50769
Қоғамдық бақылау үш негізде жүзеге асырылады – Жұлдыз Сүлейменова
Қоғамдық бақылау үш негізде жүзеге асырылады – Жұлдыз Сүлейменова
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының екінші оқылымында «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы мақұлданды. «AMANAT» партиясының алаңында депутаттар мен АҚДМ өкілі заң жобасын талқылау жұмысын жүзеге асырды, - деп хабарлады turkystan.kz.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді.
«Заң жобасы қазір Сенатқа жолданды. Біз заңды жұмысқа алғаннан кейін жұмыс топтарының барысында «Самұрық-Қазына» АҚ жұмысына қоғамдық бақылау енгізу тетігі қарастырылды. Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университетіне қоғамдық бақылау енгізу дербес білім беру ұйымдарына және әскери борышын өтеп жатқан ұйымдарға, Кадет корпусына қоғамдық бақылауды енгізу процестері айқындалды. Қоғамдық бақылау үш негізде жүзеге асырылады. Ол: қоғамдық талқылау, қоғамдық мониторинг және қоғамдық экспертиза. Әрқайсысының рәсімделетін күндері, қарастырылатын мәселелері мен шешімдер, қорытынды құжаттар заңмен бекітіледі. Заң жобасы 3 кодекс пен 10 заң жобасына өзгеріс енгізуді көздейді. Сондай-ақ, ол 4 тараудан, 16 баптан тұрады», - деді Жұлдыз Сүлейменова.Депутат заңда шектеулер мен рәсімдеуге қатысты мәселелер көп болғанын да ерекше атап өтті.
«Конституциялық реформалардан кейін біз «Самұрық-Қазына» АҚ-ға міндетті түрде қоғамдық бақылау енгізуді көздедік. Оған қатысты 7-8 ай Мәжілістің депутаттық корпусы табанды еңбек етті. Біздің әскерімізде жас балаларымызға қатысты резонанстық мәселелер туындаған соң қоғамдық бақылау енгізу қажеттілігін жақсы түсіндік. Дербес білім беру ұйымдарының мәртебесі құқықтық режимде заңмен бекітілген, ашық принциптермен жұмыс істемей отырған білім ұйымдарына қоғамдық бақылау енгізу арқылы «халықтың үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымын енгізу қажет», - деді Сүлейменова.Өз кезегінде депутат Еділ Жаңбыршин кейбір мемлекеттік органдар ескі шаблонмен, ескі көзқараспен жұмыс істейтінін тілге тиек етті.
«Әскерилерді және «Самұрық-Қазынаны», еншілес компанияны, дербес ұйымдарды бақылауға алу – сайлаушылардың, мамандардың көтеріп жүрген мәселелері. Біз азаматтық қоғам құрғымыз келсе, Президент айтқан ықпалды Парламент құрғымыз келсе, онда ашықтықты қамтамасыз етуіміз керек. Бұл заңда қарастырылған қағидаттар осы бағытта болуы қажет және мәліметтер мен іс-әрекеттің, шешімнің бәрі қоғамдық бақылауда болуы тиіс, - деді Жаңбыршин.Заң жобасы аясында жұмыс тобы 2 жыл жұмыс істеді. Нәтижесінде заң жобасының үкіметтік нұсқасы барынша пысықталды.