50525
Қазақстанда болашағы жоқ қанша ауыл бар?
Қазақстанда болашағы жоқ қанша ауыл бар?
Қазақстанда 3 мыңға жуық «болашағы жоқ» ауыл бар. 700 мыңнан астам адам тұрып жатқан елдімекендердің ертеңі бұлыңғыр деп хабарлады turkystan.kz.
Almaty.tv хабарлауынша, кейбір ауылдарда жол, су жоқ. Тіпті, көпшілігі өркениет көшінен қалып қойған. Аймақтағы ағайынды алаңдатқан мәселелер бүгін Мәжілісте тағы көтірілді.
Ұлттық Экономика министрі Әлібек Қуантыровтың сөзінше, олар енді бір бесжылдықта да қала қатарына қосылмауы мүмкін.
Баяндамасын «болашағы жоқ» ауылдар деп бастаған Әлібек Қуантыровтың бұл тіркесі халық қалаулыларына ұнамады. Жолы жоқ, тіршілік нәрінен тарыққан жұрттың бүгінін білген министр ертеңінен бейхабар. Ұлттық Экономика министрінің келтірген бір дерегі – қазір ауылда адам саны азайып барады. Жағдайы келсе, жыл сайын 200 мың тұрғын көшін қалаға ауыстырады екен. Үрдіс жалғаса берсе, ауылдың болашағы шынымен бұлыңғыр болмақ екен.
«Біз қазір көпшілік туралы айтып жатырмыз. 90 пайыз ауылдарды. Оның бәрін ойласақ, біздің қаражат жетпейді», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.Жөндеп ретке келтірілсе деген қатарда ауылдағы мектеп, балабақша, емханалар бар. Халық қалаулылары ағайынды алаңдатқан түйткілді мінберде тағы көтерді. Қазақстандағы білім ошақтарының 89-ы қазір құлағалы тұр. Кеңестік кезден бері бірде-бір жөндеу көрмеген нысандарда бала оқытудың өзі қорқынышты, – деді Нұртай Сабилянов. Депутат дерегінше, мектептердің 25 пайызында спорт зал жоқ, 15 пайызы асханамен қамтылмаған.
«Ауыл оқушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ауылдық және қалалық мектептердегі материалдық техникамен қамтамасыз ету тұрғысынан алшақтықты жою керек. «Жайлы мектеп» жобасымен 400 мектеп салынады. Ал енді 2021 жылғы статистика бойынша 1642 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. 89 мектеп апатты жағдайда тұр», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұртай Сабилянов.«Біз қазір бар мектептің өзін сатып жатырмыз». Осылай деген мәжілісмен Мақсат Толықбай Алматы облысындағы жаға ұстатар жағдайды бөлісті. Қарасай ауданы, Шалқар ауылындағы жалғыз білім ошағы 15 млн теңгеге сатылып кеткен. Депутаттың сөзінше, 250 балаға арналған нысанға мемлекет қаражатынан толығымен күрделі жөндеу жүргізіліпті. Еденінен шатырына дейін жаңаланып, арнайы спорт зал салынып, ауыл балаларына беріледі дегенде оқу ордасы кәсіпкердің қолына өтіп кеткен.
«Ол біреуден алған, 15 млн теңгеге сатқан, одан тізбектеліп, әрі қарай 80 млн теңгеге басқа біреуге сатқан. Бұл мәселені Прокуратураға айтып, қайда қарап отырғанын сұрадым. Олар шамамыз келмейді, сот шағымымызды қабылдамайды деп отыр. Мынау сұмдық нәрсе ғой. Алматы облысының әкімі бұл қай әкім тұсында қалай сатылғанын анықтау оңай емес, бәрін біліп отырмыз. Тез арада қайтарыңыздар. Әйтпесе бүкіл фамилияның соңына жетем, екі ай уақыт береміз», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай.Ұлттық экономика министрінің ақпарынша, өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіші бойынша Шығыс, Батыс Қазақстан мен Жетісу облыстары төменгі орында. Аталған аймақтарда инфрақұрылыммен қамтамасыз ету шаруасы шатқаяқтап тұр. Әлібек Қуантыров мұны жергілікті әкімдіктердің сылбыр жұмысымен байланыстырды.