«AMANAT» партиясы Абай облысында өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуде
«AMANAT» партиясы Абай облысында өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуде
«AMANAT» мүшелері Абай облысындағы қайғылы оқиғаның алғашқы сағатынан-ақ жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп жатыр.
Өңірге «Жастар Рухының» 250-ден астам волонтері келді.Партияның өңірлік филиалы жанынан гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылды. Мұнда жалпы сомасы 10 млн теңгеге бірінші кезекте қажетті заттар мен азық-түлік өнімдері жеткізілді.
Шығыс Қазақстан облысының мәслихатындағы «AMANAT» депутаттық фракциясының жетекшісі Тұрарбек Әзекеновтің бастамасымен «Семей орманы» орман шаруашылығының қаза тапқан қызметкерлерінің отбасыларына материалдық көмек ретінде «Қазмырыш» АҚ 1 млн теңгеден бөледі.
Шығыс Қазақстан облысындағы партиялықтар да шет қалмай, 5 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті. Бұл – жеке бас гигиена заттары, бір рет қолданылатын ыдыс-аяқтар, азық-түлік пен дәрі-дәрмектер.
«Жастар Рухы» жастар қанаты жасақтаған волонтерлер тобы өрттен зардап шеккен және эвакуацияланған тұрғындарға белсенді көмек көрсетіп жатыр. Оқиға орнында Астана қаласынан, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 250-ден астам волонтер қолғабыс етуде. Олар гуманитарлық көмек жинау пунктіне жеткізілген заттарды қабылдап, оны Талица, Успенка және Каштак елді мекендеріндегі зардап шеккен тұрғындарға таратып жатыр. Бұған қоса, волонтерлер тобы өрт сөндірушілерге арнап ыстық тамақ ұйымдастыруда. Сонымен қатар, еліміздің өзге аймақтарынан тағы 300-ден астам волонтер келеді деп күтілуде.
Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының депутаттары Нұртай Сабильянов, Ринат Зайытов, Мақсат Толықбай және Самат Нұртаза Абай облысында өрттен зардап шеккен тұрғындардың хал-жағдайын біліп, өрт сөндірушілермен кездесті. Талица ауылындағы өрт сөндірушілермен жүздесу кезінде халық қалаулылары осы сала қызметкерлерінің материалдық-техникалық базасын, еңбек жағдайын және әлеуметтік қамсыздандыруды жақсартудың өзекті мәселелерін талқылады. Олар құтқарушыларды өрт сөндіру техникасының тапшылығы мен тозығы жетуі мәселесі партияның ерекше бақылауына алынып, жақын арада тиісті шешімін табатынына сендірді.Облыстық мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының депутаты, Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Эльзира Жүнісова балалар орналастырылған эвакуациялау пункттеріне барып, оларға жасалған жағдайды тексерді. Абай облысы аумағында 51 бала эвакуацияланды. Оның 13-і Семей қаласындағы екі жатақханаға орналастырылды. Яғни, 8 бала Д. Қалматаев атындағы медициналық колледжде, 5 бала М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжге жайғастырылды.