Ескі Ақмоладан еңселі Елордаға дейін
Ескі Ақмоладан еңселі Елордаға дейін

Еуропа мен Азияның шектескен нүктесінен орын тепкен Астана сұлулығымен талайларды таңдай қақтырып келеді. Қарасаң көз тоймайтын әсем шаһар – Қазақстанның жетістігі мен жеңісінің символы іспеттес. Ерке Есілдің жанындағы асқақ қала халқымыздың үкілі үмітінің, ерік-жігері мен қажыр-қайратының нышаны. Ертегідей елорда жаңа ғасырдың ғажабы дерсің. Сыр тұнған тарихы бар, шежіресі бай Сарыарқада бой көтерген астанамызға биыл 25 жыл. Сонау 1997 жылы Парламенттің мақұлдауымен Ақмола қаласы еліміздің елордасы болып жарияланды. Бір жылдан соң Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Осылайша, 1998 жылғы 10 маусымда бас қаланың Халықаралық тұсаукесері өткізілді. Астананы Сарыарқа төрінен таңдаудың да бірнеше себебі болды. Ең әуелі қаланың тоғыз жолдың торабында орналасуы жаңа инфрақұрылым құруға үлкен септігін тигізді. Географиялық аумағының орталықта болуы шетелдік инвесторларды тартуға, ұтымды жобаларды іске асыруға тамаша мүмкіндік болды. Астана – инвесторлар үшін тиімді ынтымақтастық алаңына және озық білімнің ошағына айналды. Елорда қысқа мерзім ішінде өзін-өзі қамтамасыз ете алатын қала екенін көрсетті. Астананың халықаралық орталығына айналуы қалада жаңа заманауи технологияларды дамытуға, FinTech жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасады. Нәтижесінде, туризмді дамытуға жол ашылды. Астана құрылыс секторы бойынша көш басында. Құрылысы қарқынды жүрген қала соңғы жылдары ел бюджетіне қомақты қаржы құйып келеді. Астана – аймақ дамуының драйверіне айнала отырып, республикалық бюджеттің доноры болды. Астананың экономика секторындағы рөлі де ерекше. 1997 жылдан бері өнеркәсіп өндірісі 50 есеге өскен. Республиканың ЖІӨ-нің 11 пайызы елорданың үлесіне тиесілі. Жыл сайын 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Елордада бүгінде 140 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бас шаһардың әрбір үшінші тұрғыны шағын және орта бизнес саласында еңбек етеді. Осылайша, мемлекеттік қызметкерлер қаласы атанған Астана қазір кәсіпкерлер қаласына айналды. Елорданың еліміздің мәдени, рухани өміріндегі орны да ерекше. Астана – әлемдік, халықаралық деңгейдегі іс-шаралар жиі өтетін диалог алаңы. Болашақта Астана жаңашыл, талантты адамдар, сондай-ақ туристер мен шетелдік инвесторлар тартылатын жаһандық қалаға айналмақ. Өз қаласының тағдырына немқұрайлы қарамайтын әрбір адамның Астананы дамытуға үлес қоасары анық. Астананың 25 жылдық мерейтойына орай, Túrkistan халықаралық газеті тағдыры елорда тарихымен тығыз байланысқан әртүрлі сала мамандарына хабарласып, Астана туралы пікірін жинақтаған болатын.
Серік РҮСТЕМБЕКОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі:
Астана адамды магнитше тартады
– Еліміздің астанасын Ақмолаға көшіру туралы алғаш радиодан 1994 жылы естіген болатынмын. Айтылған ұсыныс 3 жылдан кейін ресми түрде іске асып, Сарыарқаға қарай үлкен көш басталды. Жаңа астанаға бас жоспар керек екені анық. Бас жоспарға атсалысу бақыты маған да бұйырған екен. «Ақ орда» компаниясын құрып, қаланы жобалау, құрылысын салу жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеттік. Бас жоспарды жасау кезінде қажетті мәліметтерді жан-жақты жинадық. Алғашқы жылдары Есілдің оң жағалауын жандандыруға күш салдық. Астана ауысқаннан кейін орталық мемлекеттік органдарды орналастыру күн тәртібіндегі маңызды мәселе болды. Осы орайда біз ескі орталықтарды жаңғырту жұмыстарымен айналыстық. Уақыт өте келе астанамыздың бейнесі қалыптаса бастады. Жаңа ғимараттар қаланың көркін аша түсті. Мен «Миллениум» галареясын, «Самал» тұрғын үй кешенін, «Бизнес сервис орталығын», Қаржы министрлігі алдындағы алаң, Астаналық саябақтағы «Аквапарк» кешенін жобалау, салу жұмыстарына тікелей араластым. Осылайша, отандық және шетелдік ең үздік сәулетшілер астанамыздың жаңа келбетін қалыптастырды. Астананың қай уақытта осындай көркем шаһарға айналғанын өзіміз де сезбей қалдық. Өйткені осыдан ширек ғасыр бұрын бұл қаланың сипаты мүлдем басқаша еді. Есілдің сол жағалауы иен дала еді. Қазіргі бойымен көк тіреген зәулім үйлердің орны қамыс өскен саз батпақ болатын. Есілдің сол жағалауына ел қонады деген әңгіме ертегідей естілетін. Ешкім сенбеді. Сол жағалауға ешкімнің барғысы келмейтін, өйткені ешқандай инфрақұрылым болмады. Президенттің бұйрығымен Ақорданың құрылысы басталғанда басқа инвесторлар қызығушылық таныта бастады. Осылайша, сол жағалауда «Ақорда» резиденциясы, «Қазмұнайгаз» бен «Бәйтеректің» қазығы қағылды. Кезінде сары дала болып жатқан аумақтың жайқалған желекке оранып, көркем шаһарға айналғаны көз қуантады. Бүгінде бас қалада тұрғын үй қоры 5 есеге өскенін көріп отырмыз. Ал қаланың жалпы ауданы 500 шаршы шақырымға ұлғайған. 1997 жылдан бері 21 жаяу және автомобиль көпірі салынды. Қаламызда 1 110 көше бар екен. Осының бәрі Астананың күн санап қарыштап дамып жатқанының жарқын көрінісі.
Сансызбай ЕСІЛОВ, саяси және қоғам қайраткері, Астана қаласының Құрметті азаматы, экономика ғылымдарының кандидаты, ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Астана – қайталанбас жоба
– 1997 жылы 10 желтоқсанда өткен салтанатты іс-шарада Ақмола Қазақстан астанасы құқығын иеленді. Арада төрт күн өткен соң мені қала әкімі Әділбек Жақсыбеков орынбасар қызметіне шақырды. Бұл – Алматыдан Ақмолаға қарай мемлекеттік органдардың көшіп келіп жатқан кезеңі еді. Алғашқы жылдары бас қаланың жылуы мен суына, қала тазалығы мәселесіне жауапты болдым. Кейін бірінші орынбасар болғанда экономика, қаржы мәселесімен қоса айналыстым. Сөйтіп, 10 жыл бойы қала әкімі қызметін атқардым. Бұл қызметті атқару мен үшін үлкен жауапкершілік, зор мәртебе болды. Астана ауысқанда қаланың қым-қуыт тірлігі қайнап жатты. Елорданың қарлы бораны мен сарышұнақ аязы, нашар инженерлік инфрақұрылымы онсыз да қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған қысылтаяң шақты одан әрі күрделендірді. Осындай жағдайға қарамастан қаланы жылумен, сумен, электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі ең бірінші орында