді. Бүгінде адамдар шақырған кезде ғана емес, өз қалауы бойынша да қан тапсырады. Бұл – қоғамдағы түсіністік пен ниеттестіктің көрінісі. Донорлар, ең алдымен, тілектестік және өзара көмек қағидаттарын бәрінен биік қояды. Олар осындай игі амал арқылы өздерінің азаматтық борышын өтейді десе де болады. Донор тапсырған қан онкологиялық, гематологиялық ауруларға шалдыққан науқастардың, босанған әйелдердің, апатқа ұшыраған адамдардың және өзге де отандастарымыздың өмірін сақтап қалу үшін қажет», – деді ол.Айта кетейік, Дүниежүзілік қан доноры күні 2005 жылдан бері атап өтіліп келеді. Қазақстанда жыл сайын 400 мыңнан астам қан құю процедурасы жасалады.