тұрды. Электр қуаты мен жылу жетіспегендіктен электр жарығы жиі өшірілетін. Бұл жағдайдан шығудың жолын іздеп, жарықты тәулік бойғы және сағат бойынша өшіріп-қосу кестесін жасадық. Амалсыздан жасаған осы әрекетіміз тұрғындардың ренішін тудырды. Астана болады дегенге қаланың байырғы тұрғындары әуелден-ақ сенбеді. Адам шаршап жұмыстан келгенде үйі азынап тұрса, жылы суы болмаса, жарығы жыпылықтап өше берсе, қаланың болашағына қайдан сенсін? Әсіресе, елордаға көшіп келген атқамінерлер бізді қатты сынға алды. Олар орналасқан жатақханалар мен қонақүйлер өте салқын болды. Ал біздің алдымызда ең алдымен электр жарығын үздіксіз қажет ететін нысандарды қамтамасыз ету міндеті тұрған еді. Күрмеуі шешілмей жатқан саланың бірі – қалалық коммуналдық шаруашылық болатын. Тұралап қалған саланың тамырына қан жүгірту оңай болмады, өйткені қолымыз қысқа еді, қаражат жетіспеді. Адам санымен қатар көлік саны да өсіп, көшелердің тар екені байқалды. Нәтижесінде бұрын болмаған кептелістер болды. Қыста көшелерді қалың қар басады, көктемде шет жақтағы көшелердің батпағынан аяқ алып жүре алмайсың. Қалалық су арнасының инфрақұрылымы мен инженерлік жүйесі апатты жағдайда тұрды. Қызметкерлер айлап жалақы ала алмаған кездер болды. Көшіп келген адамдарға пәтер, үй беру, ғимараттар салу мәселесі де күйіп тұрды. Осындай қиындықтарды еңсеріп, уақыт өте барлық саладағы түйткілді мәселелер оң шешімін таба бастады, қала аяғынан нық тұра бастады. 2000 жылдары Есілдің сол жағалауына жаңа қала салу мәселесі көтерілді. Бұл кезде ескі қаланың түйткілді мәселелері шаш-етектен болатын. Жаңа қала салу идеясына бәріміз шошына қарап, қарсы шықтық. Алайда қала әкімі Әділбек Рыскелдіұлы Тұңғыш Президент сол жағалау құрылысына қатысты нақты шешім қабылдағанын айтты. Осылайша Есілдің сол жағалауында бос жатқан жерлерді игеру процесі басталып кетті. Алдымен жол инфрақұрылымы жасалып, су, жылу құбырлары тартылып, электр жүйесі салынды. Алғаш болып бұрынғы Көлік және коммуникация министрлігі ғимараты мен «Бәйтерек» монументі салынды. Есіл мен Нұраның суы көтерілгенде аймақты су алып кетпесін деп құбырлар салдық. Таңнан кешке дейін жұмысшылармен бірдей резеңке етік киіп жүрдік. Тек таңертең және кешкілік уақытта әкімдікке жиналысқа баратынбыз. Алғаш 1994 жылы астананы көшіру туралы ұсыныс айтылғанда көпшілігі астананың жуық арада көшетініне сенбеді. Бұл сенімсіздік негізсіз емес еді. Тәуелсіздік алған халықтың әлеуметтік жағдайы қиын, кәсіпорындар мен зауыттар тұралап қалды. Елорданы көшіруге қаржы жетпейтіні де анық еді. Сол 1998 жылы қаланың бюджеті 8-9 млрд теңге көлемінде болатын. Осындай қиындықтар мен кедергілерге қарамастан астана Сарыарқа төсіне көшірілді. Елордада басталған құрылысқа қала және облыс тұрғындарымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар жұмысқа ағыла бастады. Басқа өңірден келгендер жұмыс тауып, отбасын асырады, кейін отбасын елордаға көшіріп алып жатты. Алматыдан басталған көш Астанаға келіп тоқтады, ал өзге аймақтардың астанаға көші әлі жалғасып келеді. Арман қуған талай жас өз тағдырын Астанамен байланыстырды. Бүгінде халқының саны миллионнан асатын, ел бюджетіне донор қала болып отырған елорданың дамуына үлес қосқаныма, қала дамуының тарихын көзбен көріп куәгер болғаныма өзімді бақытты санаймын. Жүзжылдықта бір қайталанатын ұлы іске атсалысқанымды ерекше сезіммен еске аламын.
Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор:
Астанада бәрі бар
– 1996 жылы 17-18 мамырда Ақмолаға гастрольдік сапармен келіп, Целинников сарайында жеке концерт бердім. Ал 23 мамырда Президенттің Целиноград педагогикалық институтын Еуразия ұлттық университеті деп атын өзгерту туралы жарлығы шықты. Университет ректорын бұрыннан танимын. Қайтар рейсім кешке болғандықтан Амангелді Құсайыновқа сәлем бере бардым. Целинниковта берген концертім үлкен резонанс тудырған, мені көре сала «Астана болғалы жатырмыз, бізде музыка факультеті бар. Сен бізге керексің. Осында кел, үйіңді берем, жағдайыңды жасаймын» деді. «Қазақтардың үлесі аз екен, оның үстіне жалғыз өзім не істеймін? Алматыдан әншілерді шақыра келейін. Келем десе үй бересіз бе?» деп едім, «Шақыр, келсін, үй мәселесін шешіп беремін» деді. Алматыға барған соң өзім еңбек ететін Опера және балет театрындағы әншілерді үгіттеп едім, бәрі маған күлді. «50 жылсыз астана болмайды. Оның үстіне шовинистердің қаласы. Масасы мен аязына қалай шыдайсың? Ақымақ болма, дауысыңнан айырыласың» деді. М.Мағауинмен ақылдасып едім, «Жассыңдар, бас қалаға барыңдар. Болашақ астанаға сендер бармай кім барады? Ол жақ орыстанып кеткен, өнерін көтеріп, қазақыландырыңдар» деп ақыл айтты. Ректор маған сол кездегі Мәдениет министрі Талғат Мамашевқа опера әншілігінен Еуразия ұлттық университетіне ауыстырылсын деп хат жазып берген болатын. Министр сөзге келместен келісімін беріп, қағазымның шекесіне қолын қойып берді. Театр мені қошеметтеп шығарып салды. Елордаға 1996 жылы тамыз айының соңында келдім. Университетте Дихан Қамзабекұлын көрдім, ол менен бір ай бұрын келген екен. Оны да Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушілігіне арнайы шақыртыпты. Қалың орыстың арасында екі қазақпыз. Университетте қаланың астана болуына бәрі қарсы. «Какая столица? О чем вы говорите? Это Целиноград» деп бет қаратпайды. Сөйтіп, орыстармен айтыса жүріп әншілерді жинап, концерт бердім. Ертеңінде «Казправда» бірінші бетіне менің суретімді салып «Первая ласточка будущей столицы» деп мақала жариялады. 1997 жылы мемлекеттік қайраткер Жәнібек Кәрібжанов әкім болып келді. Оған дейін мұнда бірде-бір қазақ әкім болмаған. Гартман, Браун, Морозов деген әкімдер болған бұрын. Кәрібжанов Астананы салу жұмысына білек сыбанып кірісті. Осы кездерде мен «Ақмолада өнер өксіп тұр» деп мақала жаздым. Жәнібек Кәрібжанов мақаламды оқыпты. «Педагогикалық қызмет ешқайда қашпайды, ректормен өзім сөйлесемін, сен филармонияның директоры бол» деді. Содан бұйрық шығарып, мені директор етіп сайлады. Сөйтіп, тұңғыш филармония ашылды. Целинный кинотеатрында отырдық. Алғашқы бір жылы ремонт жасадық, сол арада қазақ ұлттық аспаптар оркестрін құрдым. Келесі жылы Айман Мұсаходжаеваның шақыруымен қазіргі Өнер университетіне ән салу кафедрасының меңгерушісі болып 9 жыл қызмет еттім. Астана мен келген жылы аудан орталығы секілді болатын. Қазақтардың үлесі 17 пайыз ғана еді. Өз жерімізде қалың орыстың арасында өзімізді бөтен сезінгеніміздің несін жасырайық. Қазақты менсінбей, мұрын шүйіріп қарайтын. Ақшадан да талай таршылық көрдік. Астананың ыстығына шыдап, суығына төздік. Жаңбыр жауған күні батпақтап жұмысқа әрең жететін едік. Мәдени орындардың алдында аяқ киім жууға арналған арнайы астау тұратын. Сөйткен Астана туған баламдай көз алдымда өсті. Қиындықтың бәрі артта қалды. Кезінде «50 жылсыз астана аяғына нық тұра алмайды» деген пессимистердің аузына құм құйылды.
Сәдібек ТҮГЕЛ, жазушы, публицист, Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы, Ұлттық Ат спорты Федерациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Астана – таусылмайтын мәңгілік тақырып
– Мен 1998 жылы ақпанда Алматыдағы жайлы жұмысым, жақсы табысымды тастап, ұлы көшпен бірге Арқаға қоныс аудардым. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, елорданың қалыптасуына өз үлесімді қосайын, елге қызмет етейін деген құлшыныс мені осында жетеледі. Мұндағы қызметім қала әкімінің баспасөз хатшылығы болды. Жұмысыма кірісе сала отандық және шетелдік баспасөздерге шолу жасадым. Өйткені еліміздегі ең маңызды тақырып – ел астанасының ауысуы еді. Тіпті, алматылық, мәскеулік журналистер жаңа астанаға байланысты кереғар материалдарды жиі жариялап, карикатура салып жатты. «АиФ», «Комсомольская правда», «Независимая газета», «Российские вести» басылымдары бұл тақырыпты ерекше «жақсы» көрді. Сол себепті журналистердің басын біріктіріп, қаланың тыныс-тіршілігін насихаттайтын пресс-тур ұйымдастырдым. Бұл 1998 жылдың 3-4 сәуірі болатын. Содан бастап журналистердің көңіліндегі күдік сейіліп, мұз еріп, астана туралы үміт пайда болды, көпшіліктің пікірі жақсы жаққа өзгере бастады. Осылайша, Астана қаласының тұңғыш баспасөз қызметінің негізін қаладық. Кейін шетелдік ақпарат құралдары өкілдерін шақырып, бас қала туралы жан-жақты баяндап, насихат жұмыстарын жүргізумен айналыстық. Осыған себепкер болғаныма қуанамын. Біз келгенде мұнда төрт-ақ баспасөз болған, қазір 200-ге тарта бұқаралық ақпарат құралы бар. Қалаға келген жылы пойыздан түскенде іргетасы жерге кіріп кеткен, шатыры жоқ шым үйлердің көзіме қораш көрінгені рас. Орталық көше саналатын қазіргі Республика, Абай көшелерінің бойындағы жапырайған үйлерді көргенде «Мына қала қалай астана болар екен?..» деген де күдік келді көңілге. Алайда әр жерден көкке мойнын созған крандардың тынымсыз қозғалысы, іргетасы қаланып, қабырғасы көтеріліп жатқан ғимараттар көңілдегі күдікті тез-ақ сейілтті. Ел жүрегі Астананың тоғыз жолдың торабында орналасуының өзі геосаяси, демографиялық және этномәдени жағынан тиімді болды. Астананың Алматыдан Арқаға қоныс аударуы – қазақ үшін екі ғасыр тоғысындағы ұлы оқиға. Бұл миссияны біз өте әдемі орындадық деп ойлаймын. Бұл – қазаққа олжа көш болды. Бақ көші деп айтсам артық айтқандық емес. Себебі бұл көш елімізде үлкен серпіліс туғызды. «Көш жүре түзеледі» дейді, басқалар өзін көшке бойын қарап түзейді. Әуелі Алланың қолдауымен, тағдырдың жазуымен қайнаған қазанның ортасына күмп етіп небір тарихи оқиғалардың куәсі болдым. Астанаға арнап «Құлагер» ескерткішін салдым. Елорда маған әдебиетке, қаламгерлікке жол ашты. Астана – қазақтың бағы, жетістігі, жеңісі деп санаймын. Астана туралы көңілге түйгенім мен көргенімді 7 кітапқа арқау еттім. Қазір «Астана хикаялары» деген кітабымды жазып жатырмын. Қолым босай қалған уақытта жазуға отырамын. Астана – таусылмайтын мәңгілік тақырып. Осында керемет достар таптым, ұлымды үйлендіріп, қызымды ұзаттым. Қолым қалт етсе, сенбі күні немерелерімді алып көлікпен қаланы аралаймыз. Музейге, ескерткіштерге апарамын, саябақта серуендейміз. Қазақтың кең даласында осындай ертегі, әлемде теңдесі жоқ қала салғанымызды немерелерімнің құлағына сіңіріп отырамын.
Жансая ШЫҢҒЫСХАН, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасының аға сарапшысы:
Астанаға махаббатым шексіз
– Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаса керек. Бала күнімде үлкендер қызықтап «Өскенде кім боласың, қайда тұрасың?» деп сұраса, «Астанада тұрамын» дейтінмін. Араға жылдар салып 2008 жылы алғаш рет бас қалаға жастар форумына келдім. Еліміздің еңсесі биік елордасы, ерке Есілді көріп есім кетті. Бәйтерекке шығып, болашақта мен осы қалада тұратын боламын дегем іштей. Содан оқуға Алматыдағы ҚазҰУ-ға түстім. Аспанмен таласқан Алатаудың баурайында орналасқан мыңжылдық тарихы бар шаһарда жүрсем де есіл-дертім Астана болды. Магистартураны елордаға жақын жер деп Қарағандыдағы ҚарМУ-ға тапсырдым. Оқу бойынша Еуропаның бірнеше елінің астанасында болдым. Қайтарда ұшағымыз Астанаға қонды. Сол кезде Сарыарқа төсінде салтанат құрған бас қаламызды жақсы көретінімді ұқтым. Сарыарқаның саф ауасы, самал желі жанымды тербеді. Көп ұзамай ата-анамның, жақындарымның, достарымның «Айдалада не бар? Жылы жақта жүре бермедің бе?» деген қарсылықтарына қарамастан, бас қалаға тартып кеттім. Бұл 2016 жылдың желтоқсан айы болатын. Арқаның ақтүтек бораны соғып тұр. Вокзалдан алдымнан «Ақорда» резиденциясының авторы Байғұтты Тортай көкем күтіп алды. Көкемнің жұбайы Ғалия апам есімімді қойған кісі. Бұл кісілердің Астанада тұрып жатқандарына біраз жыл болған. Ауа-райына әбден үйренген. «Қызым, алты ай қысы бітпейтін Арқаға қош келдің», – деп көке мен апам күліп, қаланың шетіндегі үлкен үйге алып келді. Сонымен осы қалаға газетке жұмысқа орналастым. Ондағы әріптестерім де жылы қабылдады. Газетте істейтіндер жақсы біледі, кезекшілік деген болады. Кезекші болған күндері кеш шығамын. Жұмыс пен үйдің арасына жолға екі сағат кетеді. Қаланың шетіндегі үйге екі-үш автобусқа мініп, аялдамадан кейін жаяулап жетем дегенше түн болады. Көкем мен апам тамақ ішпей алаңдап күтіп отырады. Бастапқыда Арқаның қысын сол кісілердің шексіз төккен жылуының арқасында аса сезе қоймадым. Бір күні жұмыстан тағы кеш қайттым. Күн суық, қар жауып тұр. Жол ұзақ. Автобустың қарасы көрінбейді. Ондай күндері таксистердің дәурені жүреді емес пе? Таксимен баруға қалтам көтермейді. Жаяулатып жүре берейін деп шештім. Қасымнан көліктер зу етіп өте шығады. Жарығы жоқ жол бойында жаяу келе жатырмын. Тура алдымнан соққан жел бет қаратпайды. Тас қылып орап алған шарфымды жұлып алып, тонымның түймелерімен алысты. Оған майдалап жауған қар қосылды. Құдды бір алдында ата жауы тұрғандай екеуі екі жақтап жүргізер емес. Әбден титығыма тиді. Көзімді аша алмай желге жотамды тостым. «Маған да керегі– осы» дегендей табан тіретпей, ұшырып түсірді. Сенен жеңілмеспін деп мен де алға жүре бердім. Осылайша боранды күні қала шетіндегі үйге титықтап әрең жеткенім әлі есімнен кетпейді. Сонда да Астана суық, жайсыз қала, айлығым аз, кетем деген ой келмепті. Әйтпесе, сол уақытта басқа қалалардан жақсы ұсыныстар түсіп жатқан болатын. Өзім осы Астанада қалғым келді. Аллаға шүкір, бас қалаға деген махаббатым жыл өткен сайын артпаса кеміген емес. Мұнда жақсы жандармен таныстым, орта таптым. Өзіме қатты ұнайтын Әзірет Сұлтан мешітінің қасынан баспаналы болдым. Осылайша, бастапқыда ешкімді аямайтын, кейіннен аялайтын арайлы Астанамның тұрақты тұрғынына айналдым.
Дайындаған Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